Утебаева Г.К.

Қарағанды қаласының  №63 жалпы білім беретін орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазақстан

 

С.Шаймерденов шығармаларындағы фразеологизмдердің қолданылу сипаты

 

Көркем әдебиетте фразеологизмдер үнемі тек дайын қалпында алынбай,  әр түрлі жолмен жұмсалып, пайдаланылатыны белгілі. Соның бірі – жалпыхалықтық форманы өңдеп, өзгертіп қолдануы. Фразеологизмдерді бұлай қолдануда арнайы мақсат болатыны өзінен-өзі түсінікті. Осындай жолдармен әр ақын, жазушы тұрақты сөз тіркестерінің жаңа үлгісін жасап, фразеологиялық қорды байытуға өздерінің үлесін қосады. Академик Ө.Айтбаев фразеологизмдердің  қолданылуы барысында: «Қай елдің, қай жазушысының қай шығармасын алсаңыз да тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады. Яғни қаламгерлердің қай-қайсысы да сөйлеудің халықтық формасын пайдалануға бейім. Осының өзінен-ақ ғылымдағы фразеологизм проблемасының мейлінше қызықты, мейлінше қиын проблема екенін байқау қиын емес. Осыларды ғылыми проблема ретінде қарастыратын әр алуан еңбектердің   сөлін сүзсек, мұның неқилы мәселелері айқындала түседі екен.

Фразеологизм мәселесі көптен  сөз болып келеді. Оның бүкіл ішкі-тысқы қасиеттерін ашып, оларды қолданудың пайдасы мен заңдылықтарын аршып берген еңбектердің  санының өзі мыңға тартады», - деген  тұжырым жасайды [1, 375].

Жазушы қолданысында әр түрлі стильдік бояумен әр түрлі мақсатта жұмсалатын бұл көріктегіш құралдардың бірі – фразеологизмдер. Тұрақты тіркестерді талдау қаламгердің сөз қолдану шеберлігін ашуда таптырмас тәсіл болады.

Сафуан Шаймерденов шығармалары тілінің көркемдік ерекшелігін қарастыруда тұрақты тіркестер ерекше көзге түседі. Қаламгер туындыларында фразеологиялық тіркестердің тілге көркемдік беретін, эмоционалды-экспрессивтік қызметі талғампаздықпен жасалған. Тұрақты тіркестер көбінесе кейіпкердің сыртқы кейпін бейнелеуде қолданылады:

Кеспірі өрт соққандай; етегі елпі, жеңі желпі; бал-бұл жанып, қызара бөрткен; қайыстай қатқан т.б.

Кейіпкер бейнесін жасауда, кейіпкерге тілдік мінездеме беруде фразеологизмдер ұтымды жасалған.

Мұғалім бала-ау, екі иініңнен су кеткендей ұнжырғаң түсіп кетіпті зат өзіңнің. Өстіп көз майыңды тауысып, соңынан қарап қала бергенше, қасыңа отырғызып алып неге кетпейсің? Ай, ынжықсың ғой деймін. Аузын буған өгіздей үндемейтін Арамсарыдан жұрт неге қаймығады.

Ай, біздің Қараекең сөйлейін десе, тілдің майын тамызды-ау өстіп... (Жылқұсы, 294-б.).

Тұрақты тіркестер кейіпкердің ішкі сезім толқынысын дөп басып, дәл жеткізу үшін қолданылған:

Ұмсындықтың қара көзі от шашып, жалт етті.

− Ендеше ана малды жинап алыңдар. Боқтарыңды теріп жүре алмаймын сендердің, -деп, тебіне жөнелді (Ашу, 259-б.).

Амал бар ма, тасыған көңіл судай басылды (Ашу, 35-б.).

Көктен тілегенім жерден табылғандай (Ашу, 35-б.). Осы сөйлемдердегі: көзінен от шашу, көңілі судай басылу, көктен тілегені жерден табылу тіркестерінің кейіпкер көңіл күйіндегі өзгерістерді, ашу-ыза, ренжу, қуану сияқты сезім толқындарын оқырман қабылдауына әсерлі жеткізуіндегі қызметі ерекше. Кейіпкер басындағы психологиялық жай-күйді танытатын тұрақты тіркестерді қаламгер туындыларынан көптеп кездестіреміз: жүрегі мұздау, тілі байлану, қаны қайнау, жаны мұрнының ұшына келу, т.б.

Жазушы шығармаларындағы тұрақты тіркестердің бір қатары қазақы өмірге қатысты құбылыстарды бейнелеп, ұлттық ерекшелікті танытады.

От ала келдің бе, неге қашып бара жатырсың? (Жыл құсы, 259-б.).

Дүкен алдында қара-құра кісі көп. Кезекте тұр. Қант, май, шай-бәрі де осында. Қазанбас сатушы таразыны асықтай үйіреді. Берілген мысалдардағы от ала келу (асығу деген мағынада), асықтай үйіру тіркестері – қазақ өміріне тән құбылыстардан алынған, ұлттық нақышты өрнектейтін тіркестер. Мұндай тұрақты тіркестер жөнінде ғалым Р. Авакова: «Ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын фраземалардың әлемнің тілдік бейнесін жасаудағы орны ерекше болса, оны танымдық тұрғыда талдау қазақы өркениетті ұлттық мәдениеттің табиғаты мен бітім-болмысын ашуға мүмкіндік береді» [2, 21].

Осындай тұрақты тіркестерді қолдану арқылы қаламгер өзі суреттеп отырған ауыл өмірі мен ауыл адамдары бейнесіне шынайылық сипат беріп, оқырман көңілінде жағымды әсер қалдырған.

Сондай-ақ, қаламгер қолданысында қарапайым фразеологизмдер де ұшырасады.

«Әдеби тіл нормасына сай келмейтін, жай дөрекі тұрақты тіркестерді қарапайым фразеологизмдер дейміз. Алайда ол әдеби тіл нормасына жатпағанымен, көркем әдебиетте образ жасау үшін кейіпкер сөзінде кездесіп отырады. Бұл тілдік амал арқылы жазушы кейіпкердің ой-өрісі, өскен ортасын, әлеуметтік халін, мінез-құлқын көрсетеді» [2, 34].

Өй, иттен жаратылған неме, жап аузыңды – деп ақырды (Ашу, 295-б.).

  Қара басыңа көрінгір, не болды саған? Кет, – деп жекірген кезі де бар (Ашу, 206-б.).

   О, иттің баласы! Сомадай боп бір тоқтыға шамаң келмей жатыр ма? (Жыл құсы, 128-б.).

Кейіпкер тілінде қолданылған қарапайым фразеологизмдер кейіпкердің мінез-құлқын, мәдениетін көрсетуде ерекше роль атқарған. Мұндай қарапайым фразеологизмдер тек кейіпкер тілінде ғана кездеседі және ерекше стилистикалық функциясымен ерекшеленеді.

С.Шаймерденов шығармаларында фразеологиялық синонимдерді мейлінше мол қолданған.

Ал мен болсам, педагогика деп атанған өнер мұхитында оң мен солымды әлі айқын танып болмаған, есі-дертім Алматы, жоғары оқу орны болып жүрген көк қанатпын (Қарғаш, 70-б.).

Бұл мысалда, «оң мен солын айыра алмаған», «көк қанат» тұрақты тіркестері қатар келіп бір мағынаны ашуға жұмсалған.

Басын бір жаққа әнтекм бұрып тастап, бүйрек бетінің бұлшық еттерін, иығын, алшақ кеудесін, қала берді бүкіл денесін селкілдетіп ұзақ күледі (Қарғаш, 70-б.).

Келтірілген тұрақты сөз тіркестері: «бүйрек беттерінің бұлшық еттері», «иығы», «алшақ кеудесі», «быртық денесін» бір-біріне үйлесіп, кейіпкердің сыртқы сымбатын бейнелеген. «Селкілдетіп» етістігі кейіпкер денесі атауларын ортақтастырып, синонимдік тұтастық құрған.

Үй дүр сілкініп, қызу қостай кетті. Отын ұсақтаған, қазан-ошақ көтерген қара-құра адамдар көріне берді (Қарғаш, 66-б.).

Әлде бір талды қармағандай: өкпеге қиса да, өлімге қия қоймайтын шығар, − деп жоқты медеу тұтып, жұбаныш табам ондайда (120-б.).

Жазушы фразеологиялық синонимдердің көріктеуіш қызметін түрлерін талғап, таңдап пайдаланған.

Әр жерде кедей, арық, жақыбайлар топтасып ұйым құра бастады. «Союз қосшы», ТОЖ дегендер шықты. Біреулер үркеді, біреулер құшақ жаяды. Ел іші дүрмек (Жыл құсы, 164-б.).

Автор фразеологиялық синонимдерді негізінен стильдік мақсатта жұмсаған.

Ғұмаров құп-қу болып жүре берді. Тілі байланып, үндей алмай отыр –синонимді қолдану арқылы сол сәттегі кейіпкер сезімін бейнелейді.

Р.Сыздық бұл жөнінде: «Жеке суреткер тіліндегі образды фразеологизмдердің типтерінің, олардың азды-көптігін, ескі-аздылығын түгендеу үстінде ақынның не жазушының фразеологизмдер саласындағы байырғы қазынаны қаншалықты игеріп, кәдеге асырғанын, қаншалықты жаңаларын ұсынғанын көруге болады. Ал бұл шығармашылық контекст немесе авторлық даралық дегенді танытады, тіпті кеңірек қарасақ, суреткер тіліндегі фразеологизмдер әлемі оның поэтикалық тіл арқылы көрінетін дүниетанымын көрсетеді» [3, 97].

Қаламгер халықтың наным-сенімін білдіретін культтік фразеологизмдерді де жиі қолданады.

Культтік фразеологизмдер – адамның көңіл-күйін, көзқарасын, әр түрлі эмоционалдық әрекеттерін білдіретін және қолдануы дәстүрге айналған алғыс, қарғыс мәнді сөз тіркесімі ерекше фразеологиялық топ құрайды. Олар: фразеологиялық сөздік формулалар, фразеологиялық штамптар болып келеді де, адамның бір-біріне жасайтын әр түрлі қарым-қатынасынан көзқарасын білдіретін экспрессивті – эмоциялық сипаттағы одағайлық сөз орамында қолданылады. Бұл тіркестер кемінде екі немесе одан да көп компоненттерден болады. Кейде жеке сөйлем сияқты болып та келеді [3, 95].

Сафуан Шаймерденов еңбектерінде культтік фразеологизмдер көбінесе, кейіпкер тілінде ұшырасады. Автор оларды кейіпкердің ішкі сезімін ашып көрсетуде пайдаланған.

Культтік фразеологизмдер – адамның көңіл-күйін, көзқарасын, әр түрлі эмоциялық әрекеттерін білдіретін қолданылуы дәстүрге айналған алғыс, қарғыс мәнді сөз тіркесімен ерекше фразеологиялық топ құрайды.

Қара басыңа көрінгір, не болды саған? (Жыл құсы, 206-б.).

Көркем шығармада кездескен қарғыс мәнді фразеологизмдер кездескен қарғыс мәнді фразеологизмдер кейіпкер тілінде қолданылады. Мысалы:

Қолың сынғыр, кім екен жазып жүрген? (214-б.).

Қарғыс мәнді фразеологизм көбінесе кейіпкер тілінде қолданылып, кейіпкердің сол сәттегі көңіл-күйін, ашу-ызасын т.б. сезім иірімдерін көрсетеді.

Культтік фразеологизмдер жөнінде Р.Авакова: «Адамдардың діни және мифтік көзқарастары мен танымдық жүйесі тілдегі фраземалар мен олардың пайда болуына ұйытқы болған діни персонаждар (Құдай, Алла, Тәңір, жаратушы, жаратқан, жасаған... т.б.) негізінде тілде сақталып қалған. Қазіргі халық тілінде, оның ойлау танымында Тәңірі, Құдай, Алла лексемалары жақсылық пен жамандық, ақ пен қараның, өмір мен өлімнің және т.б. қарама-қайшылығының аралық шекарасы іспетті тілде түрлі тіркестерде қолданылады»,− деп көрсетеді [2, 90].

Қаламгер шығармаларында діни көзқарастағы тіркестер ауызекі сөйлеу тілінде кеңінен қолданылған.

Мына шалға құдайдың зарын қылам, осы бастан отын-суыңды жинай бер деп (Қарғаш, 78-б.). Күнде айтамын деген мағынада берілген.

Әйтпесе үстінен құс жорғалатпайтын. Құдай бірдеме берер (79-б.). Қуаныш, бір нәрседен үміттену мағынасында түсіндірілген.

Құдай сөзі... (Жыл құсы, 151-б.). Дұрыс, түзу деген мағынада.

Құдайға шүкір. Битабар ат мінем десе табылады (151-б.). Ризашылық білдіру негізіндегі сөз.

Құдайтағала Бертшек екеуіңді кем жаратқан жоқ (161-б.).  Ырзашылдық, білдіру, бата айту.

Өлген адамның соңғы сөзі – құдай сөзі (Сонда). Өсиет ретінде айтылады.

Аманжан, бұл кісі құдайықонақ (168-б.). Үйге шақырусыз келген адамды құдай жіберген кісі ретінде қабылдау.

   Құдай-ау, оқуды тастап кетеді деп кім ойлаған (Қарғаш, 55-б.).

Тәуба, соның бәрі осы Қарғашымның арқасы ғой (56-б.).

Бұл мысалдағы, «құдай-ау», «тәубе» деген сөздер культтік тіркестер кейіпкердің өмірге деген таңырқаушылық пен риза болушылық сезімдерін білдіреді. Күйініш, сүйініш сезімін де жеткізеді.

Ойбай, құдайы құрығыр шұнақ құдай-ай, өлтірдің ғой қу жетімек сорлыны (Жыл құсы, 37-б.).

Бықсып от жанбаса да, байқаусызда қазанның түбі күйе бастаса да, «құдайы құрығыр, қу құдай-ай!» − деп таусыла қалады (Мезгіл, 35-б.).

Сонымен, культтік фразеологизмдер діни ұғымдарға, діни әдеттерге байланысты қалыптасып, халық тілінде, кейіпкердің ойлау танымында «жақсылық пен жамандық, ақ пен қараның, өмір мен өлімнің» және т.б. қарама-қайшылығының аралық шекарасы іспетті тілде, ауызекі сөйлеу кезінде қолданылады. Әрі эмоционалды – экспрессивті жағы басымдау түсіп, кейіпкердің көңіл-күйін беруде жұмсалады. Кейбір кезде автор кейіпкердің екінші бір адамға өз көңіл-күй әсерін тигіздірту мақсатында алынған. Нақты айтқанда культтік фразеологизмдер:

− кейіпкер тілінде келіп, діни көзқарастарын, күйініш-сүйініштерін жеткізеді.

Қазақ халқының тілі – әрі бай, әрі көркем тіл. Сан алуан көрікті де қанатты сөздер, шешендік сөздер мен нақыл сөздер халық тілінде. Көркемдеп бейнелеуіші, өрнектеп мәнерлеуші тәсілдер де сонда.

 

 

Әдебиеттер:

 

1. Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Вопросы казахского языкознания. – Алматы: Арыс, 2007. - 624 б.

2. Авакова Р. Фразеологиялық семантика. –Алматы, 2002. -150 б.

3. Сыздықова Р. Сөз құдіреті. Алматы, 2003. – 45б