ОӘЖ 811 512 122 366 58

 

Тіл - таңбалар жүйесі

 

Дуйсембаева Меруерт Еласхановна магистр, аға оқытушы

 

Қазақстан инженерлі – педагогикалық халықтар Достығы университеті, Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Төле би көшесі №32

 

Резюме

   Филология письменного языка, изучая исторические аспекты стиля преподавания. Его появление врожденных написана необходимо внимательно изучить его.

 

Summary

   Philology of the written language, studying the historical aspects of the teaching style. His appearance congenital written need to examine it carefully.

 

    Лингвистикалық мектептер қазіргі заман тіл білімі жас грамматистерге қарсы күресте туып қалыптасты. XIX ғасырдың соңғы он жылы мен XX ғасырдың бас кезінен бастап Батыс Еуропа тіл білімінде жас грамматистік бағыт қатты сынға алынды, зерттеудің жаңа әдісі, бұрынғыдан өзгеше амал-тәсілдері іздестіріледі. Әр елде, әр жерде жас грамматизмге қарсы лингвистикалық мектептер пайда болды. Олардың қатарына "Сөздер мен заттар", "Эстетизм", "Социологизм" деп аталатын мектептерді жатқызуға болады. Жас грамматизм бағытын сынауда бұлардың өкілдері бірауызды болғандықтарымен, тілдің өзіндік сипатын, мәнін айқындауға келгенде әрқайсысының өзіндік көзқарастары, ұстаған жолдары болды. Енді соған тоқталайық.

    Сөздер мен заттар. Бұл - тіл білімі тарихында жас грамматикалық бағыттан біржола және үзілді-кесілді бас тарту ұранын түңғыш көтерген мектеп. Оның өкілдері 1909 жылдан бастап Рудольф Мерингердің /1859-1931/ басқаруымен шыға бастаған /Австрияда/ "Сөздер мен заттар" деп аталатын журнал төңірегінде топтасқандықтан, соның атымен аталған /журнал XX ғасырдың 40 жылдарына дейін шығып тұрды/. Бұл мектептің ең көрнекті өкілі - роман тілдері мен жалпы тіл білімінің маманы Австрия тіл ғалымы Гуго Шухардт /1842-1927/. Г.Шухардт тек роман тілдерін ғана емес, басқа да көптеген тілдерді зерттеген, жан-жақты, терең білімді адам болатын. Ол тіл білімінде бірталай тың да қиын проблемаларды батыл көтеріп, өз көзқарасын білдіріп отырған. Бұл мектептің өкілдері зат пен оның атауы арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Г.Шухардт "Заттар мен сөздер" деген еңбегінде сөз затты білдіреді, зат - алғашқы, ол еш нәрсеге тәуелсіз, өзі үшін өмір сүреді, ал сөз затқа қарағанда соңғы, кейінгі, ол - затқа тәуелді, оның өмірі затқа байланысты, зат жоқ болса, оған қойылатын атау да жоқ, тілдегі әр сөздің өзіндік тарихы бар, оны тек лингвистикалық талдау арқылы ғана емес, заттар тарихы арқылы да зерттеуге болады, заттар тарихы мен сөздер тарихы арасында толық параллелизм де, сондай-ақ күрделі және нәзік қарым-қатынастар да бар, тіл білімінің міндеті - соны ашу дейді. Осы талаптарға орай бұл ағым ғалымдары /Г.Шухардт, Р.Мерингер, В.Мейер-Любке, т.б./ сөздер тарихын сол сөздер атау болған заттар тарихына байланыстыра отырып, ұқыптылықпен, көп жағдайда өте шебер зерттелген. Әрине, сөздер тарихын сол сөз атау болған заттар тарихына байланыстыра қараудың тарихи лексикологияға берері көп, бірақ тіл білімі үшін әр сөз атау болған заттар тарихын зерттеу - әрдайым қажет бола бермейді. Олай істеу, көп жағдайда, тіл ғалымдарын негізгі объектіден бөліп, тіл білімі үшін қажеті жоқ нәрселермен айналыстырады. Бұл мектеп өкілдері әсіресе Г.Шухардт тілдік элементтер /сөздер/ мағыналарының өзгеруіне, дамуына ерекше мән береді. Бұлардың семантиканың мәні жөніндегі пікірлері бұл мәселенің кейінгі дәуірде дамуына елеулі әсерін тигізді. Г.Шухардт тілдерді туыстық жақындықтарына қарай жіктеудің дәлдігіне, ата тіл болды дегенге күмән келтіреді, генеалогиялық классификациялау орнына тілдерді географиялық ыңғайына қарай қарауды ұсынады. Географиялық жағдайына, қоныс ыңғайының өзгерісіне қарай бір тіл екінші бір тілге ауысып отырады дегеңді айтады. Осыдан келеді де тілдің дамуы, ондағы болатын өзгеріс-құбылыс тілдердің араласуынан, тоғысуынан болып жатады. Дүние жүзіндегі тілдердің барлығы да өзара туыстас, бірақ олардың туыстастығы бір төркіннен, ата тілден тарағандықтан емес, араласып, тоғысқандықтан дейді. Бұл, әрине, бір жақты кеткендік. Біраз мәселеде бұл мектеп өкілдері индивидуалистік психологизм ағымындағылармен пікірлес болды. Шухардттың пікірінше, тіл - жеке сөйлеушінің /индивидумның/ жемісі индивидумның тұрмыс жағдайы, мінез-құлқы, мәдениеті, жасы тілге әсерін тигізеді, сөйтіп, индивидуалдық стиль қалыптасады. Сөздер тарихы - сол сөздерді қолданушы ипдивидумдар тарихы дейді. Г.Шухардт өзінің "Фонетикалық заң туралы" деген мақаласында жас грамматистердің тілде "бұлжымайтын фонетикалық заң бар" дейтін негізгі принципіне қарсы шығады: "бұлжымайтын фонетикалық заң" деген жоқ, кездейсоқ фонетикалық өзгерістер бола береді. Г.Шухардтың лингвистикалық мұрасы бір тектес те, бәрі бірдей бағалы да емес. Оның еңбектерінің ең құнды жактарының бірі - ғылым дамуына бөгет болатындардың бәрінде ешбір жалтақсыз батыл сынай отыра, үздіксіз жаңалық, басқаша тың бағыт іздеуінде, ғалымдарды соған үндеуінде. Г.Шухардт еңбектері өз дәуіріндегі лингвистикалық ой-пікір дәрежесін жан-жақты керсете алады. Ол өз еңбектері арқылы тіл білімінің жас грамматистер доктринасы шеңберінде қала алмайтынын, тіл зерттеу ісінде жаңа, тың бағыт-бағдардың қажеттілігін дәлелдеді. Г.Шухардт бастап көтерген көптеген мәселелер лингвистика дамуының кейінгі дәуірлерінде күрделі де мәнді проблемаларға айналды. Сондайлардың бірі ретінде осы мектеп көтеріп қалыптастырған тілдердің бір-біріне тигізетін әсерін, тілдер тоғысуы, ареалдық лингвистика, тілдерді географиялық ыңғайларына қарай жіктеу мәселелері. Көптеген құнды пікірлермен қатар бұл ағымның қайшылықтары да болды. Бұларда айтарлықтай тұрақты, өзіндік жүйелі принцип болмаған. Сондықтан тек шартты түрде ғана болмаса, "Сөздер мен заттар" бағытындағыларды қалыптасқан лингвистикалық мектеп еді деу қиын.

    Эстетизм-XX ғасырдың бас кезінде Батыс Еуропада жас грамматизм бағытына қарсы бағытта пайда болған лингвистикалық мектептің тағы бір түрі - эстетизм немесе эстетикалық лингвистика. Оны қалыптастырушы - неміс ғалымы, роман тілінің маманы, әрі әдебиетші, Мюнхен университетінің профессоры Қарл Фосслер /1872-1949/. Эстетизм мектебінің негізгі принциптері К.Фосслердің "Тіл - біліміндегі позитивизм мен идеализм" /1904/, "Тіл - творчество және даму" /1906/ деген еңбектерінде баяндалған. Мектептің эстетизм деп аталу себебі - оның өкілдері тілді эстетикалық тұлға, эстетикалық көрсеткіш дейді де, оны зерттейтін тіл ғылымы - эстетиканың бір саласы, эстетика - оның негізі, қайнар бұлағы. Тіл жөніндегі зерттеу эстетикадан басталып, эстетикамен аяқталады деп санайды. Кейде бұл мектеп неофилология немесе идеалистік неофилология деп те аталады.

К.Фосслер зерттеулерінің көпшілігі әдебиеттану ғалымына жатады. Солармен бірге тіл мәселелеріне арналған "Лингвистикадағы позитивизм мен идеализм" деп аталатын еңбегінде Фосслер позитивистер деп жас грамматистерді атайды да, идеалистер тобына өзін және өзінің жолын қуушыларды жатқызады. Бұл еңбектін ең түйінді мәні - жас грамматикалық бағыттың позитивизмін қатал сынай отырып, тілді эстетикалық туынды, тіл білімін эстетикалық ғылым деп жариялау. К.Фосслер өзінің эстетикалық концепциясын негіздеуде идеалистік философия мен өз дәуірінің атақты тіл ғалымдары В.Гумбольдт пен Г.Штейнталь еңбектеріне сүйенген. В.Гумбольдттың ізімен К.Фосслер де тіл рухтың көрінісі, тілге байланысты мәселенің қандайы болса да тіл рухы арқылы айқындалады, тіл - рухтық процесс. Тілдің даму заңын рухтан бөліп алуға болмайды, қайта соның әрекеті ретінде зерттеу керек дейді. В.Гумбольдттың ізімен К.Фосслер де тілді творчестволық туынды, тіл - творчество дейді. Бұл - оның бүкіл концепциясының негізі. Тілді творчество деп санағандықтан, К.Фосслер индивидумдардың сөйлеу әрекетіне ерекше мән береді. Ол рухани творчествоның барлығы да эстетикалық құбылыс. Творчество болғандықтан тіл де эстетикалық қарауына жатады. Ал объектісі эстетикалық құбылыстар қатарына жатқандықтан, тіл білімінің эстетикалық болмасқа еркі жоқ деп есептейді. Олар тілдің экспрессивтік қызметін зерттеуге баса назар аударады, тілді тарихи-мәдени туынды деп санайды. Эстетистер тіл білімін эстетикаға стилистика арқылы жатқызады. Олар: тіл - индивидуалдық рухани творчество... Сөйлеудің барлық түрі де индивидуалдық рухани әрекет. Ал ол әрекетті, яғни индивидумның стилін, стилистика зерттейді дейді де, осыдан барып, тілді индивидум жасайтын, индивидумның тілін /стилін/ стилистика зерттейтін болғандықтан, тіл білімінің бастамасы, негізі - стилистика. Стилистика - эстетиканың бір саласы. Олай болса, тіл білімі эстетиканың бөлінбейтін бір бөлшегі деген қорытынды жасайды. Бұл мектептің эстетизмі индивидуализммен ұштасады. Сондықтан бұларды кейде эстетикалық индивидуализм деп те атайды. Эстетистер де тілдің коғамдық мәнін ескермейді. Оны жеке адамның рухани табысы деп қарайды, түгелдей индивидуалдық рухқа тәуелді, бағынышты етеді. Қанша индивидум болса, сонша стиль (тіл) бар. Сөйлеудің, хабарлаудың әрбір құралы (яғни тілдік элементтер) бастапқыда индивидуалдық, стилистикалық болады. Жалпыхалықтық, диалектілік тілдер де­ген өмірде жоқ. Тілдің жалпылық мәнінің өзі де индивидуалдық тілдің жай жиынтығы деп қарайды. Ал тіл индивидумның табысы болса, ол қалайша қатынас құралы бола алады деген сұрауға эстетизм мектебінің басшысы К.Фосслер: Егер адамдар тіл арқылы өзара қатынас жасай алатын болса, ол тілдік заңның, тілдік материалдардың немесе тілдік құрылымның жалпылығынан емес, тілдік дарындылықтың, қабілеттіліктің жалпылығынан, ортақтығынан болады. Тілдің пайда болуы, өмір сүруі, дамуы – бәрі де осы сөйлеу дарындылығының жалпылығына, барлық адамға бірдейлігіне байланысты, соның арқасында әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар белгілі уақыттан кейін бірін-бірі түсіне алады деп жазады. Эстетистердің айтуынша, тілдік категорияларға негіз болатын интуиция /сөзу/, тек интуиция ғана ол категориялардың менің танып білуге мүмкіндік береді. Тіл білімінің міндеті зерттеу ісіне интуитивтік тану әдісін қалай қолдануды айқындау. Эстетизм өкілдері жас грамматизм бағытын да, логицизм, психологизм бағытын да сынға алады. Логика тіл табиғатына тән емес, логика мен тіл білімі біріге алмайды дейді. Эстетистер жас грамматистерді позитивистер деп айыптағанда оларға қоятын басты бір кінәсі - сендер тілдік элементтер арасындағы себептестік қатынасты ескермей, тек тілдік фактілерді көбейтуге, оларды бір-біріне байланыссыз, бөлек-бөлек сипаттауға әуестенесіңдер. Тіл білімі үшін маңыздысы - фактілерді құр есепке алу, оны сипаттап беру ғана емес, олардың арасындағы себептестік қатынасты айқындау дейді. Құбылыстар арасындағы себептестік қатынастарды айқындаудың шешуші мен барлығы даусыз, бірақ фактілерді есепке алу, оны талдау, соған сүйену қажеттігін де ескермеуге болмайды. Лингвистикалық мектеп деп аталғанымен, эстетистердің принциптерін жактаушылар аз болды.

Тілдің қоғаммен байланысы дейтін мәселе казіргі кездегі тіл білімінің де маңызды объектісі. Бұл салада атқарылған істер де аз емес. Онда бүкіл дүниежүзілік тіл білімінің үлесі бар.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Соссюр Ф.де .Общее языкознание. Москва, 2001 год.

2. Қордабаев Т. Жалпы тіл білімі. Алматы, 1981 жыл.

3. Қордабаев Т., Қалиев Ғ. Жалпы тіл білім. Оқулық. Алматы, 2004 жыл.

4. Аханов К.Тіл білімінің негіздері. Оқулық. Алматы, 2002 жыл.

5. Звягинцев В.А. Язык и лингвистическая теория. Москва, 1973 год.

6. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы, 1991 жыл.

7. Общее языкознание. Москва, 1970 год.

      8. Фигуровский И.А. Введение в общее языкознание. Москва, 19