Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы көнерген сөздердің қолданылуы

 

Алмауытова Әсия Базарбайқызы

филология ғылымдарының кандидаты

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

 

Қалдыбаева Бекзат Ғабитқызы

Фил-16-1 оқу тобының студенті

 

«Мен әуелі қазақпын. Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда жөргегімнен ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы исі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан». Нұрпейісов қандай жерде болмасын қандай да бір тақырып қозғаса да жүрек түкпірінен шыққан осынау шынайы ойынан айныған емес.

Қазақ әдебиетінде туған өлкесін тамылжыта жырламаған ақынды табу мүмкін емес. Төмпегін төбеге, төбесін тауға дейін жеткізетін қазақ жазушыларының қатарында өзінің ақ кемесіне мініп Әбдіжәміл Нұрпейісов те келе жатыр. Аралда туып, сол Аралдың бір ауылында өссем де, ондағы тіршілікті, қилы заман тағдырын бұрын естімеген едім. Тек бір-екі мәрте теңіздің тарихынан сыр шертетін екі-үш қаңсыған кемені көргеніме мәз боп қайтыппын. Мен бұрын бұл туындыны оқымағам. Маған шыны керек, тарихи оқиғалар қызық емес сияқты көрінетін. Осы мақаланы жазу тапсырылғанда, ол жайлы білмей жатып сапар шегу қиын екенін сездім.  Ал бүгінде сол Аралыма Нұрпейісовпен бірге барып сапар шеккендей болдым. Оның балығын Еламанмен бірге аулап, Ақбаламен бірге қиындықтың дәмін татып, Судыр Ахметпен бірге рахаттана күлдім. «Қан мен терді» оқыған соң ғана өз ауылымның осыншалықты киелі мекен екенін, онда қаншама оқиғалардың орын алғанын білдім. Опасыздық пен сатқындық өзінше түрленіп, ал адами қасиеттер Арал сияқты тартылып бара жатқанына қанықтым.

«Қан мен тер» қазақ даласындағы қан мен тердің төгілген тарихи-көркем шежіресі. Ол қан мен тердің арамы да адалы да болған. Қазақтың әр жерінде де жағасынан жырақтаған өз Аралдары бар. Ал Аралдың қасіреті әріде жатыр. Арал адамдарынан қашып бара жатқан жоқ па екен? Ендеше адами қасиеттердің жоғалуы Аралдың тартылуына дәнекер болған шығар. Кім біледі?!

Әдебиетті, әдетте, адамтану ғылымы деп атайды. Үлкен әдебиет сол адам арқылы бүкіл халықты танытады. Бұрынырақта дүние жүзінің өнер картасында орны белгісіз халқымыз қазір сол ортаға дендеп еніп келеді. Өзге жұртқа да, өзімізге де халқымыздың бейнесін әдебиетіміз молырақ танытып келеді. Мұхтар Әуезов жасаған ұлан-ғайыр дүниеден кейін мұндай деңгейге жеткен қаламгер кемде-кем.

Талғамнан талант танылады десек, жазушының дүниетанымы, өмірге көзқарасы, зерделілігі мен тәжірибесі, ақыл-ойының деңгейі көркем туындысына нысана етіп алған идеясын айта білу шеберлігінен көрінбек. Демек, мәселе оның оқырман жанын толғантып, тебірентер оқиғаларды дәл сұрыптап, талғап ала алған сергек, сарабдал суреткерлігінде. Ал Нұрпейісов қолына қалам алғаннан бері тек уақытпен, қазіргі әлеуметтік тыныспен үндес шығарма жазып келеді. Еңбекші халықтың ұлылығын, күрескер, жасампаздығын өзге бейнелемеген қырынан көрсетуге арпалысып, маңдай терін сығып жүргеніне күллі творчестволық еңбек жолы айғақ.

Оның  тілі бай, құнарлы. Адамдары сол ортаның, сол дәуірдің тілімен ғана сөйлейді. Сол себептен болар, тарихи шығармаға қажетті сөздерді пайдаланбауға тіпті ешбір мүмкіндік жоқ. Сондықтан жазушы арыдан келе жатқан халық тілінің асыл қазынасын сарқа пайдаланады. Аралдағы арпалысты күндердің ескі дәуірдегі ішкі-сыртқы құбылысы, реңі, әдет-ғұрпы, тағы басқалары суреткердің мінсіз тілімен, оның ішінде көнерген сөздерді орынды пайдалануымен құнды. Шығармада мата-кездеме атауларымен байланысты архаизмдер, салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер, киім-кешек, ыдыс-аяк, атауларына қатысты, діни ұғымға қатысты, ай аттарына қатысты, үй тұрмысына, әр түрлі ұғымга қатысты архаизмдер және жалпы түрік тілдеріне тән архаизмдер көптеп кездеседі.

Белгілі ғалым Ә.Болғанбайұлы көнеру сипаты мен тілдегі қолдану ерекшеліктеріне қарай көнерген сөздерді архаизмдер мен историзмдер деп жіктейді.

Архаизмдер халықтың күн көріс тіршілігіне, салт-сана тұрмысына, әдет-ғұрпына, дүниетанымына қарай әр дәуірде өзгеріп, басқаша сөздермен ауысып отырған немесе ескіріпбіржола қалып қойған сөздер жатады. Қазақ тілінде архаизмдердің мынадай түрлері бар:

1.                 Мата-кездеме атауларымен байланысты архаизмдер

2.                 Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер

3.                 Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер

4.                 Діни ұғымға қатысты архаизмдер

5.                 Үй тұрмысына, мал атауларына қатысты архаизмдер

6.                 Әртүрлі ұғымға қатысты архаизмдер

7.                 Жалпы түркі тілдеріне тән архаизмдер.

Историзмдер  (тарихи сөздер) дәуірі өтіп, сол ескі заманның өзімен қоса жоғалған сөздер. Тарихи сөздердің көнеруі тарихи атаулардың құрып бітуімен, біржола жоғалуымен байланысты болады. Историзмдерді де бірнеше топқа бөлуге болады

1. Әкімшілік басқарумен байланысты туған историзмдер.

2. Әскери атақ пен қару-жараққа қатысты историзмдер.

3. Совет тұсында пайда болған историзмдер [2., 180-183-б.].

Нұрпейісов шығармасын оқи отырып, мен мұндағы көнерген сөздерді осы аталған жіктемеге топтастырдым.

1.Мата-кездеме атауларымен байланысты архаизмдер: Салпы етек боз көйлектің бір шалғайын жоғары көтеріп, ышқырлығына қыстыра салды да, қызыл қарын жас немересін алдына алып ыңылдап отырған қайын ененің қасына қол таяна тізе бүкті (4-бет).

«Сыртын былғарымен тыстаған биік қара есіктің арғы жағынан біреудің саңқылдаған даусы анық естіліп жатты» (395-бет). Осындағы былғары сөзі мата-кездеме атауына жататын көнерген сөз[3].

«Жеңгесіне арзанқол шыттан көйлек, жаулық әперіп, аз нәрсемен ағасын ырза ғып аттандырып еді» (117-бет).

«Көйлек сыртынан көк масаты жеңсіз киіп, қос бұрым ғып өрген ұзын шаштың бір тұтамын өрмей, баяғы қыз кездегі сәнмен күлтелеп төмен түсіріп жіберген» (118-бет).

1.Салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты архаизмдер. «Судыр Ахметтің жағаға кетіп бара жатқанын есітіп, жас мырза оны жібермей қонақ қып сыйлап отырып, өлердегі сөзін айтып, егер, соңыра осы өтінішімді орындасаң астыңа ат мінгізем деп уәде етті» (117-бет).

«Былайғы, бейбіт кезде бір адам әлдеқалай ажалы жетіп өлсе де, бүкіл ауыл боп жылап, қатындар басынан қарасын алмай бір жыл бойына жоқтайтыны қайда?» (255-бет)

2.Киім-кешек, ыдыс-аяқ атауларына қатысты архаизмдер: «Ақ жаға көйлектің сыртынан қара зегірен бешпет киген». Бешпет – тік жаға етіп, жүн салмай ұзындығын тізерлікке жақын етіп астарлап тіккен  жеңіл киім[3].

«Басына тартқан қызыл шәлі орамал сыпырылып желкесіне түсіп, қалың шашы қобырап, әсіресе самай тұсы дудырап кеткен» (207-бет).

«Басқа істің реті бола қоймағасын, Ақбалаға күбіге көже асып құйғысы келді. Күбі – ағаш бөшке, кеспек. Осы ойы өзіне ұнап, көрші үйден келі, келсап әкелді» (38-бет) [3].

«Пысынап бара жатқасын сырмақ күртесін сыпырып тастады» (42-бет).

«Жаңа ес-түсі қалмай шапқанда үстіндегі қара шекпеннің қос шалғайы тақымынан шығып, құс қанатындай жалпылдап келеді екен»(115-бет).

1.Діни ұғымға қатысты архаизмдер: «Әлі есінде: әке-шешесі ауыз ашуға отырған кезде Ақбала үй сыртындағы ақ шоқалақтың тасасында тосып тұрған Тәңірберген кездесті» (525-бет) .

«Шай-суын ішті де, әуелі софы ағасына сәлем берді» (60-бет).

«Ана жақта өз қолымен жерлеп жаназасын шығарып келген кісідей «үмітіңді үз» деп отыр» (119-бет).

1.Үй тұрмысына, мал атауларына қатысты архаизмдер: «Балық майына батырған білте шам иістеніп, түтеп жанып, аласа жерқазбаны ала көлеңкелеуге ғана жарап тұр» (19-бет).

«Қазанның маңында жүрген бір әйел Райдың қарт әжесіне тұзын көр деп, зереңге сорпа құйып берді» (18-бет).

«Жерқазбаның қарсы алдынан соққан дауыл ел жата қатты есіріп, топсасы босап тұрған жаман есік сартылдап ашылып кете берді»(158-бет).

«Әлдеқайда алыста атылған пулемет, қар басқан барақ, бір түнеп тағы ілгері тартып кететін жол үстіндегі әлдеқандай қос күркелер де көз алдынан тізіліп өтіп бара жатыр» (280-бет).

«Бұнда да жаны сая таппағасын ол жаппаға қайтып келді» (120-бет). «Жерқазбалардың бәрінде де шам сөнген» (138-бет).

Мұндағы білте шам – мақтаны шиыршықтап майға салып жасаған шам, жерқазба – жер үй, жер төле. Зерең– үлкен сырлы аяқ, күрке – бес-алты ағаш басын біріктіріп жасаған баспана, итарқа деген мағынаны білдіреді. [3]

1.            Әртүрлі ұғымға қатысты архаизмдер: «Қатар қонған ауылдың жастары таң атқанша ақсүйек ойнап, асыр салатын» (7-бет).

2.            «Онан Құдаймендінің сілтеуімен ру басы ақсақалдарды адақтап, әуелі Көлқара табанында отырған Рамберді, Жылқыбай секілді байлардың үйіне бір-бір түстеніп шықты» (59-бет).

«Еламан станция алдында боп-боз боп жаурап жүр еді» (254-бет).

Жалпы түркі тілдеріне тән архаизмдер: «Елге ұлық шығады деген не? – деді Тәңірберген» (61-бет).

1. Әкімшілік басқарумен байланысты туған историзмдер:

«Пешір келгенше Құдайменде ұлық алдында «тақсыр-тақсыр» дегеннен басқа түк айта алмай, сақау кісіше ымдасып қана отырған» (63-бет).

«Болыс ағасындай, ол бірақ білмейтінін өз басының мініндей көріп қысылып жатқан жоқ» (63-бет).

«Араққа қызып алған полк офицерлері бір кезде бұны құшақтай бастады» (72-бет).

«Көріне келген ажалдай, патша жарлығы да бір жан араша тұра алмайтын ауыр нәубет» (133-бет).

2. Әскери атақ пен қару-жараққа қатысты историзмдер: «Ол тек Еламан үйінің алдында қаңтарулы тұрған күміс ер-тұрманды бәйге күреңге жалт етіп, тістене қарады» (4-5-бет). 

«Ожырай оны аттың омырауымен қақтыра бере көк сүңгіні дәл жүректен салды» (114-бет). Мұндағы сүңгі сөзі біздің қазірде қолданып жүрген қылышымыз.

«Енді не істесем деп отырғанда көзіне сары мойнақ кездік түсті» (207-бет). «Күрек, қайлалар шақылдап, қызу кірісіп кетті» (402-бет).

«Тек бір-біріне ыза, кекпен ұмтылған кісілердің тістері шықырлап, құлшына сілтеген қайың сойылдар сарт-сұрт» (113-бет)

3. Совет тұсында пайда болған историзмдер: «Менің есіткенім рас болса, әкесінің промсолын сататын сияқты»(31-бет). «Күн бата урядник келіп, болыстың үйіне түсті»(63-бет).

Осы сынды жазушы шығармасы тұнып тұрған көнерген сөздер десек те болады. Көнерген сөздер жазушыға көтеріңкі поэтикалық стиль жасауға қажет. Өйткені бұлар белгілі бір сөйлемнің қатарына кіргенде, олармен бірге тұрған қарапайым сөздерге қасиетті қанат жалғағандай болады.

 Сонымен, көнерген сөздер көне дәуірге тән шындықты айнытпай қағаз бетіне түсіруге жәрдемдеседі. Бұл ретте көнерген сөздер көркем образ жасаудағы күшті құралдың бірі. Екіншіден, көнерген сөздер жалпы айтылатын ой түйінін білдіретін сөйлемді әуезді, екпінді ғып құруға көмектеседі. Көнерген сөздер мұндай мақсатқа арналғанда көтеріңкі стиль жасайды. Француз жазушысы Луи Арагон «Әрі терең, әрі шөлдегі ащы сулы шыңыраудай осынау роман қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол американдық, мейлі ол француздық болсын»-деп баға бергендей, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» романында көнерген сөздерді саралап, талғап пайдалана білу нәтижесінде тарихи шығармаға тән лайықты тіл тапқан.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы., 1997.

2. Ә. Нұрпейісов. «Қан мен тер» романы. –А., 1973.

3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы., 2008.