Жармаганбетова Ж.Р., Ыбырай Н

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

 

ОҚУШЫЛАРҒА МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДЕ ТЕРМЕ ЖАНРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Қазақ халқы өз келешегі – жас ұрпағын ылғи да киелі, аталы сөзбен тәрбиелеп отырғандығы белгілі. Халқымыздың психологиясындағы бір ерекшелік ақылмен айтылған аталы сөзге тоқтай білуінде болса керек. Ата-бабаларымыздың осы бір ерекше дара қасиеттерін жас ұрпақтың бойына мектеп қабырғасынан сіңіріп өсіру – рухани қажеттілік. Бүгінгі таңдағы білім саласындағы реформаларға сәйкесті  ұлттық білім бағдарламасын даярлауда, ғаламдану үрдісі өріс алған кезеңде жас ұрпақ тәрбиесі ұлттық негізде жүргізілсе, көптеген нәтижелі істерге қол жеткізген болар едік. Бұған М.Жұмабаевтың «Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»  – деген пікіріне жүгінсек, көздеген нысанамыздың дәлдігіне көз жеткіземіз [1,130].   

Бүгінгі таңда жан-жақтан  келіп жатқан  ақпараттардың теріс ықпалынан  сақтандыру мақсатында  оқушыларға ұлттық педагогикаға негізделген сапалы оқу-тәрбиелік шаралар жүргізілуі қажет. Осы бағытта ұстанар қазығымыз киелі тәрбие тағлымы – ақыл, нақыл, өсиет өлеңдер, яғни тақпақ сазды терме жанры. Өйткені оқушылардың сана-сезімін дамытуда халық педагогикасын, әсіресе, халқымыздың ақын жыраулары: Бұхар жырау, Махамбет, Базар жырау, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы,  Жиенбай жырау,  Нұртуған Кенжеғұлұлы, Нартай Бекежанұлы сынды ақындардың, жыршы-термешілердің шығармашылықтарында кездесетін ұлағатты, ойлы сөздердің мәнін жасөспірімдердің жадында жас күнінен сіңіріп өсірудің маңызы зор. Терме дегеніміз көбіне жеті-сегіз буынды өлең өлшемінен тұратын, негізінен адам бойындағы жақсы жаман қасиеттерді, табиғат және т.б. құбылыстардың ерекше болмысын теріп айтатын жанр [2,41].

Жас буынды парасатқа, биік адамгершілік, сергектік, әдептілік, ата-баба үлгі-өсиетін, қағидасын қадір тұту, кең ойлап үйренушілік, дүниетанымдық рухында тәрбиелеуде терменің қызметі ерекше.

Махамбет Өтемісұлының «Мен, мен едім, мен едім» термесінде Отан қорғауға, батырлық, ерлікке шақыратын үгіт берілгендей. Мысалы:        

            Мен, мен едім, мен едім,

            Мен Нарында жүргенде,

          Еңіреп жүрген ер едім.

                                                       Исатайдың барында,

                                                       Екі тарлан бөрі едім.

Күрес-тартыс үстінде туындаған Махамбет ақынның бұл термесі отты жалынды, музыкалық мақаммен орындалған кезде  оқушыларды батырлық рухта тәрбиелеуде ерекше  әсер береді.

         Базар жыраудың «Әр нәрсенің парқы бар» термесінде   мырзалық пен сараңдық, ғалым мен надан,   жақсы мен жаманды салыстыру арқылы оқушыларға не нәрсенің жақсы  жаман екенін былайша  жеткізген:

Жақсы менен жаманның,

Арасы жер мен аспандай.

Байқарсың бір күн басыңа,

Іс түскен кезде, сасқанда-ай, –, [3,71]

деген жолдарда адамгершілігі жоғары  адам қандай қиын сәттерде де қол ұшын беріп, жолға тастамайтынын айтса, керісінше жаман  адамның басыңа іс түскенде қасыңа жоламай, теріс айналатынын айтып кеткен.

         Нұртуғанның «Қанекей, тілім, сөйлеші»  термесінде кейінгі ұрпаққа айтар ақыл-өсиет тәрбиелік мәні жоғары сөздер көптеп кездеседі.

                                      Басы пұлды болады,

                                      Болса жігіт өнерлі.

                                                Дүниедегі жандының,

                                                Бірі артық, бірі төмен-ді, –   

дей келіп,  «сегіз қырлы бір сырлы» өнерлі, шешен  халықтың ұрпағының қамын ойлайтын  жігіттерді жоғары бағалап, ақыл,  үлгі өнеге айта отырып, парасаттылыққа тәрбиелейді. Осындай терме жолдарының  идеялық мәнін ұқтыра отырып, оқушылардың эмоциясына әсер ету арқылы олардың бойында ізгі сезімдерді қалыптастырудың мүмкіндіктері зор. Оқу үрдісі барысында оқушыларға 3 сыныпта Базар жыраудың “Жақсы мен жаман” толғауын, Жиенбай жыраудың  “Бастау”, Нұртуған ақынның “Қанеки, тілім, сөйлеші”, Нартай ақынның “Соңғы терме”, Тұрмағанбеттің “Жастарға өсиет” термелерін тыңдату қарастырылған. Егер бала жас кезінен бастап осындай көлемді эпикалық шығармаларды  қабылдап, тыңдаса және түсіне білсе, онда халық өнеріне деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығы арта түседі.

Білім мен тәрбие егіз ұғым екендігін ескерсек, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру кезеңдерінде  термеде кездесетін  адамгершілікке үндейтін тәрбиелік тағлымдарды оқушылар санасына әсерлі етіп жеткізе білудің жолдарын жаңа заман талабына сай ұйымдастыру маңызы артып отыр. Өйткені,  терме жанры бүгінгі оқушыларды «ата жолы – адамдық, ана жолы – адалдық» деген ұлағатты сөздің арнасында тәрбиелеуге негіз болатын, ұлттық сана – сезімнің қазығын нықтап бекітетін, тәрбиелік  құндылықтарын жоймаған  өнегелі істердің үлгісі болып табылады.

      

Әдебиеттер:

1.     Жұмабаев М. Таңдамалы.  Алматы, «Ғылым». 1992.

2.     Ұзақбаева С.А. Қазақ халық шығармашылығының балалар мен жастарға эстетикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктері. Алматы, 1994.

3.     Базар жырау шығармалары. /құраст.Ш.Алдашев/Алматы, «Жазушы».1986.