Биологические науки/2. Структурная ботаника и биохимия растений. 

Магистрант Жумабаева А.А.., к.б.н., доцент Дурмекбаева Ш.Н..

Кокшетауский государственный университет имени Ш.Уалиханова, Казахстан

 

Asteraceae Dumort. тұқымдасы кейбір өсімдіктерінің анатомиялық құрылыс ерекшеліктері

 

Соңғы жылдары өсімдіктер анатомиясы ғылымында зерттеулердің жүргізілуі үлкен қызығушылық туғызуда. Геоботаникалық, фитоморфологиялық және фитоэкологиялық зерттеулерде өсімдіктер қауымдастығына кіретін өсімдіктердің вегетативтік мүшелерін зерттеу маңызды екендігі айқындалады. Мұндай жұмыстардың нәтижелері өсімдіктер қауымдастығының, түрлердің кешенді сипаттамасын және өсімдіктердің тіршілік формаларын анықтағанда пайдаланылады. 

Осыған байланысты зерттеу жұмысымыздың мақсаты Asteraceae Dumort. тұқымдасы кейбір өсімдіктерінің анатомиялық құрылыс ерекшеліктерін анықтау. Зерттеу объектілері болып Artemisia serotina Bunge., Achillea millefolium L. өсімдіктерінің сабақтары мен жапырақтары алынды. Өсімдік түрлері Ақмола облысы, Көкшетау қаласы және Зеренді ауданы маңайындағы табиғи фитоценоздардан жиналды.

Asteraceae Dumort. тұқымдасы өсімдіктерінің тіршілік формалары кішігірім ағаштар, бұталар, лианалар, жартылай бұталар, көпжылдық және біржылдық шөптесін өсімдіктер. Жер бетінің барлық құрылықтарында кездеседі. Бұл ең көп таралған және жоғары деңгейде жетілген тұқымдастардың бірі. Түрлері тұқымы арқылы да, вегетативтік жолмен де өте жақсы көбейеді [1;2].

Бұтақтарына жапырақтары әдетте кезектесіп, сиректеу қарама-қарсы немесе топтасып орналасады, кейде олар жертаған түзіп қатты қысқарады. Көп жағдайда өсімдіктен бөлініп шығатын әр түрлі заттар жиналатын қуыстары болады: сүт жолдары, схизогенді смола жолдары. Клеткаларында инсулин жиналады. Тұқымдасқа тән белгі гүлшоғыры себет, сырт қарағанда гүлге ұқсас [1;2].

Күрделігүлділердің шаруашылықтағы маңызы аса зор. Олардың ішінде аса құнды тамаққа пайдаланатын, татымды дәмі бар, дәрілік, бояулық, сәндік, хош иісті өсімдіктер аз емес. Көптеген түрлері өсімдіктердің компоненттерінің бірі болып табылады, ал кейбіреулері өте қиын, күресуге бой бермейтін арамшөптер [1;2].

Сабақтың және жапырақтың ортаңғы бөлігінен анатомиялық кесінділер даярланды, қалыңдығы 10 – 15 мкм,  барлығы  60  уақытша препараттар даярланды. Өсімдіктер мүшелері Страсбургер -Флемминг әдісі бойынша фиксацияланды.

Анатомиялық зерттеуде сызықтық өлшеуге арналған окулярлы микрометр (окуляр х 15, объектив х 8) қолданылды. Өсімдіктер жалпыға бірдей қабылданған ботаникалық әдістер арқылы зерттелді [3]. Анатомиялық құрылысын сипаттауда Эзау К. (1980) [4], математикалық өңдеуде Г.Ф.Лакин [5] еңбектері қолданылды.

Artemisia serotina Bunge. Сабағының көлденең кесіндісі эпидермис, алғашқы қабық және орталық шеңберден тұрады. Эпидермистің астыңғы жағында колленхима клеткаларының жиынтығы орналасқан. Алғашқы қабықты 4-5 қатар паренхима клеткалары түзеді. Сабақтың ортаңғы бөлігі болғандықтан, арқаулық талшықтар шоғының үстіңгі жағындағы эндодерма өте анық байқалады. Арқаулық талшық флоэманың жоғарғы жағында дискретті шоқ ретінде дамыған. Өткізгіш шоқ флоэма, камбий, ксилемадан тұрады, яғни ашық коллатеральды. Өзек паренхималары – жұқа қабықшалы, ірі.

      Artemisia serotina Bunge. Жапырағының көлденең кесіндісі эпидермис, мезофилл және өткізгіш шоқтардан түрады. Жапырақтың жоғарғы және төменгі эпидермис клеткалары пішіні жағынан ұқсас, клетка қабықшалары әлсіз иректелген немесе  әлсіз толқынданған. Устьицаның кездесуіне байланысты гипостоматикалық жапырақ болып саналады. Устьицалар  - аномоцитті. Түкшелер көп клеткалы жай және безді болып бөлінген. Жапырағы – изолатеральды, эпидермистен кейін 2-3 қатар болып бағаналы мезофилл клеткалары орналасқан. Олардың аралығында 3-қатарға дейін борпылдақ мезофилл клеткалары дамиды. Өткізгіш шоқ – коллатеральды, склеренхима клеткаларымен қоршалған. Жапырақ ұлпасы тығыз емес, клетка аралықтары бар.

 

 

 

  

 

 

1- сурет.  Artemisia serotina Bunge. өсімдігінің анатомиялық құрылысы      А-сабағы, В-жапырағы

Achillea millefolium L. Сабағының көлденең кесіндісі эпидермис,   алғашқы қабық   және  орталық  шеңберден  тұрады  (2-сурет, А). Эпидермистің астыңғы жағында колленхима клеткаларының жиынтығы орналасқан.  Алғашқы қабықты 4-5 қатар  паренхима клеткалары түзеді. Сабақтың  ортаңғы  бөлігі  болғандықтан,  эндодерма  (крахмалды  қынапша)  өте  анық  байқалады. Өткізгіш шоқ флоэма, камбий, ксилемадан  тұрады,  яғни  ашық  коллатеральды. Өзек  паренхималары – жұқа  қабықшалы, ірі. Алғашқы  қабық  қалыңдығы – 36,41 ± 1,28  мкм,  өзек  паренхималарының  мөлшері -  32,40 ± 1,28 / 29,73 ±0,89 мкм. Ксилема  түтіктерінің  ауданы 1,70 х10-3   ± 0,24 мм 2  болды.

Achillea millefolium L.  өсімдігі жапырағының   көлденең  кесіндісі  жоғарғы  және  төменгі  эпидермис, ассимиляциялық  ұлпа- мезофилл  және  өткізгіш  шоқтардан  тұрады ( 2 - сурет, В).  Жапырақтың   жоғарғы  және  төменгі   ұзынша  келген эпидермис  клеткалары  пішіні  жағынан  бір-біріне ұқсас,  клетка  қабықшалары  әлсіз  иректелген. Устьицалардың  кездесуіне  байланысты  амфистоматикалық  жапырақ  болып саналады. Устьица  аппаратының  типі- аномоцитті.  Жапырағы – изолатеральды,  эпидермистен  кейін  2-3  қатар бағаналы мезофилл  клеткалары  орналасқан. Олардың  арасында   борпылдақ  мезофилл клеткалары  дамиды. Жапырақтың  бағаналы  мезофилл  қалыңдығы – 34,64 ± 0,67 мкм, ал  борпылдақ  мезофилінің  қалыңдығы -24,43 ± 0,83 мкм.  Ортаңғы  жүйкені склеренхима  клеткаларымен  қоршалған  ірі,  коллатеральды  өткізгіш  шоқ  түзеді. Жапырақтары  жүйкесіне  дейін  бөлінгендіктен ортаңғы  бөлімінде  3  өткізгіш  шоқ  орналасқан, оның  ортаңғысы- ірі. Ірі өткізгіш  шоқтың  аудан - 82,69± 0,42 х 10-3 мм 2 .

 

                  

 

 

 

 

 

Achillea millefolium  L. өсімдігінің анатомиялық құрылысы. А- сабағы, В-жапырағы.

Сонымен Asteraceae Dumort. тұқымдасының  Artemisia serotina Bunge.,  Achillea millefolium L. өсімдіктерінің анатомиялық құрылысындағы ерекшеліктері және биометриялық көрсеткіштері анықталды. Зерттеу нәтижелері бойынша Asteraceae Dumort. тұқымдасы өсімдіктерінің анатомиялық құрылысы әрбір туысқа тән белгілердің болуымен ерекшеленеді.

 

Әдебиеттер:

1.     Әметов Ә.Ә. Ботаника. Алматы, 2005.-424с.

2.     Мухитдинов Н.М., Бегенов А.А., Айдосова С.С. Өсімдіктер морфологиясы мен анатомиясы. Алматы, 2001.

3.     Прозина М.Л. Ботаническая микротехника. М.: 1960. -208 с.

4.     Эзау К. Анатомия семенных растений. М.: Высшая школа. 1990. -352 с.

5.     Лакин Г.Ф. Биометрия. – М.: Высшая школа. – 1990. – 352 с.