Байсеңгіров М.Қ. Мирамбек Н.
Жаңбырбай Г.- Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік
педагогикалық институты
МҮЙІЗ БЕН СҮЙЕКТІ ШЕБЕРХАНА ЖАҒДАЙЫНДА
ӨҢДЕУ
Қазақстанда болып
жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, күннен
- күнге үдеп келе жатқан ақпараттар ағымдары,
еңбек нарығындағы бәсекелестіктің артуы
жоғары оқу орнын бітірушілерге қойылатын талаптарды
күшейте түсуде. Дегенмен
де сүйек, мүйіз секілді табиғи материал
шикізаттарын оқу шеберханасы жағдайында өңдеу қандай
даму үрдістеріне де қарамастан қызықты жұмыстар
болып қала бермек. Адам қолымен жасалған дүниелерді
ешбір станок не машина алмастыра алмайды.
Сүйек өңдеу.
Бұл істе көбіне ірі қара малдардың жілік сүйектері
қолданылады. Олардан түрлі жануарлар мүсіндерін жасап
шығаруға қолайлы. Сүйекті механикалық
өңдеуге кіріспес бұрын оны майсыздандырып, ағарту
міндетті. Оның қарапайым тәсілі сүйекті металл арасымен
кесіп, ішкі кемігінен тазартып, аздап ас содасы қосылған суда
бірнеше сағат суда қайнатамыз. Ал ағарту үшін кез
келген аптекадан табылатын сутегі тотығы (гидроперит) қажет. 200
грамм суға оның екі-үш таблеткасын езіп, сүйекті сол
суға екі-үш күнге салып қоямыз. Сүйек таза
ақ түске енеді. Егер де өтпелі не бедерлі оймыштауға
жұқа пластина дайындау қажет болса сүйекті
қабаттарын қуалай кесу қажет. Қабаттарына
көлденең кессек уақыт өте келе жазықтық
бетінде жарықтар пайда болып жұмыс бүлінеді. Көлемдік
мүсіндер жасау қажет болса, алғашқы өңдеуде
ауыр пышақ қолдануға болады. Цилиндр тәрізді
дөңгелек заттарды токарь станогында өңдеуге болады.
Жазық бетті пластиналар дайындауда ірі қараның жауырын
сүйектері, қабырғалары, жамбас сүйектері де қолданылады.
Қол аспаптардың қолға ұстайтын бөліктерін
қайың немесе шамшат ағашынан дайындаған жөн [1,
42 б. ].
Сүйекті өңдеудің өтпелі оймыштау, бедерлік
және гравирлеу секілді әр түрлі түрлері бар. Оларды
бір-бірімен үйлестіре қолдануға да болады. Мәселен,
көлемдік оймышты гравирлеумен, өтпелі оймышты бедерлік оймыштаумен т.б.
Алдын ала салынған нұсқадағы суретті
пластинаға көшіріп алу керек. Ол үшін
нұсқаның барлық контур сызықтарын арасын 3 – 4
мм-ден бізбен тесіп алып, марлыдан жасалған анжыға
құрғақ қара бояу толтырып, нұсқаны
пластина бетіне қойып анжыны бетінен жеңіл ұрғылау
арқылы бояуларды нұсқадағы тесіктерден өткіземіз.
Сүйек бетінде нүктелі контур пайда болады, оны қарындашпен
жеңіл бастырып шығамыз да өшіріліп қалмауы үшін
тез кебетін лакпен көмкереміз. Лобзикпен кесілетін жерлерді
бұрғымен тесіп алып лобзикпен кесіп, онан соң жоғарыда
аталған құралдармен өңдейміз. Енді қашаулар
қолдану арқылы өтпелі оймыштарға бедер бере
өңдейміз. Сүйектің астына фон ретінде түрлі-түсті
фольга, қағаз немесе мата жіберуге болады. Ағаш фонға
орналастырса да өте қызықты шығады. Ағаш негізге
сүйекті БФ – 2 желімі арқылы жапсырады. Кей жағдайларда дайын
болған бұйымды бояуға да болады. Ең кең
тараған бояу түрі – қызыл шәй. Ол сүйекті алтын
түстес етеді. Шафран тұнбасында сүйек – сабан түстес
сары, қара бузина тұнбасында – жасылдау, қалақай
жапырағында – жасыл, емен қабығында – қоңыр, жуа
қабығында – алтын түстес сарыға боялады.
Гравирлеу де
сүйекке өзіндік сәндік түр береді. Гравирленген іздерді
түрлі-түсті қарындаштармен үйкелеу арқылы немесе
майлы бояулар жағу арқылы түрлі-түсті гравирленген
бұйымға қол жеткізуге болады. Көбіне мұндайда
қызыл, қоңыр, қара түстер қолданылады.
Гравирленетін сүйек беті жалтырата өңделген болуы шарт.
Болмаса бояу жағылған соң сәл көрінетін
сызықтардың өзі сурет сиқын бұзып жібереді.
Сондықтан сүйекті зімпаралы қағаздың майдасымен
мұқият тазалап алып, ұсатылған пемза
ұнтағымен немесе тіс жуатын ұнтақпен жалтырата
өңдеген дұрыс. Оймышталған сүйекті көп жағдайда
басқа материалдан жасалған бұйым бетіне сәндік
жағын көркемдеу үшін қолданады, әсіресе,
ағаштың бағалы түрлерімен оймышталған сүйек
өте көркем үйлеседі [2, 65 б.].
Мүйіз өңдеу.
Үй жануарлары мен
тағы аңдардың мүйіздерін іске жарату үшін, оларды
жастай жинап, ылғи көлеңкеде сақтау қажет.
Өйткені, далада көп жатып, қабыршақтанып, әбден
қураған мүйіздер іске жарамайды. Мүйізден жасалатын
бұйымның ыңғайына қарай, бабымен кептірілген
мүйізді қол арамен көлденең кесіп, дайындап алады да,
ыстық қоламтаға бие сауым уақыт көміп,
әбден жұмсартып, балқытады, одан кейін ғана шебер іске
кіріседі. Айталық, шақша жасайтын болса, мүйіз кесіндісінің
сыртқы пішінін қалауынша өзгертіп, суығанша арнайы
қысқашпен қысып қояды. Суыған мүйізді
пышақпен, егеумен, шынының сынығымен және киізбен
мұқият өңдейді. Сосын сүйектен, ағаштан,
күмістен, не мүйізден түп, қақпақ салып
кейде сыртын күмістеп, көздің жауын алатындай етіп
әсемдейді.
Ақбөкен мүйіздерінің
қуысы жоқ жіңішке ұштарын қоламтаға салып
түзетіп, бірнешеуін жалғастыру арқылы қамшының
сабын жасайды. Оның сыртын да әдемілеп өңдеуге болады.
Оны жез не күміс әшекейлермен көркемдейді [3, 89 б. ].
Қорыта айтқанда
сүйек пен мүйізді өңдеп іске жарату қарап
отырсақ өте қызықты да тартымды жұмыстардың
бірі. Қазіргі заманға сәйкес жаңа технологиямен өңдеу
тәсілдерін, әрине, меңгерген тиімді, дегенмен ата-бабамыз
бізге мұра етіп қалдырған бұрынғы кездегі
өңдеу тәсілдері болашақ ұрпақты материалды
өз қолдарымен қадірін сезіне өңдеп,
еңбекке, қол еңбегіне
баулуда таптырмайтын тәсілдің бірі ғой деп есептеймін.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Федотов
Г. Дарите людям красоту. М., Просвещение, 1985.
2. Маргулан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. //А., «Онер», 1994.
3.
Арғынбаев
Х. Қазақ халқының қолөнері. А. Өнер.,
1987.