ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІКТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАНЫҢ МАҚСАТЫ.

 

Жумагулова Ш.Р.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты

Қазақстан Республикасы,Қызылорда қаласы

Айлауова Б.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Құқықтану кафедрасының оқытушысы заң ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасы,Қызылорда қаласы

Тойлыбекова Э.О.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Құқықтану кафедрасының оқытушысы заң ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасы,Қызылорда қаласы

 

Тәуелсіздік алғаннан бері Казақстан Республикасында іргелі саяси, экономикалық, кұқықтық реформалар жүзеге асты. Елімізде жылдан жылға алға өрлеушілік, дүниежүзілік деңгейге көтерілуге қадам басқандық айқын  көрініс  тапты. Тәуелсіз елімізде екі мәрте 1993 жылы және 1995 жылы Конституция қабылданды. ҚР 1995 жылы қабылданған Конституциясының негізінде елімізде демократиялық, зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнату жүзеге асырылуда. Оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жарияланды [1]. Оған сәйкес біздің мемлекетімізде президенттік басқару нысаны берік орнықты. Мемлекеттік біртұтас биліктің үш тармаққа бөлінуі жүзеге асты. Тұрақты жұмыс істейтін қос палаталы Парламент күннен күнге жемісті жұмыс істеуде. Атқарушы билікті нығайту және жетілдіру жөнінде шаралар қолданылды. Біртұтас сот жүйесі құрылды, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды. Жеке меншік, азаматтық қоғам, еркін кәсіпкерлік қатынастарын реттейтін, азаматтық кұқық одан әрі дами түсуде. Қылмыстық құқықта адамның табиғи ажырамас құқықтары мен бостандықтарының басымдығына негізделген, қорғалуға тиіс әлеуметтік құндылықтардың түбегейлі жаңа сатылары айқындалуда. Елімізде орын алған оңды жетістіктермен бірге қоғамның одан әрі серпінді дамуына кедергі келтіріп жатқан теріс құбылыстарда бар. Сондай қоғамға жат кұбылыстардың бірі қылмыстылық болып табылады. Қылмыстылық көрсеткіші де жылма жыл өсе түсуде. Қылмыстылықпен күрес жүргізуде мемлекет көптеген ұйымдастырушылық шараларын іске қосуда. Дегенмен де қылмысқа қарсы күрестің бірі - кінәлі адамға заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық жаза тағайындау болып табылады.

ҚР 1997 жылғы Қылмыстық кодексі қылмыстылықпен күрес бойынша жаңа нормативтік базаның қалыптасуында маңызды бір белес болды [2]. Ол бұрынғы кеңестік кезеңдегі кодекстерден барынша ерекшеленді, ең бастысы идеологиялық қасаңдықтардан және қылмыстылық пен жаза проблемаларын шешу барысында таптық көзқарас, бір жақты ұстанымдардан арылды. Атап айтқанда, жаза институтының барлық проблемаларына арналған баптардың редакциясының көпшілігі дерлік мүлде жаңаша түзілді. Қоғам өмірінің үрдіс дамуы, замана көшінің адымдап алға озуы соған сәйкес әлеуметтік, саяси ахуалдың жаңаша жағдайға жылдам бейімделіп, осы салаларға қатысты заңнамалардың, нормативтік құқықтық актілердің де дер кезінде өзгертіліп отыруы міндет. Азаматтық-кұқықтық қатынастарды реттейтін заңдарды жетілдіру талап етіледі. Осыған орай ҚР Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі №949 Жарлығымен мақұлданған "КР-ның Құқықтық саясат Тұжырымдамасында" атап көрсетілгендей: "Қылмыстық заңнамада заңмен қорғалатын әлеуметтік жоғары құндылықтар ретіндегі адам құқықтары мен бостандықтарының бастылығы мен ажырамастылығын тану негізге алынуы тиіс. Қылмыстық заңнаманы жетілдіру қылмыстық құқықтың мынадай принциптері бұлжымай сақтала отырып жүргізілуі тиіс: мәні қылмыстық құқық тұрғысында іс қимылдың қылмыстылығы мен жазалылығы тек қылмыстық заңмен айқындалуы тиіс екендігіне саятын заңдылық; қылмыс жасаған барлық азаматтардың шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық, мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына немесе кез келген басқа жағдайларға қарамастан заң мен сот алдында бірдей екендігін білдіретін заң мен сот алдындағы азаматтар теңдігі; адам тек өзінің кінәсі анықталған қоғамдық қауіпті әрекеттері мен одан туындаған қоғамдық қауіпті салдарлар үшін ғана қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын айқындайтын кінәлі жауапкершілігі; қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін, қылмыстының жеке басының, жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын жағдайларды ескере отырып, соттардың әділ жаза белгілеуі тиіс екендігін білдіретін әділеттілік; заңды қолдану кезінде қылмыс жасаған адамдарға азаптауды, қорлауды болдырмайтын ізгілікгі қарауды және оларға қатысты қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату үшін заңды негіз болмаған жағдайда ғана қолданылатын, ал қарастырылғандар арасынан жасаған қылмысы үшін жазаның барынша қатаң түрі егер қатаңдығы біршама төмен түрі жаза мақсатына қол жеткізе алмаған жағдайда ғана тағайындалатынын білдіретін қылмыстық жазалаудың ізгілігі мен үнемділігі; қылмыстың жасалуына кінәлі әрбір адамның, заңмен тікелей көзделген (дипломатиялық және басқа иммунитеттер, көтермелеу қылмыстық - құқықтық нормалар және т.б.) жағдайлар болмаса, қылмыстық жауаптылыққа және жазалауға немесе қылмыстық заңда көзделген ықпал етудің басқа шараларына тартылатынын білдіретін қылмыстық жауаптылық пен жазаның бұлтартпастығы; жәбірленушінің, соның ішінде мемлекеттің де құқықтарын бірдей қорғау" [3].

Жоғарыдағы тұжырымдамадан туындайтындай, қылмыстық жаза жөніндегі проблема ерекше маңызға ие, ҚР қылмыстық кодексінің 3 - бөлімі тұтастай жаза институтына арналған. Онда: жаза ұғымы мен мақсаттары, жазаның жүйелеріне кіретін жекелеген түрлері, ал кодекстің 4 бөлімі жаза тағайындауға арналған.

Ал 2010-2020 жж.арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында - Заң саласына қылмыстық құқықты одан әрі дамыту бұрынғыдай қылмыстық саясаттың бағытын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру - ең басты, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлсіз топтары – жүкті және кәмелетке  толмаған балалары бар жалғазбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуы тиіс. Қолданыстағы қылмыстық кодекс - қылмысқа қарсы күрестің, адамның құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет пен қоғамның мүдделердің қылмыстық-құқықтық қорғаудың жеткілікті пәрменді құралы. Қылмыстық заңды ҚР-да жіктелген халықаралық нормаларға сәйкес келтіру маңызды болып табылады. Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалмайынша мемлекеттің қылмыстық саясаты тиімді болмақ емес, - деп тұжырымдамада нақты аталып көрсетілген. Сонымен қатар «Алқабилердің қатысуымен сот қарапайым қылмыстық істер санаттарын біртіндеп кеңейту және айыптаушылармен күдіктілерге ғана емес, сонымен бірге жәбірленушілерге, куәлерге де қылмыстық істер бойынша білікті заң көмегін ұсыну тетігін одан әрі жетілдіру керек», [4] деп халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру жағы да көзделіп отыр. Міне осы құқықтық тұжырымдама негізінде біз сөзсіз Әлеуметтік әділеттілікті жүзеге асырудағы қылмыстық жазаның мақсатын жетілдіретін негіз бар деп, нақты сеніммен айта аламыз.

Әлеуметтік   деген   терминнің   мағынасы   қоғамдық өмірдегі адамдар арасындағы қатынасты және олардың қоғамға қатынасын білдіреді. Осыдан бұрын заңды түрдегі әділдік бұл әлеуметтік белгі арқылы адамдар арасындағы өзара қатынас, сондай-ақ қоғамдағы жеке адам мінез құлқын білдіреді. Қалпына келтіру деген термин түсінігі бұрынғы жағдайына келтіру дегенді білдіреді. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамға жаза тағайындау және жазаны орындау арқылы оны түзеу, сөйтіп жаңа қылмыс істеуден оны сақтандыру жазаның арнаулы ескертуі болып табылады. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру дегеніміз қылмыс істеген адамға әділетті жаза тағайындау, істелген қылмыстың қоғамға қауіптілігі, келтірілген зиян мөлшері, жаза тағайындаудың басты негіздері, кінәлінің жеке басының ерекшеліктері ескеріле отырып, қылмысына сай келетін, әділ жаза тағайындау болып табылады [5: 20]. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру үшін заңдылық принциппен қатаң басшылыққа алып жасалған қылмысқа әділ құқылық баға және лайықты жаза белгілеу қажет. Жазаны қолданудың әрбір жағдайы қылмыстық заңда көрсетілген мақсаттарға сай келіп отыруы тиіс. Қылмыстық жазаның мақсаты ретіндегі әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру бірінші рет тікелей қазақстандық қылмыстық заңнамада орын алып отыр. Мұндай мақсаттың қарастырылуы қылмыстық заңнаманың маңызды қағидаттарының бірі әділеттік қағидатынан туындап отыр. Жаза мен қылмыстық құқықтық сипаттағы өзге де шаралар, егер олар қылмыстық қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне, қылмыстың істелу мән-жайлары мен кінәлі адамның тұлғасына сай келсе ғана әділетті деп саналады. Әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі және жазаның қаталдығы арасындағы сай келушілікті талап етеді. Жаза қылмыстың істелу нәтижесінде бұзылған жәбірленушінің құқықтары мен бостандықтарын, ең соңында әділеттілікті қалпына келтіру үшін қызмет етеді. Қылмыстық құқықтық санкциялардың қалпына келтіру сипаты қылмыстың істелу нәтижесінде бұзылған құқықтар мен бостандықтардың ерекшеліктерімен тығыз байланысқан. Таза қалпына келтірудегі сипат ақшалай айып салу, мүлікті тәркілеу сияқты мүліктік қылмыстық құқықтық санкцияларға ие болады. Әрине, қылмыспен келтірілген шығындардың бәрі бірдей міндетті түрде қалпына келтіріле бермейді ғой. Сірә, өлімге ұшыраған жәбірленушінің өмірі, не қылмыстың нәтижесінде жоғалған денсаулық ешқандай жазамен қалпына келтірілмейтін шығар (бірақ, дегенмен, кейбір жағдайларда қасақаналықпен кісі өлтірген үшін мүліктік тұрғыда қалпына келтіруге байланысты қылмыстық құқықтық санкциялардың функциясы жоққа шығарылмайды). Дегенмен, бұл осындай қылмыс үшін жазалау кезінде әділеттілікті қалпына келтіру мақсатына қол жеткізу мүмкін емес дегенді білдірмейді.

Мұндай жағдайдағы жазаның әлеуметтік әділеттілікке кінәлі адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеу арқылы қол жеткізіледі (мысалы, ұзақ мерзімге оны бостандығынан айыру және жазаға сәйкес мазмұнмен анықталатын қатаң шартқа қоюға мәжбүрлеу). Сөйтіп, жазаның жазалаушы мазмұны, бұдан бұрын атап өткеніміздей, осы жағдайда да әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің өзіндік бір қылмыстық құқықтық әдісі болып табылады. Сонымен бірге, қылмыстық жазаға және оның жазалаушы мазмұнына байланысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жаза қылмыскерге қатысты жазалауды ғана мақсат етеді деген ой келмесе керек. Тіпті ең қатал деген жазаның өзі сотталушыға жан азабы мен тән азабын келтіру үшін қолданылмайды. Аталып отырған жазаны атқаруға байланысты құқықтық шектеулер мен мәжбүрлеп айырудың басқа да мақсаттары бар, солардың ішіндегі ең маңыздысы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру болып саналады. Қылмыстық жазаның мақсатын дұрыс ұғына білудің айтарлықтай теориялық және тәжірибелік мәні бар. Қашаннан белгілісі, қоғамда ештеңе де сапалы түрдегі ниетсіз, қалаған мақсатсыз жүзеге асырылмайды. Осыдан келіп қылмыстық жазаның мақсаты туралы түсініктің маңызы түсінікті. Заңнамалармен анықталатын мақсаттар бір жағынан құралдарды таңдауға әсер етсе, екінші жағынан, осы таңдап алынған құралдардың осы мақсатты жүзеге асыру әдістеріне әсер етеді. Осы сияқты күрделі байланыстарды білу заңнамаларды жетілдіру үшін де, оларды тәжірибеде қолдану үшін де өте қажет. Жазаның мақсаты әлеуметтік қоғамда кешенді сипатқа ие болады, ол мемлекетті нығайту мен дамытуға мүдделі қоғамдық қатынастарды қоғамдық қауіпті қолсұғушылықтан қорғаумен көрінеді. Демек, қылмыстық жаза құқықтық тәртіпті нығайту, істелген қылмыспен нұқсан келтірілген әділеттілікті қалпына келтіру үшін қызмет етеді. Жаза әлеуметтік ықпал етудің өткір де қатал құралы, ол қылмысқа қарсы қажетті әсер болып табылады. Жалпы тәуелсіздікке қолы жеткен ел даму бағытында алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибелерінің елеулі дәмін татып көріп, сосын іске асыратыны табиғи заңдылық. Осындай қадамға сәйкес экономикалық бағдарламалар мен заң жобалары жасалып, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатады. Осыған байланысты, еліміз  үшін аса маңызды  мәселелердің негізгі көзі болып табылатын экономикалық дағдарыстан қиналмай өту, әлеуметтік оңтайландырылған тиімді де өнімді нарықтық механизм құру үшін қоғамдағы қылмыспен күрес жүргізу үшін құқық қорғау органдарының алатын орны ерекше. Бұл арада қылмыс заңдылықтарының орындалғанын қарау мәселесі, соттардың жаза тағайындау мәселесі қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән – жайларды айқындауда көрініс табады.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1 ҚР Конституциясы. –Алматы: ЮРИСТ, 2013.

2 ҚР Қылмыстық кодексі. –Алматы: ЮРИСТ, 2013.

3 Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы. –Алматы: Жеті жарғы, 2002.

4 Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы // Егемен Қазақстан. 24.08.2009.

5 Рогов И. Уголовная политика Республики Казахстан // Фемида. № 5. 2003.