Педагогические науки/5.Современные методы преподавания

 

Химия мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі

Самихова М.Р., химия ғылымдарының кандидаты Өнербаева З.О.

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық Университет

 

ХИМИЯ МЕН БИОЛОГИЯ ПӘНДЕРІН БАЙЛАНЫСТЫРА ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Білім беру жүйесін жаңарту мақсатында байланыстыру үрдістерін қолданудың кең бейімді, жоғары білікті мамандар дайындауда жоғары мектептердегі жетекші бағыттардың біріне айналу керектігі

Жоғары мектепте пәндерді байланыстыра отырып оқыту – студенттердің оқуға қызығушылығы мен танымдық белсенділігін арттыруға, олардың өздігінен ізденушілік, ойлау қабілеттерін дамытуға, оқу үрдісін ұйымдастыру кезеңіне тән қарама-қайшылықтардың тиімді шешілуіне септігін тигізеді. Байланыстыру үрдісіндегі негізгі қарама-қайшылық кіріктіру мен саралауға (дифференсациялауға) тән. Байланыстыру  мен саралау арасындағы қарама-қайшылықты шешу оқыту жүйесін дамыту, оның тиімділігі мен нәтижелілігін арттырудың негізгі факторы болып саналады.

Білім берудің энциклопедиялық және пәндік жолы ерте кезден белгілі. Бұл екі жолы бір-бірін толықтырып отырады. Кеңес дәуіріндегі білім беру жүйесінде негізінен пәндік сипатқа көбірек назар аударылса, шетелдік білім беру жүйесі интеграциялық (энциклопедиялық) жүйеге басымдап көңіл бөлетін.

Бұл кеңес дәуірінде пәнаралық байланыс зерттеулердің ішінде ауқымды жұмыстардың біріне өткен ғасырдың 80-жылдарында В.Н.Максимованың еңбегі жатады. Ол пәнаралық байланысты дамытудың, тереңдетудің тиімді жолы ретінде кіріктіру (интеграция) әдісін ұсынған болатын [1].

Біз өз зерттеуімізде пәндер арасындағы байланысты пайдалана отырып, байланыстыра оқыту идеясының дамуы мен жүйеленуіне және осы үрдісті тиімді пайдалану мүмкіндіктеріне көңіл бөлдік. Осы орайда пәндерді байланыстыра отырып оқыту мәселелеріне көптеген ғалымдардың еңбектері арналғандығын байқадық.

Классикалық педагогикада пәнаралық байланыс негізінде байланыстыра оқыту идеясы Я.А.Коменскийден басталады. Ол пәндердің арасындағы байланысты пайдаланып байланыстыра оқыту негізінде оқыту үрдісінің біртұтастығын қалыптастыруға қол жеткізуге болатынын айтты. Ал К.Д. Ушинский пәндер арасындағы байланысты пайдаланып, байланыстыра оқытудың тиімділігін психология-педагогикалық тұрғыдан негіздеп, оның дидактикалық маңызын көрсеткен. К.Д.Ушинский пәнаралық байланыс негізінде кіріктіре оқыту идеясын жүйелеп оқытудың бір бөлігі деп қарастырды.

Пәндерді байланыстыра оқыту үшін пәндер арасында мазмұндық байланыс болуы тиіс. Пәнарлық байланыстың 30-дан астам анықтамалары бар [2-7].

А.А.Бейсенбаева «пәнаралық байланыс» ұғымын өз мәнінде үшке бөледі: байланыс құрамы, байланыс амалы және байланыстың бағыттылығы. Байланыс құрамына байланыстың негізгі объектілері кіреді, атап айтқанда, оқу пәндерінің арасындағы құрамы өзектес пәндер, хабарламалар объектілері [8].

Байланыс амалына бір пәннен екіншісіне және басқаларына хабар беру амалдары мен құралдары енеді. Байланыс амалдарын таңдау оқытушының білім деңгейіне, оқу орнының  материалдық-техникалық базасына (көрнекі құралдар, техникалық оқу құралдары және т.б. құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне) байланысты.

Жоғарыдағы еңбектерге талдау жасай келе, пәнаралық байланысты бір  ғалымдар тобы дидактикалық шарт, екіншілері жүйелілік принципінің көрінісі, үшіншілері дидактикалық принцип, ал кейбіреулері педагогикалық категория ретінде қарастыратынын аңғаруға болады.

«Пәнаралық байланыс» ұғымына берілген анықтамалардың әртүрлілігі бұл бағытта жүргізілген зерттеу жұмыстарына мол мүмкіндік береді, бұл ұғымды әр алуан аспектіде қарастыруға жол ашады.

Пәнаралық байланыс, бір жағынан, пәндердің оқшаулығымен, өзіндік ерекшелігімен сипатталса, екінші жағынан, қатынастылығымен ерекшеленеді. Осы тұжырымға сүйене отырып, пәнаралық байланыстарды негіздеу, анықтау және жіктеудегі кіріктіру мәселесі оқу пәні мазмұнының, басқа пәндер мазмұнымен қалай байланысты болуы мүмкін екендігін көрсетеді.

Байланыстырылатын пән ретінде тақырыптық мазмұны жағынан сабақтас педагогикалық оқу орындарының жаратылыстану факультеттерінде оқытылатын жетекші пәндерге жататын химия мен биология пәндерін таңдадық.

Бүгінгі күнгі оқыту әдістемесі бойынша аталған пәндер циклмен оқытылғанда, яғни олардың мазмұны қатаң шектелгенде, онда көп жағдайда пәнаралық байланысқа назар аударылмайды. Сондықтан біз химия мен биологияны шекаралас оқу пәндерінің тобына кіреді деп алсақ, онда пәннің мазмұны да заман талабына сай өзгеретіндігі, оны оқытудың әдіс-тәсілдері, құралдары да өзгеше болатындығы айқындалады.

Химия мен биология пәндерінің арасындағы байланыс мазмұнына қарай талданған кезде, пәндердің байланысын пайдалану мүмкіндігі жеке анықталып, бұл жұмысты жүзеге асырудың уақыты да көлемі де анықталды [9].

Біз химия мен биологияны байланыстыру барысында мына жағдайларды қарастырдық:

-       химия пәнін оқытуды биологияландыру;

-       жаратылыстану ғылымдарының химиямен байланыстыру үрдісінің барысы, оның бағыттары, жолдарымен таныстыру;

-       ақпараттандыру негізінде химия мен биология ғылымдарының дамуына және маңызына тоқталу.

Нәтижесінде химия курсының биологиямен байланысуы арқылы біртұтастық деңгейі артты, бұл пәндердің мазмұндық және процессуалдық жағының кірігу дәрежесі өсті, жаңа материалды меңгеру, пысықтау, қорыту, жүйелеу сияқты дидактикалық кешенді іске асыру есебінен тиімділігі артты. Мұндай «дидактикалық жинақтау» арқылы кіріктірілген оқу материалдарын оқыту оқу-тәрбие үрдісінің бірлігі (дәріс, сарамандық, семинар, танымжорық) шеңберінде іске асырылады. Атап айтқанда, оқыту нысандарынан проблемалық, бинарлық және бейне дәріс, қорытындылау сабағы, зертханалық жұмыс және практикалық сабақтарды; ал оқыту әдістерінен түсіндіру, сипаттау, тәжірибе, өзіндік жұмыс және  бақылауды атауға болады.

Химия мен биология пәндерін ақпарат негізінде байланыстыра оқытудың нысандары ретінде төмендегілерді көрсетуге болады: дәрістік сабақ, проблемалық, бинарлық, дәріс бейнедәріс, қорытындылау сабағы; зертханалық сабақ (виртуальды сабақ); практикалық сабақ (танымжорық).

Ал оқыту әдістерінен түсіндіру, сипаттау, тәжірибе, өзіндік жұмыс және бақылауды атауға болады. Ал оқыту құралдарына ақпараттық оқыту технологиялары, электрондық оқулық басылымдар, виртуальды зертхана, интернет, өз білімін тексеру тапсырмалары, бақылау және тест тапсырмалары жатады.

Әдебиет

1.   Болтаев А.Д. Оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие беру үрдісін интеграциялау: теориясы мен практикасы. – Тараз: Тараз университеті, 2005. – 121 б.

2.   Самарин Ю.А. Очерки по методике преподавания психологии в средней школе. / Академия педагогических наук РСФСР. Ленинградский институт педагогики.-М.: Изд-во АПН РСФСР, 1950.-187 с.

3.   Кулагин П.Т. Что такое межпредметные связи в процессе обучения. Пенза, 1971. – 36 с.

4.   Федорец Г.Ф. Межпредметные связи в процессе обучения. – Л., 1991.-83 с.

5.   Лошкарева Н.А. О понятиях и видах межпредметных связей. // Советская педагогика. – 1973. - №6.-С.48-56.

6.   Зверев И.Д., Максимова В.Н. Межпредметные связи в современной школе. – М.: Педагогика, 1981. – 159 с.

7.   Кедров Б.М. Предмет и взаймосвязь естественных наук. – М.: Наука, 1967. – 436 с.

8.   Бейсенбаева А.А. Теория и практика гуманизации школьного образования. – Алматы: Ғылым, 1998. – 225 с.

9.   Өнербаева З.О., Камиева Г.С. Самихова М.Р. Биология мен химия пәндерін кіріктіре оқытуды жүзеге асыру жолдары. «Оқушы құзыреттілігін дамыту негізінде білім сапасын арттыру мәселелері» Респуб. ғылыми-әдістемелік конф. мат. - Шымкент 2010. 136-141 б.