М.Н. Шаяхметова

Е. А.Бөкетов атынадғы КарГУ

Ә.Тұрдыбай

Е. А.Бөкетов атынадғы КарГУ

 

Балаға адамгершілік тәрбие беруде отбасының рөлі

 

Тәрбие – бұл баланың барынша тұлға ретінде дамуына, баланың қазіргі заман мәдениетіне енуіне,өз өмірінің субъекті және іске асырушы Адам аталуға тұратындай болып қалыптасуы үшін отбасы мен маман-педагогтың мақсатты бағытталған әрекеті және адамның даму бағдарламасындағы ақпараттарды толтыруы. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбиенің маңызды міндеттерінің бірі–қабілеттер мен дарын нышандарын айқындау, адамның дербес ерекшеліктеріне, оның қабілеттеріне, мүмкіндіктеріне сәйкес дамыту. Яғни, тәрбие өмірдің ең жоғарғы құндылықтарына бағытталған өмірлік жағдаяттарда еркін саналы таңдау қабілетін дамытуға және олардың өмірдің құнды мазмұнын сезінуге мақсатты бағытталған үрдіс. Оның міндеті –баланың барлық күштерін, қабілетін дамыту және жан-жақты рухани-адамгершілік тәрбие беру болып табылады. Ол үшін балаға дұрыс бағыт-бағдар беру керек, дұрыс бағытталған тәрбие ғана баланың жан-жақты дамуына негіз болады.

Тәрбие – отбасынан басталады. Отбасы әлеуметтік-адамгершілік тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді, сол себептіде отбасында балаға ата-ананың махаббатын, ата-анаға деген сенім, оларға ұқсауға ұмтылу, отбасының жалпы психологиялық ахуалы сияқты әлеуметтік ақпаратты берудің тамаша жүйесі қалыптасқан. Қазіргі заманғы отбасының өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесі мәселелерін шешудегі ерекшелігі - ата-ананың білім және жалпы мәдени деңгейінің жоғары болуы болып табылады. Балаға моральдық қалпы туралы алғашқы түсініктер беріп, адамгершілік тәрбие арқылы оны еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырып отырады. Отбасының өмір салты, оның барлық құрылымдық элементтері бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені олардың мақсат–міндеттері, ортақ іс-әрекеттерінің жалпы тәсілдері, әдістері бағыты бір. Жалпы алғанда, отбасының негізгі функциялары төмендегідей:

·    тәрбиелік; рухани; таным-білімділік; тұрмыстық; еңбекқорлық;мәдени білімділік;шығармашылық –демалыс.

Ал, отбасының негізгі міндеттеріне келсек:

·    баланың үздіксіз дамуын қадағалап отыруы; бала денсаулығына қамқорлық жасау; баланың оқуына көмек беріп отыру; еңбек тәрбиесі және мамандық таңдауға көмектесу; баланың жан-жақты дамуына көмектесу; баланың қызығушылығын, бейімділігін, шығармашылығын дамыту; баланы өзін – өзі тәрбиелеуге, дамытуға бейімдеу; балаға жыныстық тәрбие беру,болашақ өмірге дайындау.

Отбасындағы тәрбиенің субъектілері – ата-ана мен бала, әлеуметтік мақсат, міндет, әдістер. Яғни, осы элементтерді біріктіретін негіз – іс-әрекет болып табылады. Сондықтан ұйымдастырылған мақсатты жүзеге асыруда іс-әрекет болмаса, тәрбие де болмайды. Отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы ата-ананың басшылығымен, бақылауымен әртүрлі іс-әрекетке (оқу, еңбек, ойын, эстетикалық, т.б.) балаларды араластыру. Мәселен, атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы –шағын мемлекет. Мен – президент, сен – премьер»,- деп айтқан. Отбасы деп- ең үлкен, мықты тәрбие ошағын, адам баласының өсіп-өнер алтын ұясын, шағын мемлекетті айтамыз. Отбасының негізі баланы өмірге келтіру ғана емес, оған мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін,тәрбиесін бойына сіңірту, қоршаған ортаға, адамзатқа, өз қоғамына пайдасы тиер азамат ретінде тәрбиелеп шығару. Отбасы тәрбиесінде әкенің де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана– баланың алғашқы ұстазы. Баланың тәрбиесін дұрыс ұйымдастыруда отбасының, әсіресе, ананың рөлі өте зор. Бұл жайында Н.К. Крупская отбасындағы бала сөйлеуінің дамуына ерекше көңіл бөліп, бала мен ананың қарым-қатынас процесі кезінде ол мынаған көңіл бөлді: «ананың тілі баланың көңіл-күйін, ой-пікірін, ақыл-зердесін дамыту мен өзінің айқындауының негізгі құралы». Әрбір ата-ананың арманы өз перзетінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, Отанының сүйікті және кішіпейіл азаматы болып жетілуін қалайды. ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұни айтқандай:Қатты тәртіп көрсе бала күнінде     

Өнермен        қуантады    түбінде.                                                                                

Бала нені білсе жастан,ұядан,                                          

Өле-өлгенше соны таныр қиядан.       

Өнер–білім    берем десең басынан  Бер оқуға балаларды жасынан,                                                                                          

Жақсы-жаман болса, бала – соларда.

Ата-аналар балаларының жеке ерекшеліктерін жас күнінен танып, соған қарай бағыт-бағдар тәрбие берудің маңызы ерекше. Ата-ана перзентінің жақсы азамат болып жетілуі үшін өз отбасында балаларын тәрбиелеудің нәзік жақтарының зандылықтарын білуі шарт. Мәселен, ата-аналардың балаларының алдындағы міндеті олардың денсаулығының мықты дұрыс жетіліп өсуін қамтамасыз ету, тәрбие беру, үй болып, аяққа тұрып, ел қатарына қосылып кетуін қамтамасыз ету сияқты міндеттерді орындау болса, ал балаларының алдында ата-анасын қамқорлыққа алып, сүйеніш болуы секілді міндеттерді басты назарға алған жөн. Мәселен, ҚР Конституциясының 27 тарауында былай делінген:

·    Неке мен жанұя, аналық, әкелік және балалық мемлекет қамқорлығының аясында.; балаларды қорғау мен тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы және міндеті; кәмелетке толған және еңбекке жарамды балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасауы тиіс.

К.Д. Ушинский: «Адам өзінің жеке басының еңбегінсіз бір адым да алға ілгерілей алмайды, бір жерге тұрақтап тұрып қалуға тиісті емес, адам қайта кері кетеді»,-дей келе еңбекті, біріншіден, адам өмірінің негізі, өмірдің құралы, ал екіншіден, еңбек - адамгершілік, ақыл-ой тәрбиелерінің, адамның дене жағынан жетілуінің көзі. Сондықтан еңбек – тәрбиенің күшті құралы болып есептелінеді. Сонымен, отбасындағы тәрбиенің негізі – баланы еңбекке баулу және адамдық кемелдену. Еңбек ете білмеген немесе оны жек көрген адамның отбасы берекелі болмайды. Яғни, отбасындағы тіршіліктің дұрыс ұйымдастырылуы балалардың еңбекқор болуы, әр нәрсеге жоғары жауапкершілік сезіммен қарау, адамды құрметтеу сияқты адами ізгі қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

Баланың адамдармен қарым-қатынас жасауы, қоғамға енуі отбасынан басталады.«Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – дегендей бала тәрбиесі сәби дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Бала өскен сайын, оның тәрбиесі де күшейе түседі. Бала жақсы адам болып өсуі үшін ол күн сайын отбасы мүшелері арасындағы ең жарасымды, ең әділетті қарым-қатынастардың куәсі болуы керек. Отбасы шын мәнінде тату-тәтті, өзара түсінікте болса, одан адамгершілік пен әділеттің көрінісі айқын сезіліп тұрады. Сондықтан отбасындағы да, қоғамдық ортадағы да тәрбиеде балаларды еңбек ете білуге, еңбексіз бос отыра алмайтындай сезімге тәрбиелеу басты нысана болуы тиіс. Ата-ананың іс-әрекеті мен мінез-құлқы, өмір сүру салты арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершілік, әлеуметтік-саяси құндылықтар беріледі.

«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы - еңбек пен ата-ана үлгісі», –деп Ыбырай Алтынсарин айтып өткендей, жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек. Адамгершілік - адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Яғни, адамгершілік тәрбиеніңнегізгі мәні - адамның адамгершілік қадірі мен абыройына, жоғары міндетіне табанды сенім, Отаны мен халқына адал қызмет ету, шындық пен ақиқатты сүйе білуге үйрету. Рухани - адамгершілік тәрбие екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Белгілі адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс-әрекеттерінен, мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тән адамгершіліктің өзге де формалары, бұл - сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық құндылықтары жатады. Таза адамгершілік тәрбие жас ұрпақтың өз Отанына жалынды сүйіспеншілікте болуын талап етеді. Ұлы ойшыл Я.А. Коменский адамгершіліктің ерекшеліктерінің бірі — эгоизмнен арылу, көпшілік ісінің сәттілігі және әділеттілік үшін әрекет ету деп есептеді. Адамгершілік тәрбиенің мақсаты - мінез-құлықты қалыптастырудың үлгісі және негізі болып табылады. Алкөрнекті педагог В. Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», - дейді [3]. Демек, балаға  жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етері сөзсіз. Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттерінің ең бастысы - өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі - келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу- біздің де қоғам алдындағы борышымыз болып табылады. Жас ұрпақтың, яғни баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңірту ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті болып табылады.

Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Адам баласының мінез-құлқына тәрбие мен тәлім арқылы тек біліммен ақылды ұштастыра білгенде ғана сіңетінін, құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрініс болып табылады. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс әрекетін анықтайды. Адамгершіліктің қайнар бұлағы-халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет-ғұрпында.Сол себептіде әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс–тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңіреді.Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына үңілетін болсақ, ол адамгершілікті, қайрымдылықты, мейірбандықты дәріптейді. Ата-бабаларымыздың баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла, құрметте», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілігі, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп, сыйлаған. Рухани-адамгершілік тәрбие - бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады.

Бала – ата-анасының игі істерінің жалғастырушысы, болашағы. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де, жауапты міндет. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да жаманға да бірдей бейім болатыны баршамызға мәлім. Ата-ананың үйіндегі әрекеті балаларының көз алдында өтеді, сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Егерде ол, бала өсіруде қате жіберсе, осалдық байқатса, қартайғанда опық жейтіні, өкінішке ұрынатына дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат екені белгілі. Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда: «Баланы жастан» – деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ. Бала тәрбиесі – әр сағат, әр күн сайын тынымсыз жүргізіле беретін аса жауапты, күрделі процесс. Баланы өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап бақытты балалы шақ, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары өтетін отбасын бақытты жағалауын бетке алып, өмір айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі – әке мен ана болып табылады. Бала негізгі өнегені алдымен отбасында ата-анасынан алады.

Адамгершілік, бауырымдылық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарапқыз өсер» дейді халық даналығы.«Еліміздің күші – патшада, сәбидің күші–  жылауында» демекші, біздің күшіміз, қорғанышымыз, сеніміміз – адамгершілігімізде болуы керек. Егер осы үш қасиетт іата-ана бала бойына дарыта білсе, ұлы жеңіс солардікі болары анық. Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға имандылық, ізгілік, адамгершілік, елжандылық және  де толып жатқан кісілік қасиеттерге тәрбиелеу –қазіргі міндеттің бірі.