ШОҚАН
УӘЛИХАНОВТЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ТАРИХЫ
МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУІ
Төлебаева
Айдынгүл Тойбазарқызы
Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Орынбасар
Тұрсынай
Қорқыт
Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
Фил-15-1
оқу тобының студенті
Шоқан
Уәлихановтың қазақ әдебиеті тарихына
қатысты зерттеулерінің бірі ғалымның «Қазақ
халық поэзиясының түрлері жөнінде» атты еңбегі.
Зерттеу мақалада Шоқан Уәлиханов қазақ
әдебиеті тарихындағы бірнеше өлең үлгісіне
ғылыми анықтама берді.
Мақала
әлемді кезіп жүрген жыр өнері жайлы
аңыз-әфсанамен басталады. Мұнда Шоқан Уәлиханов
поэзияның тылсым құпияларына құлақ
түретіндей.
«Шексіз
әлемде шарықтаған жыр, бірде, қоналқаға Сыр
өзенінің арғы жағындағы
қарақалпақтар қонысына келіп қонады.
Бұрынды-соңды естіп көрмеген құтты қонақтың
хабары атқан оқтың жылдамдығындай шартарапқа
тарайды. Сансыз көп қарақалпақтар жыр
қонған ауылға жиналып, ғажап қонақты
ақшамнан таң сәрісіне дейін құмарта
тыңдасады. Жыр қонақтың бұлбұлша
сайраған мыңдаған өлеңдері мен әндерін,
аңыздары мен жыр-дастандарын сансыз көп
қарақалпақтар естерінде сақтап қалады. Ол
кездерде туыстас тайпалар бірге көшіп-қонып жүреді екен. Сыр
өзенінің жоғарғы жағында тұратын
қазақтар мен түркмендер жыр қонақтың
ғажап даусын естуге, алыстан түн ортасында жетеді, тамашаның
соңына ғана ілігеді ...» [1, 16 б]
Шоқан
Уәлиханов түркі халықтарының ортақ
кезеңдердегі ежелгі әдебиеттің мың-сан
ғұмырын мұрасы болғандығын осылайша бір
қайырып айтып алып, «жыр» ұғымына теориялық
айқындама береді. Жырлардың туу себептеріне, таралу жолдарына
қатысты деректер келтіреді.
Түптеп
келгенде, Шоқан Уәлихановтың ғылыми
құндылығы осы уақытқа шейін маңызын
сақтап қалып отырған бұл зерттеуі – қазақ
әдебиеті тарихын ғылыми жүйелеу негіздеудің,
дәуірлеудің басы. Қазақ әдебиетінің бай
сөз мұрасын, көп жанрлы жәдігерлерін теориялық
тұрғыдан пайымдаудың басы.
Жырдың
тақпақтап айтылу ерекшелігі, қобыздың сүйемелдеуімен
орындалатындығы, жыр мазмұнының тарихи негіздері,
олардың халық батырлары өмірі мен ерлік жорықтары
туралы болып келетіндігі жайлы Шоқан Уәлиханов
әдебиеттің тарихи негіздері тұрғысында баяндаған.
Батырлық жырлардың құрылым ерекшелігіне де ғалым
көңіл бөледі. Батырдың ерлігі қара сөзбен
баяндалып отырып, кейіпкерлер өз атынан сөйлегенде өлең
түрінде жалғасатын ерекшелігіне мән береді. Шоқан
Уәлиханов бұл теориялық тоқтамдарды «Еркөкше мен
Ерқосай», «Орақ батыр» жырының мазмұнын келтіру
арқылы дәйектеп, бекіте түседі.
«Қазақтар
арасында маған белгілі тағы екі жыр бар, оның бірі –
«Еркөкше мен Ерқосай». Бұл жырда даң руынан
шыққан Еркөкше батыр мен оның баласы Ерқосай
батырдың қуатты қыпшақ тайпасымен күресіндегі
ерліктері суреттеледі. Осы дастанда қызығарлық нақты
деректілік жоқ, оқиғаға қатысты батырлардың
аттары да бізге белгісіз, солай бола тұрғанымен, өлең
құрылысы мен жағымды дыбыс ұйқастылығымен
адамды баурап жетеді. Жыр-дастан оқиғасының
қызықты іс-әрекеттерімен алмасуы тыңдаушысын
үнемі ширықтырып ынтықтырады да отырады, бір қызығы,
шығарманың алғашқы бөлігіндегі негізгі
қаһарман ұрыста денесінде сау-тамтығы қалмай
жараланып, қаза табады, демек жеңіледі. Оның баласы
Ерқосай әкесінің өлімі үшін
қыпшақтардан кек алады. Жыр-дастанның бұл бөлімі,
ертедегі көшпелі ел жауынгерлерінің ұрыс жүргізудегі
әдіс-айлаларына рет-ретімен ұғымды суреттеуімен
қызғылықты». [1, 163б]
Шоқан
Уәлиханов жыр мазмұны, оның тарихилығы, көркемдік
қуаты туралы айта отырып, сол жырларды орындаушы, кейінгіге жеткізуші
ақындар жөнінен дерек беру арқылы да әдебиет тарихы
мәселелерін жүйелейді, саралайды, тұтас алып
қарастырады.
Арыстанбай
ақын, Нұрым жыраудың жыршылық қырлары,
олардың шыққан тегі, өскен ортасы туралы Шоқан
Уәлиханов зерделеулері маңызды.
Шоқан
Уәлиханов жыр-дастандардың өлеңдік үлгісі, жасалу
тәсілдерін айқындап тұратын өзіндік машығы жайлы
айту арқылы да жырдың теориялық негіздерін
түп-төркінен тартып зерттеудің жөн-жосығын
көрсеткен.
Осында
Шоқан Уәлиханов «Едіге» жырының айтылу мәнері туралы
түсінік беру үшін жырдан үзінді келтіріп отырып, жыр
категориясының тағы бір құнды қырын, жалпы
әдеби мұра арқалаған жүктің
мән-маңызын нақтылы дәйектер келтіріп отырып
тарқатады. Осындағы Шоқан Уәлихановтың
әдеби туындының тілдік маңызы жайлы ой қозғауы –
ғалымның ұлт тілінің тағдырына қатысты
елеулі құбылысты қалт жібермей тану көрегендігін
айғақтайды. «Едіге» жыры ХІV ғасыр соңындағы оқиғаларға
қатысты, бірақ ХV ғасыр басында
құрастырылған. Бұл жыр-дастандағы ескі
сөздер мен сөз тіркестері құбылысынан байқалады.
Ондай сөздер мен сөз тіркестері қазіргі тілде жоқ.
Ең бір таңқаларлық жай, бүкіл жырда бірде-бір
парсы, араб сөзі кездеспейді. Мұсылман дінінің қанат
жаюы салдарынан, қазіргі, күнделікті сөйлеу тіліміздің
өзінде парсы, араб сөздері қаптап кетті». [1, 164б]
Шоқан
Уәлиханов жыр жанрының тарихи даму барысында, әсіресе ХІХ
ғасырдағы таралу, дамуы туралы да құнды деректер
келтірді.
Шоқантануда
елеулі еңбегі бар Сәбит Мұқанов: «Шоқан -
Европаның және орыстың әдебиеті туралы әдейілеп
зерттеу жасамаған кісі. Оның шұқшия зерттегені - жалпы
Шығыстың, Россиядағы бұратана елдердің,
қырғыз бен қазақтың, әсіресе
қазақтың, әдебиеті. Осы зерттеулерінде, ол
қырғыз я қазақ әдебиетінің мұраларын
Европаның немесе Шығыстың әдебиет мұраларымен
салыстырып отырады да, содан қазақ, қырғыз
әдебиетімен қатар европалық және шығыстық
әдебиетті де мол білетіндігі көрінеді», - дейді. [2, 114б]
Бұл
арада Шоқан Уәлихановтың салыстырмалы әдебиеттану
бағытындағы зерттеулері қазақ-қырғыз
әдеби байланыстары шеңберінен асып, әлемдік деңгейде ой
қозғағаны көрінеді.
«1904
жылы басылған шығармаларының 312-318 беттерінде Шоқан
он екі тарау ғып, Абылай туралы жырлардың орысша мазмұнын
баяндап берген. Бұлардың қазақшасынан әзірге
қолға түскені – Абылайдың өліміне арналған
екі жыр ғана, өзгелері белгісіз. Шоқан Кенесары туралы да
жырлар жинаған. Ол жырлардың қайда екені белгісіз Шоқан
ешбір еңбегінде, бұл жырлар туралы жұмған аузын
ашпайды» - деген Сәбит Мұқанов пікірі
шоқантануағы игерілмей
жатқан тың бағыттардың әлі де күн
тәртібінде дамып отырғанын көрсетсе керек. [2, 131б]
Шоқан
Уәлихановтың филологиялық зерттеулерінің
құны мен сыры қазіргі қазақ әдебиеттану
ғылымының жаңа зерттеу бағдарлары ауқымында
ұдайы назарда болып отыруға тиісті өміршең,
көкейтесті мәселелер.
Осындағы
Шоқан Уәлихановтың жыр өлеңдер кейінгі кезде,
Жанақ ақын өлгеннен кейін бұрынғы қобызбен
сүйемелдеп айтатын ерекшелігінен айрылып, қалып барады деген
тұжырымының астарында тарқата түсетін, әдеби
дамудың тарихи негіздермен астасып жатқан қисындары бар.
Шоқан қырдағы сол кездегі өлең түрін
саралап, атап көрсетіп отырып, жырдың орнын басып бара жатқан
«өлең» туралы айтқан.
Осында
сол дәуірдегі тарихи-әлеуметтік болмыстың әдеби
мұраға ықпалы, соған сәйкес әдеби
мұраның рухани кеңістіктегі мәні туралы негізді, аса
дәлдікпен бағаланып, сараланған әлеуметтік
ақиқаттар бар. Мәселенің астарын, ішкі иірім
құбылысын, себеп-салдарын дәл Шоқан
Уәлихановтың танығанындай, сол тұста бірде бір
шығыстанушы маман ғалым тануы мүмкін емес еді. Тани алды деп
те айтпаймыз. Халқының рухы жатқан әдеби
мұраның белгілі бір кезеңдердегі тоқырауының
астарында орыс отаршылдығы тарапынан жүргізілген қилы
саясатқа қатысты салдарлар бар болатын. Мұны ұлт
перзенті Шоқан ғана бар болмысымен жүрегінен өткізіп,
сүйегін сырқыратқаны анық.
Өз
классификациясындағы 5 түр – «өлеңге» қатысты
Шоқан Уәлиханов негіздемесінің әдебиет тарихы
мәселелерін зерттеп, тануда бірнеше қырлы
құндылығы бар. Соның бірі «өлеңнің» -
жырды ығыстыруының себебіне қатысты жасалған болжам,
байламдар.
«5.
Өлең. Бұл форма, қазіргі кезде барлық
жаңашыл ақындар тарапынан суырып салма өлеңдерге де,
поэмаларға да, әсіресе Орынбай өлеңдеріне қатысты
көбірек айтылады. Өлеңнің жаңа түрін:
Орынбай қарауыл ішіндегі атеке - ... тармағынан,
атығайдың жаңа қырғыз тармағынан
шыққан Шөже ақындар насихаттап, салт-санаға
дарытушылар болды. Шөже ақын үнемі Әбілқайыр
Ғаббасов сұлтанның жанында болатынды. Осы
өлеңдердің тақырыптарының көбісі діни
сарында айтылады. Қазір олар Сейіт Баттал қожа ерлігін, Зылиха мен
Жүсіп махаббатын, Ибраһим өмірін т.б. жырлап жүр». [1,
165б]
Шоқан
Уәлиханов айтып отырған бұл ахуал, бір есептен, ХІХ
ғасырдағы патша үкіметі тарапынан жүргізілген
шоқындыру саясатының салдары болатын. Шоқан
Уәлихановтың «өлең» туралы пысықтап,
жан-жақты айтқан мағлұматында келтірілген мына факті
біздің осы ойымызды дәлелдей түсетіндей.
«Өлең
деген, бұған дейін жоқ поэзияның ерекше
формасының және атаудың қазақ даласына тарай
бастағанына 50 жылдан асқан жоқ, бұл қазан мен
тобыл татарларына қырға жол ашылғаннан кейін келген
жаңалық. Ертеректе, татар қашқындарын
қазақтар қойша матап, Қытайға,
Бұхараға, Ташкентке апарып сатып жіберуші еді. Ал енді
мұсылман дінінің арқасында татардан шыққандар
қырда, дін үшін қасірет шеккен исламның мызғымас
сақшысына айналды. Татар поэзиясының формалары
қазақтардың гармониялық дыбыспен ойға тұнып
тұрған дәстүрлі батырлық жыр поэзиясының формаларын
ығыстыра бастады». [1, 165б]
Шоқан
Уәлихановтың өзіміз тоқталып отырған зерттеу
мақаласының әр сөйлемінің арғы мәні
бар. Әдебиеттің пәнін теоретик ғалым әдебиет
тарихының білгірі ретінде өлшем, түр, тілдік өріс,
құрылым, мағына, мазмұн, тарихи негіз, т.б.
нақтылы тұғырларда ғылыми зерттеуге тартқан
Шоқан Уәлихановтың «Қазақ халық поэзиясы
түрлері жөнінде» атты көлемі шағын,
аяқталмаған, немесе соңғы жағы жоғалып
кеткен бұл зерттеуі қалың том кітап, арнайы
монографиялық еңбекке арқау болатын ғылыми жүкті
көтеріп тұр. Бұл еңбектің құны мен
сыры ондаған зерттеулерге арқау болса да артықтық етпес
еді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы,
1985. 560б.
2.
Мұқанов С. Жарқын жұлдыздар. –
Алматы: Мектеп, 1964. 178б.