Кейнс идеяларының маңыздылығы, экономика ғылымына көзқарасы

 

Есенжолова А.С.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

мамандық «Мемлекеттік және жергілікті басқару», 4 курс

Ғылыми жетекшісі: Есжанова Э.Ж.

Джон М. Кейнс (1883-1946) – XX ғасырдың танымал ағылшын экономисі, экономика ғылымының жаңа бағыттарының бастамасын жүзеге асырған. Кембриджде дүниеге келген. Оның әкесі Джон Невилл Кейнс Кембридж университетінде дәріс оқып, экономикалық ғылым пәні туралы кітап жазған экономист-теоретик болған. Дж.М.Кейнс Кембриджде мәртебелі білім алып, атақты экономист А.Маршаллдың ақылымен өзінің басты бағыты ретінде экономикалық ғылымды таңдады.

Оның ғылыми қызығушылықтарының шеңбері айтарлықтай ауқымды: ықтималдылық теориясы да, монетарлық саясат та және Версальдық келісімінің нәтижелері де осында. 1913 жылы өзінің «Индиядағы ақша айналымы және қаржы» атты алғашқы кітабын жариялады. Осы еңбектің әсері Кейнстің ақша аясында және оның экономикаға әсеріне тұрақты қызығушылығын оятып, кейін XX ғасырдың экономикасы бойынша көрнекті еңбектердің бірі болып табылатын «Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясын» жазып шығуына едәуір ықпал етті. Неғұрлым белгілі еңбектері: «Версальдық әлемнің экономикалық зардаптары» (1919), «Ақша туралы трактат» (1930) және әрине «Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы» (1936). Кейнстің теориялық жүйесінің негізінің  қалыптасуына саяси қызметке  белсенді қатысуы үлкен әсер етті. Ол Бірінші Дүниежүзілік соғыс уақытында Париж бітімдік конференциясында Британ қазынашылығының негізгі өкілі, канцлер қазынашылдығының орынбасары, Ағылшын банкінің Директорлар Кеңесінің мүшесі болды. Сонымен қатар, Англияның көркем және әдебиеттік талғамдарына ерекше ықпал ететін, авангардтық элитаның басында жетекшілік еткен «Блумбергтік топқа» кірді [1].

Кейнс 1936 жылдың ақпанында жарық көрген өзінің атақты «Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы» («The General Theory of  Employment, Interest and Money») еңбегін 1931-1935 жж. аралығында жазып бітірді. Дәл осы кітаптың жарыққа шығуы «маржиналистік революциясымен» қатар «кейнстік революция» деп аталатын кезеңді бастап беріп, экономикалық сараптау тарихындағы көрнекті оқиғаға айналды.

Өзінің іргелі еңбегін жазу кезінде Кейнс екі рет  АҚШ-та болды. Бұл кезде «Ұлы Күйзеліс» шарықтау шегіне жеткен болатын және кезінде айтылған бірқатар пікірлер бойынша Кейнстің идеялары американдық экономиканы аянышты халден алып шығуға көмектесті. Кейнстің бұл атақты еңбегі оның ең соңғы ірі кітабы болып табылады.

Кейнстік революцияны әртүрлі түсіндіруге болады. Бір жағынан бұл революция экономикалық ғылымның толықтай бір тармағы – макроэкономиканың дербес пән ретінде қалыптасуына көмектесті. Әрине, Кейнстен бұрынғы экономистердің де рыноктық шаруашылықтың макроқызметі туралы түсініктері болды. Бірақ, «кейнсиандық кезеңге» дейінгі макроэкономикалық зерттеулер оны дербес объекті ретінде қарастырған жоқ. Тек, Кейнстің арқасында макроэкономикалық проблемаларды қарастыру құндылық, бәсеке, тұтынушының мінез-құлқын т.с.с мәселелерін зерттеуден тәуелсіз жүзеге аса бастады.

Екінші жағынан, кейнсиандық революция экономикалық болмысты сараптаудағы неоклассикалық тәсілдердің кемшіліктерінің орнын толтыру ретінде көрінді.  Кейнсиандық бағыттың туындауы неоклассикалық мектепке әдіснамалық және теориялық балама болып табылады. 

Біріншіден, Дж.М.Кейнс экономикалық айнымалылар қызметін көрсету және экономикалық үлгілерді құру алғышарттары үшін бұрын міндетті болған оңтайландыру және әдіснамалық сыңаржақтық қағидадаттарына қарсы тұрды. Ол ұсынған макроэкономикалық қызметтердің негізін оңтайландандырушы таңдаудан тәуелсіз талғамдар мен әдеттер, көңіл күйі мен топтық мінез-құлық заңдылықтары құрады.  

Екіншіден, ол макроэкономикалық өзара байланыстардың түбегейлі сараптамасын жүзеге асыру арқылы экономикалық теорияға іргелі өзгерістер енгізді. Бұл жаңа сараптама рыноктық экономиканың қалыпты жағдайы жұмыспен толық қамту болып табылады деген «Сэй заңынан» бас тарту негізінде мүмкін болды.  XX ғасырдың 20-30 жылдары орын алған әлемдік экономикалық дағдарыс, әсіресе 1929-1933 жж. Ұлы күйзеліс «Сэй заңының» қателіктерін анық көрсетті.

Кейнс «Сэй заңын» сынай отырып мынадай тұжырымдарға келді:

1. Инвестиция мен жинақтар туралы шешімдер бір уақытты қатар қабылданбайды. Оларды субъектілер әртүрлі түрткілердің әсерінде жүзеге асырады: инвестиция пайызбен анықталады, ал жинақтар болса табысқа байланысты.

2. Классикалық теория баға икемділігіне сүйенеді. XX ғасырдың 20-30 жылдары жағдай түбегейлі өзгерді: монополия, минималды жалақы туралы заңдар, кәсіподақтар саясаты әсіресе төмендеу жағына қарай баға және жалақының икемсіздігіне әкеліп соқты. Осындай жолмен, сұраныс төмендеген кезде, бағаның төмендеуі емес, өндіріс және жұмыспен қамту төмендетіледі. Тепе-теңдік жұмыссыздық есебінен қалпына келтіріледі. Осыдан кейін Кейнс келесідей қорытындыға келді, экономика үшін толық жұмысбастылық орын алатын тепе-теңдік жағдай тән емес, жұмыссыздық оған имманентті тән құбылыс.

Кейнс теориясында «ұқыптылық парадоксы» деген түсінік бар. Өткен уақытта ұқыптылық, кемелденуге ықпалын тигізетін жақсы түсінік болып есептелінді. Кейнс болса, өз кезегінде тұтыну шығындарын азайту арқылы, артық өндіріске әкеледі, ол ұлттық табыс пен өндіріс деңгейінен көрінеді дейді[2].    

Кейнстің өзінің негізгі еңбегін «Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы» деп атауы тегін емес. Ол классикалық мектеп өкілдері экономиканың тек ерекше жағдайларын, атап айтқанда , толық жұмыспен қамту жағдайын қарастырды деп есептеді. Кейнстік теория жалпы, типтік жағдай – жұмыссыздық, дағдарыс жағдайындағы экономиканы қарастырды.

 

                          Кейнстік теорияның типтік жақтары

 

 

 

          Дағдарыс                                Жұмыссыздық                         Инвестиция және

                                                                                                                        пайыз

 

Сурет 1. Кейнстік теорияның типтік жақтары

       

 Кейнстің теориялық жүйесіндегі басты мәселелер жиынтық сұраным элементтері, әсіресе негізгі капиталды инвестициялау мәселелері болып табылады. Солардағы өзгерістер нақты ұлттық табыс және жұмыспен қамту деңгейлеріндегі өзгерістердің негізгі себебі болатындығы дәлелденді. Нәтижесінде рыноктық экономиканың ішкі тұрақсыздығы көрсетіліп, оның қалыпты жағдайы мәжбүрлі жұмыссыздықпен сипатталатындығы анықталды. Сондықтан да рыноктық шаруашылықтың макроэкономикалық қызметіне мемлекеттің белсенді араласу қажеттігі туындайды. Мемлекеттің араласуы дискренциондық саясат арқылы жүргізіледі. Нәтижесінде жұмыссыздық мәселесінің өзектілігі және мемлекеттің экономикаға макроэкономикалық араласуы туралы пікір басымдыққа ие болды. Сонымен «Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы» экономика ғылымының жаңа, дербес тармағының пайда болуын айғақтайды.

«Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы» еңбегінің 8 тарауында жұмыс қамтудың өсуі тек қана инвестициялардың көбеюі арқылы мүмкін болатынын көрсетілген. Бұл арақатынасты зерттеу жолы одан әрі жылжи түсуге мүмкіндік берді. Қалыптасқан жағдайларда табыс пен инвестициялар арасында белгілі бір арақатынасты «мультипликатор» деп атайды. Бұл ұғым жұмыспен қамту туралы теорияның ажырамас бөлігі, сонымен қатар жұмыспен қамту мен табыс арасындағы, инвестиция масштабтары арасындағы дәл арақатынасты анықтаушы болып табылады. «Мультипликатор» (көбейткіш) ұғымын экономикалық теорияға алғаш болып «Ішкі инвестициялардың жұмыссыздыққа қатынасы» атты мақаласында Р.Ф.Кан енгізген болатын. Оның бұл мақаладағы негізгі ұстанымы: егер тұтынуға бейімділік, сондай-ақ басқа да шарттар әр түрлі гипотезалық жағдайларға байланысты берілген деп қарастыратын болсақ және егер монетарлық органдар немесе қандай бір болмасын мемлекеттік органдар инвестицияларды ынталандыруға немесе баяулатуға шаралар алды деп есептесек, онда жұмыспен қамту шамасындағы өзгерістер таза инвестициялар саласындағы өзгерістердің функциясы болып табылады. Кан өзінің мақсатын  таза инвестициялар өсімі арасындағы сандық қатынасты есептеу арқылы жалпы қағидаларды орнықтыруға болады деген пайымдаудан көрді. Дегенмен мультипликторды қарастыра бастағанға дейін тұтынуға шекті бейімділік түсінігін айналымға енгізіп алғанымыз дұрыс болады. Кейнстің мультипликатор идеясы мынада: инвестицияның өсуі соңында біреулердің табысының артуын білдіреді; алынған табыс тұтынуға жұмсаоады және жаңа тұлғалардың табысына айналады (қар үйіндісі әсері). Осындай жолмен, қоғамдағы табыстың сандық өсуі, инвестицияның алғашқы өзгерістерінен де асып түседі: Y=k*l, мұндағы k – инвестиция мультипликаторы, яғни инвестиция көлемінің қанша есе көбейгендігін көрсететін мөлшер.

Мультипликатор көлемі, қоғамның табыс бөлігінің тұтынуға жұмсайтындығына, яғни инвестиция көлемінің қанша есе көбейгендігін көрсететін мөлшер.  Мультипликатор көлемі, қоғамның табыс бөлігінің тұтынуға жұмсайтындығына, яғни шекті бейімділіктен тұтынуға дейінгі байланысқа тәуелді. Неғұрлым шекті бейімділік көбейген сайын, соғұрлым басқа тұлғалар да үлкен табысқа қол жеткізеді. Мультипликатор көлемі тікелей тұтынуға шекті бейімділікке тәуелді және жинақтау бейімділігіне кері байланыста болады. Сонымен қатар Кейнс пікірінше, инвестициялық мультипликатор жұмыссыздық жағдайында әрекет етеді. Негізгі психологиялық заңға сәйкес, қоғам неғұрлым байыған сайын, олардың қолданыстағы табысары жоғары, аталған табыс көлемінің соғұрдым аз бөлігі тұтынуға бағытталып, ауқымды бөлігі жинақтауға жіберіледі. Толық жұмысбастылықты ұстап тұру үшін

Нақты табыс (натуралды түрде көрсетілген) және табыс (жалақы бірліктерімен өлшенетін) параллельді түрде көбейіп және кемитін болады. Мұның өзі күрделі мүлік көлемдері өзгеріссіз қала беретін қысқа уақыт аралықтарына қатысты орын алады.

Кейнстің инвестиция туралы теориясында олардың көлеміне екі фактор әсер етеді.

А) Инвестицияның табыстылығы. Ол инвестицияның күтілетін пайдасы мен ағымдағы қор арасындағы тепе-теңдік сақтаушы, олардың жүзеге асырылуына қажетті дисконта нормасы болып табылады. Дисконтаның мұндай нормасы «капиталдың шекті тиімділігі» деп аталады. Бұл көрсеткіш психологиялық өзгеріс болып табылады, сол себепті ол тұрақсыз. Алайда Кейнстің ойынша инвестициялар анықталмаған жағдайда жүзеге асады, сол себепті алдын ала олардан күтілетін пайданы анықтау мүмкін емес. Шекті тиімділік теориясының негізі оптимизациялық емепке негізделмеген, керісінше кәсіпкерлердің «оптимизміне» негізделген .

Ә) Пайыз ставкасы. Ол инвестициядан күтілетін шекті нормадан түсетін пайданы белгілейді[2].

Кейнстің ірі зерттеу бағыттарының бірі экономикалық цикл туралы болды. Циклдық қозғалысты Кейнс экономикалық жүйенің дамуын туындататын күштердің жинақтала келіп, күшейіп жоғарылай түсетін, бірақ бірте-бірте әлсірейтін, содан кейінгі сәттерде оларды қарама-қарсы бағытта әрекет ететін басқа бір күштер алмастыратын жағдай деп түсіндіреді. Өз кезегінде қарсы әрекеттегі күштер белгілі бір уақыт шектерінде нығайып ,  бірін-бірі жандандырып, өзінің ең жоғары деңгейіне жеткеннен кейін төмендеп, өзінің ең жоғары деңгейін жеткеннен кейін төмендеп, өзінің қарама-қарсысына орын босататын үдеріс болып табылады. Циклдік қозғалысты Кейнс тек жоғарылау және төмендеу үрдістері ғана деп түсіндірмейді, ол  басталысымен тек бір бағытта ғана әрекет етпейді және түпкі нәтижеде оны қарама-қарсылыққа ауыстырады.

Экономикалық циклдың Кейнс теориясында түсіндірілген тағы бір өзіндік сипаты дағдарыс құбылысы, яғни жоғарылау үрдістерін төмендеу үрдістерінің кенеттен және шұғыл түрде ауыстыруы.  Кейнс үшін ең ыңғайлысы шарықтаудың соңғы кезеңі және «дағдарыстың» белең алуы сәтінен бастау болып табылады. Капиталдың шекті тиімділігі тек қана күрделі игіліктердің және оларды өндәрудің ағмдағы шығындарының бар молшылығына немесе жетіспеушілігіне ғана емес, сондай-ақ қазіргі кезде күтілетін олардың болашақтағы табыстылығына да тәуелді. Сондықтан ұзақ мерзімді күрделі қаржыларға қатысты есептеулерде перспектива мәселесі жаңа инвестициялардың оптималды мөлшерін анықтауда басым рөл атқарады [3].

«Дағдарысты» түсіндіргенде Кейнс өндірістік мақсаттар үшін де, алыпсатарлық үшін де ақшаға өскелең сұраныстың әсерімен болатын пайыз нормасының жоғарылау үрдісіне ерекше мән беруге әдеттеніп алғандықты көрсетеді. Кей уақытта бұл фактор шын мәнінде күшейткіш рөлін атқарады, ал кейбір кездерде ол бастапқы түрткі рөлінде де болуы мүмкін. Бірақ, Кейнс ойынша дағдарыстың типтік және басты себебін пайыздың өсуінен емес, капиталдың шекті тиімділігінің кенеттен құлдырауынан іздеу керек дейді.

Шарықтаудың соңғы кезеңіне күрделі тауарлардың болашақ табыстылығын оптимистік толқында бағалау тән, табыстылық деңгейі бұл тауарлардың өсе түскен артық мөлшерінің әсерінен теңдестіреді және олардың өндіріс шығындарын арттырады, сондай-ақ пайыз нормасын жоғарылату мүмкіндіктері де жеткілікті деңгейде тұрақтанатын болады.

Кейнс теориясы экономикадағы көптеген жағдайлар мен түсініктерге жаңаша көзқараспен қарауға жол ашты. Оның теориялары Америка Құрама Штаттарының сол кездегі халін жақсы түсіндіре алды және де оны сол дағдарыстық жағдайдан алып шығуға көмектесті. Кейнс теориясы өз заманының 20-жылдарынан 80-жылдардың басына дейін өзекті теория болып табылды. Оның теориясы тек АҚШ экономикасын ғана емес, Европа экономикасын да алға жылжытушы болып есептеледі. Алайда кез-келген теория мәңгілік өмір сүрмейтіндігі бізге экономикалық ілімдерхы курсынан мәлім. Осы кезеңде Кейнс теориясының кемшіл тұстарын көрсете отырып неокейнсиандық үлгінің қалыптасуы жүрді. Оның өкілдері Дж.Хикс, Р. Харрод, П.Самуэльсон [4].

Неокейнсиандық ілімнің пайда болуы экономиканың жаңаша дамуына алып келді. Осы ілімнің қалыптасуымен Европа елдерінде алғаш агломерация термині де қолданыла бастады. Бұл Ұлыбританияда Р.Харродтың «қала-бақ»  идеясының туындауымен байланысты болды. Харрод қалаларға бірнеше мың адамды шоғырландырып, оны экономикалық аймаққа айналдыру туралы алғаш идеясын ұсынды. Дәл осы ойлардан кейін көптеген Европа елдерінде қалалардың агломерациялану саясаты байқалды. Бұл кезең соғыстан кейінгі кезең болатын.

Оймызды қорытындылай келе, Кейнс теориясының экономикалық теорияның жауһарларының бірі екендігіне көз жеткіземіз. Дәл осы кезеңде экономикаға кенінен баға беріп, макроэкономикалық пікірдің дамуы мен оның жеке пән болып қалыптасуына үлкен ықпалын жасады. Сонымен қатар бұл теория қазіргі заманғы экономикалық ойлардың қалыптасуына, жалпы тұтастай әлем экономикасын тереңнен зерттеуге жол ашып, өз әсерін тигізді [5].

 

Қолданылған әдебиеттер

1.       http://gallery.economicus.ru

2.       Дж. Кейнс. Жұмыспен қамтудың, пайыздың және ақшаның жалпы теориясы // Әлемдік экономика, 10 томдық. Т.5-А., 2005

3.       Дж.М.Кейнс – Экономические возможности наших внук – //Вопросы экономики – 2009

4.       Экономикалық Ілімдер тарихы:Оқу құралы/ «Қазақ университеті»

5.       Ядгаров Я.С. История экономических учений: учебник – 2009