Магистрант Шорманова Қаламқас Кендебайқызы

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

ЖЫРАУЛАР МҰРАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақ поэзиясы қанша шабан дамыса да, бір кездегі мол поэзиядан бізге аз ғана нұсқалар күйінде жетсе де, өзінің ұзақ жолында бір бағытта, яғни жазба әдебиетті қалыптастыру бағытында қызмет етті. Өзінің әрбір елеулі қадамымен, кезеңімен болашақ әдебиетке жақындай және оны әзірлей түсті, барша ірілі-ұсақты табысын осы мақсатта жинақтады.

Айқын шығармашылық даралығымен көрінген ірі жыраулар жалпы жыраулық шығармашылықты ілгерілетумен бірге, ауыз әдебиетінен бірте-бірте ұзап, поэзияның көркемдік қорына аз-кем үлесін қоса отырып, болашақ әдебиеттің тууын жеделдетті. Асан Қайғы атымен аталатын шағын жолдардан бастап Бұқарға дейінгі поэзияны ойша шолсақ, осы қозғалысты, кем-кемдеп есеюді, сонымен бірге поэзия бойындағы жалпы тұтастықты, ортақ дүниетаным мен көркемдік ойлау, бейнелеу тәсілдерінің бірлігін барша болмысымен көреміз, танимыз. Мысалы, ХҮ ғасырдағы Асан Қайғының Әз Жәнібек ханға айтқаны мен ХҮІІІ ғасырда Бұқардың Абылай ханға айтқан толғауының арасында жалпы принцип жағынан да, көркемдік тәсіл жағынан да қаншама ұқсастық, ұластық, жалғастық бар, түр мен мазмұн жағындағы туыстық өз алдына. Бұның бірі жыраулық форманың ауыз әдебиетінен алғашқы бөліну тұсын білдірсе, екіншісі – оның бірнеше ғасыр бойы дами отырып, өзінің биік белесіне көтерілгенінің белгісі. Осы тәрізді көріністердің қайсысы да сөз болып отырған кезең поэзиясының бір көркемдік арнада өмір сүргенінің, сонымен қатар іштей өзара тұтастық, жалғастық, жүйелілікпен дамығандығының дәлелі [1,47]. Кейінгі тұста әдебиет тарихын ғасырлар тереңіне атап айтқанда, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар тереңіне бойлай зерттеу талабы едәуір жанданып, баспа беттерінде бір алуан пікірлер жарық көрді. Газет, журналдарда жарияланған шағын мақалаларды айтпағанда, «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан» жинақтары басылып шықты, бұл кітаптардың алғысөздерінде осы дәуірдің поэзиясы туралы пікірлер білдірілді.

Кеңес кезеңіндегі ұлттық әдебиеттанудың түйінді де ділгір мәселесі қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу, оның байырғы тарихи бастауларына тән дәстүр ұласуын айқындау мен дәлелдеудегі Б.Кенжебаевтың ғылыми тұжырымдарын жетекші ұстанымға айналдыру болды десек, хандық дәуір әдебиетін кешенді зерттеу, қазақтың ұлттық әдебиетінің тарихын ХҮ ғасырдан бастауды ғылыми негізді жүйелі орнықтыру мәселесі М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» зерттеуінің жарық көруімен ғылыми шешімін тапты. Аталған зерттеудің жарық көруі де талай идеологиялық қысым және цензуралық сүзгілердің қиямет белестерінен өтті. Бұл жолдағы жеңіс ұлт руханиятының алдаспаны болған өр тұлғалы М.Мағауиннің және Алаштың жеңісі еді. Сондықтан да жазушының «бұл кезде мен Қобыз сарынынан тартып, жеті-сегіз кітап шығардым, қазақ үшін мәнді, әдебиет үшін игілікті дүниелер еді, бірақ әлде редактордан, әлде бөлімнен, менің бір кітабыма рецензия берілген емес, мен туралы бір ауыз жақсы сөз айтылған емес, ал сынап-мінеу, іліп-шалу, кекесін мен кеміту көп болды» деген толғанысына иланамыз. Түптеп келгенде, Мағауиннің «Мені» өршіл рухты арда Алаштың өзгеге намысын таптатпаудың ғажайып үлгісі деп білеміз. «Алдаспан» антологиясында ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын, жыраулары шығармалары белгілі бір жүйеге келтіріліп, тұңғыш рет жарияланды. «Алдаспанның» «Қадым заман куәгері» атты алғы сөзінде М.Мағауин қазақ әдебиеттануының өзекті де ділгір мәселелеріне ғылыми-зерттеушілік назар аударады. Жыраулар мұрасын нақты зерттеу нысанына алған ғалымның әдеби-тарихи талдауларының ерекшелігі - көшпенділер дүниетанымына тән поэзиясының қайталанбас болмысын барынша терең ашуында. Бұған «Қазтуған поэзиясы - табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы», «Асан мұңы - халық мұңы. Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес», «Шалкиіз - новатор еді. Ол қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салды», «Ақтамберді жырлары көшпенді қазақтардың ой, арманынан, мақсат, мүддесінен елес береді, сахара тұрғындарының өмір, тұрмыс жайлы түсінігін бейнелейді. Жыраудың кейбір толғауларынан халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады» деген түйінді пікірлері нақты дәлел. «Жыраулар поэзиясы», «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» деген ғылыми мәні, тарихи маңызы зор әдеби ұғымдарды әдебиеттануда орнықтыруға күш салған ғалым сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің тұтас тарихи кескін-келбетін беруде құнды тарихи деректерді батылдықпен ұштастырды. ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда, яғни қазақ ордасы заманында жасаған ақын, жыраулардың мүлде дерлік ұмытылған, көбіне көмескі тартқан, қазақ совет әдебиеттану ғылымынан мүлде аластатылған һәм тыйым салынған мұрасын жинақтау, қайта тірілту және бар байыбын айғақтап, жан-жақты зерттеуге түсіру тарихы, бұдан соңғы зобалаңдар жайы жазушының «Қия жолдар» («Мен» екінші кітап) роман-естелігінде көрініс тапқан. Бір сөзбен ғана қайырсақ – көне мұра, ұл мәдениеті, болашақ бағдар үшін күрес...

Ежелгі түрік дәуірінен бастау алатын қазақ әдебиетінің мың жарым жылдық дәйекті тарихын қалпына келтіру мәселесін алғаш көтерген профессор Б.Кенжебаев еді. Ақыры көкезу дауға айналды. Әлбетте, түрік текті халықтардың бәрінің де әдебиеті Түрік қағанаты, тіпті одан да бұрынғы дәуірлерден бастау алатыны – Одақтық ең алдымен, орсы түркологиясында шешімін тапқан мәселе ерте ме, кеш пе қазақта да мойындалуға тиіс, мұндағы дүмшелердің ең басты қарсы дәлелі – Алтын орда дәуірінің әдебиеті үзілген ХҮ ғасыр мен біздегі, ХҮІІІ ғасырда жасаған Бұқар жыраудың арасында ештеңе жоқ, яғни тарихи және дәстүрлі жалғастық туралы сөз болуға тиіс емес деген долбар еді. Профоссор Бейсембай Кенжебаев өзінің университеттің алғашқы курсынан бастап қамқорлыққа алған жас шәкіртін аспирантураға түсіреді де, осы ХҮ – ХҮІІІ ғасырлар аралығын зерттеуге міндеттейді.

«Қия жолдарда» айтылғандай, бірінші жыл қармаланумен өтеді. Екінші жылдың ортасында әлденендей сәуле көрінеді, бұдан соңғы жарты жылда бар дерек жиналып бітеді. Жазу – аспирантураның соңғы, үшінші жылында басталыпты – 18 қазан, 1964 [2].

Асан Қайғыға байланысты ғалым еңбектерінде бірнеше деректер көрініс тапқан. Мысалы, тарихта болған екі Асан туралы көптеген ізденістер бар. Әдебиетші  қазақ тарихындағы екі Әз-Жәнібек - Алтын орда кезеңіндегі және Қазақ ордасын негіздеуші қай ханның дәуірінде өмір сүргенін зерттей келе, бірнеше дәлелге сүйене отырып, Асан Қайғының Алтын Орданың шырқау кезеңінде хан болған Әз-Жәнібектің сарайындағы ықпалды билердің бірі болғандығын тіреп айтады. Міне, нақты тарихи деректерге сүйенген ғалым «Алдаспан» жинағында жыраудың барлық жыр-толғауларын қамтыды. Ал:

«Ай хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің,

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің,

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Елеуреп неге сөйлейсің», - деген толғауын ұлттық кітапхананың сирек қолжазбасының қорынан тауып жинақтады. Мұның бәрі жыраулар мұрасын ғылыми және рухани айналымға түсірудегі ғалым қажыр-қайратын танытады. Өз кезегінде Қазтуған жырау мұрасын айқындауда, толғауларының текстологиясына қатысты маңызды ізденістерде игі қадамдар жасалды. Әдебиетші «Мен» еңбегінде осы ғылыми ізденістегі шығармашылық зертханасының кейбір қырларына орай: «Тақырып жоқ, саңылау жоқ, қадым-араб қарыптары жыпырлаған тылсымды ескі беттердің бірінің бел ортасынан асқан кезде дір ете түстім: «Қазтуған Сүйінішұғлы» деген сөз жазылған. Екі-ақ сөз. «Батыр» немесе, «жырау» жоқ, «айыпты» жоқ, бас әріптермен емес, жуандатылған, қарайтылған, яғни, тақырып ретінде ерекшеленген емес, әдепкі қатарда, әдепкі шрифтімен терілген екі-ақ сөз – бір есім. Бұл есім қазір бүкіл алашқа мәлім. Ал ол кезде Қазтуған деген жыраудың сөзі түгіл аты-жөні жоқ. Мүлде жоқ. Менің дір етуім – сезімнің бір сәттік жарқыл ұшқыны ғана екен. Ешқандай тосын жаңалық күткем жоқ. Байыппен ары қарай оқи бастадым. Әлбетте, ескі кітаптағы әдепкі өлең мәтіні, өзім ақтарған, көз алдымнан өткерген жүздеген нұсқаның бірі ретінде. Алғашқы сөздерінің жосыны өзгеше екен, беркініп, сабыр сақтайын десем де, қайырымның соңына дегбірім бітіп, әрең жеттім; өр лепес: «Буыршынның бұта шайнар азуы, - Бидайықтың көл жайлаған жалғызы, - Бұлұт болған айды ашқан, - Мұнар болған күнді ашқан, - Мұсылман мен кәуірдің, - Арасын өтіп бұзып дінді ашқан  - Сүйінішұлы Қазтуған!» - деп аяқталыпты. «Бұлұт болған айды ашқан, - Мұнар болған күнді ашқан...». Мен шыдай алмай орнымнан тұрып кеттім: маған қазақтың теңдесі жоқ тағы бір ұлы жырауы аян болған еді. Небәрі он жеті-ақ жол! Қаншама ғасырдан өтіп келген қастерлі қазына. Осы жалғыз-ақ өлеңмен әдебиет тарихының ортасынан ойып орын алуға болады. Бұл өлеңнің соңында тағы бір өлеңдер тұр. Осы Қазтуғанға тиесілі болуы мүмкін. Немесе, Қасқырбай, Бөрібай былай дептіге айналуы мүмкін. Ол да дүррі жауһар шығар. Бірақ дәл осы сәтте маған керегі Қазтуған ғана еді» деп жазады. Міне, әдебиетші «Қобыз сарынынан» бастап, кейінгі «Алдаспан» және «Бес ғасыр жырлайды» антологияларында жыраудың барлығы бес толғауын жариялады. Сақара эпосын тудырушылардың бірі – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик болған Қазтуған өз артына өмір туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырды. Бұлардың дені салмақталған. Қазтуғанның біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін, өзіндік сыпатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілерінің қатарына жатады. 

Қорыта келгенде, Ақтамберді, Доспамбет, Марғасқа, Шалкиіз сынды атақты жыраулардың зерттеушілер тарапынан назардан тыс қалған мұралары толықтырыла отырып кеңінен қамтылды. Поэзияларының ұлттық болмыспен біте қайнасқан өршіл рухын жан әлемінен өткізіп, кешегі еркін елдің елдігін тарихи санаға сіңіруге ұмтылды. Әдебиетші «Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттің шағын ғана бір толғауына менің кез келген романымды айырбастап жіберуге болар еді, өйткені жыраулар мұрасы – халқымыздың неше ғасырлық рухының көрінісі, қайталанбас, тозбас байлық, ал біз сол қазынаға бірдеңе қостық па – ол әлі белгісіз нәрсе» деп, бабалар мұрасын жоғары бағалады.

Әдебиеттер:

1.   Дербісәлин Ә. Әдебиет туралы толғаныстар. – Алматы: Қазақстан, 1990.

2.   Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті. Зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1983.

3.   Ханна аль-Фахури. История арабской литературы. 1Т. – Москва, 1992.