Арыстанғалиева Д.М., ф.ғ.к. Советова З.С.

Алматы энергетика және байланыс университеті, Қазақстан

РАДИОТЕХНИКА ТЕРМИНДЕРІНІҢ СИНТЕТИКАЛЫҚ ТӘСІЛ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазақ әдеби тіл лексикасының дамуының бір көзі – терминдер. Жалпы «термин» ұғымына ғылыми-теориялық, анықтамалық еңбектерде бірнеше анықтама берілген. О.С.Ахманованың «Словарь лингвистических терминов» еңбегінде: «Термин – бұл арнаулы саладағы білім мен іс-әрекетті білдіретін сөздер мен сөз тіркестері. Олар жалпыхалықтық  лексикаға  тек  қана  терминдік  жүйе  арқылы  ғана  енгізіледі.  Термин дегеніміз – арнаулы ұғымдар мен арнаулы заттарды дәл белгілеу үшін пайда болған тілдегі  арнаулы  (ғылыми,  техникалық  т.б.)  сөздер  мен  сөз  тіркестері»  [1, 474],  -  деп берілген. Қ.Аханов: «Тіл-тілдің лексикасында ғылым мен техниканың түрлі салаларында қолданылатын арнаулы сөздер бар. Олар терминдер деп аталады» [2, 161], - десе, Ә.Хасенов: «Терминдер – тілде ғылым мен техника, мәдениеттің әр саласына қатысты белгілі бір ұғымды дәл білдіретін арнаулы сөздер» [3, 102], - деп тұжырымдаған. С.Ақаев термин сөздер туралы: «Термин сөзінің бүгінгі күні біз қолданып жүрген мағынасы – қоғам үшін жаңа, белгісіз ғылыми түсініктердің аты және жай ғана аты емес. Ол аталушы нәрсенің тіл арқылы қоғамда танылып, түстелуіне, таным жүйесінде орнығып, бейнесі қалыптасуына қызмет етеді. «Адам өзіңді таны» ұранына сай ғылымның басты мақсаты мен дамуының қозғаушы күші – адамзаттың қоршаған орта және өзі туралы білімі артып, танымы кеңейіп, өзін рухани күшейту ниеті болса, термин осы мақсатты жүзеге асыруда ғылымның алғашқы және бірден-бір жаршысы. Адамзат ғылым тауып, біліміне білім қосып, соған сәйкес термин арқылы тілін де көркейтіп, көріктендіріп отырады. Сөйтіп ғылым дамуы барысында ойдан ой туатыны сияқты, сөзден сөз туып, ғасырлар бойы тоқтаусыз, жалғаса дамып, атадан мұра боп қалған сөздік қорымызды құрап, толықтырады» [4], - деп көрсетеді.

Жоғарыдағы терминге берілген анықтамалар бір-бірімен үндесіп келіп, терминдердің ғылым мен техниканың белгілі бір саласына ғана тән екендігін, сонымен қатар сөз немесе сөз тіркесі түрінде де көрініс табатындығын атауға болады.

Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы, оның зерттелуіне елеулі үлес қосқан А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы,   М.Дулатұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Е.Әбдірәсілов т.б. ғалымдар еңбектерін атап өтуге болады.

Қазақ тіл білімінде терминге қойылатын талаптарға талдау жасаған ғалым Ш.Құрманбайұлы өзінің «Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері» атты еңбегінде негізгі талаптарды былай бөледі:

1.  Терминнің бірмағыналылығы – термин сөздің бір ғылымда бір ғана мағынаны білдіруі.

2.  Термин мағынасының дәлдігі – термин сөз атауында өзі білдіретін ұғымның негізгі, басты белгілері өрнектелуі керектігін ескертеді.

3.  Терминнің қысқалығы немесе ықшамдылығы – қарапайым ұғымдармен салыстырғанда термин сөздердің қысқа әрі нұсқа болғандығы дұрыс.

4.  Терминнің тілдегі сөзжасам заңдылықтарына сәйкес келуі – әдеби тілдің тармағы ретінде термин сөздер де тілдің сөзжасам заңдылығына бағынуы керек.

5.  Терминнің туынды сөз жасауға қолайлы болуы – термин сөз қаншалықты қысқа болса, оған жұрнақтарды жалғау арқылы соншалықты жаңа сөздер тудыруға болатынын алға тартады.

6.  Терминде эмоционалдылық пен экспрессиялықтың болмауы – ғылым тілі нақтылықты қалайтындықтан, ғылым тілін жасаушы терминдердің де нақты, тура мағынада болғандығы жөн екендігін атап көрсетеді.

7.  Эстетикалық талаптарға сай келуі – термин сөз айтуға жеңіл, естіген құлаққа жағымды болуы тиісті екендігін айтады [5, 10-11].

Терминология – ғылым  мен  техника  тілін  дамытатын  лексиканың  бірден-бір күрделі қабаты, сондықтан да радиотехника саласы бойынша  терминдерді талдап, сұрыптау басты мақсат болып табылды. Терминжасам  тілдің сөзжасам жүйесінің бір тармағы болғандықтан, ол сөзжасамның жалпы заңдылықтарын сақтайды. Олай болса қазақ тіліндегі техникалық терминдерді жасауда сөзжасамның тәсілдері қолданылады. Радиотехника терминдерінің синтетикалық тәсілі, яғни сөз тудырушы жұрнақтар арқылы термин жасау маңызды орын алады. Сол себептен радиотехника бағытына негізделген оқу құралдарынан іріктеліп сұрыпталған терминдерді техникалық сала қолданысындағы қазақша-орысша және орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер негізінде қарастырдық.

Техникалық жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер үшін қажет сөздіктердің қатарына Б.Ағатаеваның «Көпарналы тарату жүйелері: техникасы мен теориясы» атты орысша-қазақша терминологиялық оқулық-сөздігін жатқызуға болады. Атаулы оқулық-сөздіктің артықшылықтары:

1.   Көпарналы электрбайланысының теориясы мен техникасы – қазіргі кезде өте қажетті білім салаларының бірі. Оқулық-сөздікті студенттің техниканы терең меңгеруіне көмектесетін негізгі құрал ретінде қарауға болады.

2.   Көпарналы электрбайланыс теориясы мен техникасы тарихын төмендегідей негізгі кезеңдерге бөліп қарастырған:

1) жалпы терминдер;

2) электрбайланысының негізгі терминдері;

3) электрбайланысын топтастыратын негізгі терминдер;

4) көпарналы электрбайланысының негізгі терминдері;

5) көпарналы байланысты топтастыратын негізгі терминдер;

6) көпарналы электрбайланыс теориясының қазіргі терминдері;    

7) көпарналы электрбайланыс техникасының қазіргі терминдері.

3.   Оқулық-сөздіктің тағы бір ұтымды жағы терминдер орысша-қазақша және терминдердің бір немесе бірнеше анықтамалары, қысқаша жазылуы, синонимы берілген. Мысалы: 

Сообщение

Хабар

Мәліметті білдіретін немесе бейнелейтін шартты түрде қабылданған дыбыс, белгі немесе символ [6,18].

Многоканальная техника

Көпарналы техника

Тарату тізбегімен көп арна ұйымдастыра алатын жасанды құралдар [6, 30].

Оқулық-сөздікте қазақ тіліндегі сөзжасамның синтетикалық, лексика-семантикалық, аналитикалық тәсілдері арқылы жасалған терминдер қолданылған. Радиотехника бағыты бойынша пайдаланылатын мәтіндерде кездесетін терминдерді жинақтап, сұрыптау барысында ғылыми-техникалық мәтіндер құрылымындағы терминдердің сөзжасамдық тәсілдерін, соның ішінде синтетикалық тәсілді талдауды  міндет етіп  қойдық. Мысалы:

-ғы, -гі, -қы, -кі: құрылғы, сүзгі, сорғы, қондырғы, соққы т.б.

-ын, -ін, -н: ағын, түйін т.б.

-гіш, -ғыш, -кіш, -қыш: көрсеткіш, өлшегіш, ағытқыш, іріктегіш, түзгіш, сақтандырғыш, айырғыш, өткізгіш, ажыратқыш, шектегіш, түрлендіргіш, күшейткіш, қабылдағаш, таратқыш, суытқыш, тежегіш, салқындатқыш, ығыстырғыш, түзеткіш, сүзгіш т.б.

-шы, -ші: тасымалдаушы, қабылдаушы, разрядтаушы, таратушы т.б.

-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік: жиілік, тұтастық, дәлдік т.б.

-ым, -ім, -м: орам, өлшем, құрылым, бапталым, енім, төсем, айналым, құрылым, қысым т.б.

-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе: сырғыма, түйіспе, қаптама, серіппе, сынама, ысырма, орама, құрама, созылма, қондырма, жайма, жазба, қоспа  т.б.

-ыс, -іс, -с: үйкеліс, байланыс, тартылыс, шағылыс, кіріс, шығыс т.б.

-уыш, -уіш: реттеуіш, тежеуіш, өлшеуіш, дәнекерлеуіш, тіркеуіш, санауыш, жалғауыш, орауыш, бөгеуіш т.б.

Қорытындылай келе, радиотехника саласына байланысты терминдерді жасауда жұрнақтар арасында -ғыш, -гіш, -қыш, -кіш, -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтары өнімді екендігін байқадық. Келтірілген атаулар мен ұғымдардан радиотехника терминдерін қалыптастыруға белсенділік деңгейі жоғары жұрнақтарды анықтауға, олардың түбір сөзге жалғану арқылы оған үстейтін мағынаға сай қандай ұғымға атау болатындығын анықтауға мүмкіндік берді.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.   Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. - М., 1966.

2.   Аханов Қ. Тіл білімінің негіздері. - Алматы: Санат, 1993.

3.   Хасенов Ә. Тіл білімі. - Алматы: Санат, 1996.

4.   Ақаев С. Терминнің тілдік және танымдық сипаты: Ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. - Алматы, 2002.

5.   Құрманбайұлы Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам тәсілдері (Барлық сала мамандарына арналған әдістемелік құрал). - Алматы: Сөздік-Словарь, 2005.

6.   Ағатаева Б.Б. Көпарналы тарату жүйелері: техникасы мен теориясы (орысша-қазақша терминологиялық оқулық-сөздік). - Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2004.