Т.Н. Жүндібаева

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к.

А.Қ. Нурқанбай

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиеті Педагогика және психология мамандығының 2 курс магистранты

 

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ- ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТ МӘСЕЛЕСІ

 

         Қазіргі қоғамның түбегейлі өзгерістері (саяси, экономикалық, әлеуметтік) мен жаһандық ақпараттануы (интернет желісі, виртуальды қатынас, қашықтық технологиялар) студент жастардың дүниетанымына, мәдениетіне елеулі әсер етуде. Сондықтан мемлекет саясатында тұлғаның өмірдің барлық саласында жоғары табысқа жетуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік ортаға белсенді бейімделе алуын қамтамасыз ететін, оның білімділігін, мәдениеттін, дербестігін сипаттайтын  студенттердің ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастырудың маңызы зор.

Қазақстан Республикасының білім беру саясатын анықтайтын Қазақстан Республикасының «Білім» туралы Заңы (2007ж.) [1]; Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020 жж. арналған Мемлекеттік бағдарламасы [2], Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасы [3], Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың (Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  Қазақстан халқына Жолдауы [4] т.б. сияқты маңызды нормативті-құқықтық құжаттарда өсіп  келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің міндеттері білім беру мекемелерінде тәрбиелік жүйенің жаңа моделін дайындаудан және стратегиялық басымдылықтарын анықтаудан, жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы  мен дамуы және оның кәсіби жетілуі; студенттердің ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастыру; қоғамда қабылданған және мемлекеттің заңдылықтарымен бекітілген мінез-құлық ережелері мен нормалары, әлеуметтік-мәдени, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде өзін-өзі танытуы, әлеуметтенуі үшін қажетті жағдайлар жасау идеясы негізге алынған.

Бүгінде студенттердің бойында әлеуметтік ортаға өздігінен бейімделуінде және өзін-өзі өзгертуінде енжарлығы, кәсіби табысқа мотивация деңгейінің жоқтығы, ұйымдастырушылық қабілеттерінің төмендігі, өзін-өзі басқару біліктілігі мен дағдысының қалыптаспағаны, өз іс-әрекетінің нәтижесін өзіндік төмен бағалауы, тұлғаның толыққанды әлеуметтенуі үшін әлеуметтік бағдардың жоқтығы т.б. байқалады.

Сондықтан, жоғары оқу орнындағы тәжірибені талдау студент жастарды әлеуметтендіруге үйрететін және оларды болашақ кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттерін тиімді жүзеге асыруға бейімдейтін,  өздерінің бос уақыттағы іс-әрекеттерін жүзеге асыруға бағыттайтын ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастыру қажеттігі байқалады.

Қабілет – тұлғаның қызмет түрлерін атқару тәсілдерін жетік меңгеруінен көрініс табатын, оларды игеру мүмкіндігіменн шарттастыратын, жемісті нәтижеге қол жеткізу мүмкіндіктерін көрсететін дара психологиялық ерекшелік. Қабілет – адамның өз бейімділігі, білім мен іскерлікті тез және сапалы меңгеруі, әр істі істеу арқылы дағдыға айналдырып, қалыптастыра алатын қасиеті. [5]. «Ұйымдастыру» түсінігі түрлі мағынаға ие болуы мүмкін: белгілі бір жұмысты атқару мақсатында адамдардың бірігуі және ұйымдастырушылық қызметтің бастауы. Мысалы,  П.М. Керженцев ұйымдастырушылық қызметтің: мақсат, ұйымдастырудың түрлері, әдістер, адамдар, материалдық қаражаттар, уақыт, бақылау сияқты жеті элементін айқындады.  «Ұйымдастырушылық қабілет» ұғымын ұйымдастырушылық қызметті табысты меңгеруге байланысты И. С. Мангутов, Л. И. Уманский т. б. еңбектерінде зерттесе,  В. С. Лазарев, А. Н. Лутошкин, Р. Петрунева және т. б. тұлғааралық қарым-қатынас және өзара іс-қимылдарды тиімді үйлестіре білу; О. А. Абдуллина, Н.В. Кузьмина, Л. Д. Столяренко және т.б ғалымдар  білім беру саласында жеке тұлғаға және ұжымға табысты әсер ету, өзін-өзі тәрбиелеу, өз білімін жетілдіру, өзін-өзі дамыту тұрғысынан қарастырды.  Жантану атауларының түсіндірме сөздігінде: «Ұйымдастырушылық қабілет дегеніміз – қандай да бір істі ұйымдастыруға бағытталған қабілет. Ұйымдастырушылық істерді басқару мен ұйымдастыру саласындағы орналастыруды, қорларды жұмылдыруды,  ортамен байланысты, тәлімгер мен білім алушылардың өзара әрекеттестігін қамтамасыз ететін шығармашылық қабілет» -деп анықтама берілген [6].

Н.В. Кузьмина ұйымдастырушылық қабілет әр түрлі қызмет түрлеріне белсене араласу деген. Оның пікірі бойынша ұйымдастырушылық жұмыс, оқу қызметінен басқа, ұжымдық, еңбек, сондай-ақ, қоғамдық пайдалы қызметтерді қамтиды [7].

Студенттердің ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастыру қазіргі заман жағдайындағы ұзақ және қысқа мерзімді стратегиялық міндеттерге сәйкес әкімшіліктің басшылығымен мақсатты жүзеге асырылатын ұзақ үрдіс. Сондықтан ұйымдастырушылық қабілетті қалыптастыру сапасы ЖОО-дағы студенттік топтардың өзара қатынасына, студенттің ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіруге және оның диагностикасына байланысты. Осыдан студенттер ұжымының ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастыру бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі демекпіз.

Жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектеріне талдау жасай отырып, біз студенттің ұйымдастырушылық қабілетінің төмендегідей құрылымын анықтауға тырыстық:

 - ерік – жігерлік (дербес шешім қабылдау, оны орындау жауапкершілігінің болуы);

- жобалаушылық (өзін-өзі дамыту және өзін-өзі жетілдірудің жолдары мен әдіс-тәсілдерін анықтай алу, өз шешімінің салдарын болжау, уақыт бойынша бағдарлану және өзінің іс-әрекеттерін жоспарлау біліктілігі); 

- коммуникативтік (іскерлік қарым-қатынасты жүргізе білу, қарым-қатынаста серіктесінен алған ақпаратты адекватты қабылдау және өзінің ойын жеткілікті түрде сауатты, дұрыс ғылыми тілде түсіндіру);

- бақылау – бағалаушылық (өзінің және басқалардың іс-әрекетінің барысы мен  нәтижесін және дәрежесін бағалау). 

    -  өзіндік позициясының болуы;

Демек, ұйымдастырушылық қабілет тұлғаның өзін-өзі танытуы, қоршаған әлемге  қатынасы және білім, идея, көзқарастарының ықпалдасқан кешені.

Қорыта келе, қазіргі заманғы білім беру модернизациясы міндеттерін шешу және оны дамыту стратегиясында студенттің ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастырудың маңызы зор.  Сонымен, ұйымдастырушылық қабілет иесі деп – өз міндеттерін тиянақты атқаратын, мәселелерді дұрыс шеше алатын, топтық жұмыстарға үнемі белсенділік  танытып, топ мүшелеріне  көмектесіп, алға жылжуға серпіліс беріп отыратын студенттерді айтуға болады. Олар тапсырмаларды орындау барысында   үнемі көзге түсіп, дербестігімен ерекшеліеді.

Пайдаланған дерек көздері

1.       Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заң. - Астана: Ақорда,  2007. – №319-ІІІ ҚРЗ.www.edu.gov.kz.

2.       Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – Астана, 2010.

3.       Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасы. ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 22 қыркүйектегі №998 қаулысы.

4.       Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың (Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»  Қазақстан халқына Жолдауы 2015 жыл 30 қараша

5.       Намазбаева Ж.И. Психология. – Алматы, 2005. Prints баспасы

6.       Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. - 384 бет. 

7.                Ковыляев К.Н. Гуманитарная среда вуза как фактор формирования и развития личности// Методология и теория педагогики и психологии. – Серия Педагогика и психология. – 2013. - №1 (2).