Тәңірбергенова Г.К., Тажимбетова А.

Қ.Түменбай әңгімелерінің көркемдік Ерекшілігі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университтеті, Қазақстан.

 

Ұлт үшін туған ұлдарын ұлағаттай алатын, төрге шығарып, төбесіне көтере білетін халықпыз.  Қазіргі таңда, ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге ұлт тілі болуы үшін, қоғамда, әдебиетімізде, мәдениетімізде игі шаралар атқарылуда. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Қабырғалы халқы болмаса, қандай басшының да тауы шағылмай, тауаны қайтпай қоймайды» – деп «қабырғалы» халықты берік қалыптастыратын ұлттық рухсыз ешкім ешнәрсені түбегейлі шеше алмайтынын, ұлы мұратқа жетпейтінін еске салады.

Әдебиет қай дәуірде де, қай заманда да адам көңіл-күйінің буырқанған, босаңсыған, қайрат шақырған, қамыққан, өмірлік мақсаттарға ұмтылған сәттерінің бәрінің де көркем шежіресі, бейнелі суреті, мың құбылған әуені. Тәуелсіздік жылдарындағы қазіргі қазақ прозасының, оның ішінде қазақ әңгімелерінің дамуына, кәсіби деңгейге көтерілуіне: Ш.Мұртаза, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеұлы, Ә.Тарази Т.Нұрмағамбетов, А.Алтай, Р.Мұқанова, Н.Ораз, Д.Рамазан, Қ.Түменбай және т.б. қаламгерлер шағын жанрды ұмыт қалдырмай, оған өзіндік үлестерін  қосты.

Тәуелсіздік жылдары жазылған қазақ жазушыларының әңгімелерінен қалыптасқан дәстүрді және  өзіндік сара жолды байқауға болады. Туған халқының өткенін, бүгінгісін де жетік білетін, қазақтың бойында тұнып тұрған кейіпкерлер галереясын жасаған жазушыларымыз да бар. Солардың қатарына аса талантты, барынша ұлтжанды көрнекті қазақ сөз зергері Қуандық Түменбайды ерекше атауымызға болады. Зерттеушілер жазушы туралы былай дейді: «Тәуелсіздік тұсындағы өмірдің көлеңкелі жақтарын сынап, қоғамдағы келеңсіздіктерді замандастарымыздың өмір тіршілігі арқылы әшкерелеп жүрген, қаламы ұшқыр, тілі уытты қаламгерлердің бірі»[1,2-б.].

Ұлттық рух қамтитын қай сала болмасын оның туындыларында мол ұшырасады. Ұлттық әдебиетіміздің алдында тұрған ең басты мәселе сол империялық пиғылды жоққа шығару арқылы халық руханиятының танып, оның басты бастауларын біз осы Қуандық Түменбай шығармашылығынан танып біле аламыз. Халыққа мәшһүр қаламгерлеріміздің кез-келгені ұлттық рухты өз шамасында бейнелеп, жұртының ыстық ықыласына бөленгені де бізге мәлім.

Қ.Түменбай қазақ тәуелсіз ел атанғаннан бері қарымды қаламгер ретінде қазақ әдебиетіне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Көркем прозаның майталман шеберлерінің біріне айналған жазушы. Қазақ әңгімесінің бүгінгі жеткен биігінде оның алар орны өте ерекше. Ұлт зиялысы ретінде жазушы азаматтық пікірін айтып, адамдық ойын білдіріп, мемлекеттік, ұлттық саяси, басқа да қоғамдағы тұрмыстық, тәрбиелік келеңсіздіктерге жанашырлықпен қарап, шындықты айта білді. Әсіресе, оның туған жер, ұлттық рух, қазақы мінез-құлық тақырыбындағы қалам тербеген әңгімелері, хикаяттары, бүгінгі замандас өмірін бейнелеген туындылары – әдебиетіміздің қымбат қазынасына қосылған елеулі үлес болып табылып, жазушының әдебиеттегі орнын одан сайын биіктете түсті.

Әрбір туындысынан маңызды жайттар не оқиғалар, қызғылықты характерлер ғана табылып қоймай, тіліміздің жаңа қырлары тереңінен таныла түседі. Оның шығармаларында қазақ халқының тарихы, мәдениеті, тұрмыс-салты және өнері кеңінен қамтылған. Міне сондай хикаяттар мен әңгімелерден тұратын «Төрт амал тіршілігі» шығармашылығының бір биігі. Негізінен, жазушының шығармашылығы туралы зерттеулер аз емес. Солардың бірінде, келесідей пікір айтылады: «Жары химия лабороториясында денсаулығынан айырылып, баласы соның зардабынан ерте шетінеп кеткен ғалымның жалғызілікті тағдыры адами құндылықтардың құдіреті арқасында күйреуден аман қалады. Бұл повесте бүгінгі үлкен биіктерді бағындырған саналы ұрпақ кешегі дана қариялардың алдында әлдебір кінәсі бардай елегізе береді. Шығарманың тартымдылық сыры сонда» [2,2-б.]. Бұл жәй ғана отбасылық проблема емес. Әулеттің алдындағы жауапкершілік – ұлттың алдындағы жауапкершілікке ұласады. Астарында ұлт тағдырын күйреуден аман алып қалу идеясы жатыр. Бұл шығарманың әр тарапқа меңзеген жұмбақ сыры көп. Осыған байланысты  Жүсіпбек Қорғасбек : «Тарихи тұлғаларды аспандатып, пафоспен жазғанды жақсы көреміз. Ал енді бүгінгі заманның тұлғаларын жазған кезде менсініңкіремей, пендешілігімізден аттап өте алмай қалып жатамыз. Мына «Төрт амал тіршілікте» олай емес. Өмірімізде болып жатқан кемшіліктер, келеңсіздіктер, жақсылықтар, соның барлығына талантты адамның, тұлғаның көзқарасын береді. Бұл повестің ұтқан жері де сол... Постмодернизмді де алға тартамыз, түрлі ағымдарға да барып жатамыз, небір ащы шындықтарды да айтамыз, мақтауды да, қаралауды да келістіреміз. Бірақ оқырманның көңілін ала алмаймыз. Осы тұрғыдан келген кезде Қуандық Түменбай қыбын тапқан сияқты» [3,2-б.] – дей келе осы шығарманың ұлттық құндылықпен қатар, көркемдік жағын туралы нақ қалпында жеткізе білді.

Жазушының қай шығармасын алсақ та, дені өмірдің өзіндей қарапайым, бірақ, жинақы, оқырманға берер әсері мен тағылымы ерекше туындылар. «Шын жазушы болсаң, өз заманыңды жіті, жан-жақты бақылап, терең түсінуге тиіссің, қаншалық терең түсіне алсаң, соншалық терең жаз»[4,202-б.] дейді У.Қалижанов. Дәл осы пікір біздің зерттеуімізге нысан болып отырған жазушы Қуандық Түменбайдың көркемділік әлеміне қатысты айтылғандай. Мәселен,  «Бұқа баққан қыз» атты әңгімені оқып болған соң, терең де, тұңғиық ой теңізіне батып кететіндейсің. Шағын ғана үш бөлімнен тұратын әңгіме терең психологиялық тұрғыда жазылған. Бір дәуірдің тұтас көрінісін беріп тұр десе де болады. Бұл жазушының әңгіме жанрының шебері екенін аңғартады. Әңгімеде бұқа, бұқа баққан қыз және қазақ-түрік лицейінде оқитын түрік балалар мен қазақ балаларының арасындағы футбол жарысы туралы айтылады.

Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да жусан иісі бұрқыраған, ауыл азаматтарының тыныс-тіршілігінің айна-қатесіз суретін көреміз. Өнердің өресі көп-азбен немесе көлеммен өлшенбейді. Өнердің өлшемі – шеберліктің шегіне жетуінде, оқырманын тамсандыра білуінде. Жазушының шеберлігі – оның қаламынан туындаған төл туындысы біздің таным аямыз бен санамыздың көкжиегін қаншалықты кеңіте алғанымен байланысты.

Жоғарыдағы әңгімеден жазушы бізді бүгінгі адамның болмысы туралы ойлануға итермелейді. «Мен» кейіпкер де, Аяжан қыз да айналасында не болып жатқанын біледі, оған баға да береді, қажет дегенде қарсылық та танытады. Алайда, ақырғы есепте екеуі өз дәрменсіздіктерінің шексіздігін сезінбей тұра алмайды. Бұқаны алды-артына шығып жүріп үйге айдап кетуге болады, қаласа, етке өткізіп ақша қылып, шырмалған торды бұзып шығу да қолдан келеді. Бірақ, бұл жеңіс пе? Жоқ! Себебі солай істегенмен де ештеңе өзгермейді. Өйткені, жеңістің туы басқа жақта. Ол – футбол алаңында желбіреп тұр. Ол туды ұстаушы дүлей бұқадан да, оның қатігез иесінен де әлдеқайда күшті әрі ақылды болмыс. Ол жеңіле тұрып, жеңудің жолын біледі және соны іске асыра алады. Тіпті, оның алдында бұқадай дүлей күшің де дәрменсіз. Ал нағыз дәрменсіздер үшін мүлде жұмбақ. Осыдан-ақ біз «мен» кейіпкер мен Аяжанның дәрменсіздігінің қаншалық терең екенін сезе аламыз...

Қорыта айтқанда, жазушының көрнекті ойдан бойын жазып, тұманды серпіп тастап, өзіне тиесілі жолдың сонылығын іздегенін байқаймыз. Осы әңгімені оқып, талдай отырып, түсінгеніміз: еліміз тәуелсіздік алғанның өзіндеде, бұрынғы заманның көмескі көлеңкелері әлі де бар.  Әлі де болса қазақ әйелдеріне деген төмен көзқарас жойылмағандығын, әлі де ушықққан көлеңке тұстары барын аңғарғандай болдық. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттар жаманшылық атаулының қай заманда да түбірімен жойылып кетпейтіндігін түсінгендейміз. Тәуелсіздік, азаттық, адам құқықтары дегент тіркесті күнделікті естігенімізбен, адамзатқа ортақ кейбір оқыс оқиғалар әлі де барын, бола беретіндігін және де ол авторларымыздың шығармаларынан көрініс табатыны да байқауға болады.

Әлеуметтің шынай бейнесін көрінетін жазушының  «Төрт амал тіршілік» жинағы бір деммен оқылатын, оқырманын бірден баурап әкететін, терең ой қорытуды қажет ететін кітаптардың санатында. Оқи отырып, қазақтың өткенінде күңгірт кезеңдер қайталанбаса екен деген үміт көңілге ұя салғандай болады. Осы үміт біздің болашағымызды жарқын етеді деп есептейміз. Себебі, тәуелсіздіктің арайлы таңы атты. Қиындық артта. Алдағы уақытта біздің қаламгерлеріміз еліміздің жарқын да, жаңа белестері туралы тың тақырыптағы туындыларын жарыққа шығарады деп ойлаймыз.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Балтабаева Г.С.  Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әңгімесінің көркемдік көрінісі //ҚазҰУ Хабаршысы №2, 2009.

2. Орда Г. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің көркемдік көкжиегі //Ақиқат, 2011.

 3. Мұратқызы Б. – «Төрт амал тіршіліктің кейіпкері кім?» // Халық сөзі газеті, 2013.

4. Қалижанов У. «Әңгіме өзегі – заман, қоғам, адам» // Жамбыл журналы №5-6, 2014. -254 б