Магистрант Аканова Айкерим Ибрагимқызы

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

МОРФОЛОГИЯЛЫҚ СИНОНИМДЕРДІҢ ЛЕКСИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

Синонимдердің грамматикалық ерекшеліктеріне тоқталмас бұрын, ең әуелі синонимдердің лексика-грамматикалық түрлерінің аражігін ажыратып алған абзал. Академик М.Серғалиев «Синтаксистік синонимдер» еңбегінде: «Тіл білімінде синонимдердің белгілі бір салаларға, тіл білімінің тарауларына байланысты дараланып, бөлінетіндігі сияқты (лексикалық синонимдер, морфологиялық синонимдер, синтаксистік синонимдер), сөздердің мағыналық айшықтарына, айтушының не жазушының сөз саптау шеберлігіне қарай, қысқасы, стилистикалық тұрғыдан синонимдердің басқа атаулармен жұмсалатын тағы бір түрлері бар. Авторлық, индивидуальдық немесе стилистикалық синонимдер, бір сөзбен айтқанда, контекстік синонимдер осындай қасиеттерімен, белгілерімен көрінеді», - дейді [1:29]. Ал «Қазақ тілінің синонимдер сөздігінде» (Алматы; 2005) синонимдердің мынадай түрлері көрсетілген: лексикалық синонимдер, морфологиялық синонимдер, синтаксистік синонимдер, фразеологиялық синонимдер және сөзжасамдық синонимдер.

Ендеше, жоғарыда аталып өткендей, қазақ тілінде синонимдер лексикалық синонимдер, морфологиялық синонимдер, синтаксистік синонимдер, фразеологиялық синонимдер, сөзжасамдық синонимдер болып бөлінеді. Олардың әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар, сәйкесінше, әрқайсысының зерттелу дәрежесі де әр бағытта, әр деңгейде болып келеді.

Біріншіден, лексикалық синонимдерге тоқталатын болсақ, оларға (лексикалық синонимдерге) ғалымдардың берген  анықтамалар желісінің өзі біраз дау тудырғаны анық. Лексикалық синонимдерге анықтама беруде әр автор әр түрлі белгілерге сүйенеді. Мәселен, Л.А. Булаховский, А.Д. Григорьева, Л.Н. Саркисова, В.К. Фаворин синонимдер мағынасы жағынан тең сөздер десе, К. Аханов, Р.А. Будагов, Ә. Болғанбаев, А.Н. Гвоздеев синонимдер – мағыналары жағынан сәйкес келіп, бір ұғымды білдіреді дейді. Сол сияқты А.Реформатский синонимдер әр түрлі ұғымды білдіреді деп есептесе, Е.М. Галкина-Федорук, Н.М. Шанский, К.В. Горшкова синонимдер бір ғана объективтік шындықты бейнелей келіп, стилистикалық және мағыналық реңктер арқылы айқындалатын сөздер деп тұжырымдайды [2:6].

Ғалымдардың бұл мәселеге қатысты әр түрлі пікірлерін қорытындылай келіп, олардың қай-қайсысы да синонимдерді анықтауда сөздердің мағыналық сәйкестігін басты белгі деп санайтынын түсіну қиын емес. Бірақ бірыңғай синонимдік қатарға енетін сөздердің ұқсас, сәйкес мағыналықтан басқа да ерекшеліктері жоқ емес. Жалпы лексикалық синонимдерді анықтау мәселесінде бір ұғымды білдіре келіп, түрліше экспрессивтік-стилистикалық бояулар арқылы ажыратылатын, бір сөз табына енетін тұлғасы әр басқа сөздердің мағыналық ұқсастығы қатар алынғаны жөн.

Синоним сөздердің мағыналық үндестігі оның басқа да белгілері мен ерекшеліктеріне негіз болады:

1.                 Синонимдердің лексикалық мағыналары ұқсас, сәйкес болады.

2.                 Синонимдік қатарға енетін сөздер бір ұғымды білдіреді.

3.                 Өзара синоним сөздер бір сөз табына жатады.

4.                 Синонимдер бір-бірінен эмоциялық реңк пен экспрессивтік мәндері арқылы ажыратылады.

Мысалы, үлгілі-өнегелі-тәлімді-тәрбиелі синонимдік қатардағы сөздер, жақсы тәлім-тәрбие алған деген ұғымды білдіре келіп, өзара сионимдес болып тұр. Бұл синонимдес сөздердің мағыналары өзара ұқсас болғанымен, бірдей емес. Үлгілі сөзінде үлгі боларлық қасиет мол деген мағына басымырақ болса, өнегелі сөзінде дәл осы мағына алғашқы сөзден де тереңдей түсіп, өзіндік мағыналық реңкке ие болады. Ал тәлімді сөзінде көрген-түйгені көп, тәрбиеліде жақсы тәрбиеден шыққан деген мағыналар ілгергілермен үйлесіп тұр [2:7]. Лексикалық синонимдердің тағы бір ерекшелігі – олардың бір сөз табынан болуы. Мұндай жағдайда белгілі бір синонимдік қатарға енетін сөздер (негізгі түбір болсын, белгілі аффикстердің көмегімен басқа сөз табынан жасалған туынды түбір болсын) бір сөз табында тұруы шарт. Мәселен, бір синонимдік қатарға енген жоғарыдағы - үлгілі, өнегелі, тәлімді, тәрбиелі сөздері - сөз тудырушы аффикс арқылы зат есімнен (үлгі, өнеге, тәлім, тәрбие) жасалған туынды сын есімдер.

Тілдегі сөздердің негізгі екі жағы: дыбысталуы мен мағынасы болатыны тәрізді, лексикалық синонимдердің де екі жағы болады. Синонимдердің бір ұғымды білдіретін сәйкес мағыналылығы – оның мазмұны болып табылса, олардың дыбыстық әр түрлі құрылымы-формасы, тұлғасы болып саналады. Синоним сөздердің мазмұны болатын мағына мен ұғым бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ мәндес сөздердегі ұғым мен мағына өзара бірлікте бола тұра, өзіндік айырмашылықтарға ие болады. Ұғымның мәні сөз мағынасынан гөрі кеңірек және ұғым тілдік қарым-қатынаста халықтардың бәріне ортақ сипат алады. Ұғым тілдердің бәріне де ортақ болады, ал сөз мағынасында ұлттық ерекшелік орын алады. Ұғым ойдың негізінде пайда бола келіп, сөздің бәріне бірдей тән емес. Қандай сөзде болсын белгілі бір мағына болуы мүмкін, бірақ сөздің бәрі бірдей белгілі бір ұғымды білдіре бермейді. Сол сияқты сөздің мағынасы әр түрлі эмоциялық реңкке ие бола алса, ойлау категориясы ретінде саналатын ұғымда эмоциялық бояу болмайды. Лексикалық синонимдер әр түрлі жолдармен пайда болады [7:129]. Сөздің мағыналық жақтан дамуы, қосымша жаңа мағыналарға ие болуы синонимдік қатарлардың жасалуына әсер етеді. Осыдан көп мағыналы сөздер мен синонимдердің қарым-қатынасы, өзара байланысы келіп туады. Көп мағыналы сөз әр мағынасында әр түрлі синонимдік қатарға еніп, синоним сөздердің шеңберін кеңейтіп отырады. Мысалы, әр мағынада жұмсалатын бет деген сөз бір мағынасында жүз, дидар деген сөздермен синонимдес болса, екінші бір мағынасында беткей, төскей дегендермен (мысалы, Мал сонау бетте жайылып жүр, мал сонау беткейде, төскейде жайылып жүр); енді бір мағынасында бағыт, бет алыс деген сөздермен синонимдес болып келеді (мысалы: осы бетің дұрыс-осы бағытың дұрыс). Сондай-ақ тура деген көп мағыналы сөз бір мағынасында дұрыс, жөн, түзу деген сөздермен синоним болса, екінші мағынасында тік  сөзімен, үшінші мағынасында шақ, дәл сөздерімен синоним бола алады.

Заттар мен құбылыстардың бірден көзге түсіп байқала қоймайтын айрықша белгілері мен қасиеттерін бірте-бірте ашып, оларды атау үшін және мағыналардың нәзік реңкін ажыратып айту үшін тілде жаңа сөздер жасалып отырады да, тілдің бүтіндей сөздік құрамы даму, баю күйінде болады. Ал туынды жаңа сөздер сөз тудырудың әр түрлі тәсілдері арқылы пайда болып отырады. Сөз тудырудың түрлі-түрлі тәсілдері арқылы сөздік құрамның даму барысында синонимдер де жасалады.

Мысалы, жаз бен көк деген сөздер түбір қалпында бір-бірімен синонимдес бола алмайды: ал осы сөздердің сөз тудыру тәсілі арқылы болған жазғытұрым, көктем тәрізді туынды түрлері өзара мәндес, синонимдес сөздер болып саналады. Туынды жаңа сөздердің жасалу барысында пайда болған синонимдерге мынандай сөздерді жатқызуға болады: жайылым, өріс; олқылық, кемшілік; тірек, таяныш, сүйеніш; кездесу, жолығу, ұшырасу, жүздесу; сабырлы, салмақты; бостандық, азаттық, еркіндік және т.б.

Әдеби тіл лексикасының диалект сөздердің есесінен толығуы нәтижесінде де синонимдер жасалады. Мысалы: леген, шылапшын; тақия, кепеш; шырпы, оттық және т.б.

Тілде белгілі бір стилистикалық қызметте жұмсалатын эвфемизмдер басқа бір сөздермен немесе сөз тіркестерімен мәндес келіп, синонимдер жасалады. Мысалы: өтірік айту дегенннің орнына кейде жұмсартып, қосып айту дейміз. Төмендегі сөздер мен сөз тіркестерін де эвфемизмдердің қатысымен жасалған синонимдердің қатарына жатқызуға болады: мастық, қызулық; ұрлық-қарлық жасамау, ала жібін аттамау; өлді, қайтыс болды, дүниеден өтті, дүние салды т.б. Осы синонимдік қатарлардың әрқайсысының соңғы сыңарлары – эвфемизмдер.

Белгілі бір тілдің лексикасына басқа тілдерден енген сөздер сол тілдің байырғы сөздерімен мәндес келіп, соның нәтижесінде синонимдер жасалады. Мысалы, қазақ тіліндегі шекер-қант, одеколон-иіс су, тұрба - мұржа, доктор - дәрігер, күршек -ілгек, мөшек - қап, қапшық; сіріңке - шырпы деген синонимдердің әрқайсысының алдыңғы сыңарлары-орыс тілінен енген сөздер. Ал дидар - бет, жүз; табиғат - жаратылыс; құрмет - сый, тағам - ас; есім - ат; мұғалім - оқытушы; дәреже - атақ; рақмет - алғыс; мейман - қонақ; қораз - әтеш деген синонимдік қатарлардың алдыңғы сыңарлары араб және иран тілдерінен енген. Өзара мәндес синоним сөздердің мағыналық нәзік айырмашылықтарын жете білген адам синоним сөздердің сыңарларының айтылатын ойға дәлме-дәл келетінін тауып қолданады да, оның жазғаны немесе сөйлеген сөзі нысанға дәл тиіп жататын, әрі келісті, әрі мәнерлі болып шығады [7:131]. Сонымен қатар әр түрлі нәзік реңктерді білдіретін қасиет әсіресе тілдегі экспрессивтік-стилистикалық синонимдерге тән.

Экспрессивтікстилистикалық синонимдер - бір ұғымға қатысты сәйкес мағынаны білдіре келіп, бір-бірінен экспрессивтік бояма реңкі мен стильдік қолданысы жағынан ажыратылатын сөздер. Бұл синонимдер адамдардың тілдік қарым–қатынасында маңызды рөл атқара келіп, олардың ойын, пікірін, көңіл–күйін жан–жақты әрі дәлме–дәл жеткізуге мүмкіндік береді.

Лингвистикалық синонимдерді стилистикалық деп бөлу ешбір даусыз болғанымен, бұл мәселе жөнінде әркімнің пікірі әр түрлі. Стилистикалық синонимдерді сөз етуші тіл мамандары оларды (стилистикалық синонимдерді) ұқсас мағынаны білдіре отырып, бір ғана стильде шектеліп қолданылатын сөздер деп есептейді. Мұндай пікірді құптаушы авторлар стилистикалық синонимдердің эмоционалды–экспрессивтік қасиетін ескермейді. Мәселен, түрікмен тіліндегі синонимдерді қарастырушы В. Мескутов стилистикалық синонимдерді тек белгілі бір стильде жұмсалатын сөздер деп таниды.

Стилистикалық синонимдерді әр түрлі стильдерге тән сөздер деп санайтын авторлардың (Л.А. Введенская, Т.В. Дыбина, И.И. Шеболева т.б.) бұлай ойлауының себебі бар: олардың қай–қайсы болса да стилистикалық синонимдерді эмоционалды–экспрессивтік мәнге тәуелсіз деп есептеп, стилистикалық синонимдерді бір бөлек, ал эмоционалды–экспрессивтік мәндес сөздерді синонимнің жеке түрі ретінде өз алдына қарастырады.

Ғалымдардың келесі бір тобы стилистикалық синонимдерді сәйкес мағынаны білдіре келіп, эмоционалды–экспрессивтік мән арқылы ерекшеленетін сөздер деп тұжырымдайды. Мәселен, В.А. Звегинцев және өзбек тілінің синонимдік құбылысын зерттеуші С. Исамухамедова сөздің эмоциональді–экспрессивтік бояуын стилистикалық синонимдердің басты өзгешелігі деп есептейді. Демек, белгілі бір авторлар стилистикалық синонимдерді анықтауда мәндес сөздердің арнаулы стильде шектеліп жұмсалуын негізге алса, екінші топтағы ғалымдар стилистикалық синонимдердің эмоционалды–экспрессивтік реңкін негізгі белгі етіп алады.

Стилистикалық синонимдердің басты ерекшелігі – олар сәйкес мағынаны білдіре келіп, әрі мағыналық, әрі эксперессивті–стилистикалық қасиетке ие. Яғни стилистикалық мәндес сөздер екі өлшеммен өлшенеді: бірі – мағыналық, екіншісі – стилистикалық.

Стилистикалық синонимдерді семантикалық синонимдермен жақындастыратын белгі оның сәйкес мағынаны білдіруі болса, семантикалық синонимдерден айырмашылығы – оның (стилистикалық синонимдер) эмоционалды–экспресситі мәнінің болуы мен стильдік талғампаздығы бояма мәнге ие болуына байланысты барлық стильде қолданыла бермейді, жеке бір стильді талғап жұмсалады. Сондықтан олардың қолданылу аясы семантикалық сын есім синонимдердей кең емес, шектеулі екендігі байқалады. Сонымен стилистикалық синонимдер белгілі бір стильді таңдап, талғап қолданылады. Мысалы: залым мыстан – сайқал – қу деген синонимдердің әрқайсысы экспрессивтік мәнге ие бола отырып, көбінесе ауызекі сөйлеу стиліне тән болып келеді.

Өтірік күлкі, жалған сөз өмірде сайқал жанға тән. Сол сияқты жексұрын – сұмырай – сұмпайы – сұрқия – оңбаған деген синонимдер де экспрессивтік мәнді көрсете келіп, бірі қарапайым (сұмпайы, оңбаған), бірі дөрекі мәнді (сұрқия, сұмырай), енді бірі тұрпайы сөз (жексұрын) ретінде ауызекі сөйлеу стилінде қолданылады.

Сонымен стилистикалық синонимдер стильдік жағынан шектеліп қолданылуына байланысты, бірде әдеби тілдің арнаулы бір саласында қолданылса, бірде ауызекі сөйлеу тілінің құрамында жұмсалады. Сондықтан стилистикалық синонимдер қолданысына қарай екіге бөлінеді: біріншісі – ауызекі сөйлеу стилінде қолданылатын синонимдер, екіншісі -әдеби стильде қолданылатын синонимдер.

Тұрақты тіркестер жеке сөздің орнына жұмсалып қана қоймайды, сонымен мән-мағынасы жағынан үйлес келіп, бірінің орнына бірі балама болып та қолданыла береді. Мұндай құбылыс тіл білімінде фразеологиялық синонимдер деп аталады. Қазақ тілі лексикалық синонимдерге қандай бай болса, фразеологиялық синонимдерге де соншалықты бай. Мәселен, аза бойы қаза болды, аза бойы тік тұрды, азар да безер болды, ат-тонын ала қашты дегендер мән-мағынасы жағынан бір-біріне жақын келгенімен, іштей өзіндік сәл ерекшеліктері бар. Мұның барлығы етістік фразеологиялық синонимдердің соншалықты байлығын көрсетеді.

Көптеген стилист-ғалымдар синтаксистік синонимдерді зерттеу ісіне ерекше мән береді. Мәселен, академик В.В. Виноградов профессор А. Гвоздевтің «Очерки по стилистике русского языка» деп аталатын еңбегінің жағымды жақтарының бірі ретінде автордың синтаксистік синонимдерге бірнеше бет бергенін және оларды ғылыми жағынан сәтті сипаттағанын атап өтеді. Сонымен бірге рецензент олардың (синтаксистік синонимдердің) стилистика үшін айрықша маңызды екеніне назар аударады [4:55]. Оның «Очерктерінде» орыс грамматикалық және лексикалық синонимиясы саласы бойынша  бай да сәтті терілген материал, өзіндік және нәзік біршама байқаулар бар екенін көруге болады», - деп жазады С. Бархударов [1:4].

Жоғарыда аталғанның барлығын қорытындылай келгенде, біз, синонимия құбылысының тіл білімінің барлық салаларына тән өзекті мәселе болып табылатындығына көз жеткіземіз. Ең бастысы синонимия құбылысы түрлерінің барлығы бір-бірімен байланысты әрі әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың бір-бірінен түбегейлі айырмашылықтарымен қатар оларды бір арнаға түйістіріп тұратын ортақ құрылымдық жасалым жолдары бар. Сонымен қатар синоним түрлерінің зерттелу дәрежелері де әр түрлі. Мәселен, олардың ішінде ең көп зерттелгені лексикалық синоним болып табылса, ал ең аз ғылыми тұжырымға іліккені (сөз таптары арасында ғана) морфологиялық синонимдер болып табылады.

Әдебиеттер:

1. Серғалиев М. Синтаксистік синонимдер. - Алматы, 1991.

2. Оразбаева Ф. Қазіргі қазақ тіліндеггі сын есім синонимдер. – Алматы: Мектеп, 1988.

3. Нұрғалиева М.Б. Тарихи романдардағы лексикалық синонимдер. -Астана, 2004.

4. Болғанбаев А. Қазақ тілінің лексикологиясы. - Алматы, 1988.

5. Османова А.Ә. Синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі. – Алматы: Ғылым, 1991.

6. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан, 1998.

7. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 1993.