АЙМАҚТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ЗЕРТТЕУДІҢ
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
З.Н. ЕРМАҒАНБЕТОВА
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ,
Қызылорда қ., Қазақстан
Қай
қоғамда болмасын ақпарат құралдарының алар
орны ерекше. Бүгінгі жаһандану заманында да БАҚ
саласының маңызы бұрынғыдан арта түспесе,
кемімейтіні түсінікті. Журналистика
саласына қатысты қазақ баспасөзінің тарихы,
тәжірибесі жайында бірқатар зерделі зерттеулер жасалынды.
Қазақ баспасөзінің тарихы зерттеуші ғалымдар
Қалижан Бекхожин, Бейсембай Кенжебаев, Темірбек Қожакеев, Тауман
Амандосов, Үшкілтай Сұбханбердина, Бауыржан Жақыптың еңбектері арқылы толықты. Сондай-ақ.
Қырықбай Аллаберген, Қайрат Сақ, Аманқос
Мектептегі және тағы басқа ғалымдардың
еңбектерінде ұлттық бағыттағы баспасөз
тарихына сараптама, шолу жасалғанымен, аймақтық газеттер
назардан тыс қалған. Аймақтық журналистиканың
тарихын зерттеген Н.Шыңғысова, А.Қасымов, Р.Молдашева,
Ә.Белдібековалар өңірлік газеттердің ерекшеліктеріне
баса көңіл бөлген. Аталмыш еңбектер баспасөз
тарихына қосылған сүбелі үлес екендігі даусыз.
Аймақтық газет, журнал, радио, телевизия тарихына тыңғылықты зерттеу жүргізу - ұлттық мәдениеттің арнасын кеңейте түседі. Сондықтан да Сыр өңірі журналистикасының тарихын, қалыптасу, даму кезеңдерін жүйелі түрде зерттеу уақыт талабынан туындаған қажеттілік.
Сыр өңірі ежелден әдебиет пен
мәдениеттің рухани ошағы. Ұлттық
журналистикамыздың дамуы мен қалыптасу жолына көз жіберер болсақ,
Қызылорда Қазақстанның тұңғыш
астанасы болған тұста мерзімді басылымдардың көпшілігі
осы жерде шығып, ұлттық сөз өнерінің
майталмандары С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, С.Мұқановтар
журналистік шеберліктерін шыңдағанын білеміз. Қазақ
журналистикасы тарихындағы тұңғыш әйел журналист
С.Есова, Н.Құлжанованың да осы өңір
басылымдарында қаламының ізі қалған. Сондықтан да
Сыр өңірі журналистикасының қазақ журналистикасы
тарихында орны ерекше.
Олай дейтініміз, 1925 жылдың жазында
барлық республикалық газеттер жаңа астана –
Қызылордаға көшірілді.
Қаражаттық қиыншылыққа қарамастан осы
жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша Қазақстанда
шығарылған газеттердің саны 31-ге жетіп, оның 13-і
қазақ тілінде жарық көрген. Тек Қызылорда
қаласының өзінен 1925-1929 жылдары республикалық - 6
газет, 8 журнал шығып тұрған [1]. Сыр өңірінде басылымдар шын мәнінде тарихымыздың кеңестік дәуірінде өмірге
келді десек артық болмайды. Әсіресе, 1925-1929 жылдар
Қызылорда Қазақстанның астанасы болған
уақыт Сыр өңірінің мерзімді ұлттық
басылымдарының қалыптасқан, шыңдалған кезі болды.
Облысымыздың төл басылымы «Сыр бойы» газеті республикамыздағы ежелгі басылымдардың бірі. Кешегі өткен ғасырдағы уақыт талабын жұртшылыққа жеткізіп, дәуір толқынымен тыныстаған ақпарат көзі. Тіпті, Ұлы Отан соғысының отты жылдарында майдан шебіндегі сарбаздар ерлігін елге жеткізген де осы басылым. Бір сөзбен айтқанда, кешегі мен бүгінгінің бейнесі қатар өрілетін, өзіндік ұстанымы мен ой-пікірі бар басылым ел еркіндігінің, бірлігінің, әрбір жарқын жаңалықтың жаршысына айналды.
Аталған басылымда есімдері елімізге танымал журналист-жазушылар Жиенғали Тілепбергенов, Қайыпназар Қауымбаев, Ұзақ Бағаев, Асқар Тоқмағамбетов, Әуелбек Қоңыратбаев т.б. қызмет атқарған. Бұл туралы профессор Т.Қожакеев «Жыл құстары» атты еңбегінде: «1929 жылы республика орталығы Алматыға көшкеннен кейін Қызылордада жаңа басылым шығару мәселесі шешілді. «Осы газеттің,- деп жазды А.Тоқмағамбетов,- атын қоюға газеттің алқа мүшелері және Мансұр Гатауллин болып жиналыс жасадық. Гатауллин көп жыл газетте істеген білімді, әрі талантты жігіт еді. Газеттің атын ойластырып «Сыр бойы» болсын деп келістік»[2],-десе, филология ғылымдарының докторы Әуелбек Қоңыратбаев «Ұшқан ұям» мақаласында: «Мен осы «Ленин жолы» газетін 1929 жылдың жазында алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болдым. Бұрын «Сыр бойы» атанған бұл газет үш күнде бір рет шығып тұрды. Редакторымыз Жиенғали Тілепбергенов, аудармашы Әбдірахман Мұстафин, әр бөлімге бекінген әдеби қызметкерлердің бірі – мен, өзгелері М.Байділдаев, Ә.Құрманаев, Датқабай болатын»[3],- дейді.
Газеттің қалыптасу, даму тарихы Сыр өңірінің рухани-мәдени өмірімен біте қайнасып жатыр. Алайда «Сыр бойы» газетінің мерейтойларына байланысты шыққан шағын тарихы, түрлі дәуірдегі тарихи деректер мен басылымда әр жылдары қызмет істеген қаламгерлер жайлы мақалалар топтастырылған «Сырдың сырлы шежіресі» атты кітап болмаса, аймақ журналистикасының толыққанды тарихы әлі жасалмай келеді. Электронды ақпарат құралдарының дәуірі жүріп тұрған кезеңде облыстық телеарна тарихы мен тәжірибелері де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. «Қазақстан-Қызылода» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Сырдың сырлы сандығы» кітабында іргелі ұжымның қабырғасы қаланған сәттен бастап, қазірге дейінгі тарихы, қалыптасу кезеңдері мен даму сатылары журналистер естелігі түрінде баяндалған. Оған қоса аудандық газеттер тарихы мен тәжірибесі әлі күнге зерттеу нысанына айналмаған.
Өңірлік журналистиканың тарихын толыққанды зерттеу мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Ә.Тұяқбаевтың ғылыми жетекшілігімен “Сыр өңірі журналистикасы: тарихы, қалыптасуы және даму кезеңдері” тақырыбындағы ғылыми жоба аясында зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаның басты мақсаты - Сыр өңірі журналистикасының тарихын ұлт тарихымен бірге қарастырып, бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму кезеңдерін зерделеу.
Нәтижесінде «Сыр
өңірі журналистикасы: тарихы, қалыптасуы және даму
кезеңдері» атты монография шығару жоспарлануда.
Кітаптың қосымшасына Сыр
өңірінен шыққан журналистердің өмірі мен
шығармашылық қызметі туралы энциклопедиялық
анықтамалық, мерзімді басылымдар мен телерадио арналарының
библиографиялық көрсеткіші енгізілмек.
Бүгінде
Қызылордада аймақтық журналистика қарыштап дамып келеді. Қазіргі
таңда аймақтың медиа кеңістігінде 81
бұқаралық ақпарат құралы жұмыс
жасайды. Әрқайсысының өзіндік
орны, айтар сөзі бар. Олардың төртеуі электронды, үшеуі ақпараттық агенттік, жетпіс төрті баспа
БАҚ. Жергілікті БАҚ-тың 57%
қазақ тілінде, 5% орыс тілінде, 37,3% аралас тілде шығады
екен.
Өңірде 2011 жылдан бері «Kyzylorda-news.kz»
интернет басылымы жұмыс жасайды. Аталған интернет басылымды
қолданушылар саны күн сайын артып келеді.
Дүниежүзілік алпауыт топтардың
қай салада болмасын үстемділікке ұмтылуы жағдайында
ұлттық ерекшелігімізді қорғау, бар мұрамызды
жоғалтып алмай, келер ұрпаққа аманат ету,
дәстүрдің озығын жетілдіріп, тозығынан арылу –
ұлттық журналистиканың мұраты. Осы бағытта
ерең еңбек етіп, қоғамдық пікір
қалыптастыруда аймақтық басылымдардың алатын орны
ерекше
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында
ғана емес, бүкіл Қазақстанда мерзімді басылымдар даму
және ізденіс үстінде. Кешегі Кеңестік кезеңде тек
қана бір идеологияға бағынған баспасөз
шығарылса, бүгінде әралуан позициядағы мемлекеттік
және жекеменшіктік баспасөз түрлері пайда болды.
Тақырыбы, стилі, концепциясы жағынан түрлі-түрлі басылымдар бар.
Алдағы уақытта Сыр өңіріндегі
жаңа медианың өзекті мәселелерін зерттеу қолға
алынбақ. Әсіресе интернет басылымдар мен ақпараттық
агенттіктер, ақпарат құралдарының ресми
сайттарындағы жаңалықтар жаңартылуы,
өңірлік жаңалықтарды таратудағы жылдамдық,
жаңа медиа өкілдерінің кәсіби шеберлігі жайлы
мәселелер алдағы күннің еншісінде. Бұл
жұмыстардың барлығы өңірлік журналистканың
әлемдік ақпарат кеңістігінен қалмай, заман үні,
уақыт талабына жауап бере алатындай әлеуетін көтеретіні
даусыз.;
ӘДЕБИЕТТЕР
ТІЗІМІ:
1. ҚР ПМ 141-қ, т,1, 369-іс, 6-п
2. Қожакеев Т. Жыл құстары.
–Алматы: Қазақстан, 1991
3. Қоңыратбаев Ә.
Ұшқан ұям.// Ленин жолы. 1972, 28 июль