Акжолова Маншук, магистрант

(Алматы, Қазақстан Республикасы)

     

Орталық Азиядағы экстремизм мәселелері

 

«Экстремизм» – саясаттағы ең шеткі форма мен тәсіл ретінде жас демократия үшін ғана емес, сондай-ақ дамыған демократиялық елдер үшін де қатерлі дерт .  Экстремизм проблемасы Қазақстан үшін және тұтастай алғанда, бүкіл Орталық Азия үшін көкейкесті болып табылады. Қару-жарақтың және есірткінің заңсыз саудасы, Ауғанстаннан есірткі трафигі, жиілеп кеткен террорлық актілер мен терроршылардың құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ашық шабуылы, діни және ұлттық экстремизм – осының барлығы жинала келіп, демократияға айтарлықтай жаңа сын-қатерлер мен қауіптер туғызып отыр.

         ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы діни экстремизм қауіпі ерекше алаңдаушылық тудырып отырғандығына баса назар аударады. «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс» [1], - деп атап өтеді.

          Діни экстремизм дегеніміз бұл басқа діни конфессияның өкілдеріне төзімсіздік көрсету немесе бір конфессия аясында қатаң қарсылық білдіру арқылы байқалады. Діни экстремизм ұғымы кейде заңдылыққа қарама-қайшы келетін, заңсыз іс-әрекет жолына түскен діни фанат адамдардың идеологиясы мен іс-қимылы арқылы да анықталады. Зайырлы қоғамға қарсы шығу үшін немесе қандай да бір конфессия өкілінің басымдық рөлін бекіту мақсатында діни экстремизмнің саяси мақсатта қолданылуы жиі кездеседі. Дегенмен, Орталық Азия аумағында азаматтардың өзіндік діни сана-сезімінің өсуі, діннің өркендеуі тарихи заңдылық екендігін атап өту керек. Мұның табиғи құбылыс екендігін мойындай отырып, біз оған ешуақытта қарсы болмауға тиіспіз. Ал осындай діннің атын жамылып, билік үшін күресетін, ұлтаралық, конфессияаралық және әлеуметтік араздықты қоздыратын адамдар мен ұйымдардың іс-қимылын анықтап, жолын кесу күш құрылымдарының міндеті болып табылады.

Енді діни экстремизмнің қандай қауіпті жақтары бар деген мәселе төңірегінде ойлансақ. Соңғы жылдары Орталық Азия аймағында қауіпсіздік деңгейінің төмендей түскендігі байқалуда. Осы аймақта орналасқан мемлекеттердің көпшілігінде экстремистер билікке қол жеткізу үшін қарулы қақтығыстарға баруда. Оның салдары біздің елде де білініп отыр. «Отты нүктелерден» қашқындардың келуі, заңсыз есірткі айналысының көбеюі, террористер мен содырлардың ел аумағында жасырынуы – сөзімізге нақты дәлел. Елімізде жергілікті керітартпа ислам топтары бой көрсетіп, дінге сенушілерді ресми рухани басқармаға қарсы қоюға тырысуда. Діни экстремизмді жете бағаламау, оның көріністеріне тиісті қарсы қимыл қолданбау өкінішті салдарға әкеліп соқтыратындығын көршілеріміздің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан, осы мәселені шешуде мемлекет пен қоғамдағы барлық мүмкіндіктер кешенін пайдаланып, мұндағы негізгі кезеңді көрсеткен дұрыс.

Орталық Азия өңіріндегі жағдай негі­зі­нен ұлттық қиын проблемалармен, қалып­тас­қан ішкі және мемлекетаралық саяси-эко­но­ми­калық, сондай-ақ аумақтық қарсы тұрушы­лықпен тығыз байланысты. Өңірдегі жағдайды түрлі діни экстремистік құрылымдар мен террористік ұйымдардың іс-әрекеті одан әрі қиын­дата түсуде. Тұрақтылық болмаған елде әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелер шешіл­мей­тін­дігі, экономика өсіп-өркендемейтіндігі белгілі. Жалпы, Орталық Азия өңірінде терроризм мен діни экстремизмнің таралу қаупі ұзақ мер­зім­дік сипат алып барады. Өйткені, Ауған­стан­дағы қалыптасқан жағдайлар діни экстре­мис­тік және террористік ұйымдардың қызмет етуіне қолайлы болып отыр. Қазіргі кездегі ең басты, әрі өзекті мәселе, міне – осы.

Мәселеге осы тұрғыдан келсек, діни экстре­мистік ұйымдардың идеясы Қазақстан аумағына таралу қаупі бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мұның себебі, бүгінгі күні елімізде сот шешімімен 15 халық­ара­лық террористік құрылым мен 2 экстремистік ұйым – “Хизб-ут-Тахрирдің” және «Таблиғи-Жамағаттың» қызметтеріне тыйым салынды [2]. Сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі жағдайға Таяу Шығыстағы, Ирак­тағы, Ауғанстандағы ұзаққа созылып бара жат­қан жанжалдардың да кері әсер етуі мүмкін. Иран мен оның ядролық бағдарламасына бай­ланысты қалыптасқан геосаяси жағдайларды да естен шығармауымыз керек.

Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне кері әсерін тигізетін фактордың бірі – заңсыз көші-қон көлемінің уақыт өткен сайын өсіп бара жатқандығы. Өйткені, бүгінде Орталық Азия мемлекеттерінің аумағы Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Еуропаға заңсыз көші-қонды жеткізуші транзиттік база ретінде пайдаланылуда. Сонымен қатар, Ау­ғанстанда героин өндірудің көлемі жыл өткен сайын арта түскендігі өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп отыр. Есірткі трафигінің негізгі бағыттары көршілес мемлекеттердің аумақтары арқылы өтуде. Бұл біздің еліміздің аумағында да халықаралық есірткі құрылымдарының орнығуын және ел ішінде есірткі заттарын қолданушылар санын өсіруі мүмкін. Бұларға қоса Орталық Азия өңіріне мүдделерін өткізгісі келетін әлемдегі жетекші мемлекеттердің геосаяси ойындарын да жоққа шығаруға болмайды.

Орталық Азиядағы саяси-әлеуметтік жағдай қауіпсіздік тұрғысынан қарағанда аса жайлы деңгейде емес. Ол бәрімізге аян. Алайда, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы тұрақтылыққа қауіп көп. Аталған мемлекеттердің ішкі және сыртқы жағдайы кез-келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Экономикалық жағдайы төмен, діни экстремизм кең жайлаған, есірткі қаупі күшті, жұмыссыздық барынша асқынған аймақтағы күрмеуі қиын мәселелер кез-келген сәтте күшейіп кетуі ықтимал.

Ал, ішкі саяси жағдай тұрақты, экономикасы өрлеп келе жатқан Қазақстанға діни экстремизм мен терроризм сырттан енуі мүмкін. Әсіресе, діни экстремизм, әртүрлі уағыз, жастардың кейбірін адастыруы ықтимал. Қазақстанда адамдардың өмір сүру деңгейі көршілес мемлекеттерге қарағанда жоғары. Тұрмысы төмен жандарға мемлекет жеткілікті жәрдем береді. Жұмыссыздық мәселесі шешілуде. Алайда, елімізге радикалды діни ағымдардың, яғни жекелеген халықаралық террористік немесе экстремистік ұйымдары немесе топтардың біздің азаматтарды өздеріне тартуы, үгіт-насихат жүргізу деректері бар.

Енді, Орталық Азия мемлекеттеріндегі орын алған жедел жағдайларды салыстырмалы сараптап көрейік:

Қырғыстан 2010 жылдан бастап аймақта қарулы шабуылдар жиілей бастады. 2010 жылдың маусымында Ферғана даласының Ош және Джалал-Абад қалаларында этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында шиеленіс болды. Зерттеушілердің пайымдауынша «Қырғыз билігі экстремисттерді іздеу сылтауымен өзбектер көп шоғырланған аймақтарда бірнеше рейдтер өткізген. Шын мәнінде бұл рейдтер этникалық өзбектерге қарсы бағытталған болатын. Сөйтіп, қырғыз билігі діни экстремизм туралы айтқанда, мәселе шын мәнінде ішкі этникалық және саяси проблемалар туралы болуы мүмкін», дейді.

Ал Тәжікстанда азаматтық соғыстан кейін кейбір исламдық қозғалыстардың болулары билікке қолайлы, ал кейбір жағдайларда қолайсыз болды. Тәжікстанның исламдық қайта жаңғару партиясы билікке және қауіпсіздік қызметтеріне алынды, Өзбекстанның Исламдық қозғалысы тұншықтырылып, ал олардың мүшелері түрмелерге отырғызылды. 2010 жылы, 10 жылдық тыныштықтан кейін, Душанбеде төтенше уақиға болды – Өзбекстан Исламдық қозғалысының 24 сотталғандары түрмеден қашып, Шығыс Тәжікстанның Рашт даласында жасырынды. Бұл жағдай тәжік билігі исламдық экстремисттерді кінәлаған, тәжік әскерилеріне қарсы шабуылға алып келді. Алайда батыстық сарапшылардың зерттеунше, азаматтық соғыстан бері исламдық экстремистер исламдық ұйымдардан қарағанда, елдің оппозициясына жақынырақ болды.Түрмеден қашу исламдық қозғалыстың өршуін емес, Тәжікстанда кландар арасында саяси күрестің қайта жаңғыруын білдіруі мүмкін [3].

Өзбекстанда 2011 жылы аздаған стратегиялық маңызға ие жер, Тәжікстанмен шекарадағы темір жолда жарылыс болды. Билік оны терроризм деп атады, алайда көптеген сарапшылар Тәжікстанға тауар жеткізуді тоқтату үшін, өзбек билігі жарылысты жасанды жасады деген болжамға келді.

Жалпы Қазақстанда терроризммен күрес, оны алдын алу шаралары жалғасуда. Терроризм біздің бейбіт халқымыздың психологиясы мен дініне сай емес. Ол Қазақстан мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы болып табылатыны айқын.

Орталық Азиядағы көрініс тапқан экстремистік топтар идеялық емес, қылмыстық негізде. Ол ұйымдардың мақсаты қоғамның негізін күл-талқан ету, елдің бейбітшілік пен тұрақтылығына шабуыл екенін атап өткен болатын.

Осылайша елбасы Н.Ә. Назарбаев Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, Діни экстремизм және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырды. Президент дін мәселесінде ұйымдастырылған, әбден ойласытырылған қадам және мұқияттылық қажеттілігін айтуда [4].

Қазіргі таңда Қазақстан ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы Терроризмге қарсы аймақтық құрылымы сияқты ұйымдардың мүшесі, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес желісінде халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытқан және әлі де дамытуын жалғастыруда.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында елімізбен Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжік­стан қауіпсіздік кеңестері аппараттары ара­сын­дағы ынтымақтастық үйлесімді дамып ке­леді. 2013 жылы Бішкекте ШЫҰ-на мүше мем­лекеттер қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кезекті үшінші кездесуі өтті. Кездесуде өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті проблемалары кеңінен талқы­лан­ды. Біздердің өзара тиімді ынтымақтастықты алдағы уақытта тереңдетуге толық мүмкіндігіміз бар деп есептеймін.

Орталық Азияның тұрақсыздығына қазіргі геосаясаттың көптеген ірі субъектілері мүдделі. Қарсылық әлеуетінің бар екенін пайдалана және шетелден енген радикализмнің ұшталған формаларын қолдана отырып, бұл «ойыншылар» қақтығыстарды желіктіріп, кейін оларды басқара отырып қарсылық әлеует пен радикализмді бөлшектейді.  Аймақтағы бар саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешу қажет. Олардың дәл осы шешілмегендігі діни радикалдарға дәлел болады.  Аймақ үшін ең өзекті деген мәселелердің шеңбері баяғыда-ақ сызылған: жемқорлық, әлеуметтік әділеттіліктің жоқтығы, жастар арасындағы жұмыссыздықтың орасан зор көлемі, «әлеуметтік жеделсатысының» жоқтығы, демократиялық институттардың әлсіздігі. Аталған мәселелерді шешу діни пиғылдағы экстремизм мен терроризммен күрестің ең тиімді нысаны болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты». ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы // http://www.akorda.kz/

2.     Тыйым салынған террористік ұйымдар // http://www.alashainasy.kz/interested/16773/

3.     Душанбе: Сбежавших из тюрьмы россиян боятся больше всего. «Побег века» из СИЗО потряс всю Среднюю Азию и напугал президента Рахмона. Антон Размахнин // http://svpressa.ru/society/article/29356/

4.     Назарбаев Н.Ә. Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде қылмыстық негіз бар. // http://wap.bnews.kz/kk/news/post/115555/