Экономические науки/7.Учет и аудит
Э.ғ.к., доцент
Ахметова А.А., магистр Оспанова Г.А.
Қорқыт Ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Казахстан
Еңбек
өнімділігін жоғарылатудың факторларын, шарттарын және
резервтерін айыра білу қажет. Фактор деген ұғым
көбінесе еңбек өнімділігіне әсер ететін күшті
анықтаумен беріледі. Еңбек өнімділігін арттыру
факторларының іс-әрекеті белгілі бір жағдайларда жүреді,
олар әр түрлі табиғи, материалдық – техникалық
ерекшеліктермен сипатталады. Бұл жағдайлар еңбек
өнімділігін арттыру шарттарын жасайды. Табиғи шарттар табиғи қазбалардың
байлығымен, жердің құнарлығымен, т.т.
сипатталады; материалдық шарттар өндіргіш күштердің
даму дәрежесімен, тұрғындардың тұрмыс
деңгейімен т.т. көрінеді;
қоғамдық-әлеуметтік шарттар экономикалық
құрылыспен, өндірістік қатынастардың сипатымен
беріледі.
Сонымен бірге
еңбек өнімділігін арттыру жолдары қарастырылады. Еңбек
өнімділігін арттыру жолдары деп оның факторларының әсер ету бағыттарын,
адамдардың оларды пайдалану тәсілдерін айтады. Мысалы,
“техникалық прогресс” деген фактор өндірісті механикаландыру,
автоматтандыру, электрлендіру, химияландыру, компьютерлендіру т.с.с
бағыттармен көрінеді.
Еңбек
өнімділігін арттыру резервтері - өндіргіш күштерді
дамытудың берілген деңгейіндегі еңбек өнімділігін
арттырудың пайдаланылмай отырған мүмкіндіктері. Резервтер
қоғамдық өндірістің әртүрлі
бөлімдеріне қарай халық шаруашылығының
резервтері, салалық, сала аралық, ішкі өндірістік резервтер
деп бөлінеді. Бұлардың әрқайсысы бір-бірімен
тығыз байланысты. Сол сияқты резервтер кезеңіне қарай
ағымдағы және болашақтағы деп бөлінеді.
Халық
шаруашылығының резервтеріне өндіріс құрылымын
жетілдіру, өндіргіш күштерді орналастыру, өндіріс техникасы
мен технологиясын дамыту, жұмыс күшін ұдайы толықтыру
жағдайларын жаңарту және т.б. жатады. Ел басының
халыққа жолдауында “... өз мүмкіндіктері мен
бәсекелестік қабілеті тұрғысынан келешегі бар
еңбекті қажет ететін салаларға көңіл
бөлу...” керектігі айтылған [3, 142 б.].
Экономиканың
салалары – ауыл шаруашылғы, орман және ағаш өңдеу
өнеркәсібі, жеңіл және тамақ
өнеркәсібі, туризм, тұрғын үй
құрылысы және инфрақұрылымды дамыту арқылы
экономиканың құрылымдық мәселелерін, жұмыспен
қамту мен кедейлік мәселелерін шешу көзделген.
Салалық
резервтер өндіріс техникасы мен технологиясын жетілдірумен, белгілі бір
саланы мамандандыру мен кооперативтендіру ұтымды дамытумен байланысты.
Сала
аралық резервтер бір – біріне жақын салаларда тиімділікті арттыруды
көздейді. Мысалы, егер металлургтер дайындаманы дайын
бұйымның салмағына жақындататын болса, онда
мұның өзі машина жасауда еңбек өнімділігін
едәуір арттырады.
Еңбек
өнімділігін арттырудың ішкі өндірістік резервтері үш
бағыт бойынша топтастырылады: еңбек сиымдылығын
төмендету, жұмыс уақытын пайдалануды жақсарту,
кадрларды ұтымды орналастыру резервтері.
Өнімнің
еңбек сиымдылығын еңбекті қажет ететін жұмыстарды
механикаландыру мен автоматтандыру, ескірген жабдықты да алмастыру,
озық технологияны енгізу және т.т. арқылы төмендетуге
болады. Мысалы, болтты токарьлық станокта кесіп жасауға
қарағанда оны суытпай ойып алуда еңбек сиымдылығы 10-15
есе аз болады. Әрбір жұмысшы осы өндіріс жағдайларында
қандай технологияның ең прогресті технология болатынын білуге
тиіс. Мысалы, ағаш өңдеу өнеркәсібінде мебельді
престелген тақталардан жасау технологиясын пайдаланғанда өнім
өндіру шамамен 10 есе артады.
Еңбек
сиымдылығын төмендетудің маңызды резерві
өндірістің ұйымдастырылуын жетілдіру болып табылады.
Еңбек
өнімділігін өсірудің мол резерві жұмыс уақытын
жақсы пайдалануда болып отыр. Кәсіпорындарында жұмыс
уақытының шығыны аптаның алғашқы
күнінде және сменаның алғашқы сағаттарында
көп болады. Мұның себебі өндірістің негізгі
процестері арасындағы және қосымша қызметтермен
арадағы жұмыс уақытының жете үйлестірмеуі, смена
ішіндегі еңбек пен демалыс тәртіптерінің сақталмауы
болып табылады.
Жұмыс
уақытын пайдалануды жақсарту үшін ең алдымен
жұмыс орындарын ұйымдастыру мен оларға қызмет
көрсетуді жетілдіру, еңбек тәртібін нығайту
кадрлардың мамандығын арттыру, жұмыстың озық
әдістерін енгізу, қызметкерлердің еңбек
нәтижелеріне деген ынталылығын күшейту қажет.
Еңбек
өнімділігін өсірудің елеулі резерві жұмысшы кадрларын
орналастыруда болып отыр. Мәселен, егер көмекші
жұмысшылардың еңбегін механикаландырып және
ұйымдастырылуын жақсартып, олардың үлес салмағын
азайтса, онда тұтастай алғандай өнімділік өседі.
Еңбек
өнімділігін арттыру резервтері сан-алуан. Әрине, олар бір мезгілде,
комплексті түрде пайдаланылса, нәтиже де неғұрлым
жемісті болады.
Сонымен,
еңбек өнімділігі дәрежесін анықтайтын жағдайлар
еңбек өнімділігі өсуінің факторлары деп аталады.
Еңбек
өнімділігін арттырудың факторларын былай топтауға болады:
1.
Ғылыми-техникалық прогресс, жаңа техниканы үздіксіз
енгізу және қолдану, өндірісте қазіргі ғылым
жетістіктерін кеңінен пайдалану, прогресті технологиялық процестер,
жаңа материалдар мен энергия түрлерін енгізу.
2.
Жұмыскерлердің мәдени-техникалық деңгейлерін
жүйелі түрде көтеру, жалпы және арнаулы білімді
көтеру негізінде жұмыскерлердің квалификациясын, кәсіби
шеберлігін арттыру, еңбекке деген саналы ынтаны дамыту. Жоғары
мамандық қызметкерлерге жаңа техниканы, шикізатты, материалды
неғұрлым тиімді пайдалануға, өнім сапасын
жақсартуға және осының негізінде ең жоғары
еңбек өнімділігіне жетуге мүмкіндік береді.
3.
Еңбекті ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру,
алдыңғы формаларды енгізу, өндірістің
құрылымын жақсарту, еңбекке деген ынталаушы
құралды барынша дамыту. Қазіргі уақытта бұл
бағыт шешуші бағыттардың бірі болып отыр. Техника мен
адамдарды бірыңғай технологиялық процеске ұтымды
біріктіру, еңбектің, өндіріс пен басқару ісінің
ұйымдастырылуын жолға қою.
Еңбек
өнімділігінің көрсеткіштері жеке және
қоғамдық еңбек өнімділігінің
көрсеткіші болып бөлінеді. Қоғамдық еңбек
өнімділігі (ЕӨ) халық шаруашылығының барлық
салаларында жыл бойы жасалған қоғамдық жиынтық
өнімді барлық жұмсалған нақты еңбек пен
затқа айналған еңбекке бөлу арқылы
анықталады.
Еңбек
өнімділігінің үздіксіз өсуі көбіне әрбір
цех, бригада ұжымының, әрбір қызметкердің
еңбек өнімділігін арттыру факторларын қаншалықты
айқын түсінуіне байланысты болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Меирбеков А.Қ.
Кәсіпорын экономикасы. /Оқулық/ Алматы: Экономика, 2003 ж
2.
Ниязбекова Р.Қ. Кәсіпорын экономикасы.
/Оқулық/ Алматы: Экономика баспасы, 2008 ж
3.
Қаржылық есеп
берудің халықаралық стандарттары –Алматы: Раритет, 2003-672с
4.
Толпаков Ж.С. Бухгалтерлік есеп.
/Оқулық/ Қарағанды: Қарағанды
полиграфиясы, 2009 ж