З.С.Тоқбергенова, т.ғ.к.,С.Қ.Әлімбаева, социол.ғ.к.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

 

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІНДЕГІ АКСИОЛОГИЯЛЫҚ

БАСЫМ БАҒЫТТАР МЕН ҰСТАНЫМДАР

 

Белгілі бір ұлттың мыңдаған ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтары келесі ұрпақтың санасына тарих, ондағы ерлік істері, халық жолында құрбан болған тұлғалар тағдыры арқылы сіңеді. Оларды ұлт етіп, ұйыстырып отырған ортақ ой-мақсат – ел мүддесі, ұлтжандылық сезім. Әрбір ұлт өзінің халқы үшін Ұлы. Халықтың мәңгілік ғұмыры –  оның тілі мен тарихында.

Бүгінгі таңдағы қоғам  адамнан тек  терең  білімді болуын, жоғары деңгейдегі мәдениет пен  ғылым мен техниканың түрлі салаларында терең мамандануын ғана талап етіп қана қоймай өзара тығыз байланыста өмір сүріп, тіршілік   ете білуді талап етеді. Тұлғалық дамудың негізгі көрсеткіштері оның  жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталуы, ізгілік, зиялылық,  креативтілік, белсенділік, намысшылдық, ой-пікірдегі  тәуелсіздік болып табылатындықтан, осы қасиеттердің  даму деңгейі   тұлғаның  әлеуметтік қалыптасуы мен әлеуметтік біліктілігінің көрсеткіштері  деп қарастыруға болады. Жоғары оқу орнындарындағы заманауи тәрбие жұмысын бағалаудың ерекшелігі тәрбие үрдісіндегі жүйелілік пен  тиімділікті қамтамасыз ететін  факторлар мен шарттардың  кешенділігі болып табылады.

Қазақстан Республикасы егеменді ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы жастарға жалпыадамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Бүгінгі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Отаршылдық езгісі әсер еткен ұлттық менталитетімізді қалпына келтіріп, нығайту және өркениетті елдер қауымдастығы қатарынан орын алу – ұлттық мемлекетімізді қалыптастырудағы басты алғышарттардың бірі. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында басты назарға алынған.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу атап көрсетілген.

Құндылықтар проблемасын зерттейтін ілім аксиология (ахіа – құндылық және logos – ілім, сөз) деп аталады. Ол – құндылықтар теориясы болып табылады. Аксиология әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін, мәдени құндылықтардың қалыптасуын, нақтылы даму тектерін және бағдарларын айқындайтын білімдердің нақтылы-тарихи жүйесі.

  Аксиологиялық ұстаным – адамның әлемге, адамдарға, өзіне қатысты әмбебап жалпы адамзаттық құндылықты қамтиды; табиғатпен, әлеуметпен, мәдениетпен болып жатқан қарым-қатынасындағы жеке тұлғалық мәндерді тәрбиелеуде білім алушы  өз білімінің, өмірінің  мәніне ие болуына бағытталу. 

  Педагогикалық жоғары оқу орындарында жеке адамды тәрбиелеу академиялық пәндер, қосымша білім беру, бос уақытты ұйымдастыру  арқылы коммуникативтік зерттеу, сыни тұрғыдан ойлау, академиялық адалдық және т.б. қолдау мен дамуы іске асырылады, сонымен қатар, тұлғаның негізгі құндылықтары – отаншылдық, табандылық, сенімділік, жауапкершілік, тапқырлық, көшбасшылық, яғни функционалдық сауатты тәртіп қалыптасады.  

  Осы орайда, жастарды жан-жақты қалыптастырудағы аксиологиялық басым бағыттар:

біріншіден, тәрбиелік – жеке адамды әлеуметтік тұрғыдан қалыптастыру бағытында, оларды жаңа өмірге дайындап, қоғамда өз бетінше қарекет жасай алуы туралы ұғымдар тізбегі;

екіншіден, дидактикалық – оқып-үйренуде білім, білік және дағды мазмұнын меңгеру өзбетіндік әрекет арқылы жүзеге асырылады;

үшіншіден, креативтік – студенттің таным белсенділігінің шығармашыл қуатын, мінез-құлқын ғылыми еңбекке баулу басты назарда болады;

төртіншіден, жеке тұлғалық – студенттің табиғи және әлеуметтік ерекшеліктері мен қасиеттерінің жиынтығын көрсетеді.

Шығыстың бай педагогикалық және тәлім-тәрбиелік ой-санасы, оның ішінде қазақ халқының педагогикалық дүниетанымы халық шығармашылығы мен ұлы ойшылдардың тәлім-тәрбиелік идеяларынан құралады. Адам мен дүниенің арақатынасын, адамның өзін-өзі тануын, сөйтіп өзін басқаға танытуын, тұлғаның өмірдегі орны мен ролін әлеуметтік және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беруқазақ педагогикасының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ педагогикасы – шығыстық педагогикадағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан педагогика болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының шоқжұлдыздары әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқариден басталып, олардың бай мұрасы педагогика ғылымындағы ұлттық тарихымыздың бастау көздері болып табылатындығын өркениетті ел болуға аяқ басқан қазіргі кезде батыл айтатын уақыт жетті. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы тәлім-тәрбиеге қатысты жинақтаған інжу-маржандарын әлем жұртшылығына танытып, әлемдік педагогиканың қатарынан орыналуына күш салуымыз елдігіміздің басты белгісі екендігін назарда ұстанған жөн деп білеміз.

Жеке тұлғаны қалыптастыру ұғымын ғұлама әл-Фараби    былай анықтайды: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күш – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады».

Қазіргі таңда аксиологиялық басым бағыттардың негізі көне тарихтан бастау алады. Ұлы ғұламалар бір-бірімен сабақтасып жатқан кемел адамның 4 сатылы өмір жолын ұсынды:

1.            Шариғат жолы, яғни құранда айтылған адамзат парыздарын орындап, дұрыс жүру;

2.            Тариқат жолы, яғни ақиқатқа жету жолы;

3.            Хақиқат (ақиқат) жолы, бұл адамзат қоғамының қыр-сырын танып білу;

4.            Мағрипат жолы, кемелденіп, тұлғалық жетілуге қол жеткізу.

 ІХ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген ойшылдар Қорқыт, әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи, Кейкуас және т.б. еңбектеріндегі отбасы тәрбиесіндегі тұжырымдамалық идеялары сұрыпталып, жеке тұлғаны қалыптастыру туралы көзқарастары жүйеленген. Атап айтқанда, әл-Фараби (ІХ-Х ғғ.) – «мінсіз адам», Ж.Баласағұн (ХІ ғ.) – «парасатты адам», М.Қашқари (ХІ ғ.) - «ер жүрек адам», Кейкаус (ХІ ғ.) – «жомарт адам», Қ.А.Иассауи (ХІІ ғ.) – «кемел адам». Жаңа ғасыр осы аталған аксиологиялық-тұлғалық сапаларды қалыптастырып, бәсекелестікке қабілетті, толерантты үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеуде өз іс-әрекетін жалғастыруда.

Елбасы Н.Назарбаевтың сөзіне сүйенер болсақ, біздің ата-бабамыздың текті болғаны, олардың өмірі лаулаған от болғаны, әрбір ісі ерлік пен өжеттікпен өрілген өнеге болғаны тарихымыздан табылып, танылып жатуы табиғи заңдылық. Елінің еркіндігі үшін ерлермен бірге атқа қонып, қайыспас қайсарлық танытқан қазақтың батыр қыздары жайлы жылдар бойы айтсақ та тауыса алмасымыз анық.

Осы орайда, отбасының ұйытқысы ана болғандықтан жастардың тұлғалық сапаларын қалыптастыру мақсатында тарихта есімдері алтын әріппен жазылған батыр қыздарымызға құрметпен қарап, үлгі ету қазіргі қазақ педагогикасының  басты бағыттарының бірі.