э.ғ.к., аға оқытушы Тлеужанова Д.А.

 

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана

 

Қаржы мамандығы бойынша мамандарды даярлаудың

педагогикалық аспектілері

 

 

Бүгінгі білім берудің негізгі мақсаттарының бірі Қазақстан Республикасының 2010 жылдан бастап «Білім берудің Европалық кеңістігі» Болондық декларацияға қол қоюынан бастап білім берудің жаңа жүйесіне көшумен байланысты оқытудың жаңа әдістемелеріне бейімделу болып табылады. Білім берудің ұлттық жүйесіндегі бәсекелестік серпінді өзгеретін әлемнің талаптарына жедел икемделуді, инновацияны меңгеруді, технологияны үнемі жаңартуды талап ететін жаһандық бәсекелестіктің негізгі элементі болды. Осымен бірге жоғары оқу орындарында сапалы білім алу мүмкіндігі азаматтардың  неғұрлым маңызды құндылықтарының бірі және жалпы білім берудің шешуші факторы болып қалуда.

Қазіргі кезде жұмыс берушілер кадрлық қамтамасыз етуге аса көңіл бөледі. Теориялық білім және дағдылар қажеттілік туғызбайды. Қазіргі еңбек нарығына кәсіби қызметтің әртүрлі түрлерін меңгерген, жоғары ақпараттық, басқарушылық мәдениетті меңгерген, сондай-ақ кәсіби қызметтің сипатын және мазмұнын өзгертуге дайын мамандар қажет болып отыр. Кез-келген  адамның  немесе  маманның  өзекті  мәселелердің  оң  шешімін табу  қабілеті,  оның  біліктілік  деңгейіне  байланысты.  Жоғары  оқу  орнында даярланатын  мамандарға  жұмыс  берушілер  тарапынан  біліктілігі  жоғары кадрларға  деген  сұраныс  пен  сапа  сәйкестігінің  болуы  елімізде  ерекше басымдыққа  ие.  Оның  себебі,  елімізде  көптеген  кәсіпорындар,   заманауи талаптарға  сай  білім  деңгейі  терең,  жауапкершіліктен  қорықпайтын, нақты жағдайда шаруашылық жүргізу  үдерісі  бұл талапқа сай болу үшін, белгілі бір  күрделі  мәселелерді   анықтай  алатын  және  оның  шешімін  таба  алатын мамандарға сұраныс артуда. Көптеген жоғарғы оқу орындары білім беру саласындағы басым бәсекеқабілеттілік жағдайында тек қана білім беру қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар қоғамның ақпараттық, тәрбиелік, компетенттілік бағыттарын қалыптастыруы қажет.

 Осы заманғы білім беру жүйесінің басты қайшылығы – тез өсіп бара жатқан жаңа білімдер қарқыны мен жеке тұлғаның оларды игерудегі шектеулі

мүмкіндіктері  арасында  байқалады.  Бұл қарама-қайшылық педагогикалық теорияны білім берудің абсолютті идеалынан (жан-жақты дамыған тұлға) бас

тартып, жаңа идеалға - адамның өзін - өзі реттеуі мен өздігінен білім алуы қабілеттілітерін барынша дамытуға көшуіне мәжбүр етті. Себебі, экономика дамуының жоғары қарқындылығы, өндірістік үрдістерді  автоматтандыру, техниканың дамуы, микроэлектроника мен компьютерлерді қолдану және т.б.

құбылыстар  оқушылар  біліміне  деген  талаптардың  өзгеруіне  және жоғарылауына әкеліп соқты.

Қазіргі заманғы жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптары:

-өз бетінше  ойлауға  және әр  түрлі  проблемаларды  шешуге қабілетті

болу, яғни алған білімдерін осы проблемаларды шешуде қолдана білу;

-сыни және шығармашылықпен ойлау;

-гуманитарлық білімдерді терең түсінуге негізделген бай сөздік қорға ие болу[1].

Бұл кезде мамандарды дайындаудың сапасы жоғары білімнің өзекті проблемаларының бірі болып қалуда. Бұл проблеманы шешу білім берудің мазмұнын жаңашаландырумен, білім беру процесін ұйымдастыру технологиясын және тәсілдерін оңтайландырумен және білім беру мақсатын және нәтижелерін түсіндірумен байланысты. Осыған байланысты компетенттілікке-бейімделген көзқарастағы, жаңа білім беру стандарттары өңделген [2].

Қаржы мамандығы бойынша да кадрларды даярлауда басты бағыт жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін мамандармен қамтамасыз ету болып табылады. Дегенмен, даярланған мамандар теориялық тұрғыдан білімдері шыңдалғанымен практикалық тұрғыдағы білім деңгейі жеткіліксіз болып жататындығы тәжірибеде жиі кездеседі. Оған әсер ететін бірқатар себептер бар:

қаржы саласындағы заңнамалардың тұрақсыздығы, студенттерді оқытуда көпшілік жағдайда дәстүрлі әдістерді қолдану, өндірістік практикадан өту деңгейінің төмендігі және т.б. 

 Оқытудың технологиялары қазақстандық және халықаралық білім беру практикасында білім беруді дамыту және модернизациялау құралдарының бірі ретінде аса маңызды орын алып отыр. Оқытудың тиімділік деңгейі ең бастысы қолданылатын білім беру технологиялары мен әдістерінен тікелей тәуелді. Сондықтан  да  қазіргі  жаһандану  және  интеграциялық  үдерістердің күшеюі  жағдайында  білім  сапасын  жетілдіру  мен  оқытудың  озық технологияларын  қолдана  отырып  оқу  үдерісін  инновациялық  тұрғыдан ұйымдастыру бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр.

Қарапайым дәріс (көпшілік жағдайда слайдтар және басқа құралдарды қолданбайтын, қалыпты баяндау) оқытудың ең төменгі тиімділіктегі әдісі болып табылады және бұл кезде баяндалған материалдың 5 пайызы ғана меңгеріледі, ал «белсенді оқыту» (оқу үрдісіне қатысушыларды әр түрлі белсенділіктерге қатыстыру) неғұрлым жоғары нәтиже көрсетеді. Білім беру технологияларына инновацияны қолдану нәтижесі тек жалпы білім беру сапасын жоғарылату ғана емес, сонымен қатар оқытудың дәстүрлі әдістерін қолданған кездегімен салыстырғанда жаңа білім беру нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қаржы мамандығы бойынша мамандарды дайындауды жетілдіруде оңтайлы әдіс ретінде европалық тәжірбені қарастыруға болады. Осы орайда, Нидерланды Королдігінде орналасқан Утрехттегі BelastingdienstAcademie (Салық салу Академиясының) тәжірибесін қарастырайық. Салық салу Академиясы қаржы саласындағы мамандарды даярлауды жүзеге асырады және оқу бағдарламасын қалыптастыруды жұмыс берушілер, яғни Салық органының бөлім басшылары жалпы жиналыста талқылау негізінде жүзеге асырады. Бұл кезде нақты сол уақытта қандай пәндерді оқу және оларда қандай сұрақтарды қарастыру керек екендігі анықталады. Салық салу Академиясының тыңдаушылары тек салық органдарында жұмыс істейтін мамандар болып табылады. Олардың жұмыс жасап, әрі оқу оқуына мүмкіндік жасау үшін оқытушылар дәрістерін интерактивті режимде әр түрлі оқыту әдістерін қолданады. Осындай әдістердің бірі «flipped  classroom» немесе «flipped  learning» болып табылады.

 Бүгінгі таңда оқытудың перспективті моделдерінің бірі болып аралас оқыту табылады (blended  learning), ол білім берудің дәстүрлі әдістерінен бас тартпай оларды жаңа технологияларды қолдана отырып әсерлеуге мүмкіндік бере отырып, оқу процесін неғұрлым тиімді жасауға көмектеседі, сондай-ақ студенттердің материалдарды және кәсіби біліктілікті қалыптастыруды меңгеру процесіне қызығушылықты жоғарылатуға мүмкіндік береді. Аралас білім беруге аудиториялық жұмыс және аудиториядан тыс дербес жұмыс, оқу-әдістемелік материалдардың кең таңдауы, интерактивтік, студенттердің жеке жұмысын қадағалау, студенттің жетістіктерін бағалаудың икемді жүйесі кіреді.

Аралас оқытудың түрлерінің бірі, «flipped  learning» (төңкерілген оқу) әдісі болып табылады. Бұл әдіс оқытудың дәстүрлі әдісін өзгертуге және  үй жұмысының бағытын класстағы жұмысқа ауыстыруға негізделген [3]. Бұл кезде студенттер видеолекция және видеотүсіндіру жолымен курс мазмұнын дербес меңгереді, содан кейін қарастырылған материалды оқытушының көмегімен және қолдауымен талқылайды. Талқылау барысында оқылған материалдарды класта практикада қарастырады және сыни ойлау әдісі қолданылады. Сонымен іс жүзінде бұрын үйде жасалған жұмыс осы әдіске сәйкес класта жасалатын болып отыр.

Төңкерілген оқытуды жүзеге асырудың әртүрлі әдістері бар, бірақ олардың барлығы бір базалық принципке негізделеді: тікелей сабақ түсіндіру кластан тыс жүргізіледі, ал практика және қолдану класта жүзеге асырылады [4]. Сонымен, дәрісханада студенттер оқытушымен бірге неғұрлым күрделі когнитивті әрекетті талап ететін тапсырмаларды орындайды. Ал оқыушының мақсаты  тақырыптың мазмұнын түсіндіру емес, студентке күрделі сұрақтарға көңіл бөлу және практикалық сұрақтарды талқылау болып табылады.

Төңкерілген оқыту әдісін тиімді қолдану үшін белгілі цикл пайдаланылады: оқытушы видео ұзақтығы 5-7 минут, класстагы интерактивті жұмыс, бақылау-кері байланыс-бағалау [5].

Төңкерілген оқытуды білім беруде қолданудың бірнеше негіздері бар:

-                  төңкерілген оқыту материалды терең меңгеруге мүмкіндік береді;

-                  сыни ойлауды жетілдіреді;

-                  нақты бағалауға мүмкіндік береді;

-                  дәрісханалық уақыт тиімді пайдаланылады;

-                  студенттердің дербестігін арттырады.

Сонымен, қаржы мамандығы бойынша кадрларды даярлауда ең бастысы педагогикалық тұрғыдан заманауи әдістерді қолданған жөн.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Арынов А Заманауи оқыту технологиялары негізінде кәсіби білім беруді ұйымдастырудың өзекті мәселелері// Қазақстан Республикасының Бірінші  Президенті  күніне  арналған «Сейфуллин  оқулары – 9: жоғарғы  білім  және ғылым  дамуындағы  жаңа  бағыт»  атты  Республикалық  ғылыми-теориялық конференция материалдары – 2013. – Т.2, ч.1. – Б. 173-174

2. Мусина Л.А. Компетентностный подход в образовательном процессе и качество подготовки кадров

3.  Graney,  J.  Flipping  Your  EL  Classroom:  A  Primer.  URL:http://newsmanager.commpartners.com/tesolc/downloads/features/2013/2013-10_Flipped%20Classrooms_Graney.pdf

4. Bergmann, J., Sams, A. Flip Your Classroom. Reach Every Student in Every Class Every Day. ASCD, ISTE, 2012.

5.  Marshall,  H.  Three  reasons  to  flip  your  classroom  //    http://newsmanager.commpartners.com/tesolbeis/issues/2013-08-28/6.html