ӘОЖ 658.114

 

АЙМАҚТЫ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМЫТУДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ РӨЛІ

 

Керимкулова Э.З., магистр

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

 

Қазақстан Республикасындағы нарықтық қатынастарды қалыптастырудың қазіргі жағдайында кәсіпкерлік қызметінің тиімділігін тұрақтандыру және көтеру экономиканың басты міндеті болып отыр.

Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму стратегиясы өз мәні бойынша бірінші экономикалық модернизациялау бағдарламалы құжат болып саналады. Мәселен, «Қазақстан – 2030», «Қазақстан-2050» стратегиялары қоғамның барлық жақтарын модернизациялау мәселелерін қарастыратын болса, индустриалды-инновациялық даму стратегиясы экономикалық модернизациялауға шоғырланған. Яғни жоғары да атап кеткендей, құжат мақсаты еліміздің экономикалық салаларын диверсификациялау жолымен тұрақты  дамыту, ал ол мақсат тікелей экономикалық модернизациялау мақсатына толығымен сәйкес келеді.

Индустриялық саясатта көзделген амалдар мен шараларды іске асыру нәтижесінде, нарық механизмдерінің экономиканы реттеуде маңызы артып, оған жеке бастамалардың күші басым болады, тең бәсекелестік жағдайы туындап, адал бәсекелестік деңгейі артады, құрылымның дайын өнімдер, оның ішінде қосымша құны жоғары тұратын жоғары технологиялы және білімді қажет ететін өнімдер өндірісіне қарай айтарлықтай бет бұру орын алады, экспорт едәуір көлемде артып, Қазақстан әлемдік нарыққа дайын өніммен шығу мүмкіндігіне ие болады, Қазақстан экономикасы әлемдік экономикаға тек шикізат факторлары ғана емес, сондай-ақ дайын өнімдер мен инновациялық қызметтер факторлары арқылы да тереңдеп енеді, шағын және орта, әсіресе инновациялық бизнестің дамуында шешуші өзгеріс болады, елде экономиканың нарықтан тыс секторларының үлесі күрт төмендейді.

Дәл солай, Жамбыл облысындағы оң өзгерістерге жаңа өндірістік қуаттар мен жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптерді замана талабына сай жетілдіру нәти­жесінде қол жеткізілген. Оған, әрине, экономиканы үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық тұр­ғы­дан дамыту туралы мемле­кет­тік бағдарлама себеп болғаны анық.

Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мыналарға бағытталған:

- әртараптандыру және оның бәсекеге қабілетін арттыру арқылы экономиканың орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету;  
        - экономиканың басым секторларын әлеуметтік тиімді дамытуды күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыру; 

-   индустрияландыру үшін қолайлы орта құру;  
       - экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын қалыптастыру;  
       - экономиканың басым секторларын дамыту процесінде мемлекет пен бизнестің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету.[1]

  Мемлекет Қазақстанның орта және шағын бизнесінің озық технологиялар трансфертіне, олардың экспорттық бағдарлануын дамыту перспективасымен қазіргі заманғы импорт алмастыратын өндірістерді құру үшін шетелдік инвесторларды тартуға бағытталған бастамаларын қолдайды.

  Тұтастай алғанда экономиканы әртараптандыруды мемлекеттік қолдау макро және секторалдық деңгейдегі жүйелік шараларды, сондай-ақ экономиканың нақты секторлары мен жобаларын қолдаудың селективті шараларын іске асыру арқылы жүзеге асырылатын болады. 

 Мемлекеттік бағдарламаны ойдағыдай іске асыру экономиканы ұзақ мерзімдік кезеңде әртараптандыру және бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы оның орнықты және теңгерімді өсімін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

  Мемлекеттік бағдарламаның негізгі сапалық нәтижелері еңбек өнімділігін өсіру, ұлттық инновациялық жүйені дамыту және нығайту, шағын және орта бизнестің рөлін күшейту, экономиканы әртараптандыру, өндіруші күштерді ұтымды ұйымдастыру және адам капиталының сапасын арттыру болмақ. [2]

  Экономиканың дәстүрлі экспортқа бағдарланған секторлары кейіннен қайта жасау өндірістерінің пайда болуы мен экономиканың шиеленісті секторларында ауқымды мультипликациялық әсерді қамтамасыз ету есебінен даму локомотивтері рөлін атқарады.

Жамбыл облысында Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес экономика салаларын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыс кәсіпорындарында жаңа өнім түрлері игерілуде, жаңа технология желісі ендірілуде, қосымша құны жоғары бәсекеге қабілетті өнім шығару артуда. Өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірістік желісін компьютерлеу процестерін кең қолдануда және өндірісте жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануда.

Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық - инновациялық дамуының  2010-2014 жылдарға арналған  Мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы құны 486,6 млрд. теңге құрайтын және 5,5 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.[3]

 

 

1-сурет. Инвестициялық жобаларға бөлінген ақша қаражаттары

 

2010-2014 жылдары индустриаландыру картасының шеңберінде облыста жалпы сомасы 486,6 млрд.теңге құрайтын 31 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның ішінде 55,9 млрд.теңгені құрайтын 8 жоба 2010 жылы, 22,0 млрд.теңге құрайтын 6 жоба 2011 жылы, 2,3 млрд.теңгені құрайтын 7 жоба 2012 жылы, 20,0 млрд.теңге құрайтын 8 жоба 2013 жылы және 385,6 млрд.теңгені құрайтын 2 жоба 2014 жылы жүзеге асады деп жоспарлануда.

2010 жылы индустриалды-инновациялық бағдарламаның сәтті басталуының арқасында өнеркәсіп дағдарыстан кейінгі жаңа жетістіктерге қол жеткізді, бағдарламаның шеңберінде 55,9 млрд. теңге сомасында 8 инвестициялық жоба пайдалануға енгізілген, 2018 жаңа жұмыс орындары ашылған. Сала бойынша екі құрылыс саласы негізінде "АльБасар" ЖШС, "Мынарал Тас компани" ЖШС-ы, үш металлургия саласы бойынша  "Тараз металлургиялық зауыты" ЖШС, "Запчасть" АҚ,  «Жаңатас» Металлургиялық комбинаты» ЖШС-і және  мұнай-газ саласы негізінде "Амангелді газ өңдеу зауыты" ЖШС, жеңіл өнеркәсіпдан "Фабрика ПОШ-Тараз" ЖШС, агроөнеркәсіп кешені бойынша  "Жасұлан және К" ЖШС жобалары қаржыландырылды.

Дәл солай 2011 жылы 8 жоба қаржыландырылса, сала бойынша қуаттылығы аса жоғары бағаланатын Тау-кен металлургия саласы бойынша «Алтыналмас АК» АҚ және қазіргі кезде кәсіпкерлікте аса үлкен мән беріп отырған сала түрі фармацевтика "Super  Pharm" ЖШС, екі құрылыс саласы, агроөнеркәсіптік кешен бойынша екі жоба жүзеге асырылды.

2012 жылы жалпы 9 жоба оның ішінде сала бойынша құрылыс саласында 4 жоба, химия саласы бойынша 2-eу, агроөнеркәсіптік кешен бойынша да 2 жоба және ағаш өңдеу саласы бойынша "Карат-V" ЖШС жобалары жүзеге асырылуда. Алдағы жылдарды 2013-2014 жылдары Индустрияландыру картасы бойынша 3 жоба әзірленуде.

Қарастырып отырған жобаларды Жамбыл облысы аудандары бойынша қарастырсақ (2-сурет).

 

 

2-сурет. Жобалардың аудандарға бөлгендегі іске асырылу серпіні

 

2 жыл бұрын өндірістің 70% Тараз қаласында шоғырланған болатын болса, қазіргі таңда Индустрияландыру картасына енген 31 инвестициялық жобалардың 61,3% (19) аудандарда шоғырланған, ал қалған 38,7%-ы (12) Тараз қаласында.[4]

Көріп отырғанымыздай, облыстағы индустриалды-инновациялық даму жақсы нәтижелер беріп отыр. Дегенмен, әлі де болса кәсіпкерлік саласын дамытуды жаңа идеялармен құрып, жүзеге асыруымыз керек. Ал, оны біз шетел тәжірибелерінен қарастыруымызға болады. Мәселен, Германия, Италия, Корея ел­дерінде осындай бағдарламалар жүзеге асырылған. Олардағы тәжірибе бойынша, бағдарламада көрсетілген міндеттерді іске асыруды бақылау әр аймақ басшысының орынбасарына жүктеледі. Жауапкершілік жүгі жүктелген қызметкер істі аяғына дейін жеткізбей, қызмет ауыстыра алмайды. Мұндай тәжірибе бастаған істі аяғына дейін жеткізіп, сапалы орындауға һәм бөлінген қаражаттың желге ұшып кетпеуіне септігін тигізеді.

Республикамызда шағын және орта кәсіпкерліктің ел экономикасындағы үлес салмағының артқанын қалайтын болсақ мұндай тәжірибелерді қолдану артық болмас еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының «Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы, 19 наурыз 2010 жыл

2. Шалболава У.Ж., Дүйсенова Ү.Б. Индустриалды-инновациялық қызметтің стратегиясын қалыптастыру негіздері // Саясат-Policy, №12, 2009 жыл

3. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының 2012 жылы атқарған жұмысы және 2013 жылдағы міндеттері бойынша ақпарат.- Тараз: Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының дайындауымен, 2013

4. www.damu.kz