ф.ғ.к. Такиров С.У., магитрант Жакулаев А.М.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТАНУДАҒЫ МОДЕРНИЗМ МЕН ПОСТМОДЕРНИЗМНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ

 

Әлемдік рухани-мәдени процесс үнемі даму үстінде болатын үдеріс. Ұлттық әдебиетімізді әлемдік процестен бөліп қарай алмайтынымызды ескерсек онда дүниежүзілік әдеби үрдістен сырт тұра алмайтынымыз белгілі. Жаһандық әдебиеттегі ортақ бағыттар мен ағымдардың ұлттық әдебиетіміздегі орнын саралап, қазақ әдебиеті мен әлемдік әдеби үдерістердің байланысын анықтау әдебиеттанушылардың зерттеуіндегі өзекті мәселе.

ХХ ғасырдың екінші жартысында әдебиеттің өзекті мәселелері модернизм төңірегінде болғаны бәрімізге мәлім дүние. Ал, қазіргі кезеңде қазақ ұлттық әдебиетін зерттейтін ғылымда постмодернизмді зерттеу басталды десек артық айтқандық емес. Олай болса біз осы шағын мақаламызда қазақ әдебиетіндегі модернизм мен постмодернизмнің зерттелуін сараламақпыз. 

ХХ ғасырда әлемдік әдебиетте үстемдік еткен модернизм ағымының ықпалы қазақ әдебиетінде де байқалды.

Әдебиетші ғалым Б.Майтанов: «Әдебиет тарихына жаңа көзбен назар аударған уақытта біздің көптеген реалистік туындыларымыздың модернизммен тамырласып жатқанын байқаймыз. Ол М.Әуезов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, тіпті, С.Сейфуллин мен С.Ерубаев шығармаларынан да кең орын алады. 1960 жылдардан бергі «жылымық» дәуірде мұндай әдеби-танымдық дискурс Р.Тоқтаров, С.Мұратбеков, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов, Д.Досжанов, Р.Сейсенбаев, М.Қабанбай т.б. жазушылардың көркемдік тәжірибесінен анық аңғарылады» – деп көкейкесті пікір білдіреді [1,8]. Ал, осы пікірді дұрыс деп есептесек, онда біздің әдебиет те модернистік бағытты бастан өткерді және де қазақ әдебиетіне модернистік бағыт енді деп толық айта аламыз.

Шынында ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қаламгерлеріміздің (Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов т.б.) шығармаларынан қоршаған ортаны жатсынуынан туындайтын экзистенциялизм сарынының кездесетінін байқаймыз. ХХ ғасырдың бас кезінде ұлттық әдебиетімізге әсер еткен бұл ағым ХХ ғасырдың алпысыншы–сексенінші жылдарындағы жазушылардың тың ізденістері (мысалы; модернистік әдеби техниканың құрылымындағы сана ағымының элементтерін пайдалануы, қоршаған ортаны жатсынуы, дүниенің мәнсіздігін беруі, адамның қос жарылуы, тұлға тұтастығының бұзылуы, мифтік сюжеттерді қайта жаңғырту т.б.) арқылы модернизмнің түрлі белгілерін қолданулары ұлттық прозамызда ерекше көрінгені даусыз шындық.

Соңғы уақытта әдебиеттанушы ғалымдар Б.Майтанов, А.Ісмақова, Л.Сафронова, Ж.Жарылғапов т.б. модернизм мен постмодернизм ағымының қазақ әдебиетіндегі орны туралы орынды пікірлер білдіруде.

Модернизмнен кейін келген немесе модернизмнің орынын алмастырған бүгінгі таңда өнер мен мәдениетте, философияда, әдебиетте және т.б. ғылым салаларында ең көп талқыланатын өзекті мәселе – постмодернизм құбылысы болып табылады. Дүниежүзілік әдебиеттен сырт тұра алмайтынымызды жоғарыда ескерттік. Олай болатын болса постмодернизм дәстүрлі әдебиетті ығыстырып шығармаса да қазіргі кезде белгілі бір деңгейде ұлттық әдебиетімізге өз әсерін тигізіп жатқаны анық.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында батыс елдерінде белең алған бұл ағым кешегі кеңестік, бүгінгі ТМД елдерінде тоқсаныншы жылдары сөз бола бастады. Әлемдегі рухани-мәдени құбылыстардың қазақ әдебиетіне де өзіндік ықпалы болды. Дүниежүзілік әдеби-мәдени үдерістегі модернизмді постмодернизммен ұштастыра қарастыру қазақ әдебиеттану ғылымында да көрініс берді. Бақытжан Майтановтың «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар», «Қазіргі қазақ поэзиясы және постмодернизм», А.Ісімақованың «Бүгінгі постмодернизм», «Бүгінгі дүниежүзілік әдебиеттану ғылымының мәселелері», Ж.Жарылғаповтың «Постмодернизм қандай құбылыс», Г.Елеукенованың «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950-1980-х годов ХХ века», Әуезхан Қодардың «Постмодернизм жөнінде бірер сөз», Ж.Шәкеннің «Жаңашыл жастарға жаңа ағым жайында айтар сөз», Сәруар Қасымның «Қазақ поэзиясындағы постмодернистік көріністер», Әбіл-Серік Әліәкбардың «Постмодернизм қазақ әдебиетінде (Д.Рамазан шығармашылы-ғына қатысты тұстарынан үзінді)» т.б. мақалалардан постмодернизмнің мәселелері сан қырынан қазақ әдебиеттану ғылымында да зерттеле бастағанын байқаймыз.

Көрнекті ғалым Бақытжан Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар» атты мақаласында постмодернизм тек «батыстық» қана емес, кешегі кеңестік дәуір әдебиетіне де тән құбылыс екенін Д.Затонскийдің пікірімен негіздейді.

Белгілі мәдениеттанушы Әуезхан Қодар: «Қазіргі жаһандану заманында барлық ықпалдардан ада жергілікті мәдениет беймүмкін. Әмбебап нарықтық, бүкіл өркениеттік байланыстар қалай дамыса, мәдениеттердің араласып, бір-біріне кірігуі де сонша дамыған. Жалпы, біздің дәуіріміз шектен тыс ақпараттануымен әйгілі. Міне, постмодернизм дегеніміз осы шектен тыс ақпараттанған адамзаттың мәдениеті. Қазіргі кезде постмодернизм мәдениетін мойындамауға болмайды дей отырып, постмодернизм дегеніміз не, ол біздің ұлттық мәдениетімізге қандай пайда әкеледі? деген сауалдарға постмодернизм ұлттық мәдениетке өте пайдалы нәрсе. Өйткені, қазіргі адамзат мәдениетіндегі аса өзекті бұл ағым орталықты, өзін бәрінен де биікпін деп санайтын абсолютті мойындамайды», деп жауап береді ғалым ағамыз [3,239]. Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы өз ойын: «...әрбір халық өзінің тілін, дінін күшейту арқылы тамырын тарихтың тереңіне жіберу арқылы ұлттық болмысын сақтауға алдымен қам жасайды. Ұлт өміріндегі осы бір аса маңызды мәселенің дұрыс шешілуіне ғаламдасу концепциясы мүлдем қарсы. Ол «жаппай мәдениет» дегенді ұсыну арқылы ұлттық атаулының тамырына балта шапқысы келеді. Әдебиет – сөз өнері. Өнердің ұлттық сипаты анық. Жаһандану әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатын жоққа шығару, жою арқылы ұлттық әдебиет атаулыны тарихтың тастандысына айналдырмақ. Мұның өзі кім-кімді болса да ойландырмай қоймайды. Сондағы Батыстың бізге ұсынып отырғаны қандай әдебиет дейсіз ғой? Ол – постмодернизм» – дей келе, осы мақаласында постмодернизмге деген қазақ зерттеушілерінің көзқарастарын салыстыра отырып, дәстүршіл қаламгерлердің осы ағымға деген қарсы ойлары мен кейінгі буын жазушыларының осының (постмодернизм) төңірегінде мейлінше көп сөз қозғап, жаңалыққа жаны құштар жастарымыз модаға айналдырып алғанын да ашып айтып өзінің пікірін білдіреді [4,2-3].

Ғалым модернизм мен постмодернизмнің де қатынасын назардан тыс қалдырмайды. «Модерн» дегеніміз қазіргілік, ал постмодернизм өзін «қазіргіден кейінгі» деп атаса, ол өзін модернге қарсы қойғаны емес пе? деген сұраққа «постмодернизм оппозицияда болуды сүймейді. Ол, тіпті, оппозиция табиғатының өзін құбылыс ретінде ұнатпайды. Өйткені оппозиция дегеніміз – екі шепке бөліну деген сөз (бинарлық оппозиция)», – деп жауап береді. Ендігі кезекте мәдениеттанушы ағамыз Абайдың «Ескендір» поэмасын алып, қазақ ақынының шығыстық назира дәстүрін бұзғандығын, Абай бұл дәстүрдің жазу шартын мүлде өзгертіп бүкіл Шығыс табынған Александр Македонскийді жағымсыз персонаж қылып көрсетуін қазақ мәдениетіндегі постмодернизм көрінісі ретінде қабылдауға болады деген пікірімен әрине келісу қиын. Себебі, біріншіден, постмодернизмді әлемдік деңгейдегі философтар, әдебиетшілер ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған ұғым десе, екіншіден, Абайдың ұлт әдебиетіне енгізген жаңалықтарын постмодернизм емес модернизм деп айтқанымыз жөн сияқты.

Постмодернизмді кең ауқымдағы мәдени ағым дей отырып, әдебиет мәселелерін талқылауға үлес қосып жүрген зерттеуші Г.Елеукенова қазақ әдебиетінде 1950 жылдан бастап постмодернистік деп аталатын ұғым пайда болғандығын айтады. Зерттеушінің «Қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері» (1993) жинағында «К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950-1980-х годов ХХ века» атты мақаласы жарияланған болатын. Г.Елеукенова осы зерттеуінде 1950-1980 жылдардағы қазақ әдебиетіндегі жаңа тенденцияның пайда болуын Ғ.Мүсіреповтің (1959) «Этнографиялық әңгіме» деген шығармасының жарыққа шығуымен байланыстырады. Шығармадағы кейіпкер әлеуметтік тұлға, батыл күресуші де емес, өзінің есімі де аталмайтын, қоршаған адамдары сыйлайтын – Атеке. Яғни үйін, ауыл аймағын асыраушы, қарапайым қазақтың шалы. Социалистік реализмде кездесетін мемлекет, ұжым үшін еңбек етіп, жан-жағына үлгі боларлық идеал кейіпкер де емес. Өз беделі мен тамырынан ажырап жоғалып бара жатқан төре жұрнағының қарапайым тіршілігін суреттейтін Ғ.Мүсіреповтың «Этнографиялық әңгімесін» әдебиетші ғалым постмодернистік сипаттарға ие алғашқы шығарма деп санайды [5,195-201].

Атекемнің образы ақиқат болмыста кездесетін нақты образ деп айтуымызға болады, сондықтан Ғабит Мүсіреповтің бұл шығармасы дәстүрлі реалистік туынды деп ойлаймыз. Бұл шығармада постмодернизмнің пародия, қара юмор элементтері кездескенімен де постмодернистік әңгіме деп айта алмаймыз.

Ал, әдебиеттанушы ғалым Ж.Жарылғапов «Постмодернизм қандай құбылыс» атты мақаласында «постмодернист кім?», «қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма?» деген сұрақтарды ашық қойып, осының төңірегінде салмақты теориялық толғамдар мен өткір пікірталастар болғанын қалайтынын айтады. Сондай-ақ осы мақаласында постмодернизм құбылысының ерекшеліктерін көрсете келе, «қазақ прозасындағы модернистік эстетиканы постмодернистік танымға әкеп жалғаған екі жазушының орны бөлек. Олар – Асқар Сүлейменов пен Төлен Әбдіков», – дейді ғалым ағамыз [6,159-161]. Бұған біз қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Мағауинды да қосар едік.

Қазіргі әдебиетті бұрынғы кеңестік сыңаржақтық үрдіспен тақырыбына қарай жүйелеу тар шеңбер екендігін, көркемсөз өнерін белгілі бір қасаң тақырып қазығына байлаудың бұрыстығын уақыт өзі дәлелдеп отыр. Ендеше тұтас бір дәуір әдебиетінің даму тенденцияларын айқындайтын тақырыптың өзектілігінен де бұрын оның көркемдік сапасы болмақ. Ал көркемдіктің өлшемі – кейіпкер мінезінің даралығы мен шынайылық сипаты, адам жанының диалектикасын ашуда екендігі анық. Жалпы, постмодернизмде бірыңғай стиль бар деп айта алмаймыз. Қысқа да нұсқалық, қарабайыр емес, қарапайым суреттеу, оқырманды бірден оқиғаға тарту арқылы қызығушылығын арттыру бұл ағымның ең басты ерекшеліктерінің бірі дер едік.

Жалпы бір мәселе күмәнсіз, ол модернизмнің де, сондай-ақ постмодернизмнің де теориялық және идеологиялық негіздері өз уақытының сұраныстарына жауап беріп қана қоймай, оны түбегейлі өзгерткен ағымдар болып табылады.

ХХ ғасырдың басында пайда болған модернизм ағымы да, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары батыс елдерінен бастау алған постмодернизм құбылысы да қазақ әдебиетін айналып өтпеді. Қазақ әдебиетіндегі постмодернизм жазушыларымыз бен ақындарымыз тарапынан өзінің жаңашылдық сипатын жоғалтқанымен ғалымдарымыз тарапынан постмодернизм әдебиетінің шындық болмыспен арақатынасын, танымдық мүмкіндігін зерделеу, зерттеу әлі күнге ұлттық әдебиетіміздегі күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отырғаны шындық. Сондықтан да әдебиеттанушы ғалымдарымыз тарапынан бұл мәселелер іргелі зерттеуді қажет етуде.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Майтанов Б. Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және

постмодернистік ағымдар. // «Қазақ әдебиеті» газеті, 2004. №43. – Б.8-9.

2. Жарылғапов Ж.Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер: Монография. – Қарағанды: Гласир, 2009. – 400 б.

3. Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Он томдық. 9-том. Постмодернизм жөнінде бірер сөз. – Алматы: Жазушы, 2010. – 560 б.

4. Ысқақұлы Д. Мәдени, әдеби дамудың кейбір мәселелері. – google.kz

5. Елеукенова Г. К вопросу о постмодернизме в казахской литературе 1950-1980-х годов ХХ века. // Әдебиеттанудың өзекті мәселелері: Академик Серік Қирабаевтың 75 жылдығына арналған жинақ. – Алматы: «Комплекс» баспасы, 2002. – Б. 195-201.

6. Жарылғапов Ж. Постмодернизм қандай құбылыс? // «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журнал, 2012. №3 (5). – Б.159-161.