Магистрант Шорманова Қаламқас Кендебайқызы

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

 ХАНДЫҚ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІНІҢ  ЗЕРТТЕЛУІ

 

Сан қырлы дарын иесі М.Мағауиннің шығармашылық ізденістерінің басты күретамыры – жыраулар мұрасы.  Жұмысымыздың жоғарғы тарауында байыптағанымыздай, хандық дәуір әдебиетін және жыраулар поэзиясын ғылыми, рухани айналымға енгізу оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Идеологиялық кедергілермен қатар әдебиеттану ғылымының жетекші ғалымдарының түрлі ұстанымдағы пікір қайшылығы да кемел іске тұсау салып отырды. Десек те, ұлт руханиятына оның жанды бөлшегі ұлт тарихына отаншылдық ар-ождан тазалығының талап-биігінде келген Мұхтар Мағауин қажырлы шығармашылық ізденістерімен ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар аралығындағы жыраулар мұрасын мұрағат қорларынан тауып, ел елді аралап көнекөз қариялардан жазып алды. Бүгіндері айтуға оңай болғанымен, біз бұл өзекті мәселелерге ғалымның шығармашылық зертханасы арқылы үңіле отырып, осынау кемел істердің үлкен қиындықтармен әрі қажырлы қайратпен жүзеге асқанын зерделеуді мақсат етеміз. Бұл бейнеті мол кемел істегі әдебиетшінің игі қадамдары 1965-1991 жылдар аралығын қамтиды.

Сөз өнері өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат. 

Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з.д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да тереңнен тамыр тартып, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады [1]. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі өзегінің бірі қазақ сөз өнерінің тарихи бастауларын дәстүр арнасында дәуірлеу сынды ғылыми мәселе өзекті сипатқа ие болып табылады. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму үрдісін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу басты орынға шықты. Негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму үрдісін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Бұл тұрғыда әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық негіздерін зерттеуші Е.Тілешовтің: «Әдеби-тарихи һәм теориялық-әдіснамалық мәні айтарлықтай іргелі мәселені шешу үшін қазіргі кезде мүмкін боларлық қажетті жағдайдың баршасы жеткілікті. Айталық, біздің қолымызда сөз өнеріміздің дамуына ықпал еткен көрнекті тұлғалардың негізгі шығармаларының барлығы дерлік бар. Бастысы - әдеби дамудың ерекшеліктерін көрсетуге дерек боларлық әдеби материалдарға қазақ өнері өте бай. Ал мәселенің ғылыми шешілу жолына келсек, бұл тарапта да қажетті әлеует жеткілікті, атап айтсақ, әдебиет тарихын зерттейтін, оны жүйелейтін ғалымдарымыз баршылық. Сондай-ақ, әдебиетіміздің жүріп өткен жолдарды, бел-белестерді айқындау, саралау – қазақ әдебиеттану ғылымы үшін жаңалық емес. Бұл саладағы ғылыми ізденістердің бір ғасырға жуық тәжірибесі бар. Мәселе соларды толықтыруда, жетілдіруде, тиянақтауда. Оның бер жағында қазіргі қазақ ғалымдарының қолында шетел оқымыстыларының әдебиет тарихын дәуірлеудегі теориялық және әдіснамалық тәжірибесі және бар» [2,235] деген пікірін маңызды деп білеміз.

Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін бажайлағанда әр кезеңді бір-бірінен даралап тұратын өзіне тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. Міне, әдебиет тарихын дәуірлеудегі Сакулин пікіріне ден қойсақ, дәуірлеудің үш принципі бар. Олар: аналитикалық принцип (хронологияға сүйенеді), гетерогендік принцип (әдебиетке әсер етті деген саяси, қоғамдық, экономикалық факторларды басшылыққа алады), автономдық яки автогендік принцип (өнердің өз ерекшелігін негіз етеді) [3,62].

ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда ежелгі қазақ жерінде Қазақ хандығының қалыптасу үдерісі тәмамдала басталды, әр тараптағы ру, тайпалардың өзара жақындасуы, бірігуі жиіленіп, халық ретінде ұйысып, ортақ тіл, жазу үдей түсті. «Қазақ» атауы орнығып, тарихи құжаттарда да, көрші елдерде де осы аймақ тұрғындарын «қазақ» дейтін дәрежеге жетіпті.

«Қазақ» этнонимінің мазмұны, сыры, шығу тарихы, аңыз-әңгімелері көп жыл бойы зерттеушілер назарында болғанымен, тиянақты тұжырымдар аз.

«Қазақ» сөзінің ертеде ескерілуі мұсылмандық жазба ескерткіштердің бірінде, атап айтқанда, шамасы Мысыр елінде 1245 жылы аты белгісіз автор құрастырған түрік-араб сөздігінің қолжазбасында Лейден қаласында 1894 жылы басылған еңбекте кездеседі.

Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» аталатын еңбегінде және басқа құжаттарда «қазақ» атауы және термині әуелде Барақ ханның ұрпақтары – ағайынды Жәнібек пен Керей бастаған рулар мен топтар бөлінуіне байланысты туған.

ХҮІ ғасырда қазақ халқы өзінің этникалық территориясында әбден орнығып, қазақ елі атанып, дамудың жаңа сатысына көтерілуге бет алады, жазба деректерде «Қазақстан» терминімен атала бастайды: «...отстаивал казахский народ свои коренные этнические территории, еще в ХҮІ в. названных писменных источниках термином Казахстан» [4,180].

Қилы-қилы тарихи кезеңдер аясында қазақ сөз өнері де жалғасын тапты. Қазақтың бай фольклоры мен ежелгі ортақ жазба ескерткіштер негізінде қалыптасып дамыған ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар поэзиясы – қазақ халқының ықылым замандар бойы жасаған сөз өнерінің, тума әдеби қазынасының үлкен бір саласы, құнды мұрасы. Бұл мұраның ең басты қасиеті – қазақ халқы мен қазақ хандықтарының ХҮ ғасырдың ортасы мен ХҮІІІ ғасырдың басында құрылуы, күрделі тарихи кезеңдерінің кейбір тұстары көркемдік дәрежеде бейнеленуінде. ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы бір топ ақындар шығармаларында фольклорлық және жазба шығармашылық сипаттар мол. Бұл ғасырларда Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шәлгез, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар сияқты ақындардың мұрасы пайда болды.

ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы, негізінде, жыраулық поэзия. Алғашқыда, иыр, иырағу – жыр, жыршы сөзінен шыққан жырау аты әрі өз жанынан өлең, жыр шығарушы, әрі бұрыннан қалыптасқан туындыларды – эпостық дастандарды жатқа айтып, ұрпақ сана-есіне жеткізуші, орнықтырушы қызметін атқарған халық поэзиясының өкілі.

Жыраулық поэзия – ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған ұлт әдебиетінің ғажап көркемдік құбылысы. Жыраулық поэзия көбіне қазақта кең дамыған ақындық өнердің түрі, оның шығу тегі, көшпелі, жартылай көшпелі өмір сүрген ру тайпалардың бай мұрасы. Сондықтан жыраулық поэзияда ауыз әдебиетіне тән ерекшеліктермен бірге жазба поэзияға тән өрнектер де қатар кемелденген. Жыраулық поэзияда әсіресе бұрын ауыз әдебиетінде көп тараған толғау жанры, сөз үлгілері кеңінен қолданылған. Толғауда, негізінен, терең азаматтық әуен, замана келбеті, ірі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, философиялық мәселелер мен тақырыптар ерекше орын алады.

Сөз өнерінің толғау түрі ежелгі жазба ескерткіштерінде аракідік бар болса да, оның жанр ретінде қалыптасуы ХҮ-ХҮІІІ ғасырларға сәйкес келеді, осы кезеңде ол ерекше өркендеп, биік сатыға көтерілген. Толғау әуел баста магиялық, тотемдік сипатта, табиғат құбылыстарын адамға түсіндіру, бағындыру қажеттігіне байланысты дүниеге келсе де, сөз өнері күрделене, жетіле түсуіне сәйкес қоғамдық, әлеуметтік, этикалық, эстетикалық маңыз алып, жанр ретінде қалыптасып дамуы жыраулық поэзияға тікелей қатысты.

Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері эпостық жырларды шығарушылар, ауызша таратушылар, таратқанда жанынан өлең, жыр шумақтарын қосушылар, сәл өзгертушілер, сөйтіп бір эпостың бірнеше нұсқасын тудырушылар болғаны сөзсіз. Алайда, өкінішке орай, олардың аттары сақталмаған, әуелде сақталса да  кейін ұмытылған. Сөз жоқ, сол аттары ұмытылған жыршылардың феноменалдық еске сақтау қабілеттері, таланттары, дарындары арқасында ғана біздің заманға қыруар туындылар жеткен. Ерте заманда толып жатқан ру, тайпалар құрамында көшпелі өмір сүрген, «алаш мыңы» аталған, кейін қазақ есімін иелеген халықтың шығарымпаздық дарындылығымен шығармаларды сақтаушылар, солардың әсерімен өздері де өлең-жыр тудырушылар болған. Көркем сөз сүюшілердің бұл ерекше дарындылығы мен қабылеттілігі өзіміздің зиялылар тарапынан жоғары бағалануымен қатар, басқа жұрт оқымыстыларын да таң қалдырған, олардың тамаша пікірлер айтқаны белгілі. Қазақ сөз маржанын жиюшылардың бірі Г.Н.Потаниннің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуі де осыдан [5,17].

Қазақ әдебиеті қазіргі Қазақстан жерін жайлаған тайпалар туғызған бай рухани қазынаның заңды мұрагері еді. Ол өзіне дейін ғасырлар бойы жасалған мол мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, соны, соқпақ, сораптар қалыптастыру нәтижесінде кемелденді.

Мұсылманшылықтың күш алуына байланысты бұл кезеңде көне түрік жазуы мүлде ұмытылған еді. Оның орнын араб жазуы басты. Шығыс тарихшыларының айтуынша, қазақтар өздерінің балаларын мектеп, медреселерде оқытатын болған. Халық арасынан сауатты, өз заманы үшін білімдар адамдар шығарды. Жазба әдебиет нұсқасы деп танылуға лайық шежіре жинақтары, тарихи үлгідегі шығармалар жазылды. Бұл кезеңде туған еңбектердің көпшілігі жоғалған.

ХҮІІІ ғасырдың аяғында Қазақстан жерінің біршама бөлігі Ресей құрамына енеді, ал ХІХ ғасырдың 60 - жылдарында қазақ даласы тұтасымен жауланып империяның құқығы кем, бас билігі жоқ езілген отарына айналады. Қазақ жұртының мың жарым жылдық ұзақ тарихының ең ауыр кезеңі басталады. Бірақ рухани өмір толастамайды. Орталық дәуірге, зар заманға орай ел мұңын мұңдаған, күреске шақырған, жарыққа жол іздеген жаңа әдебиет қалыптасады. Сонымен қатар, халық өзінің тәуелсіз заманындағы көркем сөз үлгілерін аялап сақтап, келер ұрпаққа мұрат еткізіп жеткізеді [6]. 

ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар поэзиясын жинау, зерттеу жайын сөз еткенде әрдайым атап өтуді қажет ететін өзекті бір мәселе – осы поэзияның біздің дәуірімізге жету жайы төңірегінде. Аталған дәуірлер поэзиясы алғаш қағаз бетіне кем-кемдеп түсе бастағанға дейін, алды 300-400 жыл, кейінгі тұсы 100-150 жыл өмір сүрді, ұрпақтан-ұрпаққа тек ауызша ауысып, жетіп отырды. Бұл бүгінде айтар ауызға ғана оңай жол. Әйтпесе, жүздеген жылдардың ауыр сыны мен салмағынан ақын мен жыраудан жүйріктің жүйрігі ғана, оның өзінде олардың шығармашылығының болмашы үзінділері, жеке жолдары мен шумақтары ғана жетті. Оның басты себебі: қазақ сияқты халықтың өлеңді суырып салып айту өнері соншама дарынды, өнімді, ал, оны сақтау қабілеті одан да артық деп танығанның өзінде өлеңді ұмытпай, дәл бастапқы күйінде ойша, ауызша сақтау қиынның қиыны. Өлең қанша сұлу да көркем болғанмен қысқа да нұсқа, мірдің оғындай өткір, күн сайын сан рет қайталанып жатталатын, көпке тарай ұштала түсетін мақал-мәтел емес. Оның үстіне өлең, толғауларды жаттап алып айтушы, таратушылардың да аз-кем ақындыққа таласының болуы орындауларындағы шығармалардың жеке тұстарын кейде ұмытып, кейде тіпті ұмытпай-ақ өздерінше өңдеп, жөндеп, өзгертіп айтуына мүмкіндік беріп отырған.

Осындай алуан түрлі жағдайлардың нәтижесінде арғы дәуірлерде айтылды деп жүрген өлең, толғауларымыздың көбі дерлік біздің дәуірімізге мол өзгеріске ұшырап жеткендіктен, олардың біраз жағдайда қазіргі шығармалардан айтарлықтай айырмасы да болмай жүр. Бұдан шығатын қорытынды ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда толық мағынасындағы поэзияның өмір сүргеніне қазір ешкім шүбә келтірмесе де, ол поэзия біздің тұсымызға бастапқы қалпында толық жеткен жоқ, ал жеткен жеке нұсқалары сан түрлі өзгерістерге ұшырап, кейінгі дәуірлердің көп қосындыларын бойына сіңіре жетті. Әдебиет зерттеушілерінің алдында осыған байланысты туатын үлкен міндет-мүмкіншілігінше, бір кездегі поэзияның өзіндік болмысынан тануға, анықтауға талпыну болса керек.

Сөйтіп, әдебиеттің арғы дәуірлерін зерттеушілердің алдында қосымша бірнеше қиындықтар тұрды. Олар – ең алдымен зерттейтін әдебиетті не сол әдебиеттің жұрнақтарын іздеу, табу, сол тапқандарды неше түрлі ой елегінен өткізу арқылы қашан және кімнен шыққанын анықтау, бұған ең әуелі өзің сену, содан кейін барып ғылым жолымен өзгені сендіру, осылардың барлығын жинақтай келгенде бүтін бір әдеби дәуірдің ұзақ әдеби үдерісінен аз-кем болса да нақты, асып жатса, тұтас түсінік беру қиындығы, т.т.

н көреген көсем ретінде бейнелейді.

Әдебиеттер:

1.   Мусин Ч. Қазақстан тарихы. – Алматы: Оқулық, 2005.

2.   Тілешов Е. Суреткер және көркемдік әдіс. – Алматы: Арқас, 2005.

3.   Сакулин П.Н. Филология и культурология. – Москва: Высшая школа, 1990.

4.   Материалы по истории казахских ханств ХҮ-ХҮІІІ веков. Извлечения из персидских и тюркских сочинений. – Алматы: Жазушы, 1969.

5.   Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІІ Т. ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Жазушы, 2000.

6.   Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы: Ғылым, 1992.