С.Қ.Әлімбаева, социол.ғ.к., З.С.Тоқбергенова, т.ғ.к.,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

 

Педагогикалық білімді жетілдірудің жаңа мүмкіндіктері

 

Қазақстанда білім беру жүйесін модернизациялау бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар мен олардың нәтижелері елімізде білім беру реформасының жаңа кезеңге өтуге бет алғанын көрсетті. Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты деп Жолдауда көрсетілген. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар.

Қазіргі таңда білім берудің әр түрлі деңгейіне арналған педагог мамандарды дайындау аса өзекті мәселенің бірі болып отыр. Білім мазмұны педагогика ғылымының дамуымен айқындала отырып, мектепке дейінгі  білім беруден бастап барлық деңгейлерді жаңарту үдерістерін қамтиды және қоғамның ағымдық және перспективтік қажеттіліктерін өтеуге қызмет етеді. Білім беру үдерісінің жаһандануы жағдайында қоғамда түбегейлі өзгерістер іске асуы қажет. Білім беруді жаһандандыру саясат пен әлемдік кеңістіктегі жаһанданумен теңесіп отыр.

Қазіргі заманғы білім беру ісі инновациялық, құзыреттілік көзқарастың жетекші қызмет атқаратытын көрсетіп отыр.

 Қазіргі таңда ТарМПИ білім беруді жаңартудың жаңа стратегиялық міндеттерін алға қойды.

Біріншіден, бүкіл  әлемде сапалы білімнің бағасы артып отыр. Әрбір қазақстандық «өмір бойы білім алуға» ұмтылуы тиіс, яғни «адам капиталы» - еліміздің ең маңызды стратегиялық  ресурсы ретінде айқындалып отыр. Педагогикалық білімді жетілдіруге деген қажеттілік уақыт талабы әрі ішкі заңдылықтармен анықталады.

Оқытудың жаңа парадигмасы негізіне адамның өмірі бойына қажетті Шындықпен, білім, іскерлік пен дағдылардың қажетті көлемін берумен қамтамасыз ету алынуға тиіс, яғни білім беру – жеке адамды қоғамдық жалпылық деңгейіне жеткізу болмақ.

Екіншіден, педагогикалық мамандықтар бойынша білім бағдарламаларының ең басты ерекшелігі – құзыреттіліктерді дамытуға бағытталуы. Еңбек нарығы ЖОО түлектерінің ғана емес, мектеп оқушыларының бойында да құзыреттіліктердің қалыптасуын талап етіп отыр, яғни педагог даярлауға басқаша талаптар қойылуда. Болашақ мұғалімдердің бойында жаңарған білім беру жүйесіне тән құзыреттіліктер қалыптастыру маңызы артып отыр. Мұғалімдік қызметтің басты құзыреттілігі – оқушы бойында креативтілікті, шығармашылық тұлғаны қалыптастыру болып табылмақ.

ТарМПИ-да жұмыс оқу жоспарлары  жұмыс берушілердің талабына сәйкес қайта қаралып, еңбек нарығына қажетті мамандарды анықтау мақсатында мектептермен бірлесіп мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта көптілді білім беруге басты назар аударып отырмыз. Өйткені үш тілді білетін маманға деген сұраныс артып отыр.

Үшіншіден, білім беруді жаңартудағы маңызды бағыттың бірі – бастауыш білім беруден бастап жоғары білім беруге дейінгі әртүрлі деңгейдегі мекемелер мен ұйымдардың тығыз байланысы негізінде кластерлер құру. Олардың үйлескен жұмысы ғылымның басым бағыттары мен педагогикалық шеберлік саласында зерттеулер жүргізуге, білім бағдаламаларын жаңашыл білім технологиялары негізінде тиімді іске асыруға мүмкіндік бермек. Осындай кластердің бірі Жамбыл облысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институты базасы негізінде ТарМПИ – «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп - «Аспара» колледжі  - инновациялық балабақшалар мен шағын орталықтар арқылы жүзеге асуда. Білім берудің үздіксіздігі және әртүрлі деңгейдегі бағдарламалар негізінде оқу, ғылыми және инновациялық үдерістердің біртұтастығы ұстанымы басшылыққа алынып, тәжірибе нәтижесінде педагогикалық шеберлік бойынша айтарлықтай нәтижелер көрсетіп отыр.

Шағын жинақты мектептер – біз шешуге тырысатын әлемдік деңгейдегі мәселенің бірі. Жамбыл облысында 200 астам ШЖМ бар, оның 99 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. ТарМПИ Талас, Жуалы, Жамбыл және Байзақ аудандарында орналасқан 4 ресурс орталықтарымен тығыз байланыс орнатты. ШЖМ мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында on-line режимде  семинарлар, вебинарлар ұйымдастырылып жатыр.

Осындай жұмыстар барысында бірқатар мамандықтар бойынша қосымша мамандану ашу қажеттігі туындады. Мысалы, төменде қажетті мамандықтар көрсетілген.

1. 5В010500 – дефектология мамандығы бойынша «Дефектология – мектепке дейінгі мекемелер мен мектепте  инклюзивті білім беру»,

2. 5В010300 – педагогика және психология мамандығы бойынша  «Білім беру саласындағы менеджмент»,

3. 5В010200 – педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі мамандығы бойынша «Педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі Ағылшын тілі»,

4. 5В011600 – география мамандығы бойынша «География – Биология», «География - Тарих»,

5. 5В011200 – химия мамандығы бойынша «Химия – Биология»,

6. 5В010900 – математика мамандығы бойынша «Математика – Физика»,

7. 5В011100 – информатика мамандығы бойынша «Информатика – Математика»,

8. 5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті – Ағылшын тілі»,

9. 5В011800 – орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша «Орыс тілі мен әдебиеті – Ағылшын тілі» және т.б. мамандану бағыттары.

Педагогикалық мамандықтардың білім бағдарламаларына мамандануды енгізу жоғары мктеп алдында тұрған бірнеше мәселені шешуге ықпал етеді:

- еңбек нарығына қажет әмбебап мамандар дайындау;

- бітірушілерді жұмыс берушілер қажеттіліге орай жұмысқа орналастыру;

- білім саласын көптілді мамандармен қамтамасыз ету;

- ШЖМ-ге қажетті педагог мамандар даярлау.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен көне Тараз тарихын археологиялық зерттеу саласында Тараз мемлекеттік педагогикалық институты – ҚР БҒМ  Археология институты – «Археологиялық сараптама» ғылыми-зерттеу институты кластерінің жұмысы да жүзеге асуда. Қазіргі уақытта 10 ғасырда болған ортағасырлық қаланың орнына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Педагогикалық білім беру мен академиялық ғылым арасында тиімді тығыз байланыс орнату қажет. Кластер жұмысы археология саласындағы ұйымдарға көмек беру, студенттердің дала практикасын өткізуге, оқытушылардың біліктілігін арттыруға, көшпелі семинар жұмыстарын өткізуге, ғылыми жобаларды қолдауға аса қажетті.

Біз институт базасы негізінде  консервация мен реставрация зертханасы немесе халықаралық ғылыми-зерттеу орталығын құру міндетін алға қойып отырмыз.

Білім беру жүйесін жаңарту барысында және оқу үдерісіне инновациялық технологияларды енгізуде біз қалыптасқан мәдени, ұлттық, еңбек дәстүрлерін сақтауымыз керек. ТарМПИ-да қазіргі заманғы жаңашыл технологиялармен қамтамасыз етілген «Жерұйық» этно-инновациялық орталығы құрылды. Бұл орталық тарих пен болашақтың үйлесімді орталығына айналды. Егер де ескі өлкетану материалдары картотекада сақталатын болса, ал жаңалары виртуалды шындық арқылы бейнеленеді. Этномәдени білім кеңістігі өлкетану мен этнографияны зерттеу барысында студенттердің халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін тануына, шығармашылық қабілетін арттыруға ықпал етеді.

Баяндаманы қорыта келе, педагогикалық білімді жетілдірудің бірнеше бағыттарын атап көрсеткім келеді.

1. Педагог мамандарды  даярлауда интернатураны қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет. Интернатурада бір жыл ішінде маманның кәсіби біліктілігі бекітіледі. Интернатураны енгізу бітірушілерді жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге және ЖОО мен мектеп байланысын нығайтуға ықпал етер еді.

2. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесін жаңарту.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі “Назарбаев зияткерлік мектептері” жанынан құрылған педагогикалық шеберлік орталықтарында іске асып келе жатқан Кембридж оқу жүйесі озық әлемдік тәжірибесі негізінде мұғалімдердің біліктілігін жоғарылатудың көпсатылы жүйесі арқылы немесе үздіксіз білім алудың жалпы тенденциялары негізінде іске асуы керек.

3. Инновациялық қызмет – бұл Президент Жолдауы мен Қазақстан  - 2050 стратегиясы ережелері басшылыққа алынатын қазіргі заман менеджменті.

Қазіргі уақытта ТарМПИ базасында «Мәңгілік ел» таңдау пәні оқу бағдарламасы жасалды, біз оны ұлттық идеологияны қолдау әрі жастардың бойында қазақстандық патриотизмді арттыру мақсатында  барлық жоғары оқу орындарына енгізуді ұсынып отырмыз.