М.Н. ШАЯХМЕТОВА

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

 А.ЖИРЕНШЕ

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ

Тәртібі қиын мектеп оқушыларын қазақ  этнопедагогикасы құралдары арқылы адамгершілікке тәрбиелеу

Қазіргі таңда тәртібі қиын оқушыларды тәрбиелеу және оқыту әлеуметтік-педагогикалық проблема ретінде күн тәртібінен түспей отырғаны мәлім. Мұның өзі «тәртібі қиын оқушылар» санының жылдан-жылға өсіп отыруымен байланысты болып табылады. Бастапқы кезде мұндай оқушыларға көбінесе жасөспірімдер жатқызылса, бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушыларының арасында да осы категорияға жататындар аз емес. Сондықтан, мұндай оқушыларға ерте жастан - бастауыш мектеп кезеңінен бастап қолға алып, олардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуларына мүмкіндік жасалуы қажет. «Тәртібі қиын оқушыларды» тәрбиелеу жүйесінде адамгершілік тәрбиесі аса маңызды орынға ие болады.

Жалпы,тәртібі қиын оқушылар деп - ата-ана  баланы тәрбиелеуде аса назар аудармау салдырынан, бала көп уақытын ата-ананың қарауынсыз өткізуінен, күнделікті өмір сүру режимі бұзылып, көп уақыты бос қалып, зерігіп, түрлі теріс қылықтар жасап, адамгершіліктен аттап кетіп, ақырында психикалық және тұлғалық дамуда қиындықтар тудырған балаларды айтамыз. Ал, В.В.Трифонов зерттеулерінде тәртібі қиын оқушы анықтамасы - бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - демекші, отбасында тәртібі дұрыс қаланбаған баланы мектепте тәрбиелеу оңайлыққа түспейді. Сондықтан, мектеп пен отбасы тығыз байланыста болмайынша мектеп оқушыларды тәрбиелеудің барлық міндеттерін шеше алмайтындығы баршамызға аян. Баланың алғашқы тәрбиешісі - ата-аналары болғандықтан, олардың бала тәрбиесіне ықпалы өте зор. Отбасының негiзi баланы өмiрге келтiру ғана емес, оған мәдени - әлеуметтiк ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжiрибесiн бойына сiңiру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етiп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжiрибесi, өмiрдегi беделi, ақыл-кеңестерi, ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы, бiр-бiрiн құрметтеуi – үлкен тәрбие мектебi.

Педагог А.С.Макаренко ата-аналарға: «Балаларды дұрыс тәрбиелеу – қартайғанда бақыт, нашар  тәрбие – біздің келешектегі күйінішіміз, ол біздің көз жасымыз, ол біздің басқа адамдар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы кінәміз»,- деген болатын.

Сонымен, «тәртібі қиын» баланың өзіне ғана тән қайшылықтары болатындықтан, оны тәрбиелейтін мұғалімнен, ата-анадан қол өнершінің шеберлігіндей ептілік емес, әлдеқайда сан салалы тапқырлық табатын жан-жақты білімдар ұстаз болу талап етіледі. Ол педагогикалық ықпалды тікелей де, жанамалай да жасай біліп, өз ісіне шығармашылық жаңалық енгізіп отырса шиеленістерді шешерде қашанғы бір қағидалардан жаңылмаймын демей, сәтті құбылыстарды еркін қолдана білсе ғана мұратқа жетпек.

Дегенмен, мектептегі басты тұлға – мұғалім болғандықтан, сол ғана ұлтжанды ұл мен қызды тәрбиелейді. Ал, ұлтжандылықты тәрбиелеудің негізі -  халықтық педагогика. Қазақ елі егемендік алысымен мектептерде оқу-тәрбие жұмысы ұлттық тәрбие беру негізінде жүргізілуі тиіс болды.

Жалпы,қазіргі уақытта оқу-тәрбие жүйесі халықтық педагогикаға негізделіп, қайта құрылып жатқанда, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшеліктерімізді насихаттау, баланың ауызекі сөйлеу тілін дамытып, олардың бойында ұлттық психологияны қалыптастыру- әрбір ұстаздың міндеті.

Демек, тәртібі қиын оқушыларда халық шығармашылығының көркемдік құндылығы жайлы түсінік қалыптастыру  үшін кіршіксіз арман мен өмір орнықтырушы, көңіл күйді алып беруші болып табылатын кейіпкер бейнелерін көңілге қонымды пайдалана алу, халық туындылары, тілі, музыкасы, өнердің мәнерлігі,әуендігі, көркемдік айқындылығын көрсетудің қажеттігі туындайды. Сол себепті тәртібі қиын оқушылар халықтық ауызша шығармашылығын оқып үйрену барысында патриотизм, ұйымшылдық, халықтар ынтымағы, гуманизм, үлкендерді құрметтеу, қарапайымдылық, сыпайылылық, адалдық және адамның моральдық кейіпінің өзге де тұстарын тәрбиелеуге ерекше көңіл аударуды үйренеді.  Халық шығармашылығының тәрбиелік мүмікдіктерін қазіргі тәрбие мақсаты және міндеттерімен тығыз байланыста қарастырудың мәні зор.

Яғни, тәртібі қиын мектеп оқушыларын қазақ этнопедагогика құралдары арқылы адамгершілікке тәрбиелеуде ұлттық тәрбие берудің жолдарын пайдаланудың  алатын орны ерекше.  Мысалы, Р.Қ.Дүйсембінова зерттеуінде қазақ этнопедагогикасы құралдарына мазмұндық сипаттама беріліп, оның функциональдық мүмкіндіктері айқындалған. Мәселен:

Танымдық функциясы - балаларға өз ұлтының рухани – мәдени қазынасын жаңа қырынан танып-– білуге, әрбір тарихи кезеңдердегі дүниенің заттық - сезімдік кұндылықтарын бағалауға, болмыстағы, қоғамдағы қарама – қайшылықтарды, оның даму процесін байқап, бағамдап, идеологиялық бағытын санамен ұғынуға көмектеседі.

Тәрбиелік функциясы - қазақ халқының жеткіншек ұрпақты өмірге бейімдеп, болашағына бағыт - бағдар беруінен байқалады. Үлкендер әрдайым ат жалын тартып мінуге талпынған жас буынға қоғамдағы өз міндетін жауапкершілікпен бұлжытпай орындауға, қажымай – талмай еңбек етуге көмектесіп, оларға қажетті білім, іскерлік, дағдыларды меңгертуді көздейді.

Дамытушылық функциясы -  оқушылардың халықтың рухани қазынасын меңгеруге қызығушылығын оятып, қажеттілігін дамытады, тілін дамытып, ой әрекеттерін белсенділігін арттырып, сенсорлық және қозғалыс, эмоциялық - ерік және қажеттілік - мотивациялық қабілеттерінің дамуын ілгерілетеді.

Коммуникативтік функциясы -  ұлттық мәдени - рухани мұраның кұнды идеяларын, өнеге тұтар дәстүрлерін түсінікті тілмен, логикалық жүйемен тындарманға жеткізе білуге үйретеді.

Әлеуметтендіру функциясы - жеткіншектердің өз ұлтының рухани - мәдени мұрасын сезіне білуін, өзінің Қазақстан Республикасының азаматы екендігін саналы қөзқараспен түсінуін қалыптастырады.

Ақпараттық функциясы - ұлт мәдениетінің озық үлгілерін (халық шығармашылығы, салт - дәстүрлер, халық ілімдері, құнды педагогикалық идеялары, т.б.) өзгелерге насихаттап жеткізу рөлін атқарады .

Сол себепті, тәртібі қиын балаларды адамгершілікке тәрбиелеу процесінде озық халықтық дәстүрлерді, жоғары идеялық ертегілер, мақалдар мен мәтелдер, жұмбақтарды қолдану тиімді. Тәртібі қиын мектеп оқушыларына қазақ этнопедагогика құралдарын ұйымдастырудағы, педагогикалық тәрбие берудегі мүмкіндіктеріне төмендегідей мысал келтіруге болады.

Ұлттық ойындар мен өнердің халықтық сипаты- халық өнері мен мәдениетінің негізгі бір саласы.  Ұлттық ойын – ұрпақ пен елдіктің елшілігі, халықтың әдет-ғұрыпының көрігі, әр перзенттің жүрегіндегі оттығы.Демек,              ұлттық ойындар баланы шапшандыққа, дәлдікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіруіне көмектеседі.

М.Жұмабаев ойындарды халық мәдениетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қабілетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене шынықтыру тәрбиесінің негізгі элементі деп тұжырымдайды.

Жұмбақтар - нақты бір зат туралы тұспалдап,  ұқсатып, бейнелеп айту арқылы баланы  ойлату, танымдық, білімдік ұғымдар мен түсініктерді ой-қиял елегінен өткізіп, тұжырым жасап, шешімге келуде тапқырлық пен дүниетанымдық дәрежесін байқау үшін көмектеседі. Сонымен қатар, жұмбақтар оқушының логигалық қабілетін дамытуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ішіндегі жаңылпаштар мен мақал- мәтелдердің де тәртібі қиын оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Жаңылтпаштар- баланың тілін ширату үшін, оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында пайдалануға көмектеседі. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамиды. Ал, мақал-мәтелдер- халықтың сан ғасырлық даналығын, ақыл-өсиетін, балалар мен жастарды тәрбиелеу тәжірибесін, халықтың педагогикасының аса маңызды идеяларын өз бойына жинақтайтын тәрбие құралы. Қазақ халқының мақал-мәтелдері халқымыздың тыныс-тіршілігінің барлық жақтарын  қамти отырып, адамгершілік, имандылық, ақыл-ой, еңбек, дене, эстетикалық тәрбиелердің мазмұнын, тәрбие мақсатын, әдіс-тәсілдерін, амал-жолдарын ашып көрсететін сөз мәйегі. Мәселен, қыз балаға қатысты:

«Қыз өссе елдің көркі,

Гүл өссе жердің көркі»- деп, қыз баланың әдемі гүлдей жайнап өскенін қаласа, «Қыздың жинаған жүгіндей»-деп, қыз баланы ұқыптылыққа тәрбиелеген. «Қызға қырық үйден тыю» дейді, бұл жерде қыз балаға сыншы көп екенін, қыз бала өз орнын біліп сыпайы, тәрбиелі болып өсуін меңзейді. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» немесе «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бала тәрбиесінің отбасынан басталатынын анық көрсетеді. Сонымен қатар, «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деп басқаға жамандық жасаудан сақтандырады.

Халық педагогикасында баланың қиялын, оны дамытуға әсер ететін құралдардың бірі – ертегі. Ертегілер - халық өмірін бейнелейтін, қиялға құрылған оқиғалы көркем шығарма. Онда халықтың ғасырлар бойғы жинақталған өмір тәжірибесі, мәдениеті мен салты, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібінің түрлері, тілінің шебер ерекшеліктері қамтылған. Ертегілер жарқын, бейнелі әрі қысқа болуы тиіс. Ертегілік бейнелер балалардың санасына ең нәзік реңімен енеді, ол баланың рухани өмірінің сферасы, ойлар мен сезімдерін білдірудің құралына, ойлаудың жанды шындығына айналады. Демек, ертегілер баланың өмірге деген көзқарасын, дүниетанымын кеңейтіп,   мейірімділікке, кішіпейілділікке, достық қарым-қатынасын нығайтуға тәрбиелейді. Мысалы: «Алтын балта» ертегісін алатын болсақ, ертегіде еңбекқорлылыққа, шындыққа тәрбиелей отырып, өтірікке, оңай пайда табуға жол бермейтіндігі айтылады. Және баланың жалпы психикалық дамуында қиялдың маңызды рөл атқаратындығы анықталды. Қиял баланың жеке тұлға ретінде қалыптасып дамуына, сана-сезімінің өсіп жетілуіне, қоршаған ортадағы құбылыстарды дұрыс аңғарып, тани білуіне зор ықпалын тигізеді. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балаға ертегіні айта отырып, оны өзгертуіне, ертегіні өзіне құрастыруға  немесе ертегідегі кейіпкерлерге кері іс-әрекет жасатуға болады. «Сиқырлы айна» ертегісін айтып тұрып, бұл ертегінің көмегімен қараған заттың қандай болып өзгеретіндігін айқындауға болады. Сиқырлы айнада салынып жатқан құрылысты көріп тұрмыз. Бұл неге айналуы мүмкін? –Тұрғын үй болады.-Қар неге айналуы мүмкін? Қар суға айналады. Бүршік неге айналады?...сол сияқты жалғастырып қиялын дамытуға болады.

Халық педагогикасы – қазақ халқының ұлттық тәжірибелері мен тағылымдарының мол қазынасы. Сондықтан оқушылардың ой-өрісін, биік адамгершілік тұлғасын қалыптастыруға көп көмегін тигізеді.  Ұмыт болған салт-дәстүр, халқымызға тән ұлттық асыл қасиеттеріміз қайта жаңғырып жатқан уақытта осы мұраларды педагогикамен ұштастыру қазіргі таңның басты мақсаты. Қазақ этнопедагогикасы рухани этикалық мәдениетінің ажырамас бөлігі, компоненті болғандықтан, «тәртібі қиын оқушыларды» адамгершілікке тәрбиелеуде аса маңызды орынға ие.

М.Дулатов: «Тәрбиеші баланы ұлттық тәрбие рухында тәрбиелеуге міндетті, себебі әрбір бала өзінің ұлттық ортасында өмір сүреді және өз ұлтына қызмет ететін болады»,- деп айтқан. Сондықтан, ата-ана, тәрбиеші, ұстаздар қазақтың халықтық тәрбиесінің қайнар көзіне назар аудара отырып,  қазақ халқының бала тәрбиесіндегі бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігін жоймаған халық педагогикасының құралдарын, нормативтік түсініктерін ескере отырып, балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды жоғалтпауына басты назар аудару керек.