Жоғары оқу орнында студенттердің ұлттық болмысын қалыптастыру

П.ғ.к.,доцент А.Ш.Танирбергенова

магистрант С.Даулетханова

«Тұран-Астана» университеті

Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан  ой -  пікірлері мен іс-тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған. Адамзат баласына ортақ рухани қазынаның құрамдас бір бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі дейміз.

2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бірінші кезекте апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу міндетін қойып отыр. Сонымен қатар Жолдауда «...Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес» [1] делінген. Бұл ертеңгі еліміздің болашағы үшін ауызбіршіліктің, ұлттық сананың маңызды eкендігін бастапқы орынға шығарғандығын көрсетеді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылуында 5 институтционалдық реформасының аса маңызды бағыты «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру деп көрсетіп, 89-қадам. «НҰРЛЫ БОЛАШАҚ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына МӘҢГІЛІК ЕЛ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ЕНГІЗУ», -делінген [2]. Бұл болашақ маманның ұлттық санасын қалыптастырудың маңызды екендігін көрсетеді. Ал, болашақ ұрпақ тәрбиесіне жауапты педагогтар қауымы. Сондықтан да болашақ ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиесіне бірден бір үлес қосатын педагогтар қауымы екендігі мәлім. Бұл тұрғыда педагогикалық ұжымдағы психологиялық ахуалдың дұрыс болуы маңызды факторлардың бірі. Осы тұрғыда жаңа ұлттық тәрбие, тұлға қалыптастырудағы оқу-тәрбие жұмыстары да жаңа мазмұнға – ұлттық мазмұнға ие болды.

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы Жолдауында: «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар  патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» деп атап көрсетті [3]. Осыған орай, қазіргі жастардың бойында ұлттық сананы ұлтаралық келісім, толеранттылық негізінде қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Елбасы өзіңнің жыл сайынғы Халыққа Жолдауында болашақ ұрпақ тәрбиесіне маңызды екендігін, отбасы тәрбиесінің маңыздылығын нақтылап көрсетіп отырады.

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін оқып-үйрену үшін тәрбиелік мүмкіндіктер, жағдайлар жасалу керек», - деп көрсетілген [4].

Қазақ халқының да сан-ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, имандылық, бауырмалдық, балажандық, қонақжайлық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данғой қариялар, ғұлама ойшылдар, би-шешендер және ақын-жыраулардың саналық болжамдарының, психологиялық пайымдаулары мен педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр. 

Осы орайда республикамызда ұлттық сананы жинақтап зерттеу, саралап игеру, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен ендіру, жаңғырту үлкен міндет болып табылады. Өмір талабымен бұл өмірге қайта оралған ұлттық сана мен ұлттық құндылықтардың озық дәстүрлері бұл күнде отбасы, мектеп тәжірибесінен лайықты орын ала бастады. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан да қамқорлық көрсетілуде. Мұндай игі бастама қазірдің өзінде білім мазмұны мен әдістеріне, оқу жоспарларына жаңалықтар мен өзгерістер әкелуде.

Қазіргі кезде әр саладағы көрнекті ғалымдар ұлттық негіздегі қарым-қатынас мәселесінің мән-маңызына, жалпы адамзат қоғамындағы рөліне айрықша ден қоюда. Әсіресе, болашақ мұғалімдердің ұлттық педагогика идеялары негізінде қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесі арнайы зерттеуді талап ететіндігі дәлелденіп отыр.

Осындай жетістіктермен қоса педагогикалық әдебиетте, баспасөзде жазылып, қоғамда, өмірде көрініс беріп жүрген талғамсыздық, сыңаржақтылық, ұраншылдық, мәселенің ішкі мазмұнына емес, сыртқы көрінісіне әуестенушілік секілді келеңсіз құбылыстар бой көрсетуде. Мұның өзі уақыт талабына сай оқыту үрдісінде халық педагогикасын пайдаланудың қажеттілігі мен педагогика теориясы мен практикасындабұл мәселенің жеткілікті зерттелмеуі арасында қарама-қайшылықты тудырады.

Осыған орай, зерттеу проблемасы оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық сананы қалыптастыруды пайдаланудың педагогикалық негізін қарастыру, педагогикалық мүмкіндіктерін айқындау қажеттілігінде болып отыр.

Жастардың бойында ұлттық болмысты қалыптастыру арқылы өз елінің патриоты, ұлтжанжы, елжанды азамат тәрбиелейміз. Бұл еліміздің тұрақтылығына кепіл болары сөзсіз. Сондықтанда зерттеу жұмысына таңдалып алынған тақырыбымыз өзекті.

 Жастрада ұлттық сана қалыптастыруда ұлттық ойындардың да тәрбиелік маңызы зор. Сондықтан балалар мен жасөспірімдерді өзіміздің төл ұлттық мәдениетке баулу қажет деп есептейміз.

Қазақы мінез халқымыздың болмыс-бітімінен, жан дүниесінен ғана емес, салт-дәстүрінен де көрініс береді. Дәстүр – адамды нағыз тұлға ретінде тәрбиелейтін үлкен күш. Салт-дәстүрің қандай болса, мінез-құлқың да сондай болмақ.

Қазақтың этникалық күші – тілі мен ата жұрты. Қазақ – рух тазалығын сақтаған халық. Әрбір халықтың жаңа буыны мен жас ұрпағы осыларды біліп өскені абзал.

Ұлттық сана қалыптастыру дегеніміз – ұлттық сезім тудыру. Егер ұлттың өзіндік сезімі болмаса, онда халі мүшкіл, ұлттың тілі де, ділі де, дәстүрі де, тарихы да – барлығы құр әншейін жасанды нәрсеге айналып кетуі мүмкін. Ал ондай ұлттың кез келген басқа ұлттың жетегінде кете беретіні даусыз. Ұлттың өзін аяғынан нық тұрғандай сезінуі, өзін-өзі танып, өзін-өзі сыйлайтындай дәрежеге жетуі ұлттық сезімнің пайда болуына байланысты. Ал ондай сезім тудыратын нәрселер - өзін-өзі тану, жақсылап тану, жақсы жағынан тану деп ойлаймыз.

Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:

-  оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;

-  жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;

-  ана тілі мен дінін , оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;

-  жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.      Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты  Қазақстан халқына Жолдауы //Астана, 11 қараша 2014.  http://www.akorda.kz/kz/page/page/218342

2.      «100 нақты қадам» - Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспары

3.      Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. // Егемен Қазақстан. - 28 қаңтар, 2012.