Диалогтік оқыту технологиясын шетел тілі
сабағында пайдалану
Кансеитова У.Р.п.ғ.к.
Магистрант Айтуар Алуа
(Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
Бүгінде білім беру
жүйесінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Білім
мазмұнын жаңалау, құзырлылыққа
бағытталған, ұлттық құндылықтар
негізінде білім, тәрбие бере отырып, тұлға қалыптастыру
ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік пен міндеттерді
жүктеп отыр.
Методология
тұрғысынан келгенде, оқу-тәрбие жұмысының
сапасын жақсарту үшін әрбір мұғалім
сабақтың теориясы мен практикасын, оқыту
әдіс-тәсілдерін, сонымен қатар оқыту әдісінде
болып отырған барлық жаңалықтар деңгейінде,
солардың табиғатын методологиялық тұрғыдан игеруі
тиіс. Білім үдерісі нәтижелі болуы үшін алдымен
мұғалім оқушылардың өздігінен ойлап, белсенді
білім алуына, сыни тұрғыдан ойлауын дамытып, өзара тілдік
қарым-қатынас орнатуын дамытуға септігін тигізуі қажет.
Кей жағдайда білім беру үрдісі барысында кездесетін мәселе,
оқушылардың ойын ашық айтуға, ойларын нақты
жеткізуге қиналатындығы байқалады. Мысалы,
мұғалімнің қойған сұрақтарына,
оқушы жаттанды түрде немесе оқулықтағы
қысқаша мәтінмен жауап береді. Сол себепті күнделікті
сабақ өту жүйесін дәстүрлі түрде
өтуден алшақтауымыз қажет. Мысалы қазіргі күні
көптеген әдістерді пайдалана отырып, оқушылардың
бір-бірімен қарым-қатынас жасап, сыни тұрғыдан ой
білдіруіне мүмкіндік бар. Сондай мүмкіндікті туғызатын
әдістің бірі «Диалогтік оқыту» модулі. Бұл модуль бір
жағынан қызықты болса, екінші жағынан түсінуді
қажет етеді. Оқу барысында оқушылардың барлығы
белсенді жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін белсенді
оқыту әдістерін кеңінен қолдану қажет. Мысалы:
рөлдік ойындар, үш қадамды сұхбат, кластер жасау,
пікірлер топтамасы(постерлер) т.б.. Бұл әдістер сыныптағы
барлық оқушыларды әрекетке тартып, ұжымда жұмыс
жасауға үйретіп, тілдік қарым-қатынас орнатуға
септігін тигізеді.
Диалогтік
оқытудың өзегін құрайтын сөздік
әдістері: сұрақ-жауап, «зерттеушілік әңгіме»,
сұхбат, пікір алмасу, пікір сайыс т.т. Бұл әдістің
негізгі мақсаты оқушылардың бір-бірімен ой бөлісуі
арқылы білім игерудің ұжымдық, топтық формасы
негізінде әлеуметтік, эмоциялық, танымдық қабілеттерді
дамыту.
Диалогтік оқыту барысында
әңгімелесудің оқу-танымдық,
тілдік-дамытушылық, әлеуметтік-бағдарлаушы міндеттері
қамтылуы маңызды. Оқушылардың тақырыпты
терең түсінуіне қол жеткізу үшін мұғалімдер
қолданылатын сұрақтардың екі түрі «төмен
дәрежелі» және «жоғары дәрежелі» сұрақтар
кең қолданылады деген пікір бар. Жоғары дәрежелі
сұрақтар қойылғанда, оқушылар ақпаратты
белгілі бір жолдармен қолдануға, қайта
құруға, кеңейтуге, өзіндік
көзқарастарын білдіріп, бағалауға және
талдауға тиіс болады. Сұрақ қою маңызды
дағдылардың бірі болып есептеледі. Себебі сұрақ
дұрыс қойылған жағдайда ғана танымдық
сұрақ сабақ берудің тиімді құралуына
айналады және оқушылардың ізденуіне қолдау
көрсетіп, ізденушілік, зерттеушілік қабілеттерін жақсартады.
Білім, ақпарат алу көкжиектерін кеңейтеді.
«Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі –
ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаңа
саясатқа кірудің басты кілті», - деп елбасымыз айтқандай
қазіргі таңда еліміз шетелдермен саяси-әлеуметтік және
мәдени қарым-қатынас жасау үстінде. Осыған орай
қазіргі заман мектебі де түбірлі өзгерістерді талап етіп
отыр. Оқушы өзін жан-жақты дамыған,
шығармашылығы мол, өз бетінше іздене алатын тұлға
ретінде көрсетуі тиіс.
Сол себепті оқушы бірнеше тілді меңгеруге
тиіс. Ағылшын тілін оқыту үрдісінде пәнаралық
байланыстың маңызы зор. Әсіресе, қазақ және
орыс тілдерінің байланысы ерекше орын алады. Бұл тілдердің
басты мақсаты – білім алушылардың сөйлеу қабілетін жетілдіру болып
табылады. Ал ағылшын тілін оқытудың басты мақсаты –
балалардың бойына қарым-қатынас біліктілігін
қалыптастыру, және қарым-қатынасты дамыту. Осыған
орай олардың бойына бағдарлама талаптарына сай іскерліктерді
қалыптастыру. Ағылшын тілінің мұғалімі балалардың
қызығушылығын арттыру мақсатында уақытты үнемдейтін
қызықты әдіс-тәсілдерді пайдалануы керек.
Шетел тілін меңгеру -
бүгінгі заманның басты талаптарының бірі екені даусыз. Шетел
тілін меңгерген баланың өрісі жоғары, алар асуы биік
болмақ. Бүгінгі жаһандану заманында ең бір
қажеттісі әрі пайдалысы – шетел тілдерін меңгеру. Бала шетел
тілімен балабақша, одан қала берсе мектеп қабырғасынан
бастап-ақ таныс болады. Базалық білімін алады, жылдан жылға
сол білімді молайтады. Алайда
қажет жағдайда сол теориялық білімін іске асыра алмай
жатады. Практика барысында үш-төрт сөйлемнен артық ойын
жеткізе алмай жататын кездер жиі кездеседі. Шетел тілінің граматикасын
толық меңгере тұрып, сөйлеуге келгенде неліктен бала
шорқақ болады? Шетел тілін жақсы меңгергенімен, сол
тілде еркін сөйлесе алмауының себебі – оқу процесінің
нәтижесіз болуы. Ал нәтижеге қол жеткізу жолында диалогтік
оқытудың пайдасы мол.
Диалогтік оқыту
арқылы бала шетел тілмен жақын таныс бола тұрып, миына шабуыл
жасау арқылы бірте-бірте сөйлеу дағдысы іске қосылады.
Сол арқылы болашақта бала шетел тілінде сөйлеуге бейім
болады. Мұғалімге баланың білімді әрі жан-жақты
болуы аса маңызды. Сол үшін де балаға білім мен
тәрбиені құрғақтай емес, толыққанды
беру қажет. Оқытушы тіл үйренушілердің жеке
тұлға ретінде өз тапсырмаларын орындап, жұмыс
қортындысын белгілейтін әлеуметтік-психологиялық жағдай
туындата алатын, олардың жүмысына бағыт-бағдар беретін
бірден-бір субъект.
Қазіргі уақытта шетел
тілін оқытудың коммуникативтігі, интерактивтілігі, аутенттігі тілді
үйрену үрдісінің мәдени контексте болуы үстемдікке
ие болуда. Шетел тілін дәстүрлі оқытуда тіл үйренушілер
тілдік жаттығуларды жасап, қажетті материалды жаттаумен ғана
шектеледі. Яғни, ол төмендегідей көрініске ие болады:
«сөздік қор - қажетті құрылым тіл». Алайда,
тілдік құрылымды жаттаумен шектелу, тілді қарым-қатынас
құралы ретінде меңгеруге толық мүмкіндік
бермейді. Шетел тілінде тілдік қарым-қатынасқа үйрету
үшін шынайы, өмірлік жағдаяттар туындату қажет. Ол білім
алушылардың қажетті материалды меңгеруіне және
соған сәйкес мінез-құлықын қалыптастыруға
жағдай жасайды. Аталған мәселені шешуде интернет жүйесі
айтарлықтай маңызға ие. Дәстүрлі шетел тілі
сабағына да сипаттама жасап көрейік. Көп жағдайда шетел
тілін оқыту үрдісінде оқытушы бала ойын басқарады, яғни,
бағыт беру немесе жетекшілік етуден гөрі, ол басшылық
қызметіне ауысады. Бұл әрекет, психологтар
көрсеткендей, балалардың ойлау процесін тежейді. Мысалы,
дөңгелек үстел, пікірталас мәселесін оқытушы
өзі дайындап, жоспарды беріп, баладан сөйлеу барысында тек
соған сүйенуін талап етеді. Яғни, өз ойын айтуда тұлғаға
еркіндік берілмейді. Бала мәселені түсінбей, өзіне
қажетті ақпаратты ала-алмай, мәселені шешуге
шығармашылық тұрғыдан келу мүмкіншілігінен
айрылып, өзінше ой қорытып, оны тұжырымдау және қызықты
пікірлер айта алу қабілетіне ие бола алмайды. Ал мәселені шешуде
жаңа ой, құнды пікір айту өте маңызды. Және
ол міндетті түрде қортындыланып, көрініске ие болар болса,
оның нәтижесі жоғары болмақ.
Білім алушылардың моральдық
психологиялық, интелектуалдық және жас ерекшеліктерін ескеру қажет.
Оқуға жағымды көңіл-күй
қалыптастырып, ұстаз бен студент арасында сөз алмасу,
ғылыми қарым-қатынас және әріптестік принципін
орнықтыру керек. Білім алушылардың еске сақтау қабілеті
мен шығармашылық деңгейін көтеру арқылы
белсенділігін арттырып, оқуды игеруге мультимедиялық және
басқа да техникалық арсеналды кең іске қосу
арқылы сабақтардың бітуімен балалардың келешекке
қанағаттануының қорытынды нәтижесін көрсету
аса маңызды.
Тілді үйренудің басты
мақсаты – оқушының іштей талпынысына, сана-сезіміне, ұмтылысына
тікелей әсер етеді. Сондықтан мектеп қабырғасынан
бастап, ағылшын тілін балаларға үйрету - әр шетел тілі
пәндерінің ұстаздары үшін үлкен еңбекті,
көп тер төгуді талап етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Санай Г.Е. Педагогические условия формирования готовности учителя к
реализации инновационных технологий обучения. Дисс.к.п.н. – Тараз, 2005. – 148с.
2. Мұхтарова М.С.
Ана тілі сабағында оқушылардың ойлау қабілетін
дамыту//Бастауыш мектеп-2008 №3-24б.
2. Амандықова
Г.Н., Мұхтарова Ш.Е. Шет тілін оқыту әдістемесі.-Астана,
2010. 260 б.
РЕЗЮМЕ
В этой статье рассматриваются
особенности обучения диалогу при
изучении английского языка.
SUMMARY
This article
discusses the features of using dialogue at the English lessons