МАЛИКРАМОВА А.Р.

Семей қ. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Психология» мамандығының 3 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ЕДІГЕНОВА А.Ж.

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік  университетінің психология кафедрасының доценті, п.ғ.к.

ДІН ЖӘНЕ ДІНИ САНА ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ

Дін мәселелері-қандай заманда болсын, қоғам мен мелекет үшін аса маңызды күрделі мәселелердің бірі. Кеңестік иделогия қирағанға кейін діннің қоғамдағы орны және атқаратын қызметі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қазіргі кезеңде дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы болып келеді. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда. Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап келеді. Ол дами келе адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Діни ұстанымдар негізінде қалыптасқан сенім адамның қоршаған ортамен, басқа адамдармен, қоғаммен қарым-қатынастарына әсер етті.

Қоғамның дінге деген түсінігінің әрқилы болғандығы тарихтан белгілі. Кейбір мемлекеттер бар дінді алға шығартып, соған сенуді әрбір адамзаттың міндеті ретінде санаса, кейбірінде халықтың құдай мен дінге деген сеніміне тұсау салынған. Ал қазіргі қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал етуі күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда. Діннің адамзат тарихында алар орны бар, діни санасы болмаған халық жоқ [1].

Дін – қоғамдық сананың бір формасы. Психологиялық тұрғыдан алғанда әлеуметтік психология бөлімі ретіндегі дін психологиясының негізгі объектісі сенушілердің қарапайым діни санасы немесе діни психология жалпы қарапайым сананың элементтерінің бірі болып табылады. Діннің пайда болуының әлеуметтік, гносеологиялық және психологиялық түп-тамырын бөліп көрсетуге болады.

Діннің гносеологиялық түп-тамыры. Адамдардың алғашқы діни сенімдері мыңдаған жылдар бұрын қалыптасқан және олардың санасындағы табиғатқа тәуелділіктің, құпия күштер алдындағы қорқыныш сезімі мен оған ықпал ету құралдарын іздеудің қиял-ғажайып бейнесі болып табылады. Сол себепті аңыздар пайда болып, мифологиялық сана қалыптасты, адамдар өздерінің діни тәжірибелерін рәміздер, рәсімдер арқылы бейнеледі.

Діннің психологиялық түп-тамыры. Зайырлы көзқарас тұрғысынан алғанда дін – мифологиялық алғашқы қауымдық сананың бір түрі. Діннің психологиялық түп-тамырын қарастырғанда факторлардың төрт тобын бөліп көрсетеді. Біріншіден, адам санасының абстрактты ұғымдарды қалыптастыруға қабілеті. Екіншіден, бұл ойлау мен әрекеттің түйсінілмеген компоненттері. Бұл Зигмунд Фрейдтің бейсаналылық ұғымымен тығыз байланысты. Үшіншіден, бұл адамдық эмоциялар. Қорқыныш сезімі, тазару, күнадан айығу діннің сезімдік, эмоциялық түбірі бар екенін көрсетеді. Соңында, төртіншіден бұл психологиялық дихотомия «біз және олар», барлық адамдар қауымдастығының қалыптасуының негізінде жатыр. Бұл жерде «олар» әрқашанда «бізден» күшті, ақылды, құдіретті болып көрінеді. Сол себепті адамдар түсініксіз жамандықтарды түсіндіре алмады, осының негізінде тотем психологиясы, фетиш, анимизм психологиясы қалыптасты.

Дін – әлеуметтік құбылыс. Оның пайда болуы, дамуы өткен мен қазіргінің арнайы қоғамдық жағдайларымен ерекшеленеді. Ал діни түсініктерде, бейнелерде, діни мәтіндерде қоғамдық қарым-қатынастардың арнайы түрлері, адамдық бірігудің ережелері өзгеше түрде кодталған. Әр түрлі нақты тарихи жағдайларда осы кодтар түрліше өзекті болып табылады.

Ішкі және сыртқы бақылауға негізделген адамның діни өмірі жайлы мәлімет беретін алуан түрлі жазбаша құжаттар, қағазға түсірілген диалогтар мен сипаттамалар дін психологиясының ғылыми тәсілдері арасында ерекше орын алады. Индивидтердің өмірі жайлы қағазға түсірген өмірбаяндары немесе басқа да адам тарапынан жазылған өмірбаяндар, естеліктері хаттар, саяхат жазбалары, т.б мәліметтерді зерттеу нәтижесінде діни тәжірибе мен әрекеттерге қатысты құнды мағлұматтарға қол жеткізіледі.  Діни өмір сүру мен әрекеттің құрылымы мен мазмұнын және осыған қатысты рухани функциялар мен үдерістерді біртұтас қарастыратын дін  психологиясы психологияның барлық салаларына ортақ ғылыми әдістерді қолданады.

Дін – бұл мәдени, әлеуметтік және тұлғалық жүйені қандай да бір мәнді, мағыналы тұтастыққа біріктіретін адамдық феномен. Барлық бұл элементтер қоғамның өзгеру және даму процестеріне ықпал ететін құрылымға ұйымдастырылған. Дін-адамға өмірді түсінуге, түсіндіруге және белгілі бір жағдайда реттестіруге көмек беретін сенімді қамтиды. Сенім дегеніміздің өзі қандай да бір объектіге, жағдайға, принципке немесе тіршілік иесіне өмірдің мәні мен құндылықтарын жинақтаушы ретінде сенуді қамтитын индивидуалды феномен.

Адамның діни өлшемін зерделеу- оның жан дүниесіне тән барлық қырларын қарастыру болып шығады. Дін адамның жан дүниесіне көп ықпал ететін ерекшелікке ие.  Дін өмір сүруді сезімдер, ойлар мен түсініктер, қалаулар мен идеялар, әрекеттер, мерекелер, әлеуметтік қатынастар, моральдық және эстетикалық әрекеттер сияқты адамды зерделейтін барлық рухани кезеңдер ішінен қарастыруға  болады. Адамның дінге бет бұруы оны жан дүниесіне бағыттап, біртіндеп адамдық келбетіне икемденуі және бүкіл әрекеттерінде діннің ықпалын бейнелеуі тұрғысынан дін психологиясы адамдық болмыстың барлық жағын қамтиды[1;2;3;4].

Қоғамның жұмыс істеуінің және дамуының маңызды саласы болып оның рухани өмірі табылады. Ол адам өмірінде жағымды рухани атмосфераны және жақсы психологиялық-адамгершіліктік климатты қалыптастырады. Қоғамның рухани өмірінің негізін рухани іс-әрекет құрайды. Оны адамның белгілі бір ойлары мен сезімдері, табиғи және әлеуметтік құбылыстар туралы түсініктер мен бейнелер ретінде туындайтын сананың іс-әрекеті ретінде қарастыруға болады. Бұл іс-әрекеттің нәтижесі ретінде адамдардың әлемге, ғылыми идеялар мен теорияларға, адамгершіліктік, эстетикалық және діни танымдарға деген белгілі көзқарастары көрініс табады. Олар адамгершіліктік қағидалар мен мінез-құлық ережелерінен, халықтық және кәсіби шығармашылық туындылардан, діни рәсімдерден, салт-жоралардан және т.б. байқалады.

Діннің барлық әлеуметтік институттар сияқты салыстырмалы тұрақты және консервативті білім екендігіне қарамастан, ол қоғамдық тұрмыстың өзгермелі жағдайларына бейімделгіш болып келеді. Ғылыми-техникалық прогрестің өсімімен, әлеммен байланыстылығы, қоғамның өмір тіршілігінің түрлі салаларындағы жаhандық трансформацияларымен сипатталатын қазіргі кезең діни салаға өзіндік әсерін тигізді. Діннің сыртқы бейнесі алғашқы кейпінде сақталған болса, ал сана тұрғысында ол біршама өзгерістерге ұшырады. Діни сана мәселесінің өзектілігі бірнеше объективті факторлардан туындайды. Әлемнің барлық елдерінде дінге сенушілердің көп болуына қарамастан, діни сананың күшімен шешілмейтін көптеген қарама-қайшылықтар туындап жатыр. Діни сананың негізінде діни идеологияның негізгі элементі болып табылатын діни сенім, діни оқуларға толық сенім білдіретін бір Құдайға сенуге негізделген тылсым күштерге ие құбылыстарға деген сенім қалыптасады.

Адамның жануардан ерекшелігі де өткенін саралап, болашаққа жоспарлар құрудан тұрады. Мұның барлығы тікелей адам санасымен байла- нысты. Адам санасының жиынтығын құраушы қоғамдық сананы экономикалық, саяси, діни, құқықтық, философиялық, адамгершіліктік, эстетикалық және т.б. деп бөліп қарастыруға болады.  Соның ішінде діни сана мәселесінің өзектілігі бірнеше объективті факторларды тудырады. Әлемнің барлық елдерінде дінге сенушілердің көп болуына қарамастан, діни сананың күшімен шешілмейтін көптеген қарама-қайшылықтар туындап жатыр. Социализмнің құлауына байланысты коммунистік идеология өзіндік ықпалынан айырылып, оның орнына құрылған қазіргі жүйе әлі де толық орнай қойған жоқ.

Дамудың кез келген деңгейінде адамдар танылған және танылмаған, белгілі және белгілі емес мәселелермен соқтығысады. Осының негізінде ғылым өзінің жұмысын жалғастырып, қазіргі уақытқа лайықты шешімдер табуға жұмыс істейді. Дін мәселесіне келгенде көптеген түсініксіз нақты емес жайттар орын алады. Оның нәтижесі жоғары күшке деген сенімнен туындайтын мифологиялық немесе діни түсініктерге келіп тоқталады. Сонымен, тарихи дамудың белгілі кезеңдерінде қоғамдық сананың бұқаралық түрі ретінде дін орын алды. Фейербах бойынша діни түсініктің тамырын адам өмірінің жағдайы мен олардың санасының өзіндік түсінігінен іздеу керек; дін адам өмірін екі арнаға бөліп тастайды, яғни шынайы өмірмен қатар қияли өмір туындайды және екіншісі біріншісіне үстемдік етеді. Бұл анықтама дінді түсіндірудегі ең жеңіл түрі болып табылады. Бұл анықтамада діннің әлеуметтік тамыры, сондай-ақ діни сананың негізгі белгісі – жоғарғы күшке деген сенім қысқартылып көрсетілген. Жоғарғы күшке деген сенім діннің тарихи дамуының әр түрлі кезеңдерінде түрлі формада көрініс тапты. Алғашқы қауымдық қоғамда жануарлар мен табиғат күштерін құдайға теңестірді, ал таптық қоғамға өтуде антропоморфтты дін орын алды [5;6].

Жалпы алғанда, діни санаға қатысты барлық мәселелер қоғамның, адам өмірінің өзгергендігін және олардың жаңа рухани құндылықтарға ұмтылып жатқандығын көрсетеді. Діни сана жаңа, жиі күтпеген және үйренбеген формаларда көрініс табуда. Діни сана адамдардың жер бетіндегі қарама- қайшылықтарын мінсіз шешетін арғы дүниенің бар екендігін мойындайды.

Діни сананың ерекшелігі – оның сенімге негізделуі. Діни сананы фантастикалық елестердің шынайы келбеті ретінде де анықтауға болады. Діни сананың негізгі қырлары болып сезімдік көрнекіліктер, мазмұнның адекватты шынайылығының елес, сенім, нышан, эмоционалды толыққандылығы мен бірігуі табылады. Діни сананың негізгі біріктіруші элементі болып діни сенім табылады. Сенім адамның ерекше эмоционалдық- психологиялық күйі және сонымен қатар барлық адамзатқа тән оның қоршаған ортадағы белгілі бір құбылыстарға деген қарым-қатынасы. Діни сана әділетті өмір туралы сана ретінде қалыптасты. Діни мәселелер адамгершілік мәселелерімен тығыз байланыста болды. Дінді білмейтін халық жоқ. Яғни діни сананың пайда болуы мен дамуы нақты мәндік мазмұнға тәуелсіз, адамның рухани қажеттіліктерімен байланысты. Діни сана діни іс-әрекет, діни қарым-қатынастар және ұйымдармен қатар дін құрылымындағы элемент болып табылады. Діннің элементтері мен құрылымы адамзат тарихындағы процестерде пайда болып, өзгеріп отырды

Діни сана – ол адамның белгілі бір діни идеялар мен құндылықтарға қатысы болуы, сонымен қатар қандай да бір дін мен діни топтарға жатуы. Діни сана адам өмірінің әр түрлі кезеңдерінде және түрлі жағдайларда қалыптасуы мүмкін. Бұл адамның діни қарым- қатынастар жүйесіне кіріктірілуі мен діни идеялар, құндылықтар, эмоционалды нормаларды қабылдау арқылы жүреді. Көп жағдайда діни сана отбасылық орта (діни отбасындағы тәрбие) мен айналасындағылардың, сонымен қатар дінді үгіттеушілердің және т.б. әсері арқылы қалыптасады. Кей жағдайда адам ішкі күйзеліс (немесе дағдарыс) нәтижесінде эмоционалдық және психологиялық таңдауы арқылы «сенушілер» қатарына қосылып жатады. Мұнда көп нәрсе тұлғаның индивидуалды ерекшеліктеріне байланысты болып келеді. Бұл процесті діни тәжірибе деп атайды. Қоғам мен мемлекетімізге әлемнің ғылыми бейнесін елестете алатын, білімді азаматтар қажет. Сонымен қатар адамдардың санасын қажетті адамгершілік шеңберінде ұстап тұрушы рөлін атқаратын дін де сақталып келеді. Дін сенушілердің мінез-құлқын белгілі бір деңгейде анықтайды. Қазіргі ғылым діннің негізгі догмаларын жоққа шығарады. Бірақ дін өзгеріп тұратын жағдайларға иілгіш және тез бейімделеді. Діни сананың сақталу себебі болып ғасырлар бойы сақталып келген және адамдардың тұрмысына толығымен енген дәстүрлердің тұрақты болуы да табылады. Үлкен рөлге адамдардың өміріндегі маңызды жағдайлармен байланысты діни орындарда өтетін салт-жораларға ие (адамның дүниеге келуі, үйлену тойы және т.б.).

Діни сананың сақталуы салттық мәдениеттің эстетикалық тартымдылығымен, діни сезімдердің эмоцияға толы болуымен, мейірімділік пен әділеттілікке деген сенім сезімдерімен байланысты. Діннің сақталуына және кеңейтілген әсеріне адамдардың жүректеріне жол іздеуге тырысатын діни ұйымдардың (мешіт, медресе) белсенді іс-әрекеті септігін тигізеді. Мұндай жағдайда бейімделгіш және нақты әдістер қолданылады [1;4;5].

Діни сана дінге деген қажеттілік жоғалған жағдайда, оған деген сұраныс болмағанда, қоғамдық қатынастар жоғалған жағдайда ғана түбегейлі жойылуы мүмкін. Сөзсіз, қоғамның діни санасы индивидуалды діни сананың қалыптасуына  әсерін тигізеді. Қоғам мен адам жабайылықты жеңе отырып, өз дамуының маңызды жолдарын жүріп өтті және бүгін, өркениеттілік жағдайында адамдар  ар-ұят еркіндігі принципі  сақталуда.

Діни сана туралы ойды қорытындылай келе,  дін сананың басқа да түрлері сияқты қоғамдық қажеттілікке жауап ретінде пайда болған және ол оған деген сұраныс қаншалықты бар болса, соншалықты өмір сүретіні анық.

Әдебиеттер:

1. Дін психологиясының мақсаты / Өтепбергенова Т. //Қазақстан мектебі, 2015, №6.

2. Ольшанский Д. Психология масс. - Москва,  2010.

3. Мень А. История религии. В 7 томах. – Москва, 1991.

4. Жастардың діни психологиялық белсенділігінің негіздері / У. К. Шубаева // ҚазҰУ хабаршы. Философия сериясы, 2011, №2(37).

5. Дін және қоғам: «Ерен» дінтанулық кеңес беру орталығы» қоғамдық қоры /Құрастырған: А. Әбдірасілқызы. Т. Әбуов, М.Исахан, М.Муслимов., Астана, 2015.

6. Гараджа В.И. Социология религии. - Москва, 1996.