ЭКОЛОГИЯЛЫҚ   ҚАУІПСІЗДІККЕ   ҚОЛ СҰҒАТЫН ҚЫЛМЫСТАР  ТУРАЛЫ  ЗАҢНАМАНЫҢ  ДАМУ  ГЕНЕЗИСІ

Қаражанов М.Д.

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы,

ph.D докторы

Ахметова А.Ж.

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құқықтану кафедрасының аға оқытушысы,

заңтану магистрі

 

Адамзат дамуының алғашқы кезеңдерінде табиғатты қорғау нормалары қарапайым заң бойынша дәстүрге негізделіп белгіленген. Мысалы, ежелгі тайпалардың бірі, Орта Африкада Итури өзенінің жағасында мекен еткен бамбути тайпасында жалпыға бірдей бекітілген тәртіпті бұзу маңыздылығына қарай келесідей бағаланған: 1) балаларға қарсы қатігездік; 2) адам өлтіру; 3) жабайы жануарларға негізсіз қатыгездік көрсету; 4) ата-ана мен үлкендерге құрмет көрсетпеу; 5) ауырған немесе жарақат алған адамға көмек көрсетпеу; 6) асты бүлдіру; 7) ағын суларды ластау; 8) дуалау; 9) азғындық; 10) аңшылық кезінде қорқақтық таныту; 11) әйелін немесе күйеуін ұру; 12) үлкен ағаштарды кесу; 13) құдайға тіл тигізу; 14) ұрлық; 15) «өмірді тудырушы» ретінде қарастырылатын, жұмыртқаларды жеу; 16) жала жабу. Бұл 16 қылмыстың 4 – еуі экологиялық болып табылады. Бұл қылмыстар үшін аталған халықтың экономикалық, мәдени дамуына сәйкес топпен бірге аңға шығуға тыйым салу, экваторлық орманда өлумен тең болатын топтан қуу сияқты ең қатал жазалар қолданылған. Мал шаруашылығымен айналысқан Алжир мен Мали Туарегтер үшін келесі тәртіп бұзушылықтар үшін қатал жазалар қарастырылған: шөптер енді шығып келе жатқанда мал жаю, бір басқа арналған жайылымнан көп жер алу, бұлақтарды ластау, талдар мен ағаштарды кесу [1,15].

Егіншілікпен айланысатын елдерде егін уақытында әскери әрекеттерге тыйым салатын жазылған заңдар болған. Бұл заң тек әр түрлі шаруашылықпен айланысатын елдер арасындағы соғыстарға әсер етпеген. Сонымен қатар, жауынгер көшпенділер экономикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер ету үшін шабуыл жасау үшін егін уақытын таңдайтын. Кейіннен осындай халықтық тәжірибе Орыс шындығы, Саликалық және т.б. Еуропа елдеріндегі заңнамалары, ұлы мәскеу княздарының жарғылары, Тайхоре жапон заңнамасы, «Гуань-цзы» қытай трактаты, «Фытх Ныгест» эфиопиялық заңнамалық жинақтары сияқты заңнамалық актілерге бекітілген. Табиғатты қолданудың дәстүрлі нормаларын бұзу, жеке басқа қарсы қылмыстар сияқты қатаң қудаланып, жазаланған.

Табиғатты қолдануға қатысты бірінші заңнамалық актілер б.з.д. ІІ мың жылдықтардан басталған. Вавилонның Хаммурапи патшасының тасқа қашалып жазылған заңына ( б.з.д. ХVІІІ ғ.) сәйкес платиналар мен арықтарды бұзғаны үшін қатаң жаза қолданылып, ал жеміс ағаштарын кескені үшін төленетін айыппұл адам денесіне өлімге әкеп соғатын ауыр жарақат салу құнымен бірдей болған [2].

Қытайда б.з.д. І мыңжылдықтың өзінде табиғатты қорғау саласына қатысты заңдық қаулылар «Гуань-цзы» (б.з.д. VІ –ІІІ ғасыр) және «Сюнь-цзы» (б.з.д. ІІІ ғасыр) жинақтарында рәсімделген. Оларда көктемде жас бұғыларды өлтіруге, өсімдіктердің бұталарын жұлуға тыйым салынған, аң аулау жылдың белгілі бір мезгілдерінде ғана рұқсат етілген. Мемлекет ағаштар мен өсімдіктерді гүлдеу кезінде, тасбақалар мен балықтарды жұмыртқа салу мен уылдырық шашу кезінде қорғауға, саз балшықтарды сақтауға және табиғи тепе-теңдікті сақтау үшін тау баурайларында орман отырғызуға міндетті болған. «Гуань-цзы» жинағы қоғамның бүкіл өмірінің мезгілдік өзгерістеріне сәйкес реттелген. Сонымен қатар, көктемде каналдар мен шұңқырларды тазалап қана қоймай, жолдар, егістіктерді қалыпқа келтіріп, қылмыскерлерді кешіру де жазылған. Жазды күні алқаптағы жұмыстан басқа, ескі дәндерді тарату ұсынылған, ұшып жүрген құстарды өлтіруге тыйым салған. Күзде егіс жинау, азық-түлік және отын қорын жинау, мүлікті тексеру керек болған. Ал қыста жетімдерге, қарттарға қамқорлық көрсету, құрбандық шалу басқару жүйесін жетілдіру және т.б. шаруалар атқару керек болған.

Он екі кесте ежелгі Рим Заңдарында заңсыз кесілген ағаш үшін 25 мыс тиын төлеу қарастырылған. Үндінің б.з.д. ІІ ғасырынан б.з. ІІ ғасырына дейін болған Ману Заңында табиғи байлықтарды, аңдарды, құстарды сату, суды ластау және т.б. табиғатқа зиян келтіруді жақтамаған. Кез келген тіршілік иесін өлтіру «жаманшылық шақыратын қылмыс», «аспандағы мекен ету үйлесімсіздігі» ретінде қарастырылған. Эфиопияның «Фытх Ныгест» жинағында өзен балығын, құстарды, жабайы жануарларды сатуға тыйым салынған; таудың етегіндегі суармалы егістікке келетін ағын суға кедергі келтірмеуге шақырған. Ортағасырлық Еуропада VІ ғасырдың басындағы Сали заңдылығында ағаш кесуді қоғамға қауіпті әрекет ретінде қарап, орманды қорғауға шақырған. Англияда ХІІ ғасырда «орман заңнамасы» «қорғалатын орман» мәртебесін бекітті. Сол жүзжылдықта неміс княздары аңшыларды қорғауға алды, «ау құрып, қақпан қоятындардан басқаларын: олар ешжерде және ешқашан бейбітшілікке ие бола алмайды». ХІХ ғасырда Англияда жануарларды мертіктіру мен орман ағаштарын кескені үшін өлім жазасына қиған.

Осыған ұқсас заңдар Ресейде де қолданылған. Орыс шындығында (ХІ-ХІІ ғасыр) ағаш қуысындағы ара ұясын бүлдіргені үшін немесе жойғаны үшін айыппұл төлеу қарастырылған. XVII ғасырда табиғатты қорғауға қатысты 20 шақты заң қабылданған. 1635 жылы Ресейге тайга аудандары (солтүстік – шығыс аудандары, Приуралье және Зауралье) қосылғаннан кейін патша жарлығымен құндыз бен кәмшатты қақпанмен аулауға тыйым салынды. Бұл заңды бұзғандарға айыппұл төлетті, дүре соқты және қамауға алды. Шіркеу заңдар жинағында 1649 жылы да табиғатты қорғау нормалары енген. Ол талаптарды жалпы, патшалық және мемлекеттік (қазыналық) деп бөлген, онда еркін аңшылыққа тыйым салынған. Патша дастарханына арналған балықтың түрі, көлемі мен саны анықталды, қазып алынатын байлықтардың (тұз, топырақ) қазу мен өңдеудің жылдық көлемі анықталды. Жинақтың Х тарау 223 бабында орманды жою немесе қасақана өртеу, егер жануарлар мен өсімдіктерге залалын тигізген жағдайда, абайсызда өртесе де жауап беретіні айтылған. Бұл тарауда аяушылық түрдегі аулау құралдары туралы да айтылған: жиі үлкен ау, темір қақпан, құс аулауға арналған білтелі мылтықтар қолдануға тыйым салынған. Бұл ережелерді бұзғаны үшін келесідей жазалар қабылданған: айыппұл, қамшы мен дүре соғу, кейбір жағдайларда өлім жазасын да кескен. Петровскийдің бұйрығына сәйкес XVIII ғасырдың басында кеме жасауға жарайтын ормандарды тіркеуге алды; кейбір ормандар мен кейбір ағаш түрлері қорық болып жарияланды; өзен бойындағы ағаштарды жоюға тыйым салды. ТМД елдері аумағында қоршаған ортаны қылмыстық-құқықтық қорғау объектісі ретінде ХІХ ғасырда ерекшелеп көрсетті. Оған дейін экологиялық деп атауға болатын жекеленген нормалар ғана кездесті. Мысалы, Шіркеу заң жинағында 1649 ж. (Х тарау 223 бап) орманды жою немесе қасақана өртеу, егер жануарлар мен өсімдіктерге залалын тигізген жағдайда, абайсызда өртесе де жауап беретіні айтылған.

Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін, заңнаманың кейбір бөліктері соның ішінде қылмыстық және экологиялық заңнамалар Қазақстан аумағында да қолданыла бастады. Заң жинақтарында қылмыстық және түзету жазалау шаралары туралы 1845 ж. «маңызсыз қылмыс» санатына «Қазына орманы туралы жарғыны бұзу туралы» (ІХ тарау, VII бөлімі), «Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қаулыларына қарсы қылмыс пен тәртіпсіздік туралы», «Өрттен сақтану ережелерін бұзу туралы» және т.б [3,304]. Аталған заң бұзушылықтардың көпшілігі әлемдік соттар тағайындайтын қаулыда 1864 ж. көрсетілгенін айта кеткен жөн: 52 бап – өзендерді, каналдарды, бұлақтарды оларға тас, топырақ және соған ұқсас нәрселерді тастау арқылы, судың бүлінуіне әсер етпей ластау (жазасы 10 сомға тең ақшалай айыппұл), 57 бап – рұқсат етілмеген жерде, рұқсат етілмеген кезде, рұқсат етілмеген түрде немесе жазылған ережелерді сақтамай аң аулау, сондай-ақ, балық және т.б аулау, құстардың ұясын бұзу, жабайы құстарды сату (25 сомға дейін ақшадай айыппұл), 77 бап - каналдар мен өзендер арқылы ағаштарды ағызу (50 сомға дейін ақшалай айыппұл); порттағы кеме тоқтайтын жерге, кеме жүзетін арнаға, айлаққа балласт тастау (100 сомға дейін айыппұл, қайталаған жағдайда 30 күнге дейін қамауға алу немесе 300 сомға дейін айыппұл), 85 бап – балықшылардың өзендер мен каналдарды ластауы немесе жағаны ластауы (25 сомға дейін ақшадай айыппұл), 111 бап – ауызсуды зығыр мен сора малу арқылы ластау,халықтың денсаулығына залал келтіруді ойламай, лас немесе зиян нәрселерді лақтырып немесе құю (7 күнге дейін қамау немесе25 сомға дейін ақшадай айыппұл),112- малдардағы пайда болған індетті жасыру немесе малды індеттен сақтаудың алдын алу шараларын сақтамау (1 айға дейін қамау немесе 100 сомға дейін айыппұл), 154 бап – өздігінен орман ағаштарын кесу (кесілген ағаштың екі есе құны, екінші рет қайталанған жағдайда сол айыппұл мен 1 айдан 6 айға дейін қамауға алу) [1,16-17].

Қазақстанда да күші болған 1903 жылғы Қылмыстық Заң жинағында, 9-11 тарауларда келесі құрамдар қарастырылған: 220 – суды ішуге жарамсыз ететін заттарды суға салу, лақтыру, құю арқылы ішуге арналған немесе суаттағы суды бүлдіру (1 айға дейін қамау немесе 500 сомға дейін айыппұл), 243 бап – үй жануарларының жұқпалы, жаппай індет ауруларын жасыру, ауылшаруашылық өсімдіктер немесе отын немесе жидек ағаштарын бүлдіретін жануарлар мен құрт – құмырсқалардың пайда болғанын жасыру (1 айға дейін қамау немесе 100 сомға дейін айыппұл), 244 бап - заңда бекітілген немесе міндетті қаулыдағы ауылшаруашылық өсімдіктер немесе отын немесе жидек ағаштарында пайда болған жұқпалы ауруларды уақытында жеткізу міндетін атқармау (100 сомға дейінгі ақшалай айыппұл), 246 бап – рұқсат етілмеген жерде, рұқсат етілмеген уақытта, рұқсат етілмеген түрде немесе жазылған ережелерді сақтамай балық және т.б аулау (25 сомға дейін айыппұл, кәсіби себептерде кәсіби түрдегі әрекет немесе улау, жару – 1 айға дейін қамау немесе 100 сомға дейін айыппұл ), 247 бап – аң аулау -  1) бекітілген аң аулауға арналған куәліксіз, 2) басқа біреудің аң аулау куәлігімен, 3) сол уақытта рұқсат берілмеген құсты аулау, 4) рұқсат етілмеген түрде (1 бойынша 25 сом айыппұл, 2,3,4 – 100 сом), 248 – тыйым салынған құстар ұясын бұзу немесе ұясынан жұмыртқаларды алып тастау (25 сомға дейін айыппұл), 250 бап – жабайы өгізді немесе ұрғашы бұғы, марал, жабайы ешкіні немесе осылардың бұзауларын аң аулау кезінде сою (әр жабайы өгізге - 500 сомға айыппұл, әр ұрғашы бұғы, марал үшін – 50 сом, жабайы ешкіні немесе осылардың бұзаулары үшін – 25 сом), 254 бап - тыйым салынған теңіз мысықтарын теңізде аулау немесе құрғақ жерде осы кәсіппен айланысу (қамау), 255 бап - орман қожайыны немесе орманды басқаруға берген адамның заңмен тыйым салынған жағдайда өсіп тұрған орман ағаштарын кесуі, ағаштың түбін аршу немесе жазылған ережелерді бұзу (жергілікті орман бағаламасына сәйкес кесілген немесе аршылған орман бағасына тең ақшалай айыппұл).

Барлық аудандарда экологиялық қылмыс үшін көбінесе мүліктік сипаттағы санкциялар қолданылатыны уақыт өте көрініп келе жатыр.

Экологиялық заң бұзушылықтардың қауіпті түрлерімен күресу шараларын анықтайтын Қылмыстық заңнама біздің ел аумағына қазіргі таңда  16 шілде 1997 жылы қабылдаған еді. Қазақстан Республикасы ҚК енгенше, кейбір баптар қылмыстық заңнаманың әр жерінде болған: ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін экологиялық қылмыстар өндіріс кәсібі туралы ережелерді бұзу туралы заңнамаға жатты, ал содан кейін мемлекеттің  табиғат шаруашылық мәні мүддесін бұзатын қылмыстарға жатқан. [4,23-24]. Негізінен табиғи ортаға зиян келтіретін қылмыстардың жиынтығы «Шаруашылық қылмыстары» тарауында,сондай-ақ, алдыңғы Қылмыстық кодекс табиғи байлықтарды олардың материялдық аспектісіне көңіл аудара отырып,  тонаудан қорғауға негізделген [5,206]. Экологиялық және жағымды қоршаған ортада өмір сүру  мүдделерінің экономикалық басымдылығын сипаттайды. Шаруашылық, әскери, ғылыми және т.б сұрақтарды шешкенде көбінесе адам денсаулығын қорғайтын, халықтың аман-саулығын қорғайтын заңнамалар еленбей қалады [6,28].  Сондықтан, 1922, 1926, 1959 жылдардағы заңдарда бар құрамдардың ішінде, 156 бап «Жер мен ауылшаруашылық жер – суларды заңсыз иелену», 158 бап «Суды өз еркімен басып алу», 159 бап «Су, жер, ауаны ластау», 163 бап «Заңсыз аң аулау» және т.б.

Қазақстандық қылмыстық заңнама тарихында Қазақстан Республикасы ҚК-сінде  бірінші рет  жеке «Экологиялық қылмыстар» тарауы  пайда болды. Бұл заңшығарушы қоршаған ортаға қылмыстық қол сұғудың қоғамға  қауіптілігін бағалап, адам өмірінің негізі мен елдің саулығын ойланбастан құртып жатқан адамдардың қылмыстық әрекетінің алдын алу шараларын қолға алғанын көрсетеді. Экологиялық қылмыстар жүйесі 18 шақты құрамнан тұрады. Оның ішінде экологиялық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстарға бес қылмыстар құрамдары жатады: ҚК-тің 277-280, 294 баптары.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.                Лопашенок Н.А. Экологические преступления: Науч.-практич. Коментарий. – СПб.: Пресс, 2002. – 802 с.

2.                Хрестоматия по истории государства и права зарубежных стран / Под ред. З.М. Черниловского. – М.: Юрид. лит., 1984. – 472 с.

3.                Уложение о наказаниях уголовных и исправительных. – СПб., 1845. – 592 с.

4.                Крастиньш У.Я. Преступления против природных богатств: Учеб. пос.  – Рига: ЛГУ, им. П. Стучки, 1987. – 71 с.

5.                Правовое регулирование прироохранительной деятельности: Учеб. пос. /Под ред. А.Я. Сухарева, В.Д. Ермакова. – М.: Юрлит., 1998. – 253 с.

6.                Дубовик О.Л. Экологические преступления: Комментарий к Главе 26 УК Российской Федерации. – М.: Спарк, 1998. – 351 с.