Туганбаева А.К., оқытушы

Қарағанды «Болашақ» маңызды білім беру колледжі, Қазақстан

Ұлттық тәрбие – сапалы білім берудің негізі

   Бiлiмдi, жан-жақты қабілетті ұрпақ: - ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. 
Ал, қазақ халқының ұлттық тәжірибелері мен тағылымдарының мол қазынасы – халықтық педагогика. Бүгiнгi қазақ оқу орындарының алдында тұрған басты мiндет – окушының ұлттық сана-сезiмiн оятып, тәрбиелеп қана қоймай, оның бойына халықтық педагогиканы, ғасырлар бойы қалыптасқан тiл, дiн, тәрбие, ұлттық салт-дәстүр, үлгi-өнегенi сiңiрту, яғни тәрбие беру мен оқыту әдістемелерінің түрлерi көп. Ұлттық тәлім тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай бiлу мұғалiмдердiң, ата-аналармен 
қосылып жүргiзген шараларына байланысты, өйткенi, бiрiншi ұлттық тәрбиенің ошағы - отбасында, ата-ана мен оқу орыны болып бiрiгiп жұмыс атқару - біздің басты мiндетiмiз.

    Халқымыз өскелең ұрпақ тәр­биесінде ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани мұралар сабақтастығын сақ­тауды мақсат тұтқан. Қазақ зия­лыларының бірі Міржақып Дулатов: «Мектептің мақсаты – құрғақ білім үйрету ғана емес, біліммен бірге тәрбиені қоса беру»,– деп жазады. Балаға тәрбие беру білім беруден де маңызды екенін аңғартады. 

   «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сө­зінде қаншалықты ұлттық тәрбие, болашақты болжаған көрегенділік жатыр. Ұлт боламыз десек,  тәрбие ана сүтімен беріліп, ана тілімізбен қалыптасып, тал бесіктен сіңірілуі шарт.

    Тәрбие мәселесі – ұрпақтан ұрпаққа таралып, жетілдіріліп отыр­ған өмір мектебі. Оны халық да­на­лығынан, рухани өмір беттерінен, ұлтымыздың тарихы мен мә­дениетінен, әдебиеті мен өнерінен, салт-санасы, әдет-ғұрыптарынан іздеген жөн. Осыларды бойына сі­ңірген исі қазақ баласы ұлттық педагогика негіздерімен тәрбиелеудің маңыздылығын түсінеді, мәнін біледі, қажетін сезінеді. Әлбетте оның бастауы отбасында жатыр. «Отан – отбасынан басталады» дегенді атам қазақ бекер айтпаған. Ұлы ойшыл Абай: «Шын жақсы адам – шын мағынасында талапты, ізденгіш, қо­ғамға да, өзіне де пайдалы еңбек адамы»,– деп айтқан болатын. Ата-ана баланың өмірлік ұстазы һәм тәрбиешісі. Баланың болашағы, олардың өмірден алар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да, әр  ата-ананың педагогикалық білі­мін жетілдіріп, заман ағымына сай болуы аса маңызды.

     Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз. «Ұлттық мектеп дегеніміз – ұлттық рухта тәрбие беретін орын».  Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі күн талаптарының маңыздысы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз. Адамзат баласының алға қарай сатылай өркениет өріне жетуі әр адамның дұрыс ой түйіп, өнегеге жол сілтеуі, рухани күшін нығайтуға, аға буын өкілдеріне ізет көрсету отансүйгіштік тәрбиенің бастамасы болып табылады. Елбасымыздың кезекті жолдауында да болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру мәселесі де басым бағыттардың бірі болып отырғаны тегін емес. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы » дейді Әбу Насыр әл-Фараби өз қағидасында. Яғни оқу мен тәрбие егіз. Оқу мен тәрбие ықпалдастығы сондай бірін-бірі толықтырып отырады. Сол себепті, оқу орнының күнделікті тыныс тіршілігі әр дайым тәрбиеден басталады.
    Белгілі педагог В. А. Сухомлинскийдің еңбектерінде "мектептік-отбасылық тәрбие" үғымы кең қолданылады. Оның пікірінше тәрбиені мектептік немесе отбасылық деп қарастыруға болмайды, өйткені бала тұлғасы бір тұтас және оны қалыптастыру процесі де біртұтас сипат алады. Міне, осындай біртұтас тәрбие процесінде мектеп жетекші рөл атқарады.Ұрпақ тәрбиесі-адамзат баласының асыл мұраты. Түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз, сондықтан әрбір жеке тұлғаның бойында әр ұстаз адамгершілік, ізгілік кішіпейілділік, қарапайымдылық, отансүйгіштік қасиеттерін тәрбиелейді. Бұл ретте оқу орындарындағы тәрбиенің мақсаты: ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, парасатты, мәдениетті, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойында басқа да ізгі қасиеттері қалыптасқан азаматтарды тәрбиелеу. 
    Тәрбие - өсіп келе жатқан жас ұрпақты өмірге даярлаудың барлық жағын қамтитын, жеке тұлғаны ғасырлар бойы жиналған адамзат тарихындағы тәжірибені игертіп, біліммен жарақтандыруға бағытталған қоғамның талап-тілегіне тәуелді күрделі үдеріс. Бізге бұрыннан белгі болып келген тәрбиенің ұйымдастырушылары: отбасы, ата-ана, балабақша - тәрбиеші, мектеп - мұғалім. Жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпал ететін тұлға мұғалім - тәрбие көзі. Жоғарыда аталып кеткен қасиеттерге ие тұлғаны қалыптастыру үшін мүғалімнің кәсіби қасиеттері, икемділіктері жаңаша қырынан сипат алуы керек деген ой туады.
Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды дәріптеп, білімге ден қойып көп ізденіс жасамайынша оқыту мен тәрбиені бірге ұштастырып , ықпалдастыру мүмкін болмайды. Оқыту мен тәрбиені ықпалдастырып қажымай еткен еңбек арқасында әлемдік деңгейдегі дарынды да тәрбиелі оқушы тұлға шығатынына сеніміміз мол. 

       Әр ұстаз оқу - тәрбие жұмысына шығармашылықпен қарап, жаңа заман талабына сай, озық ұлттық дәстүр рухында тәрбиелеп, сабақты түрлендіру
мақсатында оқытудың түрлі әдіс - тәсілдерін пайдаланса, игі нәтижеге жетеріміз сөзсіз.



Пайдаланған әдебиеттер


1. Айтмамбетова Б.Р, Бейсенбаева А.А. Жеке адамның дамуы, тәрбиесі Алматы: КазПИ,1991. 
2. Сластенин В.А. и др. Педагогика: уч. пособие. - Москва: Академия, 2004.