ЖАЛҒАН АҚША НЕМЕСЕ БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖАСАУ НЕМЕСЕ САТУ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚ.

 

Жумагулова Ш.Р.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Құқықтану кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты

Қазақстан Республикасы,Қызылорда қаласы

Айлауова Б.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Құқықтану кафедрасының оқытушысы заң ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасы,Қызылорда қаласы

Тойлыбекова Э.О.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Құқықтану кафедрасының оқытушысы заң ғылымдарының магистрі

Қазақстан Республикасы,Қызылорда қаласы

 

Әр уақыттарда және дүниенің түрлі бөліктерінде адамдар ақша ретінде әр түрлі тауарларды – астық, қымбат тастар және металдарды пайдаланды. 16 ғасырдың соңы – 17 ғасырдың басында Қазақ хандарының атымен өндірілген мыс ақшалар болды. Бұл ақшалардың дизайндық шеберлігі жоғары дәрежеде болмағанымен Қазақ хандығында сауда ісін бір жолға қоюда, халықтың басын біріктіруде үлкен міндет атқарды. Еліміз егемендік алғаннан кейін 1993 ж. Қазақстан Республикасының жаңа ақшасы шығарылды. Ақша — жалпыға бірдей балама ретінде барлық басқа тауарлардың құнын көрсететін ерекше тауар. Ал барлық тауар өндірушілер, сатушылар, тұтынушылар арасындағы экономикалық байланысты қаматамасыз етеді. Ақша тауар өндірісі мен тауар айырбасының тарихи дамуы нәтижесінде пайда болды. Алғашқы кезде бір еңбек өнімі екінші еңбек өніміне тікелей айырбасталды. Кейінірек айырбас сауда дамуының барысында құнның жай формасының орнына құнның толық және жайылыңқы формасы келді. Одан әрі өндіріс пен айырбастың дамуы нәтижесінде тауарлар арасынан бір тауар бөлініп шығып, басқа тауарлар осы тауарға айырбасталды. Сөйтіп, құнның толық және жайылыңқы формасы құнның жалпылық формасына орын берді. Құнның ең жоғарғы ақша формасындағы жалпыға бірдей балама рөлі бір тауардың еншісіне тиді, яғни ерекше тауар түрі – ақша пайда болды. Ақша әр алуан қызмет атқарады: тауарлар мен әр түрлі қызметтердің құнын көрсетеді, айналым құралы, төлем құралы ретінде пайдаланылады, сол сияқты қор жинау және сақтау құралының рөлін атқарады. Ақша өнімді шығаруға кеткен шығынды өлшеуге, еңбекті сан және сапа жағынан бақылауға мүмкіндік береді. Ақшаның мәні оның атқаратын қызметінен көрініс береді. Ақша, негізінен, үш түрлі қызмет атқарады: айналыс құралы ретінде – ақшаға кез келген тауарды сатып алуға болады; құн өлшемі ретінде – ақшамен нарыққа ұсынылған кез келген тауардың құны өлшенеді; қорлану қоры қызметін атқарады – егер тауар өндіруші тауарды сатқаннан түскен ақшаны өзге тауарларды сатып алуға ұзақ уақыт пайдаланбаса, қандай ақша қазына құрау қызметін атқарады [1: 15].

 Әдетте, ақша – қағаз ақша және құнды қағаз түрінде шығарылады. Ақша шығару ісін орталық банктер жүргізеді. Әр елде ақша шығару жүйесі сол елдің заңына сәйкес қалыптасады, ол банкнот шығару тәртібін, эмиссия мөлшерін, оны қамтамасыз етудің нормасы мен әдістерін анықтайды. Қазақстанда ақша шығару, олардың айналымын ұйымдастыру және оны айналымнан шығару ісін тек ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. ҚР Ұлттық банкі банкноттар мен тиындардың қажетті мөлшерін анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етеді, қолдағы ақша қаражатын сақтау, инкассациялау тәртібін белгілейді. Ақша жүйесі белгілі бір елде қалыптасып, әдетте заңмен бекітілетін ақша айналымын ұйымдастыру түрі. Сондықтан  құқықтық мемлекетті құру және қоғамдық өмірде демократиялық бастамаларды жаңғырту жалпы адамзат құндылықтарын, соның ішінде адамның бостандығы, өмірі, денсаулығы, ар-намысы, ожданы, құқықтары мен мүдделерін мойындауды қажет етеді. Конституцияда ҚР өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны ерекше аталып көрсетіледі. Осыған орай, елдегі саяси жүйедегі реформалар өмірді барлық қырынан демократиялай отырып, жеке адам мүддесін ұжым, бүкіл қоғам мүддесімен ұштастыруға, сондай-ақ адамды қоғамдық дамудың орталығына қоя отырып, оның дұрыс өмір сүру және еңбек ете алу жағдайын қамтамасыз етуге, әлеуметтік әділеттілікті, саяси бостандықты орнатуға, адамның жан-жақты дамуына және рухани баюына мүмкіндіктер жасауға бағытталады. Алайда жаңа қоғам құру оңай шаруа емес. Бұл процесс кейбір келеңсіз құбылыстармен үштасып жатады. Соның бір көрсеткіші - елдегі соңғы жылдардағы әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайлардан құқық бұзушылықтардың көбеюі. Қылмыстардың тұрақты өсуі тенденциясының қалыптасуы қоғамдағы табиғи-саяси жағдайларға келеңсіз әсер етеді, адамдар арасындағы келіспеушілікті ұлғайтып, халықтың болашағына деген сенімсіздігін арттырады.

Елімізде 1993 жылы ақша реформасын жүргізу барысында ұлт мақтанышы, тәуелсіз мемлекет рәмізі, мемлекет тәуелсіздігінің басты бір белгісі болатын өзінің алғаш ұлттық валютасы-теңгені шығарды. Қазақстан халқының басым көпшілігі нарық жағдайына жаңа үйреніп, оның заңдылықтарын енді игеріп жатуы жаңа қылмыстар түрлерінің пайда болуына әкеп соқты. Оның нақты бір көрінісі - жалған ақша мен бағалы қағаздарды қолдан жасау, сақтау, не оларды сату. Аталған қылмыстың қауіптілігін барлық уақытта да көпшілік мойындап келген. Жалған ақшаны жасау, сақтау, не айналымға жіберуден елдің экономикалық ақша айналымы заңы бұзылады, инфляцияға сара жол ашылады. Инфляция - ақша жүйесіндегі дағдарыстың көрсеткіші. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды сату мақсатында жасау, сақтау, не сату тек экономикалық қызмет саласына ғана зиян келтіріп қоймай, жәбірленушінің меншік құқығына да белгілі дәрежеде әсер етеді. Жалған ақша мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді. Халықтың  ұлттық ақша бірліктеріне деген құрметін, ал бағалы қағаз рыногында жалған бағалы қағаз эмитент беделін өз бәсекелестері арасында түсіріп, сенімсіздік тудырады. Осыны ескеріп, ҚР қылмыстық заңында ұлттық ақша бірліктері, бағалы қағаздармен қатар шетел валютасы мен бағалы қағаздарды жасағаны, сақтағаны, не айналымға жібергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген [2: 177].

 Іс-тәжірибеде жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу көп жағдайда ұйымдасқан нысанда кездеседі. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, айналымға жіберу түріндегі жекеленген қылмыстық әрекеттерді жалғыз қылмыскерге жүзеге асыру қиындау. Ол үшін жалған құжатты жасайтын мамандарды, оны таратуды жүзеге асыратын тұлғаларды тартады. Ал, ұйымдасқан қылмыстармен күрес бүгінде мемлекеттегі өзекті мәселе екендігі баршаға аян. Аталған қылмыспен күресудің қиындығы сол, ол тікелей ғылыми-техникалық жетістіктермен, қоғам әл-ауқатының жақсаруымен тығыз байланысты. Тәжірибеде жалған ақша мен бағалы қағазды жасауда жай стандартты баспа құралдарының жедел түрін қолдану анағұрлым тиімді: ол жоғары дәрежеде құжат көшірмесін даярлайды, сенімді және оңай қол жеткізуге болады, әрі жинақы. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстық норманың диспозициясында обьект айтылмайды, бірақ оны қылмыс затының көмегімен анықтауға болады. Бұл қылмыс заты болып – ҚР Ұлттық Банкінің теңге, металл ақша, банкноттары, бағалы қағаздар, шетел валютасы, шетел валютасындағы бағалы қағаздар табылады. Қылмыс заты – жалған ақша немесе құнды қағаздар. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстардың обьективтік жағының негізгі элементінің бірі – жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, жалған ақша мен бағалы қағаздарды сақтау және сату әрекеттері, яғни бұл қылмыстың обьективтік жағы үш балама әрекеттерді жасаумен сипатталады – жалған ақша мен құнды қағаздарды жасау, сақтау немесе сату. Қылмыстық құқық теориясында қылмыстың субьективті жағын сипаттайтын негізгі белгіге кінә, ал факультативті белгіге ниет пен мақсат жатады. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату әрекеттері кінәнің тікелей қасақаналық нысанында жасалынады. Жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтауда субьектінің оны сату мақсаты болуы керек. Қылмыскердің жалған ақша жасау, сақтау, не сату әрекеттерінде пайдакүнемдік, кек алу, қарсыласының беделін түсіру, күнін көру үшін елді экономикалық күйрету, қарсыласын материалдық қиындыққа ұшыратуы сынды ниеттері болуы мүмкін. Іс тәжірибеде көбіне қылмыс пайдакүнемдік ниетпен жасалынады. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау әрекеттері – формальдық  құрам. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстардың субьектісі – 16 жасқа толған, есі дұрыс, жеке тұлға болуы тиіс. Тұлғаның дәл осы қылмысы үшін бұрын соттылығының бар болуын белгі ретінде танимыз.

 Жалпы бастамаларды қолдана отырып, сот жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату үшін ҚР ҚК тиісті баптың санкциялары шегінде жаза тағайындайды. Сонымен қатар, заң Қылмыстық кодексінің жалпы бөлімінің нормаларында көрсетілген өзге де жағдайлардың: қылмыс жасауға қатысу сатысы мен сипатын, сотталушының мақсатқа жету үшін істеген іс-әрекеттерін, келтірілуі мүмкін зиян мөлшерін ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларды, қылмыскер тұлғасының ерекшелігінің ескерілуін міндеттейді. Әрбір нақты жағдайда сот жасаған әрекеттің сипаты мен қауіптілігіне және кінәлінің жеке басына сәйкес келетін шекте жаза тағайындайды. ҚР қылмыстық заңының негізінде жалған ақша мен бағалы қағазадарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстар бойынша жаза тағайындауда ескеруді қажет ететін ауырлататын мән-жайларға мыналарды жатқызамыз: азаматтардың өз ұлттық валютасына деген сенімінен айырылуы; қылмыстық әрекетттің бағалы қағаз құнының күрт түсіп кетуіне алып келуі; қылмыстың нәтижесінде жәбірленушінің материалдық, моралдық ауыр зардаптар шегуі; жалған ақша мен бағалы қағаздарды ірі мөлшерде жасау, сақтау, не сату; бұрын осы қылмысы үшін, не ҚК 207-бабы бойынша қылмыстар үшін соттылығы бар тұлғаның 206-бабындағы қылмыстық әрекеттерді қайта жасауы. Мемлекетте әділ жаза тағайындау, қылмыскердің түзелуіне жағдай жасау үшін жеңілдететін мән-жайларды қарастырудың орны ерекше. Жеңілдететін мән-жайларға тұлғаның өз еркімен ақша бірлігінің жалған екенін білмей қабылдап алып, кейін оны лажсыздан айналымға салып жіберуге мәжбүр болуын, өз еркімен құқық қорғау органына қылмысты хабарлауын жатқызсақ болады [3: 12].

1959 жылғы Қазақ ССР қылмыстық кодексінде жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасағаны, сақтағаны, не сатқаны үшін ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолданған. 1997 жылғы ҚР ҚК 206-бабына сәйкес, жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасағаны, сақтағаны, не сатқаны үшін мүлікті тәркілеу және бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. ҚР ҚК 206-бабының 1-тармағында ҚР Ұлттық Банкінің жалған банкноты мен монетасын, ҚР валютасындағы жалған мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды немесе шетел валютасы мен шетел валютасындағы бағалы қағаздарды сату мақсатында жасағаны, сақтағаны, не сатқаны үшін мүлкін тәркілеп, не мүлкін тәркілемей, сотталушыны 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал 2-тармағында сотталушыны 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу, 3-тармағында 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген [4].

Іс-тәжірибеде, әсіресе, ақша-несие жүйесіндегі қызметтерге бұрын осы саладағы қылмыстары үшін қылмыстылық жауапқа тартылған тұлғаларды жұмысқа алатын жағдайлар кездеседі. Несие-қаржы институттарының звеноларын орталық банк банктік секторлар, сақтандыру секторлары, банктік емес несие қаржы институттары құрайды. Ақша-несие звеносындағы қызметшілерге зор жауаптылық жүктелінеді. Бағалы қағазды шығару, не тарату, ақшаға байланысты операцияларды жасау қызметтерін толық игерген, бұрын ҚР ҚК 206-207-баптарындағы қылмыстары үшін қылмыстық жауапқа тартылған тұлғаның бұл қылмысқа қайта бармайтынына кім кепіл. ҚР ҚК 206-бабымен сотталғандар, не соттылығы бар тұлғаларды ақша-несие саласындағы звеноларға қызметке тарту бұл саладағы жауапты қызметтерді сенімсіз қолға тапсырумен бара бар. Статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасағаны, сақтағаны, не сатқаны үшін жауапқа тартылғандардың 12,34%-і жеке коммерциялық ұйымдарда қызмет етушілер болып табылады. Сондықтан ақша-несие жүйесіндегі қызметші сотталушыға үш жылға дейінгі мерзімге белгілі қызметпен айналысу мен лауазымды қызметті атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза қолданған дұрыс деп есептейміз.

Әдебиеттер тізімі:

1.     Ақша, несие, банктер теориясы: Оқулық. — Алматы: Жеті жарғы, 2011.

2.     Ағыбаева Л.А. Жалған құжатқа байланысты қылмыстық жауаптылық мәселелері. Алматы: Жеті жарғы, 2001.

3.     Бижанова А.Р. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сатудың алдын алу мәселелері. Заң ғыл.канд.дисс.автореф. Алматы, 2004.

4.     Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. -А: ЮРИСТ, 2013.