ӘОЖ 81.                               П.ғ.м., аға оқытушылар: Г.Қ.Сағатова,

                                                                        С.Б.Иманбаева,

                                                                        Қ.Қ.Нұржанова.

                                                              (Қарағанды, ҚарМТУ)

 

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТІЛТАНУДЫҢ ӘРТҮРЛІ БАҒЫТТАРЫ

Қазіргі кезеңде психологиялық тілтану аясында тілді, сөйлеу іс-әрекеті мен ойлауды әр басқа қырынан қарайтын әр түрлі бағыттар пайда болды. Тіл мәселесіне психологиялық тұрғыдан келу әлеуметтік лингвистика мен структурашылдық, тілдік таңбатану және математикалық тіл білімі зерттеулерінен байқалады. Сөйлеу қызметін психофизикалық әрекет, айтушының қабілеті ретінде зерттеушілер сөйлеудің физиологияға негізделетінін мойындайды. Тіпті, олар сөйлеуді айтқан я тыңдаған уақытта ғана адам ағзасында болатын психикамен бірлескен физиологиялық қызмет деп те таниды. Осыдан болар бұл бағыттағылар тілдегі тарихилықты трансформациямен және сөздің сапталуының статикалық күйіндегі деңгейлік сипатымен алмастырып жіберді. Лингвистикалық психологизм ішінен қазір этнолингвистикалық, семантикалық психологизм, психологиялық құрылым, таза психологиялық бағдарларды бағамдауға болады.

Психолингвистердің өз арасында сөйлеу іс-әрекеті туралы әр түрлі пікірлер бар. Мәселен, Н. Хомскийдің трансформалық-генеративтік грамматикасы адам өз сөйлеуін комбинаторика ережелеріне сай түзеді деп үйретеді. Биохевиористер сөйлеуді «стимул - реакция» қатынасымен талдайды. Әрекет теориясы сөйлеу іс-әрекеті сөйлеуші мен қабылдаушының белсенділігіне тікелей қатысты деп санайды.

Бұл көзқарастарда ұтымды тұстар баршылық, алайда инсандағы тіл мен сөйлеудің қасиеттерін түгендеп береді деп айтуға болмайды.

Қарым-қатынастың ұлттық-мәдени ерекшелігі аз дегенде екі қырынан көрінуге тиісті:

1. тіл, ойлау, жад, қатысымдардың бір-бірімен байланысы және адам өміріндегі, тұтастай алғанда, тілдің алатын орны.

2. қатысымның ұлттық ерекшелігі бар үдерістері мен құралдары жағынан. Мұндағы бірінші аспектіні «Сепир-Уорф» лингвистикалық салыстырмалылық туралы гипотезасы сипаттаса, ал екінші аспектіні этнопсихология қарастырады.

Әр түрлі халықтың тілі мен сөйлеуіндегі өзгешеліктер психолингвистика мен этнопсихологияның түйісінде қаралады. Мәселен, норвегтер, шведтер, финдер сияқты солтүстіктің халықтары оңтүстіктегі испандар мен италияндарға қарағанда дауысын ақырын шығарып және эмоцияны аз жұмсап сөйлейді екен. Ал осы испандар мен италияндарға қарағанда грузин, цыган, түрік, араб сияқты оңтүстіктегі халықтар мен қара нәсілділердің ішіндегі бойлары ұзын болып келетін этникалық топ өкілдері дауыстарын қатты шығарып сөйлейді екен. Шығыстағы жапондар, үнділер, вьетнам халқы, қытайлар т.б. ақырын сөйлеседі. «Орыс болып кеткен еврейлерді дауыс ырғағынан білесің» дейтін әзілде де шындық жоқ емес. Бұл жерде басқа факторлармен бірге географиялық мекен, климаттың да, өскен ортаның да ықпалы баршылық екені байқалады. Алайда, бір географиялық ендікте өмір сүретіндердің сөйлеуі мен қылығында әр түрлі өзгешеліктер бола береді.

Сөйлеуге жанама әрекеттер тіл білімінен гөрі этнографияда қарастырылады. Десек те, мұндай әрекеттер тілге сәулесін я көлеңкесін түсірмей тұрмайды, сондықтан да ол тілмен қосталады, сол себепті бұл – психолингвистиканың бір саласы этнопсихолингвистикада қарастырылады. Этнопсихолингвисти-

када белгілі бір мәдениеттің тілдегі көрінісін сипаттайды. Бұл жерде біз әр ұлттың я ұлыстың ым-ишара, қимыл, тұспалдарын еске алып отырмыз. Мұны лингвистикада «тілдің көмекші құралдары» деп атайды. Шындығында, адамзат тілінің шығуында ым мен қимылдың белсенді рөл атқарғандығы туралы болжамдар негізсіз емес. Мәселен, Австралиядағы аранда тайпасы 450 түрлі ым мен қимылды нақты зат я құбылысты білдіру үшін ғана емес, жалпы үғымды түсіндіру үшін де қолданады екен. Үндістердің тайпа аралық қарым-қатынас құралы ым-ишара екенін көпшілік біледі.

В. Вундт әуелде екі тіл – ым тілі және дыбыс тілі болған деп есептейді. Дыбыс – сезімді, ым-қимыл нақты затты білдірген. Ым-қимылдың үш түрі болған: нұсқау, бейнелеу, символика. Ымдау, негізінен, тарихи-әлеуметтік құбылыс. Зерттеулердің түсіндіруінше, сөзбен қосалқы жүретін ым мен қимыл бірте-бірте әр халықта әр түрлі рөл атқара бастаған. Бізге мәлім мәліметтерге қарағанда, бір сағат сөйлескенде мексикалықтар 180 рет, француз 120 рет, италиялықтар 80 рет, ал финдер 1 рет қана ым-қимыл жасайды екен. Сондай-ақ, орыстарда қол сермеу әдепсіздікке жатқанмен, басқа халықтардың әдетінде ол кәдімгі күнделікті ишараның біріне жата беретін жайттар көп. Сол сияқты бір мағына әр халықта әр түрлі ым-қимылмен беріледі. Мысалы, болгарларда келісуді білдіретін «иә» - бас шайқаумен, ал теріске шығаруды білдіретін «жоқ» - бас изеумен беріледі, дәл осы мағыналар болгарлармен туыстас орыстарда керісінше: «иә» - бас изеу, «жоқ» - бас шайқау. Испандар мен португалдар «жоқ» дегенде қолын өзінен ары кері қарай қозғалтады, ал жапондар мұндайда саусағын шошайтады, ал үндістер білегін бүгіп бетінен иығына дейін қолын апарады, арабтар басын шалқайтып таңдайын қағады, түріктер иегін шошаң еткізіп көздерін сығырайтады да таңдайын қағады (түрікпен туысқан қазақта тіптен басқаша екенін білесіз), малайазиялықтар мұндайда көзін төмен түсіреді.

Міне, осы сияқты құбылыстарды этнографтар салт ретінде зерттесе, лингвистер қарым-қатынастың тілге көмекші құралдары ретінде ұлттық ерекшелікті ескере отырып зерттейді. Жеке инсанның қандай да бір ұлттың өкілі екенін ескеретін болсақ, бұл бағыттың ділдік лексиконға әсерін жоққа шығаруға болмайды.

Психолингвистиканың мәдениеттанушылық бағытында мәдениетаралық қарым-қатынасқа да назар аударылады. Мәдениетаралық қарым-қатынас дегеніміз - әр түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдерінің өзара қатысуы. Мәселен, мұндай зерттеулерде бір мәдениет реципиентінің (өкілінің) басқа мәдениетке негізделіп түзілген мәтінді ұғуы туралы қаралады. Бұл құбылыс ділдік лексиконға да жат емес. Мұндай мәтіндер психолингвистикада өзге мәдениеттік мәтіндер дейтін арнайы нысандық санатқа ие.

Психолингвистика әлеуметтік лингвистикамен де шектеседі. Мәселен, белгілі бір әлеуметтік топтың сөйлеуі әлеуметтік лингвистика мен психолингвистикаға ортақ проблема бола алады. Айталық, гендерлік лингвистика - осы тұрғыдағы сала. Ал ділдік лексикон мәселелерінде әлеуметтік және психологиялық факторлар қапталдаса жүреді [1, 152-155б].

Психолингвистика коммуникация теориясымен, оның ішінде тілдік қарым-қатынас теориясымен тығыз байланыста болады. Тілдік қарым-қатынас теориясында өзекті мәселе - тілдің (сөйлеудің} қалай қатынас құралына айналғаны туралы мәселе, яғни, тілдің шығуы туралы мәселе. Тілдің шығуы жөніндегі болжамдарда психикалық факторларға сүйенетін дәлелдер баршылық. Тілдің шығуы жөніндегі «еліктеу» теориясы (Лейбниц, Гумбольдт) екі ұстанымға (қағидатқа) сүйенеді:

1. сөз табиғаттағы қоршаған ортадағы дыбысқа еліктеуден шыққан;

2. дыбыстау әуелден символикалы болды, сондықтан мағына заттың табиғатын бейнелейді.

Табиғатқа еліктеудің тілдік қарым-қатынаста орыны бар екені, табиғаттың адам психикасына әсері болатыны даусыз. Дегенмен еліктеуге сүйеніп шыққан тілде ұлттық қасиет болмас еді, оның үстіне әр халықта еліктеу әр түрлі болады. Тілдің шығуы туралы эмоционалдық болжам (Жан-Жак Руссо) бойынша, құштарлық алғашқы тілдік дыбыстарды шығарды. Сондықтан алғашқы тілдер үнді, сазды болып келеді, ал кейін қарабайырланып кеткен. Көріп отырғанымыздай, бұл - Жан-Жак Руссоның ағартушылық, гуманистік идеал іздеу ниетінен шығып отыр. Кейін бұл болжам «одағай» (рефлекс) теориясына (Штейнталь, Дарвин, Потебня, Кудрявский) ұласты. Табиғатпен тайталаста адам өз еркінен тыс дәйім дыбыс шығарып отырды (аштыққа, қуанышқа т.с.с. байланысты). Осының дамуы нәтижесінде мұндай одағайлар қоғам мүшелерінің бәріне бірдей символдық мәнге ие болды. Тілдің шығуы жөнінде психикаға мән берілген бұл екі бағыттағы теориялардың айырмасы - бірінде адам сөйлеуіне қозғаушы күш сыртқы дүние болса, бірінде - адамның өзінің ішкі әлемі.

Байқап отырғанымыздай, бұл болжамдарда тілдің экспрессивтік қызметі жоғары қойылады да, коммуникативтік қызметі оның көлеңкесінде қалады, басты мәселе ретінде сөйлеу механизмдерінің пайда болуы психофизикалық тұрғыдан зерттеледі. Олай болса инсанның сөз саптауы мен сөз қабылдауы мәселесінде тарихи-генетикалық себептер де бар. Бұл – арнайы зерттеудің үлесінде болғаны жөн.

      Психолингвистикада бұқаралық ақпаратты коммуникацияның мәселелерін зерттейтін де сала бар. Бұқаралық қарым-қатынас теориясы радиомәтіндерді қабылдау, теледидар тиімділігі, газет мәтіндерінің ықпалдылығы, саяси плакат, ұран, жарнамалардың адам санасына әсер етуі т.с.с. мәселелерді қамтиды. Демек, бұл тұста психика мен сөйлеу (тіл) көмекке келеді. Ғалымдар психолингвистиканың осы аспектісінде бұқаралық коммуникацияға арналған мәтінді қабылдау сәтінде әрекет ететін сатиация деп аталатын механизмнің егжей-тегжейлі зерттелгенін айтады. Сатиация дегеніміз – қайта-қайта қайталау я жағдаятқа сәйкестірмей қолдану салдарынан сөз мәнінің жоғалуы. Бұл механизм жеке инсан басынан да өтетінін ділдік лексиконды зерттеуде назарда ұстаған жөн [2, 398б].

Психолингвистика, әрине, лингвистикалық талдауға да сүйенеді, бірақ лингвистикалық талдауды көбінесе аралық, өткел, өткінші мәлімет ретінде қолданады. А.А. Леонтьевтің пікірінше, сөйлеу әрекетін зерттеуде тілтану мен жантанушының еңбегінің үлестік мөлшері мына сипатта: тілтанушы меңгерілетінді, меңгерілгенді зерттейді. Ал психолог лингвистикалық модельді игеру, қабылдау барысында адам санасында болып жататын психикалық байланыстар мен үдерістерді зерттейді, қарапайым айтқанда, сөйлеушілер шын болмыста, өмірде сөйлемді (сөйлеуді) қалай құратынын және түсінетінін тексереді. Ділдік лексиконды зерттеуде осыны тұғырлы әдіс ретінде қарау керек.

Психолингвистикадағы лингвистикалық сала туралы айтатын болсақ, онда бірнеше тарамдар бар екені байқалады. Солардың бірі - сөз мағынасының тұрпатын зерттеу. Айталық, көп жағдайларда дыбыс сапасы сөз мағынасымен байланысты болмайды дейтін қағида бар. Алайда, бұл тұста да қағидадан ауытқу болатыны рас. Дәлел үшін айтсақ, қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздердің мағынасының дыбыспен байланысы бар екенін ешкім жоққа шығармайды, керісінше, дәлелдей түседі (Ш.Ш. Сарыбаев, С.Р. Ибраев, К.Ш. Хұсайынов). Тіл дыбыстарының эмоциялық-экспрессивтік мәнін зерттейтін фоносемантика саласының нәтижелері де назар аудартады [3, 271б]. Мысалы, А.П. Журавлев («Звук смысл») экспериментінде (10000 адамдай қамтылған) орыс тілінің дауысты дыбысына мына тәріздес түстік мағына беріледі: а - қызыл, я - ашық қызыл, о - ақ, ё - сарғыш жасыл, е -жасыл, э - жасылдау, и – көк, у – көк жасыл, ю – бозқараған түсті, ы – шымқай қоңыр [4, 160б.]. Ділдік лексиконды сипаттауда сөзді графико-фонологиялық белгілер арқылы талғап тану үдерісін түсіндіру үшін осы дәлелдер шығар жол орнында болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Жақыпов Ж.А. Қазақ тілінде сөйлеуді үйретудің кейбір психолингвистикалық қырлары // Мемлекеттік тілді үйрету жолдары: теориясы мен тәжірибесі. Ғылыми әдістемелік семинар материалдары. – Астана, 2004. – Б. 152-157.

2. фон Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. – Москва: Прогресс, 1984. – 398 с.

3. Леонтьев А.А. Слово в речевой деятельности. – М.,1965.- 271 с.

4. Журавлев А.П. Звук и смысл. 2-ое изд., испр. и доп. – М.: Просвещение, 1991. – 160 с.