ӘОЖ 371,13:78

ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМЫН АРТТЫРУ

 

ШОКОЛАКОВА С.Б., ҚАСЫМОВА Ә.Ж

 

Тараз инновациялық-гуманитарлық универсиеті,  Тараз қ

 

Қазіргі кезеңде заман талабы  мектеп мұғалімдеріне жастарды жаңа заман талаптарына сай, әрі озық ұлттық дәстүр рухына тәрбиелеп, өмірге әзірлеу секілді жауапты міндеттерді жүктеп отыр. Егеменді елімізге сай ұрпақ тәрбиелеп шығудың бірден-бір жолы ол – өсіп келе жатқан ұрпақты эстетикалық тұрғыдан шыңдай отырып  халықтық педагогика арқылы жүзеге асыруға болады.

Қазақстанда халықтық педагогикалық ойларды бүгінгі тәрбие мен білім беру барысында жүзеге асыруға бағытталған біршама тәжірибе жинақталған. Бұлардың ішінде, әсіресе, халқымыздың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің зерттелу, жинақталу, жариялану жолы Қ. Жарықбаевтың еңбектерінде айқын көрініс тапқан.

Халықтық педагогика этнопедагогиканың зерттеу пәні болып табылады. Этнопедагогика халықтық педагогиканы түсіндіреді және қазіргі жағдайда жанұяда, мектепте оны қолданудың жолдарын ұсынады, этникалық топтардың тәжірибелерін жинап, зерттейді.

Халық педагогикасымен айналысушылар қоғам дамуының алғашқы сатыларында–ақ тәрбиеге өзіндік көзқарас болғандығын, мақсатқа сай тәрбиелеудің жолдары ойластырылғандығын мәлімдейді. Қазақ этнопедагогиксының қайнар-бұлағы біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастау алады. Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап–ақ жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі. Балалардың жан-жақты дамуы үшін, әсіресе сұлулық пен сымбаттылыққа қанық болулары үшін оқу-тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы қолдану өте маңызды. Адамдардың эстетикалық сезімдері олардың өмірінде зор роль атқарады. Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді, оған ең жоғары рухани ләзаттануға мүмкіндік береді. Біз әр адамның адамгершілікті тұлғалық мәнін жан-жақты дамытуға ұмтыламыз, сондықтан әр баланың сезімін нәзіктігін, көркемдікті, әсемдікті сүйетіндей етіп дамытуымыз керек. Адамның әсемдікті және жексұрындықты, сәулеттілік және ождансыздықты, қуаныш пен қайғыны т.б. түсінуіне байланысты, оның саналы тәртібі мен мінез – құлқы айқындалады. Осыдан келіп адамның әсемділікке шынайы көзқарасы мен мұраттары болуы керек екендігі шығады. Оқушылардың жалпы мәдениеті, яғни эстетикалық тәрбиенің маңызды жақтары ізеттілік, ұқыптылық, жылы шырайлылық, қайырымдылық, тазалықты сақтау т.б. Жалпы эстетикалық мәдениет – бұл қатынас эстетикасы, киім-кешек эстетикасы, үй-жағдай эстетикасы, манера, дене қимылы, т.б. А.С. Макаренконың еңбектерінде бұл жағдаяттарға зор мән берілген. Жеке адамның сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы эстетикалық сұлулықтың белгісі,  А.П. Чеховтың сөзімен айтқанда адамда: бет, киім, жан, ой – бәрі сұлу болу керек делінген [1].

Соңғы жылдары халықтық педагогиканы  зерттеу барысы туралы, халықтық педагогикалық идеяларды бүгінгі тәрбие теориясы мен практикасында жүзеге асыру жолдарының мәселелері туралы зерттеулер едәуір көп. Бұлардың ішінде халықтық педагогиканың пайда болуы мен дамуы, қазіргі жайы жан-жақты сөз етіліп, оның теориялық - әдістемелік мәселелерін анықтауға бағытталған еңбектердің маңызы айтарлықтай [2]. Өкінішке орай, көптеген зерттеуші ғалымдар бұл мәселенің соншалықты көкейтестігіне үстіртін қарайтын секілді.

Көрнекі қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймаутов халықтық педагогиканың тәжірибесін зерттей білуге ерекше мән берген. Сонымен қатар, этнопедагогика, халықтық педагогика мәселелеріне қатысты ой түйіндерді Г.Н. Волков, К.Ж. Кожахметова, Е.Л. Христова, З.Ә. Әбілова, Қ.Б. Жарықбаев, Ә. Табылдиев сияқты ғалым зерттеушілердің осы мәселені жан-жақты зерттеген еңбектерінен кездестіреміз.

Халықтық тәрбие тарихи даму үрдісіндегі тірі дүние болып табылады. Халықтық педагогиканың әлеуметтік бағыттылығы, әсіресе көне жазба ескерткіштерде мақалдар мен мәтелдер, ертегілер мен жырлар, бата, тілек секілді тәрбие құралдарында толығырақ бейнеленген.

Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні – адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі [3].

Қазіргі кездегі эстетикалық тәрбиенің міндеттерін шешу үшін халықтың осы уақытқа дейінгі тәжірибесін меңгеру қажет. Мәдени құндылықтарды жасауда әр халықтың өзіндік ерекшелігі бар. Халық әрдайым әсемдікті іздеді, қолдан жасады және оны өмірде, тұрмыста, еңбекте бекітуге тырысады. Оны халқымыз үй жиһаздарын жасауынан және оны әсемдікті сезінудегі тәрбие құралы ретінде пайдалануынан көруге болады.

Халықтық эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбие құралдары ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері, жанры және тақырыбы жағынан өте бай. Көптеген әндер би қимылдарымен байытылды.

Қазақ халқының музыкалық аспаптарының түрлілігі таңқаларлықтай (домбыра, шертер, аса таяқ, шаңқобыз, ұран, жетіген, үскірік, қамыс сырнай, дабыл т.т.). Олар бос уақытта пайдаланылып жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру ісіне қызмет етті.

Халқымыздың тұрмысына енген қолданбалы қолөнер бұйымдар, олардың әшекейленіп жасалуы эстетикалық тәрбиеде өз алдына бір сала.

Эстетикалық тәрбиеде халық ауыз әдебиетінің маңызы өте зор болды. Оның мазмұны халқымыздың бүкіл өмір тәжірибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын әсемдік сезімін, талғамын, қажеттілігін билейді. Эстетикалық тәрбиенің күрделі мәселелерін айқындауда біз халықтың жинақтаған педагогикалық білімімен тәрбие тәжірибесіне сүйенуіміз қажет.

Тәрбие жүргізу ісінде үйрету, пайымдату, сендіру, әсерлендіру тәсілдері қолданылады. Ұлттық тәрбие үлгілерін көрсетіп, үйрету үшін сахналық тәсілдерді қолданудың мәні зор. Сөзді жаттау, оны сахнада мәніне жеткізіп, мәнерлеп айта білу, өмір құбылыстарын әсерлендіре көрсету, кейіпкер бейнесін айнытпай көрсету әрбір тәрбиеленушінің санасына сан қырымен әсер ететін құбылыс.

Оқушы түсінігінің эстетикалық жақтан қалыптасуы халықтық педагогика және тағы сол сияқты көптеген факторлардың ықпал ету нәтижесінде болады. Сондықтан мектеп мұғалімдері оқушылардың эстетикалық талғамын іс-жүзінде, теория жүзінде де арттыра отырып, көрген білгендерімен сұлулықты қабылдауға көмектесуі керек.

Оқушылардың эстетикалық сезімін дамыту оларға мынау жақсы, әдемі, ал мынау жаман, көріксіз деп ауызша айтуда ғана жүзеге аспайды, сонымен бірге бала күнделікті тұрмыста да, мектепте де эстетикалық талғампаздықтың үлгі өнегесін күн сайын көріп отыруы керек.

Оқушыларға әдепті әсемдіктен бөліп түсіндіруге болмайды. Егер оларды бөліп айтуға болатынын мойындасақ, онда әдепсіз сұлулықтың да болатынын мойындауға тура келер еді де, сұлудық өлшемдері тек сыртқы белгілер, симметрия, пропорция, түр-түстер сәйкестігі, т.б. ғана болып шығады. Орыстың атақты әдебиет сыншысы әрі эстет В.Г. Белинский сұлулықты барлық уақытта моральмен бірге қабылдап келген қоғамдық тәжірибеге сүйене отырып: «Сұлулық шындықпен моральмен бір туысқан. Егер шығарманы көркемдік құндылыққа ие десек, онда ол сөз жоқ, әдеп-инабаттылық жағынан да құнды болады», - дейді.

Халқымыз дене сұлулығына, әсіресе қыз баланың көрікті болуына ерекше көңіл бөлген. Аналар «Аттың көркі – жал, қыздың көркі шаш» деп ұққан. Қыз баланың шашын жақсы өсіру үшін айранмен, ірімшіктің сары суымен немесе қынамен жудырған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етіп өру бойжеткен қыздардың көркі болған. Қыз бен жігіт айтысындағы: «Атымды әкем сүйіп Несіп қойған, шашымды бестемшелеп есіп қойған» деген сөз тіркестері осы пікірді дәлелдейді.

Халық жанрларында аруларды «Шашының ұзындығы ізін басты» немесе «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттаған. Халық даналығы арулардың киім киісіне де ерекше мән берген. «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі жапырақ», «Қыз өссе – елдің көркі» деп қыз баланы қынама қамзол, дүрия бешпент, кәмшат бөрік, қос етек көйлек, биік өкше етік тіктіріп кигізген. Сырға, білезік, шолпы, шашбау, жүзік сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзі қызылда» деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйірлігін білдіреді. Ұзатылған қыздың ауылында айтылатын «Жар-жар», «Жұбату», «Сыңсу» өлеңдерінде, келін түсіру тойларында орындалатын «Беташарда» қыздың, жас келіннің басты – басты киімдері, сән-салтанаты, сұлулық бейнесі мақтала жырланған [4].

Оқушы түсінігінің эстетикалық жақтан қалыптасуы халықтық педагогика және тағы сол сияқты көптеген факторлардың ықпал ету нәтижесінде болады. Сондықтан мектеп мұғалімдері оқушылардың эстетикалық талғамын іс-жүзінде, теория жүзінде де арттыра отырып, көрген білгендерімен сұлулықты қабылдауға көмектесуі керек.

Балаларға музыка ерекше эстетикалық ықпал жасайды: ол балаларды жігерлендіреді, олардың көңіл-күйін біріктіреді, қимылға эстетикалық сипат береді.

Эстетикалық көзқарасты тәрбиелеудің негізгі құралы - өнер. Ол шындықты көркем, сезімді қабылданылатын бейнелер арқылы бере отырып және осылар арқылы адам сезімімен санасына әсер етіп, оның көзқарасын қалыптастыруға жәрдем етеді.

Мектеп оқушыны әсемдікті өмірден, адамдар қылықтарынан, еңбек іс-әрекетінен, еңбек нәтижесінен көруді және ләззат алуды үйретіп қана қоймайды, күнделікті өмірде осы әсемдікті жасау ынтасы мен іскерлігін тәрбиелейді.

Сонымен эстетикалық тәрбие табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі, өмірдегі ең жақсыны қабылдау, одан ләззат алу. Эстетикалық тәрбие адамда дүниедегі әдемілік атаулыны бағалай білуге үйретеді, өнер шығармаларын тануға, қастерлеуге баулиды.

Эстетикалық тәрбиенің өзіне тән міндеттері бар. Олардың бірі – эстетикалық сезімді және эстетикалық қабылдауды тәрбиелеу. Өмірдегі, өнердегі әдемілікті сезу және көру адамдарда әртүрлі болады. Біреулер әдемілікке үңіле қарап, оның сырын білуге тырысады, ал кейбіреулер оған онша мән бермейді, қалай болса солай қарап жанынан өте шығады. Әдемілікті сезу үшін, оған түсіну үшін ең алдымен бейнелеу өнері, музыка және ән саласынан әр бір адамда білім болуы керек. Білім адамды әдеміліктің объективтілік критерийлерімен қаруландырады. Білімді адам сұлулықты бағалай біледі, түсінеді. Айналадағы дүние сезімталдық, эстетикалық қабылдау қырағылығы, ықыластылық, қамқорлық баланың эстетикалық дамуының негізі болады.

Сынып оқушылары әр түрлі пәндерді оқудың нәтижесінде табиғаттың, еңбектің сұлулығын және адам іс-әрекетінің әдемілігін бағалай білуді түсінеді. Олар әдемі жазуға мәнерлеп оқуға және айтуға үйренеді. Ал бұл мәдениетті сөйлеуге, көркемдік танымын қалыптастыруға, қиялын дамытуға игі әсер етеді.

Сонымен халықтық педагогиканы оқу-тәрбие үрдісінде тиімді қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық талғамын арттыруға болады деген қорытындыға келдік.

Бүгінгі таңда  мектептерде оқу әрекетін ұйымдастыруда оқушының жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыруда эстетикалық мәдениетке мұғалім ерекше назар аудару керек.

 

Қолданылған әдебиеттер

1. Жарықбаев Қ.Б.   Әдеп және жантану  Алматы, 1996

2.Әбілова З. Ә. Этнопедагогика. – Алматы, 1997.

3.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы, 2000.

4.Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995