История/ 2.Всеобщая история
Кенжебаева
Ф, А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ, Тарих
мамандығының 4 курс студенті
Ғылыми
жетекшісі: Орынбаева К.Е. Қазақстан тарихы кафедрасының
аға оқытушысы
М.Х.ДУЛАТИДІҢ
«ТАРИХ-И РАШИДИ» ШЫҒАРМАСЫ
ЖАЙЫНДА
«Тарихи Рашидиді» Мырза Хайдар
1542-1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған. Ол «екі дәптерден»,
яғни екі үлкен бөлімнен тұрады. Біріншісінде
Мәуереннаһрдегі Шағатай әулеті құрған
мемлекеттің XIV ғасыр ортасына таман біржола ыдырап, екіге
бөлінуі Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс
бөлігіне беделді де белгілі тайпа - дулаттардың күшімен
дербес мемлекеттің негізі қалағаны жайлы баяндалады. 1348
жылы осы мемлекетке дулаттардың қолдауымен Тоғылық
Темір (1330-1362) хан болады. «Тарихи Рашидидің» бірінші дәптерінде
сөйтіп сол Тоғылық Темір ханнан өзін Жаркенттен кетуге
мәжбүр еткен Әбдірашид (1512-1560) ханға дейінгі
Моғолстанда екі ғасырға жуық уақыт арасында
болған түрлі тарихи оқиғалар әңгімеленеді.
Мысалы: Шағатай текті Шермұхаммед хан (1415қ.б.) мен
Уәйіс ханның (?-1429) Моғолстанның тағы
үшін болған қанды айқастары, Уәйіс ханның
тілегіне жеткені, оның қалмақтармен болған сансыз
соғыстары да баян етілді[,б.69]. Мырза Хайдар жазбаларының ішіндегі
ең қызықтысы - әрине, халқымыздың тарихына қатысты
мағлұматтары. Ғалым нағашы атасы Жүніс хан мен
Уәйіс ханның кенже ұлы Есенбұғаның
(1418-1462) билікке таласар тұстарын сөз еткен. Дешті
Қыпшақ әміршісі Әбілхайырдан көп қысым
көрген Жәнібек хан мен Керей ханның одан бөлініп,
Моғолстандағы Шу мен Қозыбасыға келуі,
Есенбұғаның оларды жылы қарсы алуы, соңыра
Әбілхайыр қайтыс болған соң оның ұлысынан
үдере көшкен елдің Жәнібек хан мен Керей ханға
келіп қосылуы жайлы айтуды да автор ұмытпаған. «Олардың
ұзын саны жүз мыңға жетті және оларды
өзбек-қазақ деп атай бастады. (Бірақ оны) Алла (бізден)
артық біледі»[2,б.65] - деп жазады Хайдар мырза. Сөйтіп,
қазақ халқының тарих сахнасына көтерілген кезі
1465 жыл екенін Мырза Хайдар шегелей көрсеткен. Одан әрі ол: «содан
қазақтар 940 (1533-34) жылға дейін Өзбекстанның
көпшілік бөлігін тұтастай биледі. Керей ханнан кейін
Мұрындық хан болды. Сонан соң Жәнібектің баласы
Қасым хан болды. Ол өз билігін Дешті Қыпшаққа да
жүргізді. Оның әскері миллионнан да көп еді. Жошы
ханнан кейін бұл үйден одан күшті хан шыққан
емес. Қасымнан соң оның баласы Мамаш хан болды. Одан кейін...
Таһир хан болды. Осы Таһир хан тұсында қазақтар
көп қиыншылықтарға ұшырады. Одан кейін оның
бауыры Бұйдаш хан болды... Қысқаша айтқанда,
Есенбұға ханнан бастап Рашид ханға дейінгі аралықта
моғолдар мен қазақтар тату-тәтті, тыныштықта
өмір сүрді, бірақ оны Рашид сұлтан» деп жазады ол. Ол
рас та еді. Өйткені Әбдірашид сұлтан қазақтардан
гөрі шайбандарға көп мойын бұрған, солардан
одақ іздеген[3,б.89].
Сөйтіп, қазақ
хандығының құрылуы мен тыныс-тіршілігі, өмір
сүрген ортасы һәм көршілерімен болған
қарым-қатынасы жайлы Мырза Хайдар секілді осылай жүйелі де
нақтылы жазған қаламгерлер кемде-кем-ақ. Ұлы
ғалым сондай-ақ өз жазбаларында көп ретте әдеби
тәсіл – шегініс жасауды да шебер пайдалана білген. Мысалы, ол Жүніс
ханның тақ үшін таласта жеңіліске
ұшырағаннан кейін Иран жаққа кетуі, соңыра
Моғолстанға оралған соң Мір Қажы
көншінің қызы Исан Дәулат бегімге үйленуі, Сыр
бойында Әбілхайырдың ұлы Бұрыж оғланмен
шайқасып, кейін Ташкентке келуі, шейх Жамалдың тұтқынына
түсіп қалуы, бірақ арада бір жыл өткен соң
дулаттардың шейх Жамалды өлтіріп, Жүніс ханды
құтқаруы, оның Моғолстанға қайтып
оралуы кино жолағындай рет-ретімен көз алдыңнан өте
береді. Оның ара-арасында Мырза Хайдар Жүніс ханның үш
қызының тұрмысқа шығуы, Әмір Темір
ұрпақтарының өзара қақтығыстары жайлы
да айтып өтеді. Одан кейінгі тарауларда Жүніс ханның
ұлы Ахмет ханның өмірі, қалмақтардың шабуы,
өзбек-қазақ мәселесі, Мырза Әбу Бәкір
Дулатимен болған соғысты сипаттауда да шеберлік таныта алған.
Ол не айтса да, қайсы тақырыпты сөз етсе де баяндап
отырған оқиғаға өз көзқарасын білдіре
кетеді[4,б.78]. Сөйтіп, ол Моғолстанның хандары, дулаттан
шыққан әмірлері мен бектері, онда өмір сүрген
түркі тайпаларының тыныс-тіршілігі, Әбілхайыр хан негізін
салған Дешті Қыпшақ мемлекеті, ханның өзі
және ұрпақтарының Мәуреннаһрде,
сондай-ақ қазақ хандары һәм сұлтандарымен
жүргізген соғыстары жайлы тәптіштей баяндаған. Мырза
Хайдардың бір ерекшелігі ол шындықты жазады. Аталмыш
авторлардың туындыларын ол Орталық Азия елдері мен оны мекен еткен
түрлі тайып, ру, ұлыстардың тарихын баяндағанда жазба
дерек-бұлақ көздері ретінде орнымен пайдаланған.
Сөйтіп ол «Тарихи Рашидидің» деректілігін, дәйектемелерінің
дәлдігі мен құжаттылығын арттыра түскен[4,б.23].
«Тарихи Рашидиде» тек тарих
ғана емес, сондай-ақ әдебиет пен тіл, мәдениет пен
өнер, әдет пен ғұрып, география мен этногеография
мәселелері де ұмыт қалмаған. Онда сондай-ақ
сөз болған ру, тайпалардың тіршілік-тынысы мен салт-санасы,
ауыз әдебиетінің үлгілері жайлы да әңгімеленеді.
Соған қарап «Тарихи Рашидиді» XIII-XVI ғасырдағы
Орталық Азия елдерінің белгілі бір дәрежедегі энциклопедиясы
деуге де болатын сияқты.
Әдебиет :
1.Ә.Дербісалиев.
"Қазақ даласының жұлдыздары" А.,1995.
2.Ә.Дербісәлиев.
"М.Х.Дулати - Өмірбаяндық-библиографиялық
анықтамалық"
А.,1999.
3.Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр. "Бабырнама"
А.,1993.
4.М.Х.Дулати. "Тарихи Рашиди" А., 2003.
5.К.Пищулина, Н.Ағытай.
"Тарихи Рашидидің" тәржімесі туралы.
//Қазақ
тарихы, 2004.