Балапаш Аяулым, Кошенова Шырайлым, Ахметбекова Улпан, Мажитаева Шара, КарМУ, Караганды

 

Ахмет Байтұрсыновтың аудармалары

 

Әлем тіліндегі поэзиялық шығармаларды ана тілімізге аудару қашанда өз маңызын жойған емес. Қай халықтың болмасын шоқтығы биік, терең, мағыналы шығармаларды аудару бүгінгі кездегі игілікті істердің бірі екендігі даусыз мәселе. Түпнұсқа белгілі бір халықтың ақынының шығармасы болса, ұлттық сипаты барынша анық, бедерлі болса, ондай жағдайда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар үлкен талантты талап етеді[1: 156].

Аударма жұмысы қазір біздің өмірімізден үлкен орын алады. Аударма біздің зор тынысымыз. Қазақ халқының ұлы ағартушылары да осы аударма арқылы орыс мәдениетіне жол ашты.  Арада 60 жылдан астам уақыт өткен соң саяси жағынан да, азаматтық тұрғыдан да толық ақталып, туған халқымен қайта табысқан қоғам қайраткерлерінің бірі – Ахмет Байтұрсынов. Ол алғаш рет аударма жинақ бастыру ісін бастаушы болды. Ахметтің ақын ретінде ең әуелі аударма арқылы танылды. Ол орыстың классикалық жазушысы И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен Санкт-Петербургте 1909 жылы императорлық ғылыми академиясының баспаханысында жеке кітап етіп шығарды. Бұл И.А.Крылов шығармаларының қазақ тілінде, тіпті Орта Азияда десе де артық емес, тұңғыш жеке кітап болып бастырылуы еді.

А.Байтұрсынов «Қырық мысал» жинағына жазған «Замандастарыма» деген кіріспесінде аударманың мән-мақсаты, дәуір дүбіріне ілесі ниеті, қиындық жағдайларда орындағаны туралы айта келіп, былай дейді: [3: 60]

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым

Қанағат азға деген, жоққа сабыр,

Қомсанып қоңырайма, құрбыларым!

Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,

Күй қайда үздік шығар топты жарып.

Ат тұрмасы аяғында желі болса,

Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.

Бар болса сондай жүйрік қояр деймін,

Естілсе құлағына дүбір барып.

Әйтпесе арық шауып оңдырар ма,

Жүргенде қамыт басып, қажып-талып.

Крыловты кезінде Абай да аударған. Байтұрсыновтағыдай көп емес, академиялық жинақта Абайға телініп жүргендері 12 мысал. Бірақ, Байтұрсынов аты атаусыз қалып, оның әдеби мұрасына тыйым салынған кезде, Крыловтың аудармашысы ретінде тек Абайды ғана білдік. Біз үшін ең қызықтысы, ең мәндісі – бірін-бірі білмей, Крыловты өздігінен аударған екі данышпанымыздың өлең стилі, сөз өнері бөлек бола тұра, аудару принциптері де қазақтың тосаң құлағына етене еніп, жеткізу шеберліктері емін-еркін тырысқан екі ақынның орысшасындағы көркемдік бөлшектерді түсіріп алмай, соншалықты ұқыпты беруге ұмтылған ұқсастығына қайран қаласың. Мысалы, Крыловтың атақты «Қарға мен түлкі» атты мысалын Абай екі рет аударған. Екеуінің өлең өлшемі де, көлемі де бірдей. Бірі – жеті, бірі – сегіз буынды жыр үлгісінде. Ал, А.Байтұрсынов он бір буын қара өлеңмен төрт жолдық шумақтар арқылы баяндайды:[2:56]


«Ну что за шейка, что за глазки,

Рассказывать – так, право сказки!

Какие перышки! Какой носок!

И, верно, ангельский быть должен голосок!»


 


«Тамаша қарағанға түрің қандай

Мынау көз, мынау мойын, мұрын қандай,

Гауһардай қанаттарың жарқырайды,

Келісті қалай біткен және маңдай»

Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан қазақ тұрмысына ет-жақын суреттерді ұластыра келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберген тағы бір мысалы «Аққу, Шортан һәм Шаян». Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп, төгіліп тұр. Орысшасында үш шумақ – он екі жол. Тәржімасында бір шумақ артқан. Одан мағынасына өзгеріс кірген жоқ. Ой қазығы болатын бөлшектері түгел жалғыз-ақ айырмасы – Крыловтың көп мысалдарындағыдай, түпнұсқаның бас жағында жүретін кіріспе шумақты А.Байтұрсынов соңына шығарып, қорытынды етеді [2: 156].

Мәселен, «Маймыл» атты мысалдың да аудару принципі жоғарыдағыдай:

Түпнұсқада:   Крестьянин на заре с сохой

Над полосой своей трудился, - деп басталса.

Аудармада:            Жер жыртты ерте тұрып қарашекпен,

Қашаннан кәсібі еді егін еккен, - деп дәл сол күйінде қайталанады да, әрі қарай оқиға өз ретімен баяндалып кете береді. Тағы бір таңғажайып тапқырлыққа осы тұста және кездесеміз. Диқаншының еңбегіне көрген жұрттың сүйсінетінін жеткізерде Крылов түбі грек тілінен ауысқан, сөйтіп орыс тіліне кірігіп кеткен «исполать» дейтін бір ескі сөзді қолданады. Бұл орыстың байырғы тілінде «молодец» деген мағынаны береді.

                       Зато кто мимо не проходит,

                         От всех ему: спасибо, исполать.

Орыс тілін жетік білген тәржімашы осы сөздің қазақша дәл мағынасын былай деп сол қалпында жеткізеді:

«Жарайды, бәрекелді, сабаз-ай! – деп,

Алғысты берді оған өткен-кеткен»

Осы жердегі «сабаз-ай» деген бір сөздің өзі Крылов мысалының бүкіл рухын, бүкіл ұлттық қасиетін түп-түгел қазақшалап, қыр елінің қалың ортасына дәл сол қалпында алып келіп тұрғандай қабылданады. Дәлдігі осындай болғанда, жатықтығы да айрықша дәлелдеп жатуды қажет етпейтіндей болып, Байтұрсынов ақындығының барлық ерекшелігімен, мейлінше табиғи болмыс-бітімімен, ұлттық ой-өрісінің шеңберінде үйлескен, ұйқасқан қисын-қиюымен әрбір қазақ оқырманының көңіліне ұялап қалып жатты [4: 117].

«Жарлы бай» деген мысалда Крылов кедей адамның бай болсам бүйтер едім деген қиялын былай жеткізеді:

«Нет, если мне далось богатсво не удел,

Не только бы рубля – я бы тысяч не жалел.

Чтобы жить раскошно, пышно,

И о мерах далеко б было слышено»

Ал, Байтұрсыновта ол былай болып келеді:


«Дариға! Мен бай болсам жұрттан асқан,

Үйлерді салдырар ем қандай тастан!

Сол түгіл мыңын бірден жұмсар едім,

Аямай нелер киім, ішер астан.

Жылқымды, қымызымды, қойымменен

Жұмсар ем қонағыма тойымменен.

Жұртымның жабықтырма көңілін ашып,

Күнде той, күнде қызық, ойынменен».

 


Мұнда ақын нағыз қазақ ұғымындағы шалқыған тұрмысты малмен, қымызбен, ағыл-тегіл қонақасымен, той-томалақпен байланыстыра суреттейді. Аудармашы негізгі түпнұсқа текстіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын, әуез қосып отырады.

Қорыта келгенде, Ахмет Байтұрсынов – ағартушы, ғалым, қоғамдық-саяси қайраткер өз өмірін туған халқының бостандығы мен бақыты жолындағы күреске түгелдей бағыштаған азамат ақын бойындағы табиғи таланттың ең алдымен осы жолда қару етіп пайдаланды.Мысалдың арқауы – хикая, көздейтін нысанасы – соның ішіндегі мәні, ал қолданатын қаруы – әжуа мен мысқыл. Ахмет Байтұрсынов та пайымды практикалық рухты дарыту үшін мысалдың мазмұнын Крыловтан алады да, уытты қаруды өз халқының даналығынан, ана тілінің ішкі мүмкіндігінен іздестіреді. Ол өз тыңдаушысының ұзын ырғалы қиссаға дағдыланған құлағына бейімдеп, әр хикаясын тәптіштеп, егжей-тегжейлі баяндау машығын ұсынды [4: 119].

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Байтұрсыновтын «Қырық мысал», «Маса» сияқты жинақтардағы аудармалары қыр еліне қыдыр болып дарып, қазақ санасына қырық түрлі кеселдің дәруіндей сіңді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.   Ерманов Ж. Түпнұсқада болсын төреші. Алматы, 1989 жыл. – 230 б.

2.   Алпысбаев Қ.Қ., Қазыбек Г.Қ.. Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі: Оқу құралы. – Алматы, 2001. – 213 б.

3.   Жұртбаев Т. Көркем аударма. Уақыт және қаламгер, 1986. – 180 б.

4.   Ахметтану бастамалары: Оқу-әдістемелік құрал. – Қарағанды, 2005. – 207 б.