Автор: Себдайырова Айгерім Маратқызы

                   Поэтикалық мәтіндерді аударудағы кейбір мәселелер

          Көркем аударма – әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге аударылған нұсқасы, көркем әдеби шығармашылықтың бір саласы.  Көркем аударма түпнұскаға мағынасы қаншалық жақын келетініне орай дәлме- дәл аударма, еркін аударма, сәйкес аударма деп ажыратылады. Жоғарғы көркемдік сападағы аударма – ұлт мәдениетін өркендетумен қатар, әдебиеттің дамуына өлшеусіз ықпал етеді, ұлттық тілді байытады, өзге халық туралы таным-түсінікті кеңейтеді. Көркем аударма бұл – автор талантымен бәсекеге түсу, көркем шығармашылықты меңгерудің, қабылдап танудың, бағалаудың жарқын үлгісі, ой мен ойдың, сөз бен сөздің сезімталдық сипатындағы сайысы. Бұл үлкен шығармашылық өнер ғана емес, ұлт әдебиеті мен автор шығармашылығы алдындағы маңызды сын. Аудармаға да қатаң талаптарталғаммен қараған дұрыс. Оқырманды тарататын, қызықтыратын туынды кезек күттірмеуі керек. Аударма жетілдірілген сайын ол соншалықты күшті әрі маңызды, ал көбейген сайын ол соншалықты бір ұлттың дәстүрі екіншісімен терең ұштасады, әдебиеттердің өзара ықпалдастық процесі пәрменді жүреді. Әдеби ортада аударма жеке авторға ықпал ету, жаңа шығармашылық процесс қатынасында жалғасады. Ұлт талантына құрмет, ұлтқа қызмет ету, бір халықтың ұлттық мұрасын өз елінің игілігіне айналдыру жолында аянбай, талмай еңбек еткен аудармашылық шығармашылық қай кезеңде болмасын биік бағаланды. Бүгінде М.Әуезов арқылы Абайды таныса, Ш.Айтматов арқылы әлем оқырмандары қазақ, қырғыз халқының өмірінен, тұрмысынан хабардар болды.   Аударма ұғымының қолданылу аясы өте кең. Бір тілден екінші тілге поэзиялық және прозалық шығармалар, публицистикалық мақалалар, ғылыми әдебиеттер, ресми іс қағаздар, саяси және қоғам қайраткерлерінің, шешендердің сөйлеген сөздері, кинофильмдер аударылады; әр түрлі тілде сөйлейтін адамдар тіл табысу үшін аудармашылардың көмегін қажет етеді. Бірақ, біз осылардың ішінен көркем әдебиет саласындағы аудармаларды сөз еткелі отырмыз. Аудармашылардың өздері де «көркем аударма» ұғымына нақты анықтама беруге қиналады. Кейбір әдебиетшілер «аударма-түпнұсқаға негізделіп, түпнұсқаның басқа тілдегі көшірмесі» болу керек деген пікір айтады. Басқаша айтқанда, аударма түпнұсқаға толық сәйкес болу керек. Бұл арада «сәйкестік» деген ұғымға тоқталу керек деп ойлаймыз. Егер бір шығарма екі түрлі тілде, екі түрлі мәдени-тарихи жағдайда өмір сүрсе, онда «сәйкестік» тек шартты түрде ғана болмақ. Осындай тұжырымды белгілі армян сыншысы Левон Мкртчян айтқан: «Если одно и тоже произведение существует на двух разных языках, в контексте разных культур, то о полном соответствии можно говорит лишь в определенном смысле. Даже наиточнейший перевод не может во всем совпадать с оригиналом, быть «абсолютно точным». Перевод и не должен полностью повторять оригинал — искусству противопоказаны повторения». Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой – пікірді, болмаса жазылған мәтінді тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде, яғни оның ана тілінде түсінікті етіп жеткізу. Ал, әдеби немесе көркем аударма дегеніміз – бір тілде жазылған әдеби туындыны екінші тілдің құралдары көмегімен оқырмандарға жеткізу және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын – лингвистикалық ерекшелік емес, ал түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен. Аударма – жалпы әдеби үрдістің кең арналы саласы. Аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері де сусындай алады. Толық мағынадағы аударма қалай да түпнұсқаға сәйкес болуы шарт. Әрине, шығарманың мәтінін бастан – аяқ тәржімалау мүмкін емес. Әсіресе, поэзиялық шығармалардың аудармаларында кейбір еркіндіктер болмай қоймайды. Оның себебі де бар – әр тілде қалыптасқан сөз қолдану тәсілдері ерекше болып келеді. Сондықтан, бейнелі сөздерді көшіріп, сол түпнұсқадағы қалпын сақтап жеткізу мүмкін емес. Басқа тілде айтылған ойдың жалпы мағынасын жеткізуден гөрі, сол әдебиетке тән көркемдік ойлау, бейнелеп сөйлеу, сөз қолдану өзгешеліктерін дәл келтіру әлдеқайда қиын. Ал, онсыз көркемдік ой – сезімнің әсерлілігі де толымды болмайды. Көркем аударма процесінің нәтижесінде түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы бірлік пен тұтастықтың сақталуының маңызы жоғары. Түпнұсқаның мазмұны мен пішіні арасындағы байланыс, келісім мен жарасым аудармада сақталмаған жағдайда әдеби шығарманың көркемдік табиғаты, автордың шығармашылақ даралығы мүлде бұрмаланып, түпнұсқа бір басқа, аударма бір басқа – екеуі екі бөлек туынды болып шығады. Мұндай жағдайда аудармадан түпнұсқаның мазмұны да, көркемдік – бейнелеу ерекшеліктерін де табу қиынға түседі. Ал, көркем аудармада түпнұсқаның мазмұны мен пішінін дәл жеткізу немесе біршама дәл жеткізу аударма ісіндегі ең бір қиын, күрделі әрі аудармашы шығармашылығының мағынасы мен мәнін анықтайтын айрықша маңызды көрсеткіш болып табылады. Бір ұлттық тілде жазылған көркем шығарманы екінші бір ұлттық тілдің көркемдік бейнелеу құралдары арқылы қайта жасау, аудару оңай емес. Ал, түпнұсқа белгілі бір ұлттың ұлы ақынының шығармасы болса, оның ұлттық сипаты барынша анық, беделді болса, онда оны өзге тілге аудару аудармашыдан үлкен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар, үлкен талантты талап етеді. Аудармашы таланты – айрықша талант. Ол өз тілінің айшығы мен ажарын, көркемдік бейнелеу мүмкіншілігін, бейнелілігін еркін меңгерген дарынды ақын болумен бірге, түпнұсқаның мазмұны мен мәнін, тіл байлығын, ұлттық бояуын жете білетін шебер маман дәрежесіне көтерілуі шарт. Сонда ғана ол аудармашы ретінде түпнұсқаның мазмұны мен пішінін толық игеріп, өз аудармасында олардың арасындағы байланысты, келісім мен жарасымды, тұтастықты сақтауға мүмкіндік табады. Көркемдік қабылдауды психологиялық тұрғыдан зерттеудің талабына сай келетін – көркем мәтінді «сатылап талдау» («послойный анализ» текста) әдісі болып табылады. Неміс философы Н. Гартман көркем шығарманы «сатылап» талдай отыра, онда тілдік құрылым қабатын, кейіпкердің іс – әрекеті қабатын, характерлер қабатын және идеялық мазмұн қабатын көрсетеді [1, 83]. Поляк эстетигі Р. Ингарден де поэтикалық шығарманы сөздің дыбысталу қабатынан, сөздердің көптекістегі беретін мағынасы қабатынан, заттық қабаттан (шығармадығы көрсетілген заттық болмыс), «көріністер қабатынан» (слой видов), көркем мәтіндегі астарлы ой және сезімдік – элюционалдық көріністер қабатынан тұратынын көрсеткен [2, 47].  Қорытындылай келе көркем аударма проблемалары күн тәртібінен түспейтін, шешілуінің ұшы қиыры көрінбейтін түбегейлі проблемалардың бірі деп айта аламыз. Әдеби аударма халықтардың бірін – бірі тануына, рухани жағынан жақындасып, туыстасуына айтулы көмек көрсететіні белгілі. Көркем аударма жекелеген қалам қайраткерлерінің ғана емес, бүкіл бір елдің әдебиетіне әсерін тигізеді. Әдебиет тарихында бір жазушының шығармаларына әр кезде әр түрлі аудармашылар ілтипат білдіреді. Осының нәтижесінде бір туындының бірнеше аудармасы сақталады. Олардың ішінде сәттісі де, сәтсізі де ұшырасуы мүмкін.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Жансүгіров І. Шығармалар. 2 т. — Алматы: ҚМКӘБ, 1960.

2. Пушкин А.С. Шығармалар. — Алматы: 1 т., 1953.