Темирова Сұлу Джумабаевна – аға оқытушы, менеджмент магистрі

Қамысбаева Айгерім – Менеджмент мамандығының 3 курс студенті

(Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиринг университеті, Ақтау қаласы

 «Экономика және құқық» факультеті «Менеджмент» кафедрасы)

 

 

ҚАЗАҚСТАНҒА «EXPO - 2017» Халықаралық көрмесінің маңыздылығы мен тиімділігі

 

         Кезекті «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізетін ел мәртебесі Қазақстанның елордасы Астана қаласына бұйырғандығы 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында өткен ХКБ-нің EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша ХКБ-ның 103 мүше-мемлекеті Астана қаласына дауыс берсе, біздің бәсекелесіміз бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинаған. Біздің елдің ұйымдастырушыларының тарапынан ұсынылған Future Energy, яғни Болашақ қуаты тақырыбы сарапшылардың көпшілігінің көңілінен шығып, «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы ретінде қолдау тапты .

          Қазақстан тарапынан барған ұйымдастырушылар Астанада өткізілетін «EXPО-2017» көрмесінінің басты тақырыбы ретінде «Болашақтың энергиясы» атты тақырыпты ұсыну себебі, ол ең алдымен, баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығы болып табылады.

         Екіншіден, орнықты энергиямен жабдықтау осы күнде жаһандық көлемдегі негізгі мәселе болып саналады және оны шешу экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қоршаған ортаға келер зиянды төмендетуге септігін тигізеді.

         Үшіншіден, Қазақстанның бұл тақырыпты таңдауының басты негізі — еліміздің дәстүрлі энергиялық ресурстардың елеулі қорына ие бола отырып, баламалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі шараларды дәйекті түрде қабылдауда және «жасыл» экономика құру бағытын ұстанғандығы.

         EXPO — индустрилиазацияның символы, бүкіләлемдік көрме. Маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.

         Көп жылғы тарихы бар «EXPO» көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерді, сондай-ақ оған мүше елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсету үшін өткізіледі. Бұл көрме бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға болып саналады. Сонымен қатар, «EXPO» көрмесі экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыру алаңы қызметін атқарады.

         Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы.

         EXPO-2017 – біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Ел іші болғаннан кейін түрлі пікірдің айтылуы, соның ішінде сыни пікірлердің болуы заңдылық. Мысалы: «бұл бізге қажет емес, ақша босқа шашылатын болды, оның бізге не керегі бар» деген сияқты кері тартатын пікірлерді айтуға болады. Бірақ бұл кормеге ел болып жұмыла дайындалып, мүмкіндікті шын мәнінде ұтымды пайдалансақ, елімізге әкелер пайдасы зор деп ойлаймын. Ал, оның қаншалықты пайдалы өтуі, халыққа қаншалықты пайдалы болуы осы бастан халықтың дайындығына байланысты деп сенем.

         Ең әуелі, EXPO -2017 ел бюджеті үшін шығын деп ойламай, инвестиция ретінде қарауымыз керек деп есептеймін. Әлемдік тәжірибе мен болжамдар бойынша, мұндай шараға ондаған миллион турист келетіні айтылады. Үш айдың ішінде жоқ дегенде бір миллион турист келіп, әрқайсысы Қазақстан экономикасына үш мың доллардан тастап кеткен күннің өзінде де, үш миллиард долларлық кіріс деген сөз. Кететін шығынды ақтау үшін, демек, осыдан кем болмауы тиіс. Әрине, бұл тек ойша есеп. Бірақ, осы есепті еселеп жүзеге асыруға болмайды емес, болады. Ол үшін бұл шараны тек үкіметтік ұйымдар ғана емес, бүкіл халық, кәсіпкерлер дұрыс қабылдап, тиісті түрде дайындалуы керек.

         Меніңше, бұл ірі халықаралық шараны дұрыс қолданған жағдайда мынадай пайдасы тиеді: еліміздегі техника саласының дамуы. Қазақстанда балама энергия көздерін пайдаланатын аймақтар бар. Мысалы, Алматы қаласының маңында жер асты ыстық сулары бар, Жоңғар қақпасынан жел энергиясын алуға болады және Байқоңырдың орналасу траекториясы күн энергиясын алуға қолайлы жер. Ендеше, болашақта энергиядан тапшылық көрмеу үшін «Болашақ энергиясы» атты көрменің бізге берері мол. ­Өзге елдермен достық қатынастарымыз нығаяды, шағын және орта кәсіпкерлер келген туристер есебінен пайда табады; ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға болады: біздің тарихымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты түрлі кітаптарды шет тілдерге аударып, келген туристерге ұсынуға болады, жан-жақты қосымша көрмелер, концерттер ұйымдастыруға болады және EXPO халықаралық көрмесі Қазақстанның мәртебесін күллі әлемге паш етеді.

         Ол үшін үлкен дайындық жұмыс пен  халықтың үлесі қажет. Мысалы, осы көрме туралы әлеуметтік желілер арқылы айтып, әрбір қазақстандық шамасы келгенше осы шараны насихаттап, сырттан қонақтар, туристер шақыруға өз үлесін тигізсе, одан бәріміз ұтатынымыз белгілі.

         Табиғи кеніш көздері сарқылып, қоршаған ортаның ластануынан адам денсаулығының нашарлауы күрт өсті. Бүкіл әлемдік қауымдастық осыған алаңдаулы. «Жасыл» экономика бұл күрделі сұрақтардың басты шешімі болып табылады. Оны дамыту арқылы зиянды қалдықтардың ауаға таралуын қысқарту, табиғи қорларды үнемдеп тұтыну, энергия тиімділігін арттыруға қол жеткіземіз. Жаңа экономиканың стратегиясы табиғи технологиялардың дамуына инвестицияларды тартып, ел экономикасын жаңа белеске жеткізеді. Экологияға бағытталған жасыл экономиканың жарқын болашағы бар. Демек, 2017 жылы отанымыздың жүрегі Астана қаласында өткізілетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесінде «жасыл экономиканың» негізінде жасалған, болашақтың балама энергия көздеріне арналған ірі жобаларымыз бен ұсынатын қомақты дүниелеріміздің қатары көбейе бермек.

 

 

Қолданылған әдебиеттер

1.      Габдуллина А.С. Инновационная деятельность в регионах  Казахстана. //Саясат-Policy.-2010.- №8.-С.33-38.

2.     Сабден О. Конкурентоспособная экономика и  инновации: Монография - Алматы: Эксклюзив, 2009.-152с. 

3.     Концепция индустриально-инновационного развития страны на 2003-2015 гг.