ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ ҚЫЗМЕТІ, ҰЛТ МҮДДЕСІ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰЛТЖАНДЫЛЫҒЫ, АСҚАҚ РУХЫ, БИІК МҰРАСЫ

 

Тұрсынбаев Д.Ж. Қарқаралы ауданы №4 орта мектебінің базасындағы тірек мектебі (ресурс орталығы)

Бейсенов Б.Е. Ағадыр кенті, М.Мәметова атындағы орта мектебі

 

Мемлекеттігі жоқ халық – жетім, жетекшіл халық!

Әлихан Бөкейхан

Қазіргі таңда азат, кемеліне келген ұлтпыз деуге толық қақымыз  бар. Оған мүмкіндік беріп, жол салған – Алаш мұраты және Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов болатын.

Әлихан Бөкейханов Дала өлкесіндегі Семей облысының Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының №7 ауылында өмірге келді. Кеңес өкіметі тұсында ол жер Жезқазған облысының Ақтоғай ауданындағы Қаратал кеңшарының аумағына кіреді. Тәуелсіздік кезінен бері оның туған жері - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан атындағы ауыл деп аталады.

Жасынан зерек, көкірегі ояу, көзі ашық, алғыр өскен Әлиханды әкесі 9 жасында  Қарқаралыдағы молданың қолына оқуға береді. Молданың оқуына қанағаттанбаған Әлихан кейін қаладағы үш кластық бастауыш мектепке ауысып кетеді. Оны бітіре салысымен ол Қарқаралының үш жылдық училищесіне түседі. Училищені де ойдағыдай аяқтаған Әлихан Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте 1879 жылдан 1886 жылдың маусымына дейін тәрбиеленіп, оқу сабақтарын «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Сөйтіп, 16 жастағы Әлихан Омбыға келіп, 1882 жылы Ресей императорының Жарлығымен ашылған қаладағы техникалық училищеге қабылданады. 1890 жылдың маусым айында барлық пәндерден тек «үздік» және «жақсы» деген бағалар алған. Ә. Бөкейханов «техник деген аттестат алып шығады. Төрт жыл бойы өте жақсы оқып, үлгілі тәртіп көрсеткен Әлиханға училище директоры Н.С. Доброхотов Дала генерал-губернаторы Бородинге жазылған ұсынысхаты мен қазақ қауымдастығынан берілген 200 сом стипендияны ұстатып Санкт-Петерборға аттандырады. Мұндай үлкен сенім арқалаған талапты жас Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика мамандығына түседі.

Әлихан Бөкейханов Ресей империясының орталық үкіметі 1896 жылы Ақмола, Торғай және Семей облыстарының (бұл үшеуінің қазіргі Қазақстанның он облысын қамтитынын еске саламыз) жер-суын зерттеп, қазақ даласына орыс шаруаларын миллиондап қоныс аудару үшін (арнайы жарлықта бұл мақсат «… на возможность изъятия земельных излишков под переселенческие поселки» - деп ашық көрсетілген) ғылыми дәйектеме жасап беруі үшін ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Ф.А. Щербина бастаған экспедицияның құрамында болғанды. Ал кейінгі өмір жолында оның қандай саяси позиция ұстанып, қайраткерлік қызметі қалай өрбігені көпшілікке белгілі. Дегенмен де оның бір қанаты саясат болса, екінші қанаты экономика деп қаққаны ақиқат. Бұл Ә. Бөкейханның экономикалық тәуелсіздіксіз саяси тәуелсіздік толық болмайтындығын жақсы түсінгендігінен дер едік. Немесе К. Маркс айтқандай «Тұрмысты сана билейді» деген сөзін әр кез есте ұстаған қайраткер деп білеміз.

1905-1907 жылдары қазақ ұлттық қозғалысының көсемдері Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың М, Дулатовтың, Ж. Ақбаевтың, Б. Қаратаевтың басшылығымен қоғамдық қозғалыс санасын конституциялық монархия және либералдық реформа үшін күреске бұруға ұмтылыс жасады.

1905 жылдың жазында Қоянды жәрмеңкесінде бұл кісілермен қоса, қазақ зиялылары халық атынан патша өкіметіне петиция жазды. Бұл Қазақстан тарихына Қаралы петициясы атымен енген, өзге баламасы жоқ бірден-бір құжатта, алғашқы рет қазақ халқының арманы мен империяға тең құқылық, тәуелсіздік талаптары қойылған.

Петицияда былай делінген:

«Не халықтың мүдесімен, не оның тарихи құқықтарымен санаспай, бір орыстану саясатын көздеген жергілікті әкімшілік бұл саясатпен келіспегендердің бәрін жоюға ұмтылды. Әкімшілік қырғыз далаларының жаулап алынбай өз еркімен қосылғандығын назардан мүлдем тыс қалдырды.

Қырғыздар орыстардың құрамына сырттан қорғаныс ретінде, олардың ішкі істерге араласатындарын білмей кірген еді. Мемлекеттің діни саласына зорлықпен енуін қырғыздар олардың діндеріне қол сұғуы деп танып үкіметтің әрекеттеріне сенбеушілікпен қарайды».

Сонымен қатар петиция авторлары: «Аталарының қанымен алынған, өздерінің жеке меншіктері деп санаған жерлерді қырғыздар Ресей құрамына кіргенде мемлекет жеке меншікке қол сұғады деп ойламаған еді; ал орыс үкіметі еш себепсіз, тек қана күштінің құқығымен барлық қырғыз даласы мемлекеттің жеке меншігі болып саналатын және соның негізінде көшіріп-қондыру қозғалысы басталып, ең шұрайлы жерлер көшіп келгендерге бұйырып, нашар жерлер қырғыздарға қалатын заңдарды құрды» деп жазды.

Петицияны құрғандар енді қуғынға ұшырады. 1906 жылдың қаңтарында Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, А.Байтұрсынов пен Ж.Ақбаев бақылауға алынды. Алайда, патша жандармериясы бұнымен тоқталмай, 1908 жылы Ж.Ақбаев, сонынан 1909 жылдың шілде айында А.Байтұрсынов тұтқындалды.

1905 жылдың қараша айында Ә. Бөкейханов төрт миллионнан астам қазақ халқының атынан Мәскеуде Ресейдің земстволық қалалық қайраткерлерінің кезекті съезіне қатысты. Соның бір жиналысында ол мына сөздермен шығады:

«Мен Оралдан Алтайға, Сібір теміржолы мен Омбыға дейінгі территорияны алып жатқан төрт миллион қазақ халқының өкілі болып табыламын. Мен осы жерде поляктар, малоросстар, латыштар және тағы басқалардың айтқандарын естігенімді, бір ескі кітапты оқығандай болып отырмын. Бізде де қырғыз, қазақ тілдеріндегі мектептер қуғынға ұшырап, біз де цензура қысымында отырған халықпыз… Сондықтан, мен де съезге қойылған жергілікті тілдерге барлық шектеулерді тез арада жоюды талап еткен азаматтардың ұсыныстарына қосыламын».

Мәскеуден оралған Әлихан Бөкейханов сайлау алдындағы науқанға тез арада кірісіп кетті. Өз күресін ол қазақ тілінде газет шығарудан бастады. Оған «Біздің өмір» атты кадеттік газет куә. Бірақ үкімет оның Мемлекеттік Думаға сайлануымен қауіптенді.

Оның 1906 жылы 15 сәуірде заңсыз тұтқынға алынуына байланысты заң қорғау органдары жіберген бірнеше хаттары нәтижесінде ол Павлодар түрмесінен Омбы түрмесіне ауыстырылды. 15 күннен кейін оның бір-ауыздан өз болысында сайланғаны белгілі болып Әлихан Бөкейханов түрмеден босатылды.

Міне, Әлихан Бөкейхановтың осындай белсенді саяси қимылдары патша өкіметін сескендіріп, оны қазақ даласынан аластап, Самара қаласына жер аударады. Онда 1908-1917 жылдары тұрып, қазақ қоғамының тыныс-тіршілігінен қол үзбей «Қазақ» газетіне «Қыр баласы» деген атпен ел тіршілігінің өткір де түйткіл мәселелеріне ден қойған мақалалар жазады.

Ақпан төңкерісінен соң, оңтайлы саяси ахуалды қалт жібермей пайдаланып қазақ елдігінің дербестігі үшін белсене қимылдайды.

1917 жылдары шілде және желтоқсан айларында өткен жалпы қазақтық съездерді ұйымдастырып, онда «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құруға қол жеткізеді. Алашорда үкіметінің төрағалығына сайланады.

Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.

XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. 

Олар ең алдымен, халықтың сана сезімін оятатын жағдай жасау керек деп бар күш қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. 1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық Думаға сайланады. Ол Ақпан төнкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады.

1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Алайда 1919-1920 жылдар жаңа кеңес өкіметінің жарлығымен Алаш өкіметі зорлықпен таратылады. Кеңестік негіздегі пролетариат диктатурасы ұлттық мемлекеттікті қабылдамады, оған қарсы тұрған кеңестік Ресейдегі басқа да ұлттық қоғамдық-саяси қозғалыстар сияқты, Алаш қозғалысы да тарих сахнасынан ал оның халық таныған көсемдері саяси күрес пен қызмет аренасынан күштеп қуылды.

Қазақтың автономиясы мәселесін тұңғыш көтеріп, оны іске асырған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановқа 1920-1922 жылдары  «буржуазиялық ұлтшыл» деген жала тағылып, тергеулер жүргізіліп, айлап абақтыда отырады. 1922 жылы Мәскеуге жер аударылып, 1937 жылы халық жауы ретінде атылғанға дейін саяси бақылау аясында жұмыс атқарады.

Ә.Н. Бөкейхановты ақтау туралы құжат 52 жылға кешікті. Тек, 1989 жылдың 14-мамырында ғана КСРО Жоғарғы Сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан ұлы Қайраткер, кемеңгер Қазақ, асыл Азамат, алты Алаштың Әлиханы ақталды. Ал екі жылдан соң Ә.Бөкейхановтың жұрты да Азаттық алды, және Тәуелсіз Ел болды!

ХХ ғасырдың алғашқы ширегі Ресей аумағында болып жатқан халықтық толқулар мен өкіметке наразылықтың, саяси  көзқарастың  ұшқыны шет аймақтағы бодан елдерге де жетіп, ықпал әсері тиіп жатты. Бұл құбылыстан қазақ даласы да тыс қалған жоқ. Отарлық шырмауындағы халықтардың арасынан да Ресейдің ірі  қалаларында оқып білім алған, көзі ашық көкірегі ояу ұлт қамын, ұрпақ болашағын ойлайтын азаматтар шыға бастады. Сондай азаматтың бірі жан-жақты білім иесі, қазақтың басын біріктіріп ерікті ел болуын көксеген, сол мақсатқа жету жолында өз бойындағы бар қасиетін, ақыл-ойын, өнер-білімін, жігер-қайратын, бүкіл саналы өмірін арнаған қазақтың ұлы перзенті Әлихан Бөкейхан еді. Ол – ұлтына қамқор болуға бар күшін жұмсаған қазақтың алғашқы оқымысты азаматы.

Сан-салалы мамандықты игерген, ұшан теңіз білім иесі Әлиханның көкейкесті арманы ұлтының тәуелсіздік алып, өз алдына ел болуы, өркениет биігіне көтерілуі болды. Қоғам қайраткері, экономист, әдебиетші, публицист, аудармашы ретінде ол бар күш жігерін сол мақсат жолына бағыттады.

Алаш Орда үкіметі мүшелерінің негізгі іс-әрекет бағыттарынан Ресей патшасының отаршылық езгісіне қарсы күрес жолындағы қазақ бұхарасының заңдық тұрғыдан құқын қорғау мәселесі анық аңғарылды. Туған халқының саяси санасын, құқықтық сауатын ашпай қатардан қалып қоятындықтарын жақсы түсінді. Бұған қоса қазақ халқының ұлттық санасын оятуда, білімі мен білігін жетілдіруде, мәдениеті мен руханиятын дамытуда олардың әрбірі жеке тұлға ретінде үлкен үлестерін қосты. Сондай-ақ, өзге тілдердегі үздік ғылыми және публицистикалық дүниелерді қазақ тіліне аударып, рухани кеңістіктің аясы тар шеңберде қалып қоймауына жете көңіл бөлді. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, тек бір мамандықты игеріп қана қоймай, халыққа қажетті бірнеше салада жемісті еңбек етіп, сан қырлы талант иелері екендіктерін көрсетті. «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік», - деді Елбасы. Президенттің идеясын пайымдай келе, белгілі ғалым Х.Әбжанов мынадай ой түйеді: «өзін-өзі таныған ұлтта ғана – ұлттық идея дүниеге келеді, ол ұлттық менге негізделеді, ал оның қамал қорғаны жаңадан құрылған мемлекет. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны және өзегі келешекпен байланыстылығын да» – дейді.

Алаш идеясы – елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ азаматының жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен ой.  Қазақ зиялылары осы идеяны жүзеге асыру үшін, ұлттық мүдделерді көркейту үшін қаншалықты жасап бақса,  өкімет басына келген жаңа билік өкілдері ұлтсыздандыру саясатын жүргізу үшін соншалықты өз дегендерін жасап бақты. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев өзінің төмендегі сараптамасымен толықтыра түсіп, алаш идеясының маңызын былай деп көрсетеді. «Алаш тәжірибесі нені көрсетті? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды.

Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік. Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім, жетекшіл халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн».

Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Дереккөздер:

1. Қ.Сәрсекеев. Алаштың Әлиханы//Орталық Қазақстан.19 қаңтар 2006 ж.

2. М. Солтангазина, Б. Шәкиев, Ф. Лекерова. Тарихи тұлғалар. – Алматы: Алматыкітап. – 2009. - 60 б.