Г.Р.Байзақова

Т.Жүргенов атындағы

Қазақ Ұлттық өнер академиясының

колледжі  оқытушысы

Алматы қаласы

 

 

                 Шешендік – халықтық қасиетіміз

 

Қазақ халқында ел басқару өнері шешендікпен, билер мен батырлардың көркем сөзбен ел-жұртты аузына қарата білушілік қабілетімен терең байланысты болғаны белгілі. Басқа отырықшы елдерде сот процесі арқылы шешілетін даулы мәселелердің қазақта билердің үкімімен, яғни, тағы да шешендік өнерін қолданып, ақыл-парасаттың, негізді дәлелдің, көркем сөздің құдіретімен шешілгені белгілі. Бірақ, қазақ халқында шешендік өнерге байланысты басқа халықтарда кездесе бермейтін тағы бір ерекше құбылыстың, феноменнің болғаны белгілі. Бұл арнайы дайындалған билер мен жыраулардың, ақындардың шешендік өнерін терең меңгерумен қатар, қарапайым қалың бұқараның да өте шешен тілмен сөйлеуі, өз ойын барынша анық жеткізе білуі, қажетті жерінде тиянақты дәлел таба білуі, өткір сөзбен дауласып отырған адамын жеңіп шыға білуі еді. Тілмен ойдың терең байланысы бар екенін мойындасақ, бұл түптеп келгенде қалың қазақтың ел басқарған көсемдерінен бастап қарапайым малшы, жалшыға дейін терең парасатты, ақыл ойы кемел болған деген сөз.

Сөзіміз дәлелді, дәйекті болуы үшін басқа жұрттан келіп, қазақтың арасында жүріп, біздің адамдардың шешендігіне, терең ақыл-парасатына таң қалған зерттеуші ғалымдардың ой-пікірлерін келтіре кетейік. Олар қазақтың билері, басшылары, ақын-жыршылары ғана емес, қалың бұқарасының, қарапайым қойшысы мен жалшысының өзінің сөзге өте шебер асқан шешен, білікті, парасатты болатының куәсы болған адамдар. Халқымыздың ауыз әдебиеті мұраларын жинап, зерттеп, кітап қылып бастырып, елімізге көп қызмет еткен түркітанушы ғалым В.В. Радлов: «Қазақтар мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі сөйлесіп отырғанның өзінде сөйлеген сөздері ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп қаласың» /1, 17/ деп жазады. Осы ғалым тағы бір тұста: «Оның үстіне қазақтың басқа бауырластарына қарағанда сөзге тапқырлығы мен шешендігі де маған әсер етті» дейді. Ал, Н.Г. Потанин: «Қазақ даласы ән салып тұр. Қазақтың алты жасар баласынан алпыс жасар қартына дейін жанынан өлең шығарады. Шешендік өткір тілмен сөйлей біледі» деп сүйсінеді. Профессор П.М. Мелиоранский: «... Қазақтар – шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Сөз өнерінің құдіретті иелері – ертекші-әңгімешілерді, импровизаторлар мен жырауларды олар қадір тұтып, ерекше құрметтейді» дейді /2, 3/.

Поляк ғалымы А. Янушкевич те дала перзенттерінің тілмар шешендігіне, әдетте, шешендікпен тығыз байланысты болатын ой-өрісінің кеңдігіне, ақыл-парасатына таң қалған. Қазақ сахарасын аралаған ғалым: «... Осының бәрін мен дүние жүзі тағы және жабайы санайтын, далада көшіп жүретін халықтың ортасынан өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. Сонда Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры есітпеген шешендерге таңқалып, қол соққанмын. Ал бүгін оқи да, жаза да білмейтін ақындар менің алдымда өнерлерін жайып салды. Олардың жыры жаныма жайлы тиіп, жүрегімнің қылын қозғады, сонысымен өзімді тәнті етті. Сонда бұлар тағы, жабайылар болғаны ма? Бүкіл болашақтан мақұрым қалған, маңдайына түкке тұрғысыз бақташы болудан басқа ештеңе жазылмаған халық осы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осынша қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады» /3, 32/ деген екен. «Сырт көз сыншы» дегендей, шеттен келген ғалымдар қазақтың қалың бұқарасының осы бір ерекшелігін, яғни, шешендік өнерге келгенде алдына жан салмайтынын дөп басып айтқан.

Шынын айту керек, басқа халықтарда көркем сөзбен, саясат, заң мәселелерімен айналысатын оқымысты ғұламалары шешен сөйлей білгенімен, қарпайым халқы әдетте тілге шорқақтау болады, өз ойын дұрыстап жеткізе білмейді. Бұл түсінікті де, шаруамен, өндіріспен айналысатын көпшіліктің өз тілін дамытып, шешен сөйлеуге құштар бола бермейтіні анық. Ал, қазақтың ел басқарған билері мен қол бастаған батырлары, ақын-жыраулары ғана емес, қалың бұқара халқының өзінің тілге жүйрік, шешен сөйлеуінің себебі неде? Біздің ойымызша бұның ең басты себебі сол кездегі қауымның, қазақ қоғамның ерекшелігінде. Отырықшы елдерде даулы мәселелердің сот арқылы, түрлі іс-қағаздарын пайдаланумен , заң жолымен шешілетіні белгілі. Қазақ сияқты көшпелі елде мұндай ұзаққа созылатын сот процесін жүргізіп отыруға жағдай болмаған. Мұндай мәселелердің бәрі көпшіліктің алдында билердің шығып сөйлеп, өз руының адамын қорғап қалуы арқылы жүзеге асқан. Жалпы, бүкіл халықтық, елдік мәселелердің бәрі сөз арқылы, пікірталастыру, пікір алмасу, қарсыласыңның көзін жеткізу, орынды дәлел айта білу арқылы, бір сөзбен айтқанда шешендік өнер арқылы шешілген.

Тек халықтық, елдік ірі мәселелерді шешуде ғана емес, күнделікті өмірдегі қарым-қатынастың өзінде көркем тіл мен шешендіктің орны бөлек болған. 

«Өнер алды қызыл тіл»,- дейді қазақ. Яғни, шешендік өнер әр адамға қажетті қасиетке айналған. Сөйлей білмейтін, мүкіс тілді, ойы шолақ адамдардың халық арасында қадір-қасиеті болмаған. Шешендік өнердің жалпы халық арасында кең тарауының себептерін қарастыра отырып, Б. Адамбаев: «Шешендік өнер қай жерде сөзге бостандық, еркіндік болса, жүйелі сөзге жұртшылық, қоғам құлақ асса, міне, сол жерде, сол елде ғана дамиды. Керісінше, ақыл-ойға, сөзге-тілге қысым жасалып, шек қойылған жерде ақыл-ойдың адамдары, ең алдымен ақындар мен шешендер қорғалап сөйлей алмайды, сөз өнері тоқырайды» деп жазады /4, 148/.  Сондай-ақ осы ғалым Ресейде шешендік өнердің кенжелеп, дамымағандығы туралы Д. И. Фонвизиннің: «Шешендердің аз болу себебі шындығында шешендік дарын көрінетіндей жағдайдың жоқтығынан. Шешендік абырой атаққа айқара есік ашатын және консульдікпен сайланатын бізде халық жиналыстары жоқ» деген пікірін алға тартады.

 

 

Пайдалынылған әдебиеттер

 

1.            Радлов В.В. Образцы нар. лит. тюркских племен, казахские наречия. ч. ІІІ. СПб, 1870.

2.            Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак-киргизского языка, ч,1, СПб, 1894.

3.            Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. А. 1979. 

4.            Адамбаев Б. Халық даналығы. А. Рауан. 1996.