Шапагатова Д.М.

Қазақстан Республикасы,

Инновациялық Еуразия университетінің 2 курс студенті

 

Отбасы құқығындағы суррогат ана мәселесі

Бүгінде дүниежүзі «суррогат ана» атап кеткен ғылымдағы бұл жаңалық жұртымызға келгелі көп болмаса да, табыс табудың бір көзіне айналып бара жатқаны жасырын емес. Абай хакімнің «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дегені осы жағдаятқа тап келеді. Суррогаттықты көпшілік «құрсақ ана» я «жатырды жалға беру» деп те жүр. Сонымен, бұл сәби сүюдің ең соңғы мүмкіндігі ме? Не болмаса ақшаның иісі «аңқыған» бизнес пе? Таяқтың екі ұшы болатыны секілді мұнда біршама күрделі мәселе бар.

Құлаққа түрпідей тигенімен, кейін келе-келе бойың үйреніп алады екен. Алғаш рет бұдан бірнеше жыл бұрын жарнама, хабарландыру газетінен «Суррогаттық ана қажет» дегенді оқығанбыз. Ақпараттық технология қарқын алған сәтте сайттар да өріп шыға бастады. «Суррогат ана боламын», «Суррогат ана керек», «Ішімдегі балам пәленбай апталық. Бағып-қағуға шама келмейді. Аламын деушілерге беремін» деген хабарлан-дырудан осы күні көз сүрінеді, құлақ тұнады.

Бақ па, әлде сор ма?

Шын-өтірігін кім білген, «кейбір елдер бұл іске қос қолдап қарсылық танытыпты» дейді бейресми деректер. Олардың қатарында Австрия, Норвегия, Швеция, Франция және Американың бірқатар штаттарында, Италия, Швейцария, Германия сияқты Еуропа елдерінде тыйым салынып-ты. Бір білгендері бар шығар. Ал Италия, Франция, Германия елдерінде бұл тыйымды бұзғандарға ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті түрмеге жабу да көзделген деседі. Әрине, елдегі ерлі-зайыптылардың 16 пайызы бала сүйе алмайтындығы туралы статистиканы ескерсек, онда тұрған өрес-келдік жоқ. Бірақ дамыған елдердің өздері өре түрегелген бұл істе қарапайым қазақ біле бермейтін бір қитұрқысы бары анық. Соның бірі – шетелде шешесі қызының, қарындасы ағасының баласын туып беруге дейін баратындығы емес пе екен?

Жылтырақ көрсе жабыса кететін біздің халықтың еліктегіштігі, суррогаттық та осындай оқиғаға апармасына сенім зор ма? Бір басылымдар елімізде арнайы медициналық орталықтарға барып, «менің бала тууға уақытым жоқ. Баламды біреу тауып берсін» деушілердің де барын жазғаны бар.

Мамандар бұл іске сауаттылықпен қарауды ұсынады. Суррогат анаға жүгінуге батыстың әйел қауымының көпшілігі фигурасын бұзып, тоғыз ай әуре-сарсаңға түспес үшін мәжбүр деген ақпар да бар. Бізде болса, ақша тапқысы келген келіншектермен қатар, жас қыздар да жүр. Оған еріншек дәулетті келіншектер қосылып жатыр. Заңдастырылды, жөн. Бірақ бұл іс біржола көлеңкелі бизнес есебінен шығарылды деп кесіп айту қиын. Бұл – таяқтың бір ұшы.

Сонымен, суррогат ана болу бекзаттық па, бизнес пе?

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейді қазақ. Бұл да – дәл сондай жағдай. Танып-білмейтін айдаладағы ерлі- зайыптының ұрығын тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің түбінде көтеріп, туып беруге келісудің көксегені – ақша. Мұның ақша табудың, кәдімгі кәсіпкерліктің бір түріне айналып бара жатқаны туралы талай жазылып та, айтылып та жүр. Бара-бара қалталы елдің ермегіне айналатындығы хақында да аз сөз болған жоқ. Батысқа қарап бой түзейміз деп, ойымызды, санамызды күзеп алған жоқпыз ба? Мәселе – осында. Бұл – таяқтың екінші ұшы.

Қазақстанда суррогат ананың қызметі орта есеппен шамамен 10 мың доллар тұрады. Бұл Репродуктивті медицина институтының директоры Тамара Жүсібалиева мәлімдеді. 

Т.Жүсібалиева мұның нақты цифр емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар суррогат аналардың көмегіне жүгінген кезде медицина қызметкерлері бұл мәселенің заңдық және қаржылық жағына араласпайды. «Мүмкін оңтүстік аймақтың шағын қалаларында суррогат аналар бір қой үшін бала туып беруі мүмкін, алайда ірі қалаларда мұндай қызметтің бағасы әлдеқайда жоғары екенін түсінуіміз қажет»,-деп қалжыңдады Т.Жүсібалиева. Оның айтуынша, Репродуктивті медицина институты жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, суррогат аналардың 40%-ы альтруист саналады және олар бала көтергені үшін ақша алмайды. Негізінен бұлар - ерлі-зайыптылардың туысқандары мен жақындары. «Сонымен қатар «коммерциялық» аналар да бар, олардың 90%-ы күйеуінен ажырасып, баласымен қалған жұмыссыз әйелдер»,-деді Т.Жүсібалиева.

Естеріңізге салып өтсек, бүгін Алматыда Қазақстандағы репродуктивті медицинаның жай-күйі тақырыбында баспасөз конференция өтті. Сарапшылардың берген мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстанда 200 мыңға жуық отбасы бала сүйе алмай отыр. 16 жыл ішінде репродуктивті технологияларды қолдану нәтижесінде елімізде шамамен 8000 сәби дүниеге келді.

 

http://news.nur.kz/289363.html