ф. ғ. д. Мажитаева Ш.,

2 курс  студенттері  Тiлеукабылова А.Д,  Ергали С.А.

Е.А.Букетов атындағы KаpМУ,  Караганды

 

 

Ахмет Байтұрсынұлы – әдебиеттанушы

 

Ахмет Байтұрсынов (28 қаңтар 1873жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8 желтоқсан 1937, Алматы қаласы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.[1] Қазақ халқының ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.[2]

Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.

“Әдебиет танытқыштағы”  қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты – әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайтарып алып, сала-салаға жіктеп әкетеді; шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз, көсемсөз (публицистика). Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Хисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, шығармаларды діндар дәуір әдебиетіне жатқызса, сындар дәуір әдебиетіне ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), әңгіме кірмек. Лирика түрлерін саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау, (даттау, қаралау, наз) деп жіктеу, мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралау, тартыс түрлерін әлектеніс, әуреленіс, азаптаныс деп таратып әкетуге де қайран қаласыз. Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық нәрсе, жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң да, көкейге қона кетеді. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған. Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, философиялық білім мығымдығы үнемі сезіліп отырады.[3]

Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым осы ғылым саласының ғылыми терминологиясын да жасаған.

Терминделуші ұғымдарды дәл білдіретін жүздеген әдебиеттану терминдерін жасай отырып, ғалым олардың ғылыми терминге тән дефинициясын да (ғылыми анықтамасын) берген. Ол дегеніміз – ғылыми ұғымның, өзіне ғана тән белгілерін айқын көрсетумен қатар, олардың ұғымдар жүйесіндегі алатын орнын да көрсету деген сөз. Мысалы, «Айшықтың әрбір тақтасы шумақ деп аталады. Жұрттың бір ауыз өлең дейтіні шумақ болады, әр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз – өлеңнің әрбір жолы. Тармақ ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы. Бунақ ішінде буын болады». [4]

Бұл мысалдан байқайтынымыз, ғалым біріншіден, өлеңнің құрылым-құрылысын (түр-тұрпатын – А. Б.) анықтаған, екіншіден, әрбір ұғымның өзіндік ерекшелігін, басты белгісін, іргелес өзге ұғымдардан айырмасын көрсететін анықтама берген. Яғни әрбір ұғымның мазмұны мен көлемін анықтаған; үшіншіден, әр ұғымның ғылыми атауын (айшық, шумақ, тармақ, бунақ, буын) жасаған; төртіншіден, терминдердің жүйелілік ерекшелігін ескере отырып, жалпы қолданыстағы бір үлгімен жасалған (модель) сөздерді термин ретінде пайдаланған; бесіншіден, ғылыми ұғымдардың арасындағы жүйелілік құрылымдық байланысты көрсеткен. Дәлірек айтқанда, айшықтың – шумақтан, шумақтың – тармақтан, тармақтың – бунақтан, ал бунақтың – буыннан құралатындығын сатылай көрсету арқылы ұғымның микрожүйесінің өзіндік табиғатын танытқан.

 «Әдебиет танытқыштағы» ғалым қаламынан туындаған біртұтас жүйе құрайтын терминдер оның әдебиеттану ғылымының ғылыми терминологиясын қалыптастырғанын көрсетеді. [5]

Жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан-заманға көшуі, батырлар жырының бір адамның сөз болудан шығып, мың адамдікі, жұрттыкі, ұлттыкі болу себептері айтылады, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр” сияқты жырлар мысалға алынады. Ертегі секілді ескі сөздердің әркім өзгертіп, өң беріп, құбылтуына орай жалпылық сипат алатынын түсіндіреді, олардың неге халық шығармасы, халық әдебиеті есептелетінін анықтап береді. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі”

Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. “Қарақыпшақ Қобыланды батыр”, “Нәрікұлы Шора”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қамбар” қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. “Тарихи жыр” деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздері айтылады” деп анықтама беріледі де, мысалға “Орақ-Мамай”, “Абылай”, “Кенесары-Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” жырлары алынады. Айтыс өлеңдердің ерекшелігін екі палуанның күрескенімен, екі батырдың жекпе-жек ұрысқанымен салыстыра түсіндіреді, тақырып ретінде жұрттың, ұлттың, рудың, елдің кемшілік-олқылығы, осал-оңтай жерлері алынатындығы, жазу жайылған сайын айтыстың азаятыны аңғартылады. “Кеншімбай мен Ақсұлу”, “Жанақ пен бала”, “Есентай мен Балық”, “Жарылқасын мен Айқын” айтыстарының жалпы сипаты көрсетіледі.

“Әдебиет танытқыштың” үлкен бір тарауы жазба әдебиет мәселелеріне арналған. Ахмет Байтұрсынов негізінен “жазу әдебиет” деген терминді қолданады, кейде “жазба әдебиет” деп айтады. Қожа, молдалар ішінен Шортанбай, Ақмолда секілді ірі ақындарды көрсетеді.

“Зарқұм”, “Сал-сал”, “Сейфұл-Мәлік” секілді қиссалар аталып, Жүсіпбек Шайхы Ісламұлының “Мұса мен Қарынбай” қиссасы, Шортанбай, Әбубәкір, Молда-Мұса шығармалары талданады. Қазақта әлі ұлы әңгіме жоқ деп келіп, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” өресі мен өрісі шағын болғандықтан ұзақ әңгімеге жатқызады. Ұсақ әңгіме ретінде Мұхтардың “Оқыған азамат”, Ысмағұлдың “Қалайша кооперация ашылды”, “Автономия”, Міржақыптың “Қызыл қашар”, Бейімбеттің “Айт күні” шығармалары мысалға келтіріледі. Әуезе жыр үлгілері қатарында Мұхаметжанның “Топжарған”,  Шәкәрімнің “Жолсыз жаза”, “Қалқаман - Мамыр”, Мағжанның “Батыр Баян” (кітапта “Батыр Баян” деп жаңсақ берілген), ал аңыз ретінде Мағжанның “Қорқыт”, “Орман патшасы”, Пушкиннің “Данышпан Аликтің ажалы”, Абайдың “Ескендір” туындылары берілген.

Кейінгі қазақ әдебиетшілері орыс тіліндегі еңбектердің ізімен саяси лирика, махаббат лирикасы деп қана шектеліп келсе, Ахмет Байтұрсынов ұлттық өнердің өз табиғатынан шығарып, лириканың сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау секілді түрлеріне анықтама береді, мысалға “Интернационал”, Абайдың “Адамның кейбір кездері”, Сәкеннің “Жолдастар” өлеңдері, “Маса”, “Оян, қазақ” кітаптарындағы кейбір өлеңдер алынған.

Зерттеу барысында ғалым басқа елдер әдебиетін де ескереді: “Орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нәрсені тілмен айтып жеткізу қиын екендігін көрсетеді”,- дейді “Сөз өнері” тарауында. Бұдан басқа Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов есімдері айтылады, жапон, француз, поляк әдебиеттеріндегі өлең құрылысы сөз болады. Абылай, Шоқан, Ақан сері, Торайғыров, Ядринцев, Потанин есімдері кездеседі.

Қорыта айтқанда, “Әдебиет танытқыш” – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық.– Алматы: Аруна ltd, 2016 ж.

2.     Айбын. Энциклопедия.– Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011ж.

3.     referaty.kz

4.     Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш.– Қызылорда, 1926 ж.

5.      bankreferatov.kz