ҚАЛҚАБАЙ ӘБЕНОВТІҢ
РЕДАКТОРЛЫҚ ҚЫРЫ
З.Н.Ермағанбетова
Ф.ғ.к., аға
оқытушы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
Жалпы, газет
редакторына үлкен талаптар қойылатыны анық. Өйткені
мерзімді басылымның тағдыры редакторға тікелей
байланысты. Сондықтан редакторлыққа өз
ісінің жілігін шағып, майын ішкен, жылдар бойы тәжірибе
жинақтаған тілшілер тағайындалады. Осы
қағидаға сүйенсек, аудандық газетті басқарып, тәжірибе
жинақтаған Қалқабай Әбенов Қызылорда облыстық «Ленин
жолы» газетіне (қазіргі «Сыр бойы» газеті) 1968-85
жылдар аралығында редакторлық етеді. Ол бұған дейін
Шиелі аудандық “Коммунизм жолы” газетінде 3 жылға жуық
редактор болған.
Облыстық
аға басылым «Ленин жолының» 11-ші редакторы Қ.Әбенов
басшылық еткен басылымда журналистика мамандығының
қиындығы мен
қызығын көріп,
соғыс жылдары, одан кейінгі
ауыр кезеңдерде тер төккен,
бұл саланың қыр-сырын әбден меңгерген
Ахметжан Нұрекеев,
Нұрғали Оспанов,
Бөлебай Әлменов,
Құрманғали Ажаров,
Орман Нұрқабаев, Шора
Ерәлиев, Мырқы Исаев, тағы басқа аға буын
журналистер, олардың сайдың
тасындай ізбасар інілері Жақсылық Түменбаев, Әділхан Бәйменов, Нұрпейіс Байғараев, Әбдіхан Айдаров, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сыдықов
сияқты қаламдары үшкір жас толқын журналистер
еңбек етті. Оқырмандар
саны, басылымның таралымы
өсті.
Қазақстанның
Құрметті журналисі,
ақын Рысты Бекбергенова «Ұмтылмас ұлағат» атты
мақаласында редактор Қ.Әбеновтің азаматтық
тұлғасы, халықпен
қарым-қатынасы,
шыншылдығы, адалдығы, отаншылдығы жайында былайша ой
өрбітеді: "Ленин жолы" газетінің редакторы болып
Қалекең келген кез коммунистік партияның өз билігін, саясатын жүргізіп тұрған
кезі. Жақаевшылар
қозғалысы, ауылды
қаламен теңестіру,
жасөспірімдерді еңбекке бейімдеу, тағы басқа шаралар. Әр салада еңбек етіп, жетекшілік етудің алуан түрінен
тәжірибесі мол Қалекең халықтың сөзі мен
көзі саналатын басылымның насихаттық, көркемдік деңгейін көтере
білді. Мәдениет, өнер,
әдебиет жаңалықтарына назар аударды. Арнаулы беттер, мен бөлімдерге көңіл
бөлді»[1]. Осы тұста
жаңа айдарлар, бұрыштар
ашылған. Олар - "Сыр
түлегі", "Мектептен -
өндіріске",
"Әйелдер сіздер үшін", "Күріш - біздің
байлығымыз",
"Өлең - сөздің патшасы" деп
аталды. Бұл он жылдықта
газеттің ізденісі одан сайын арта түскенін көреміз. Газеттің таралымы
бұрынғыдан едәуір көбейіп, 40 мыңға жеткен. Ауыл-ауылдан хабарлар, мақалалар жіберіп тұратын штаттан
тыс тілшілердің саны өскен.
Газет журналистері оқырмандар арасына барып кездесулер
ұйымдастырып, аудиториямен
байланыс жасаудың тиімді жолдары іздестірілген.
"Ленин жолы"
("Сыр бойы") 1972 жылы он мыңыншы санының шығуына
орай Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет
грамотасымен, 1977 жылы КСРО Журналистер
одағының құрметті дипломы және ақшалай
сыйлығымен марапатталған.
Қ. Әбенов басшылық еткен жылдарда 1979
жылы «Ленин жолы» газеті өзінің 50 жылдық мерейтойын атап
өткен. Аталған жылы мерекеге
орай КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының
жарлығы бойынша мемлекеттік жоғары награда болып табылатын
«Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Одақтық Социалистік жарысты насихаттау
мен оның жетістіктерін баспасөз бетінде көрсетуде үздік
деп танылып, оның бірсыпыра
нұсқалары Мәскеудегі Бүкілодақтық
халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде
қойылған. Бұл жұмыстардың барлығында
редактор Әбеновтің ерен еңбегінің барлығы
сөзсіз.
«Ленин жолы»
газетін 18 жылға жуық басқарған Қ.
Әбеновтің редакторлық қызметі туралы «Редактор
Қалқабай Әбенов» [1] атты кітап
жарық көрді. Бұл кітапта қоғам қайраткері,
Қызылорда облыстық «Сыр бойы» («Ленин жолы») газетін
ұзақ жылдар басқарған Қ. Әбенов туралы
замандастары, әріптестері, шәкірттері белгілі журналистің
келбетін естеліктері арқылы сомдайды, сыр толғайды. Және де
қаламгердің кезінде жазған бірнеше шығармалары
берілген. Осы кітапты оқи отырып, Қ.Әбеновтің
редакторлық келбеті мен ұйымдастырушылық және адами
қасиеттерінің, парасат-пайымының қандай болғанын
аңғару қиын емес.
Мәселен, өзі де бір кездері осы басылымды
басқарған Жақсылық Рахматулла «Тағдыр таразы»
атты эссесінде: «Мәскеу мен Алматыда, облыста өтіп жатқан
түрлі жиындардың есебін, қаулы-қарарын
күнбе-күн газеттің кезекті санына беретін де отыратын.
Үлкен көлемде шығатын басылымның кейде тұтас
екі-үш бетін жауып кететін сондай материалдарды әзірлеуге
қаламы үшкір журналистер көмектесетін. Мұның
өзі бас редактордың міндетін соншалық ауырлатып жібергенін
түсіну қиын емес. Редакцияға партиялық тезистер келе
бастағаннан қашан ол басылымға шығып,
бақылаушылардың көзінен өткенше байыз таппайтын
Қалекеңнің санасындағы сол аласапыран
мазасыздықтың бір мысқылы өз басыма түскенде
барып редакторлық қызметтің жауаптылығын анық
сезінгенімді несіне жасырайын»[1],- деп редактор
Әбеновтің қандай қиындық көрсе де
бірқалыпты ақжарқын мінезінен ауытқымайтын
қасиетін бағалайды.
Газетте бірге қызметтес болған, 1985-1991
жылдары аталмыш басылымның редакторы болған Нұрділдә
Уәлиев «Өнеге өлмейді» естелігінде
Қ.Әбеновтің басшы ретіндегі адами қырларына
тоқталады. «Газет күн сайын
шығатын болғандықтан ол жылдары редактордың
жұмысы өте ауыр болатын. Былайынша күндері кешкі
тоғыз-онға дейін, ал облыстағыны санамағанда
Мәскеуде, Алматыда – үлкен жиындар жүріп жатқанда
қашан сол жақтан хабар болғанша редактор жұмыс орнында
болып, телетайп хабарын күтетін. Ондай күндері газет 8-12 болып
шығатын. Терілген әріптер баспахана үстеліне сыймай
сапырылысып, беттердің алмасып кетіп жататын жағдайлары да
кездесетін. Осылайша таң ата үйіне қайтатын редактор
таңертең жұмыс орнында отыруы тиіс еді» [1, 90б.],- деген
жолдарды оқи отырып, редакторлық жұмыстың
жауапкершілігінің қаншалықты күрделі екенін
бағамдауға болады.
Ал енді
журналист-жазушы Асқар Кіребаев «Қағілез Қалекең»
эссесінде: «Партия диктатурасының дәуірі болғанымен
сол кездің өзінде редакцияның шығармашылық
ұжымында демократияның белгілері кәдімгідей көзге
ұрушы еді. Басы асау Мырқы Исаевтар отырған кезде кез келген
«летучкамыз» бен «планеркамыз» аяқ астынан дискуссияға айналып,
қай бөлім материалды көп, қай бөлім аз жіберді,
материалдар сайысы, жанр ерекшелігі, оперативтілік пен өткірлік секілді
журналистикаға тән талаптар төңірегінде
қып-қызыл айтысып қала беретінбіз. Бас төреші
Қалекең соның бәрін шамданбай, күле отырып, ақылдасып,
әр пікірдің салмағын таразылай отырып шешетін. Өзі жиі
айтатын «осторожно болайық, жігіттерін» қосып қойып, сол
кездегі партия саясатының желі
қала ауып тұрғанын, біздің сол партия органы екенімізді
ескеріп, түсіндіріп, сабағымызға түсіріп қоятын» [1, 120б.],- дейді.
Қызметтік принципке қатып қалғаннан гөрі әр
тұлғаның пікірімен санаса білетін демократияшыл
басшының қамқор, қазақы қайырымының
молдығын байқайсың.
Журналист Өтеген Жаппархан «Аға туралы бірер
сөз» атты естелігінде: «Екі-ақ мысал: бірде жыл бойы атақты
күрішші Ыбырай Жақаевтың күнделігін жариялап, азамат
диханның асыл қасиеттері оқырман қауымды тамсандырды.
Кейін ол көркем шығармаға желі болып, күрішші даңқы
аспандай түсті. Екінші Ыбырайдың шәкірті Захира
Ержанованың жұлдызының жануына Қалекеңнің
әлденеше рет қалам тартуы, ауданнан басталған
мақтау-мадақтың республика, Одаққа асуы
қазақ қызының бағын жандырды»[1,111б.],- дейді. Жаңашыл, жаңалыққа
құмар жанның ісін аңғарасың.
Облыс әкімшілігінде басшылық қызметте
болған Ыдырыс Қалиев «Достық сөзі» естелігінде: «Ол
кісінің жұмыс атқаруы, стилі мен методы, басқа
адамдарға қарағанда өзгеше болатын,
күні-түні тыным таппай редакциядан шықпайтын. Мен бірде «Путь
Ленина» газетінің редакторын шақырып алып мәселе
қойғанымда, «что скажет товарищь Абенов» деді, Содан-ақ
белгілі болды, газетке басылатын мақалаларды «Ленин жолы» дайындайды,
оның көшірмесін орыс газеті сол жоспармен баспаға жібереді»
дейді. Яғни қаламгерлік сауаттылығы мен басшы ретінде
дұрыс шешім қабылдай алатындығын танисың.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Әбдіжәлел Бәкір «Бір өзі - бір мектеп» естелігінде
Әбеновтің өзгелерден айрықша өзіндік болмысын,
қоғамдық өмірдегі белсенділігін, кісілік
мәдениетінің жоғарылығын аша түседі.
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Мұхамедрахым Жармұхамедұлы «Аяулы дос, асыл азамат»
естелігінде 50 жылдай дос, жолдас болған Қ.Әбеновтің
бүкіл жан дүниесі мен мінез-құлқы, сын-сипаты
және редакторлық шеберлігі туралы сыр шертеді. Газеттің
шығуы мен реедакциялануының қиын да сан түрлі
машақатын көпшілік оқырман біле бермейді. Қазіргідей жаңа технология жоқ.
Қорғасыннан құйылған әріптерді теру
арқылы газет беті дайындалатын. Осындай қиыншылыққа
қарамастан газет өз уақытында шығып, уақытында
таралатын. Әбенов басшылық еткен кезеңде басылымның
беделі де, бет-бейнесі де барынша таныла түсті. Әсіресе, газет
сандарында әдебиет пен мәдениет туралы материалдар молырақ
көрінді. Бұл жайында автор: «Бірде Әбілдә
Тәжібаев пен Мұхамеджан Қаратаевтардың : «осы «Ленин
жолын» оқып отырып әдебиет газетін оқығандай
әсерде қаламыз» дегені бар еді. Шынында да, газет Алматыдағы
жерлестері үшін елдің тұрмыс-тіршілігін бар болмысымен ашып, әңгімелейтін
сүйікті газетіне айналған-ды, ал, әдебиет
мәселесінің арнайы айдарымен үзілмей жалғаса беріліп
отыруы оны әдебиет газетіндей етіп көрсететіні рас еді. Мұны
өз басым қазақ тілі мен
әдебиетін бітірген маманның журналистік өнердің
қыр-сырын ойдағыдай игергендіктен болса керек деп
ұғатынмын» [1,147б.].
Он төрт жыл бір редакцияда қызмет
атқарып, журналистік өмірдің қызығы мен
шыжығын бір кісідей білетін белгілі журналист Шәкізат
Дәрмағамбетұлы «Арқа сүйеріңді аңсау»
естелігінде: «Ақкөкірек, ақадал азамат еді. Журналистік
байқағыштығы, қызметкерлерге жайлылығымен, білімділігімен,
парасаттылығымен көп жылдар редактор болды. Ең бір
жақсы қасиеті – қарауындағыларға ешбір
сенімсіздік жасамай сеніммен қарайтын. Шығып жатқан газетке:
«Анау қайда, мынау қайда, мінә біреу қайдан түсіп
кеткен» деген сияқты тықақтамай, бір нәрсені
қазбаламай, кейбір олқылықты көрсе де көзге
шұқымай, жұмыстың денін орынбасарлары мен жауапты
хатшыға тапсырып, кейін олардың орындалу барысын жайбарақат
мінезбен сұрап отыратын»[2],-дейді. Яғни
мазаң емес, жайлы, ұжымдағылардың тілін таба білетін,
әзіл-қалжыңымен қызметкерлердің
көңілін көтеретін, алайда талапшыл басшының бейнесі
көз алдымызға келеді. Осынған ұқсас ой
«Редакторлар керуені» [3] мақаласында,
А. Сәдібекұлының
«Менің ұстазым өздерің болдыңдар»[4] сұхбатында айтылады.
Естеліктерді ұзақтау келтірген себебіміз, ол
кісінің редактор, тұлға, адам ретіндегі қасиеттерін
ашып көрсету болды. Осы естеліктерден Қ.Әбеновке тән
мынадай ерекшеліктерді байқадық:
Біріншіден, «Ленин жолын» қазақ зиялылары
Зейнулла Жарқынбаев пен Ұзақ Бағаев
басқарған кезеңде газеттің мазмұны
түрленіп, ажары әрленсе, Қ.Әбенов сол жолды онан әрі
жалғастырумен тынбай, сан алуан жаңалықтармен байытқан
бірден бір өрісі кең редактор болды.
Екіншіден, редактор ретінде өзі
басқарған басылымдардың мазмұнын байытып, сапасын
арттыруда көп еңбек еткен, өз ортасында адами
қасиетімен ерекшеленген тұлға.
Үшіншіден,
Қ.Әбенов редакторлық еткен тұста «Ленин жолы» газеті уақыт рухына сай жұмыс
істеп, еліміздегі өркен жайып отырған өзгерістерді
бейнелеуге, жергілікті тілшілермен, оқырмандармен байланысты
нығайтуға күш салды.
Төртіншіден, газетте әдебиет беті
тұрақты түрде беріліп, талантты ақын-жазушылардың
танылуына, шығармашылық шеберліктерін қалыптастыруға
ықпалын тигізді.
Бесіншіден,
өмірлік кредосы болып қалыптасқан көпшілдігі, кең
пейілділігі, адами адалдығы биік парасаттылығы редакция
ұжымының шығармашылық күш-қуатын
күшейте түсуге оң әсерін тигізген.
Қорыта
айтқанда, Қалқабай Әбенов өз заманының
шындығын қаламына арқау еткен қарымды қаламгер,
ұшқыр ойлы, ұйымдастырғыш, тәжірибелі редактор
болды.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1.
Редактор
Қалқабай Әбенов.-Алматы: Арқас.-2004. 221б.
2.
Дәрмағамбетұлы
Ш. Арқа сүйеріңді аңсау. //Сыр бойы. 2007, 2 маусым
3.
Редакторлар
керуені. //Сыр бойы. -1999. -1 шілде
4.
Сәдібекұлы А. Менің ұстазым өздерің
болдыңдар. Облыстық газеттің бұрынғы бас
редакторы Қ. Әбеновпен сұхбат //Сыр бойы. -1992. -3
қыркүйек