Мәуліт Гаухар

тарих магистрі,  Алматы көлік  колледжінің   оқытушысы

АСЫҚ ОЙЫНЫНЫҢ ЖАС ҰРПАҚ  ДЕНСАУЛЫҒЫНА

ПАЙДАСЫ

Қазақ халқының ұлттық ойындарыбіздің Мәңгілік ел болуға барар жолдағы басты ұлттық құндылығымыз, мәдениетіміз бен шежірелі тарихымыздың көркем көрінісі мен сыр сандығы. Осы ұлттық ойындарға қарап отырып, бүгінгі ұрпақ өткен тарихымыз бен тіршілігімізден нақтылы мәлімет алып, келешектің алып кемесіне жол салады. Ұлттық ойындардың қай-қайсысы болмасын, бізді ізгілік пен адамгершілікке, тапқырлық мен ақыл-ойдың кемелденуіне тәрбиелейді. Сондай бағзы замандардан келе жатқан ұлттық ойындардың біріасық ойыны. 

Орыстандыру саясаты жүргізілген кешегі кеңестік кезеңде біздің ұлттық құндылықтарымыз жойылып, салт-дәстүріміз бен  ұлттық ойындарымыздың да аясы жан-жақтан тарыла бастағаны белгілі. Осындай барлық байлықтарымыздың өрісі тарайып, тарих сахнасынан бірте-бірте ізі өше бастады.Сондай саланың бірі –қазақтың ұлттық ойындары. Кеңестік кезең ұлт ойындарының ұлттық өнермен, тыныс-тіршілігімен астасып жататынына мән бермеді. Кейіннен қазақ халқы тұғырлы ел болып, тарихи кезеңге қадам басып, тәуелсіздікке қол жеткізді. Кешегі кеңес үкіметі санамыздан сызып тастауға тырысқан ұлттық ойындар ел егемендігімен бірге қайтадан өмірге қанат қағып, жаңғыра түсті. Жандауымен қатар жаңаша мағына мен абыройға ие болып, халықтық құндылықтардың қатарын толықтыра түсті.

Ахмет  Жүнісовтың  осы жайында төмендегіше зерделеген: «Өзге  халықтар  сияқты  қазақтың  да  ертеден  қалыптасқан, атадан  балаға  мұра  болып  жалғасып  келе  жатқан  ұлттық ойын-сауық   түрлері  бар. Зер  салып  байқап  отырсақ, ол  ойын-сауықтар  қазақтың  ұлттық  ерекшелігіне, күнделікті  тұрмыс, тіршілігіне  тығыз  байланысты  туған  екен  және  адамға  жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа,  күштілікке, төзімділікке  тағы басқа әдемі адамгершілік  қасиеттерге  баулуға   бағытталған» [1, 57б]. Қазақтың  ұлттық ойындарының  мән-маңызы мен ерекшелігі  туралы: «Қазақ  ұлты  негізінен  ұрпақ  қамын  басты  мақсат  етіп  қойып,  балалардың  нағыз  азамат болып  қалыптасуына  аса  зор  мән  берген.  Нәтижесінде  дәстүрлі  бала   тәрбиесінің  басты  құралы  ретінде  ұлттық  ойынды  орайластырып, дамытып   отырған» [2, 89б], - деп  баяндалған. Шындығында, ұлтымыз балаларының нағыз жеке тұлға, азамат болып қалыптасуына ежелден мән берген. Сол үшін түрлі ұлттық ойын түрлерін жаңалап, алмастырып отырған. Бұлар-баланы жалықтырмайды, қайта ақыл-ой еңбегі мен дене еңбегін қатар дамытып отырады. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. 

Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналып, адами қасиеттердің кеңінен өркен жаюына да ықпал жасайды.Аталмыш ойын қазақ халқының сүйікті ойыны болған. Жалпы асық ойыны – тек көңіл көтеру, құмарлық ойыны ғана емес, бейне бір шахмат ойыны секілді стратегиялық ойын. Бұл ойын ата-бабамыздың азаттық жолындағы ішкі-сыртқы қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туса керек. Асық ойындары – елдің ішкі бірлігін, татулығын хан мен халық арасындағы ынтымақты бейнелейтін ертеден рухани мұра болып жеткен ойын түріндегі ұлт бірлігі мен ауызбіршілігінің айқын көрінісі.

Асық ойындары ұлттық ойындар ішіндегі ең көнесі. Асық ату – тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлттық игілік. Бұл ойын түрі ең алғаш ежелгi түркілердiң арасында пайда болыпты. Сондай-ақ, асық ойындары байырғы грек елінде – «астралаг», ал римдіктерде «талус» деген атпен кеңінен таралғаны жайында мәліметтер бар. Ертеде ұшы-қиыры жоқ даланы мекендеген бабаларымыз жорыққа аттанар алдында соғыстың амал-әдісін ақ тақырдың үстіне асықтарды шашып жіберіп жобалайтын болған [3].

Бұл ойында көшпелі этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп те бағалаймыз. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Алайда уақыт тізбегі алға жылыстаған сайын, сәт санап көшпелі өмірден алыстап бара жатқан жағдайда,заман ыңғайымен мал шаруашылығына байланысты таным-түсініктерден алыстай түсіп, сан ғасырлық  рухани байлықтан, бабалар мұрасынан, салт-дәстүр жиынтығынан жерініп, әлемдік жаһандану саясатына ден қойған мына дәуірде асық ойыны жөнінде бүгінгі ұрпақ біле ме?Бұл мәселекөпшіліктің көкейінде жүрген көкейкесті мәселе болып табылады.

Асық ойынының түрлері өте көп. Ол әр өлкеде әртүрлі атауларға ие және ойнау әдіс-тәсілдеріде өзгеше. Сөйте тұра аталмыш ойын түрі осы барлық ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған. Осының барлығын салыстыра отырып аталмыш ойын түрін «үй ішілік» және «далалық» деп екіге бөліп жіктеуге болады. «Үй ішілік»  ойын түрі қазіргі заманауи жағдайға икемделіптақта ойыны» деп аталса, ал, «далалық» түрі  «алаң ойыны» делініп жүр. Асық ойынының «тақталық» түріне: «Хан» немесе «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату», «Құмар», Қақпақыл», Қаржу» немесе «Қаржымақ», «Сасыр», «Төрт асық»,«Бес тас», «Бес асық», «Иірмекіл» жатады. Ал, асық ойынының «алаңдағы» түріне:  «Арқаласпақ», «Алты атар», «Омпа», «Кетсін бір», «Шыр», «Бәйге», «Алшы», «Бес табан», «Көтеріспек («Атбақыл)» т.б. жатады [4].

Спорт ойынына асықты неге жатқызбайды? Асық ойыны, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері мол.  Ойын барысында:  жүгіру, жүру, иілу, секіру,  сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру ату тағы басқа жатады. Баласының ермегі, ойыншығы, сүйікті ойыны болған. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған.

Қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық Қазақстан Республикасының бүкіл халқының, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Осы ретте, елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Мемлекетіміздегі азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл ауқаты тармағында» және кезекті Жолдауында денешынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттілігі көрсетілген. №4 қалалық кеңес беру және диагностикалық емханасының көз дәрігері  Ғалия Кереева былай деп ой білдіреді: «Компьютер алдында ұзақ отыру, біріншіден, баланың көзіне зиян. Өйткені үздіксіз экранға қадалу көз жанарының көруін әлсіретіп, құлақтың есту қабілетін төмендетеді. Көз экрандағы мәтiн немесе өзге де бейнелердің әлсіз  дiрiлдеулерiн тез қабылдайды. Сөйтіп көзге шамадан тыс салмақ түсіп,  көру қабілетін жоғалтады. Мәселен, экрандағы түрлі түстер, тіпті  әріптер мен терезелер де көзге теріс әсерін тигізеді. Осының салдарынан көз жасаурап, тез шаршайды. Егер дер уақытда алдын алмаса, бұл түрлі көз ауруларына соқтыруы мүмкін. Баланың ұйқысы бұзылып, асқа тәбеті болмайды. Ал ұйқысы қанбаған баланың ойлау қабілеті әлсіреп, зейіні төмендейтіні белгілі. Екіншіден, бала компьютер алдында дұрыс отырмаса, сымбаты бұзылады. Соның салдарынан скалиоз, омыртқа ауруына шалдығуы мүмкін.  Бұған қоса электрленген сәулелер саусақ ұштарына әсер етіп, қолдың буындарына зақым келтіреді. Сондықтан ата-анаға айтар кеңес, баланы бес жасқа дейін компьютерлік ойындарға жолатпағаныңыз абзал. Өйткені экраннан таралатын электр магнитті толқындар баланың денсаулығына өте зиян» [5]. Дәрігерлердің айтуынша, компьютердің алдында үзіліссіз жұмыс істеу – адамның жүйке жүйесін әлсіретіп, қан қысымын көтереді және көз, құлақ, асқазан жарасы секілді аруларға душар етеді екен. Ал  баланың компьютер алдында ұзақ отыруы – оның ақыл-есінің дамуын тежейді. 

Ұлт тағдыры – ұрпақ қолында екенін жақсы түсінген ата-бабамыз жас жеткіншектерді еңбекке баули отырып, рухани-адамгершілік ізгі қасиеттерге тәрбиелеу мәселесін алғашқы орынға қойған. Қазақ халқын әлемге танытқан Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бүкіл бір халықтың ұстазы Абай өзінің қара сөздерінде жан мен тән тазалығы, имандылық қасиеттері «толық адам», дені сау адамның іс-әрекет нәтижелері, жалпы қауымның игілігіне айналады деп тұжырымдайды.

Дүние жүзіндегі медицина мамандары бүлдіршіндердің қозғалысы аз болғандығынан әрі электрлі қуаттандырылған құрылғылар арасында көп уақыт отыратындықтан көптеген ауруларға жол салынуда деп дабыл қағуда. Психологтардың зерттеуінше компьютерлік ойын үстінде адамның ойлау қабілеті, эмоциясы, көру қабілеті төмендейді әрі қияли әлемге жіпсіз байланғандардың көпшілігі күнделікті өмірде іс-қимыл траекториясы мен қашықтықты есептеуде қателіктерге бой алдырады екен. Медицина мамандары компьютерде көп отырған баланың есте сақтау қабілетінің төмендеп, омыртқа ауруына, шаш түсу, күйзеліске ұшырау аллергиялық ауруларға бой алдырғыш, қан айналысы, ас қорытуы, зат алмасуы бұзылады және басқа да көптеген ауруларға себеп болатынын ескертеді[6].

Қазақ халқы «Тәрбие басы тал бесік» деп бекер айтпаса керек. Жат әрекеттерге қарсы тәрбиені отбасы ошақ қасынан бастаған жөн. Ертеде қазақтың ұлы да, қызы да қызығушылықпен асық ойнаған. Асық ату баланы ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, қырағылыққа тәрбиелейді. Ойын барысында бала үнемі қимыл-қозғалыс үстінде жүретіндіктен, қан айналымы да жақсарады екен. Асықтың медициналық тұрғыдан да пайдасы көп.  Ол жөнінде қазақстандық травматолог дәрігер Белес Байжанов былай деп зерттейді: «Қимыл-қозғалыстың аздығынан сколиоз сынды аурулар пайда болады. Асық ойнаған баланың тек екі қолы ғана емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, омыртқасы, барлық бұлшық еттері жұмыс істейді. Медициналық тұрғыдан алып қарағанда бұл спорттың пайдасы өте көп. Менің ойымша, ақша шашып фитнес орталықтарына, иогаға барғанша, таза ауада аулада асық атқан әлдеқайда артық»[7].

Елбасы қазіргі жастардың болашағына зор сеніммен қарап үміт артады. Яғни, дені-сау, білімді, білікті, жан-жақты қалыптасқан болашақ жастарды елестетеді.Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына орай Президентіміздің «Еліміздің болашақта гүлденуі бүгіннен басталады» атты жолдауындағы 4-ші бөлімі азаматтарымыздың салауатты өмір сүруіне арналғаны белгілі. Мұны Елбасы жолдауындағы «Салауатты өмір салтын ынталандыру әрқайсымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткілерді, темекі мен алкогольді тұтынуды қойып, тазалық пен санитария шараларын сақтауымызға және т. с. с. бағытталған» деген жолдарынан байқауымызға болады. Оқу, білім алу, үйрену немесе біреуді үйрету үшін адамға мықты денсаулық керек. Жеке тұлғаның денсаулығын сақтауға деген құндылық бағдары әрдайым әртүрлі жағдайларда өзінің ойлары мен іс-әрекеттерін денсаулығын сақтауға бағыттай алуы. Оқушылардың дені сау болу үшін ұстаздар оған жақсы дәстүрлер мен әдеттерді сіңіріп, салауатты өмір салтын сақтаудың қажеттілігі мен оны іске асырудың жолдарын үйретуі қажет.

Салауатты өмір сүру дегеніміз – тазалық сақтап, дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану. Ал, асық ойыны осы дене тәрбиесінің бір тармағы десек артық емес. Үнемі қимыл-қозғалысқа бағытталған бұл ойын баланың салауатты өмір салтын сақтауына көп жәрдемдеседі. Себебі, дене еңбегiмен үнемi шұғылданып, жаттыққан адамның бұлшық ет талшықтары тез өседi, бойының күш-қуаты қалыптасады;

– сыртқы ортаның түрлi қолайсыз жағдайларына төзiмдiрек келедi;

– қозғалысы жинақы, ширақ, тез, әдемi жарасқан, қарым-қатынастық ережеге бейiмделуi жоғары;

– сезiну, ойлану және еңбектену қабiлеттерi бiр-бiрiмен үйлесiмдi және бiрiн-бiрi толықтырады. Аз қозғалыссыз ортада нерв талшықтары тез тозады, қан айналым жүйкесi бiртiндеп ауруға шалдығады, жүрек қабынады, бойды әуре-сарсаң құрыстырады. Жүрегi шынықпаған адам тез шаршайды, тырысқақ немесе ашушаң келедi. Жалқаулық жекенiң де, ұлттың да қасiретi. Онда санасыздық басым. Жүрегi шыныққан адамның мiнезi де төзiмдi, кеңпейiл, батыл соғады, қарсыласынан қайтпайтын тынымсыз, күрескер келедi. Жүрегi ашық жан қиыншылықтан құтылудың, қуанышқа жетудiң саналы жолын таңдайды, өзiн қарпайымдылық пен қайырымдылықтан ауытқыта бермейдi. Өзiн емдеудiң, сергiтудiң тиiмдi тәсiлдерiн қолданады[8].

   Асық ойындары – балаларға ауадай қажетті ойындар. Таңнан кешке дейін компьютер алдында ұзақ телміріп, көзін, миын ауыртып, жүйкесін шаршатқанша, бір мезет асық ойындарын ойнауды үдеріске айналдырған абзал. Кейінгі кездері жастар мен жасөспірімдер ойын автоматтары, ғаламтордағы түрлі суицидтік жағдайларға итермелейтін зиянды ойындарға әуес болып барады. Осындай өзіне-өзі қол жұмсауға апаратын«Синий кит», «Тихий дом» сынды ойындардың қатері туралы бүгін бүкіл әлем дабыл қағуда. Ал біздің ұлттық ойындарымыздан ғасырлар бойы ешкім де ешқашан зиян шегіп көрмеген, керісінше, пайдасына кенеліп, рухани дамуға қол жеткізеді.Ата-бабамыздан ұзақ ғасырлар жүзінде үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойыны күш-жігерді жетілдіріп, дәлдікке, мергендікке үйретеді.

Еліміздің болашақ жастары мен келешек мамандары әлсіз, денсаулығы нашар, зиянды әдеттерге әуес, жалқау, тәрбиесіз болса, ол мемлекеттің қуаты қашан да дәрменсіз әрі қорғансыз болмақ.

Қорыта келгенде, жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып, жүйке психикасын дұрыс қалыптастырып, ширақ, жігерлі, әрбір нәрсеге төзімді, сымбатты өсіру–әрбір ата-ана мен педагогтардың алдында тұрған үлкен міндет деп білеміз. Бұл мақсатты межеге жетуде ұлттық ойындарымыздың бірегейі-асық ойынының жарқын болашаққа тигізер пайдасы ұшан-теңіз деп қорытындылаймыз.

Әдебиеттер:

1.  Жүнісов А. Фәниден  бақиға  дейін. –Алматы: Қайнар.–1994. –255б.

2.  «Қазақстан»ұлттық энциклопедиясы.Алматы:«Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. 1998. 670 б.

3.  Елешова Ж.Асық ойнаған баладан.// www.psu.kz. ақпараттық порталы.

4.  Асық ойынын білеміз бе? // www. e-history. ақпараттық порталы.

5.  Асықтың адам өміріндегі маңызы//Ақтөбе облыстық қоғамдық-саяси газеті. 2014. №115.– Б. –8.

6.  Ұлттық ойындар // www.psu.kz. ақпараттық порталы.

7.  Он бес жылда отыз бес мың асық // www.alashainasy.kz. ақпараттық порталы.

8.  Салауатты өмір сүру салты //www.tarbie.kz. ақпараттық порталы.