Қазмемқызпу

Практикалық шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы

Пазилова Б.А.

 

Интеграция негізінде студенттердің  толеранттылығын қалыптастырудағы «интеграция», «толеранттылық», «интолеранттылық» ұғымдарының мәндік сипаттамасы

 

Қазіргі кезде интеграция және жаһандану мәселелері жаңа әлеуметтік қарым-қатынас –толеранттылыққа көшуді міндеттеп отыр. Осыған сәйкес, интеграция негізінде студенттердің  толеранттылығын қалыптастырудағы «интеграция», «толеранттылық», «интолеранттылық» ұғымдарының мәндік сипаттамасын ашуға тырыстық.

Әдебиеттерде жалпы мағынада, интеграция деп, интеграциаланатын құбылыстар мен үдерістердің әрекет етуін өзгертетін және сапалы жаңа аспектілердің (қасиеттердің) қалыптасуын туғызатын әр текті және тәуелсіз құбылыстар мен үдерістердің арасындағы байланыстар мен өзара байланыстардың пайда болуымен сипатталатын тұтастықтың қалыптасу үдерісі ретінде түсіндіріледі.

«Интеграция» латынның integer-бүтін және бөлінбейтін байланысқан, біріккен деген сөзінен шыққан. Қазіргі  кездегі әдебиеттерде бұл түсінікке көптеген анықтамалар берілуде. Алдымен солардың бірдей сипаттағыларына мысал келтірейік. Интеграция түсінігі Үлкен Кеңес энциклопедиясында теориялық жүйе шеңберінде қарастырылады. Нақтырақ айтқанда, «теориялық жүйе түсінігі, жекелеме дифференциалды бөлшектердің бірігуімен байланысты жағдайды білдіретін, сондай-ақ, сол жағдайға әкелетін үдеріс...» [6].

Әртүрлі авторлар жүйеге әртүрлі анықтамалар береді, бірақта олардың көпшілігінің, жүйенің бүтіндігі жайында жаңа сапалық сипаттамалары мағынасы жағынан бір-біріне ұқсас.

Білім берудегі интеграция - оның мазмұнды-процессуалды бірлігі. Латынша «integratio» сөзінің қазақша мағынасы қайта құру, толықтыру дегенді білдірсе, «integrer» сөзі «бүтін» деген мағынаны білдіреді. Соңғысы екі мағынада қолданылады:

- бөліктерді бүтінге біріктіру;

- бір типтес қоғамдық мемлекеттердің ұлттық шаруашылықтарын біріктіру, бір-біріне ыңғайластыру үдерісі. Бұдан интеграция ұғымы барлық салаға қатысты екендігін білеміз.

Ғалым М.Г.Чепиков интеграция ұғымына біршама толық мынадай анықтама береді: « Интеграция – бұл бір ғылыми теорияны екінші біреуінде қайталау емес, олардың (ғылымдардың салыстырмалы дербестігін сақтай отырып) күшейе түскен өзара әсерлесуі мен өзара енісуі». М.Г.Чепиков басқа да авторлар сияқты «синтез» бен «интеграция»  ұғымдарын айырып бермейді және бұл ұғымдар арасындағы маңызды айырмашылықты қарастырмайды. Мысалы, ол былай деп жазады: «Интеграция  және синтез ғылымдардың  әртүрлі элементтерінің өзара енісуі, бірігуі, білімдердің біртұтас бірігуі» [7].

Ал П.Коротков интеграцияны біртұтас мазмұнды жақындастықта қарастырады. Зерттеуші осыған байланысты: «.... қандай да бір құбылыстың интеграциясы – ол барлық элементтердің өзара байланысы ғана емес, ең алдымен олардың өздерінің қасиеттерінің өзгеруімен сипатталатын әлдеқайда тұтас күйге қарайғы даму, қозғалу үдерісі» деп айтады[8].

Интеграция мәселесіне жақын жүйе ұғымын П.К.Анохин таңдалып қарастырылған компоненттердің кешені деп анықтайды. Интеграция бүтіннің, біртұтастықтың ажырағысыз байланыстың қорытынды нәтижесі. Ол, оқытуда кешенді оқу тақырыптары мен мәселелерді ашу, ғылым негіздерін біріктіру, әртүрлі оқыту пәндерінің элементтерін бір курсқа жинақтау жолымен жүзеге аса алады.

Ғылыми әдебиеттердегі «интеграция» ұғымына берілген анықтамаларға назар аударайық.

Ұлттық энциклопедияда интеграция (лат. «inegratio» - қалпына келтіру, толықтыру) экономикалық субъектілерді біріктіру, олардың арасындағы байланыстарды дамытып, өзара ынтымақтастықты іс-қимылын тереңдету деп анықталған [9].

Философиялық тұрғыдан интеграция – «даму үдерісінің әр текті бөліктері мен элеметтерді тұтасқа біріктірумен байланысты жағы» болып табылады [10].

Ал кеңестік үлкен энциклопедияда интеграция «жеке дифференцияланған бөліктердің тұтасқа байланысқан күйін, сонымен қатар осы күйге  апаратын үдерісті білдіретін жүйелер теориясының ұғымы» ретінде қарастырылады [11].

Шетелдік сөздер сөздігінде «интеграция кез-келген бөліктердің тұтасқа бірігуі» деп түсіндіріледі [12]. Сонымен қатар, интеграция ғылымның белгілі бір саласына байланысты болады деп айтылады.

Педагогикалық көзқарас тұрғысынан, интеграция - педагогикалық теория мен практика шеңберінде жүзеге асырылатын ғылыми интеграцияның алуан түрлілігі [13] деп сипатталады.

Демек, интеграция тұтастықты қалыптастырып, білімді жүйелеу мен жинақтауда әр түрлі ғылымдарды біріктіріп, пәндердің өзара байланысын жоғары деңгейде нақты түрде іске асырады.

Ал ғалымдар өз ғылыми зерттеулерінде  интеграция ұғымына әртүрлі анықтамалар береді. Мысалы, И.А.Колесникова философиялық-педагогикалық тұрғыдан интергация алғанда адамзаттың ақыл-ой жиынтығы мен жеке ойлау деңгейлерінің сай келуін қамтамасыз ететін механизм ретінде қарастырылуы тиіс деп есептейді.

М.Н.Берулева оқу пәндері интеграциясы мен пәнаралық байланыс арасындағы арақатынасты зерттей отырып, пәнаралық байланысты оқу пәндері интеграциясының белгілі бір деңгейі ретінде қарастырады.

Ғалым-педагог А.А.Бейсенбаева мен оның шәкірті Г.Меңдіғалиева өз еңбектерінде интеграция «ғылым мен практиканың кірігуі» ретінде қарастырады. Олардың пайымдауынша, ғылым мен практиканың интеграциясын генетикалық қағида деңгейінде пайдалану сапалы жаңа жоғары жүйе ретіндегі интегралды білімдік кеңістікті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал бұл педагогикалық теория мен практика арасында сапалы байланыс құру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Олай болса, оқыту үдерісінде интеграция негізінде студенттердің  толеранттылығын қалыптастыру мүмкіндігі де туындайтыны ықтимал. Сонымен, жоғарыдағы берілген анықтамаларды талдау және жүйелеу негізінде, біз интеграция ұғымына мынадай анықтама беруге тырыстық:

«интеграция кез-келген бөліктердің, субъектілердің тұтасқа бірігуі арқылы, олардың арасындағы байланыстарды дамытып, өзара ынтымақтастықты іс-қимылын тереңдету».

Демек, осындай анықталу жағдайында интеграция негізінде студенттердің толеранттылығын қалыптастыруға нақты мүмкіндік туындайды. Осы тұрғыда интеграция ұғымы мен толеранттылық ұғымдары арасында байланыс болуы мүмкін бе? Толеранттылық ұғымы интеграциялауға келе ме? Сұрақтарының мәнін ашпас бұрын, «толеранттылық» ұғымына анықтама беріп алғанды жөн көрдік.

Толеранттылық рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар менің ұстанымдарыма жат болса да, қабылдаймын деген мағынаны білдіреді. ХVІІІ ғасырдағы француз жазушысы және философ Вольтер: “сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ сізге оны жақтау үшін мен өмірімді құрбан етуге дайынмын”, деген.  Ол – толеранттылықтың басты қағидаты. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан, толеранттылық екі жақты ұғым: мемлекеттер, діндер, этностар, жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай білуі.

Қазіргі шетел сөздерінің сөздігінде толеранттылық «tolerantia» деген латын терминінен алынған ұғым, біріншіден, ағзаның кез-келген бір улы заттың қолайсыз жағдайына төзімділігі, екіншіден, біреуге, бір нәрсеге деген шыдамдылық, жұмсақтық деп көрсетілген [14, 610 б.].

Сондай ақ «толеранттылық» (лат. «tolerantia» - шыдам, төзім) терминіне шет тілдері сөздігінде екі мағынада түсініктеме беріледі:

1) бір нәрсеге, біреуге төзімділік, төзу, шыдау;

2) биологиялық, медициналық тұрғыда – иммундық реакцияның жартылай немесе толықтай болмауы, яғни организмнің ауруға қарсы тұратын антиденелер шығару қабілетінің болмауы. Ал педагогикалық сөздіктерде бұл ұғымға «қайсыбір жағымсыз факторға жауап әрекеттің болмауы не бәсеңсуі; оның әсеріне сезгіштіктің төмендеуінің нәтижесі» деген анықтама беріледі.

Испан тілінде toleranсia – «өз пікіріне қайшы келетін идеялар мен пікірлерді қабылдау қабілеті» деп көрсетілсе, немісше-орысша сөздікте tolerant «біреудің пікіріне шыдау» дегенді білдіреді [15, 290 б.]. Қытай тілінде толеранттылық «басқаларға кеңпейілділікпен қарау» дегенді білдірсе,  парсы тілінде «шыдам, шыдамдылық, төзім, татуласуға дайындық» дегенді, француз тілінде tolerant «шыдамды, мейірбан», ал, tolerare «төзу, қолдау көрсету» дегенді білдіреді [16, 83 б.].

Ларусс сөздігіне сәйкес toleranсе сөзі алғаш рет 1361жылы қолданылған [17, 177 б.]. Ағылшын этимологиясының  Оксфорд сөздігінде «toleranсе» ұғымы ХV ғасырға жатқызылады, ал «toleration» түсінігі ХVІ ғасырға пайда болған делінген. Егер ХV ғасырда ол «шыдамдылық» мағынасында қолданылса, ХVІ ғасырда оған «ұстамдылық, шектеу» мағыналары қосылды [18, 264 б.].

Оксфорд сөздігінде: «толеранттылық – тұлғаны немесе затты қарсылықсыз, күштеусіз қабылдауға дайындығы және қабілеті», - деген анықтама берілген.

Кеңес энципклопедиялық сөздігінде толеранттылық -  басқаның пікіріне, сеніміне, тәртібіне деген шыдамдылық ретінде түсіндіріледі.

Толерант ұғымына байланысты нақты бір қатып қалған анықтама беру қиындық тудырады. Дегенмен бұл жайында Реардан толеранттылықтың маңыздылығын айта кете, басқа тілдердегі анықтамаларын беріп өткен:

- қытай тілінде Kuang, рұқсат беру, қабыл ету, басқаларына қарсы жомарттық таныту.

- Француз тілінде Tolerance, басқалардың өзінен басқаша түсініктерін және іс – әрекеттерін қабыл ету.

- Араб тілінде Tasamul, кешіру, мейірімді болу, көңілді болу және басқаларына мейірімділікпен қарау.

- Түрік тілінде Hoşgörü, шыдамдылық таныту, сабырлы болу, түсіністікпен қарау, кейде кешірімшіл болу деген сияқты анықтамалар берген.

Негізінен «толеранттылық» ұғымы батыста сонау ХҮІІ ғасырда европада отыз жыл соғыстары (1618-1648) деген мәзхабтар арасы қақтығыстан кейін әсіресе ХҮІІІ ғасырда Волтаир және Лосктің еңбектерімен пайда болып бастапқыда діни мағынаны қамтитын болса, кейінірек ауқымды салаларға қолданыла бастаған [19 ].

Сонымен, әртүрлі тілдердегі «толеранттылық» ұғымын салыстырып қарау арқылы толеранттылық адам құқығы мен тұлғаға сыйластыққа негізделген қағидалар жүйесі деген тұжырымға келдік.

ХVІ ғасыр толеранттылық идеясы дамуындағы ерекше кезең деп есептеледі. Бұл кезең реформалар дәуірі болды және сенім шыдамдылығы ретінде толеранттылық проблемасын ерекше қойды. ХVІ ғасырдың бірінші жартысында христиандық гуманизм діни дискуссияның кейбір еркін бағытта дамуына әсер етті. Гуманистер ешқандай қысымды, әсіресе еретиктерді өлім жазасына кесуді мойындаған жоқ. ХVІ ғасырдағы діни дебаттар ізгілікке шақыру, жеке сананы сыйлау сипатында болды. Адам жанының қалтарыстары туралы сөз болғанда қажетсіздік пен зорлық зомбылықты болдырмау сана арқылы атап өтілді.

Толеранттылық тақырыбы М. Монтеннің (1533-1592) ұлт еркіндігін қорғау туралы пайымдауларында да сөз болды: «Өз еркіңмен немесе қажеттілігі үшін бірқалыпты өмір үлгісін ұстану-күн көруді ғана білдіреді, ол өмір сүру емес. Ең жақсы жан кімде көп икемділік пен көптүрлілік болса сол адам» [20, 359 б.].

М. Монтень түсінігіндегі адам өзін-өзі танушы, өз бетінше пайымдай алатын индивид. Оның өз тәжірибесі бірегей, ол сыртқы дүние мен өзі туралы білімді тек содан алады. Ол адамның әлеуметтік орта мен дәстүрден тәуелділігін атап өте отырып, тұлғаның күші мен саналық жетістігін көрсетеді. «Опыт» (1580) еңбегінде жаңа әлемді - жаулап алушы испандықтардың христиандықты күштеп енгізуіне қарсылық білдіре отырып тілдік мәдениетті жойған христиандарды айыптады [20; 2, 379 б.]. Ол католиктік теологтардың «адасқан» ар-ұятқа қатысты пайымдауларын еретиктерге ауыстырып, дене азабына ғана емес, ар азабына да қарсы болды.

Философ «мен» және «басқа» арасындағы қарама-қарсылықты драмалықпен сипаттайды. Монтеннің қарама-қарсы ойлары өмір сүрудің екі тәсілінің арасында: адамдар арасындағы өмір мен өзін оқшаулау арасында арпалысады. Ал шындық өмірде барлық аяныш сезімдеріне адамгершілікке жат әрекеттер аяныш сезімдеріне белсенді қарсылық көрсетіп отырғандығын ол ашына жазды.

ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. әлеуметтік-философияның жалпы дәстүрі мықты орталықтандырылған мемлекетті қорғау болды. Осыдан келіп толеранттылықты саяси улитаризм көзқарасы тұрғысынан талдау қажеттілігі туралы, сондай-ақ бұл әлеуметтік әрекеттің мүмкіндігінің шектеулілігі туралы түсінік орын алды. Д. Локк (1632-1704) ағылшын философы және педагогы, өзінің «Опыт о веротерпимости» (1667ж) еңбегінде толеранттылыққа шексіз құқық береді [21, 67б.]. Толеранттылықтың апологеттік дәстүрі - билеушінің діни істерге араласу құқығының болмауы. Тұлғаның рухани ізденісіне қол сұғу, өзге дінді мойындауға мәжбүрлеу дұрыс емес. Бұл билік өкілі үшін оны ақырында жеңіліске ұшырататын ең тиімсіз жол. Д. Локк «Послание в веротерпимости» еңбегінде: «Адамның рухани сенімін өзгерту үшін көңіліне сәуле түсіру керек, ол ешқашанда дене жарақаты арқылы мойындатылмайды»,-дейді [22, 98 б.]. Сөйтіп, ол басқаша ойлайтын бытыраңқы секталарға қатысты толеранттылыққа жол беруге болады, ал олардың езушіні тайдыру ниетімен бірігуіне жол бермеу керек деген пікір айтады. Д. Локк сенімдері мемлекет құрылымын шайқалтатындай ой-пікірлері бар адамдарға қатысты мәжбүрлеуді ақтайтынын атап көрсетеді.

Толеранттылық тақырыбы француз публицисі және философы П. Бейль (1647-1706) еңбектерінде де көрініс тапты. Оның пікірінше, адамдардың табиғи үйлесімсіздігі өз кезеңінде пікірлердің әртүрлілігіне әкеліп соқтырады: «Қабылдау мүшелері бірдей болғанымен әр адам бірнәрсені түрліше таниды, олардың тәрбиесі бірдей емес, қалған жағдайларда да осылай әрекет етеді» [23, 313 б.].

П. Бейльде ұят еркіндігі және оның мемлекет билігіне бағынбайтындығы туралы талап Д. Локкқа қарағанда жоғары. Толеранттылық оның шығармаларында догматикалық билікке қарсы құрал ретінде көрінеді және билікті ұстап тұрудың басты қаруы өрескел қарсылықты жоюға бағытталған. Ол философтардың толеранттылық жөніндегі пікірталасы діни негізде жүргенімен, діни ұстанымның астарында мемлекет мүддесі жатқандығын жақсы түсіне білді. Билеуші өз билігін шіркеудің әмбебаптығына сүйене отырып, ғайбаттау, жалған сөйлеу, жер аудару, өлім жазасына кесу секілді жаман құралдар арқылы жүргізді. Сөйте тұра, ол жасап отырғандарының барлығының дінді насихаттау барысындағы дұрыстығына, заңдылығына өзі сене білді немесе сондай түр жасады. Қалай болғанда да бұл П.Бейльдің түсінігінше христиандық үшін өте ұят нәрсе[24].

ХҮІІІ ғасырда толеранттылықтың қорғаушысы француз жазушысы және философ ағартушы, Петербург ғылым академиясының құрметті мүшесі Вольтер (1694-1778) болды. Толеранттылық мәселесін оның «Философские письма» (1734), «Фиолосфский словарь» (1766), «Трактат о веротерпимости» (1763), «Вопросы по энциклопедии» (1772) еңбектерінде сөз болады. Вольтер танымында толеранттылық бір жағынан барлық демократиялық еркіндіктің негізі болса, екінші жағынан адамгершіліктің алтын қағидасының нәтижесі: «Адамдық құқық «өзіңе тілемейтін нәрсені өзгеге жасама, себебі өзгелер де саған оны жасамайды» деген табиғи құқыққа негізделеді» [25, 157 б.]. «Трактат о веротерпимости» (1763) деген философиялық еңбегінде ол діндерді сынамайды, шыдамдылықты  тудыратын  діни алшықтыққа, фанатизмге және әділетсіздікке қарсы философиялық полемика жүргізеді. Вольтердің философиялық қызығушылығы адамның өмір сүруінің шынайы қағидаларын анықтауға бағытталған. Тіршілік иесінің барлығына табиғат сыйға тартқан өзіне деген сүйіспеншілік адамды өзге адамдардың махаббатын сыйлауға үйретеді. Вольтердің толеранттығына мейірімділік пен сүйіспеншілік тән. Философтар өмір бойы күресіп келген шақыратын евангельдік қағидалардың барлығын құнсыздандырады: «Егер христосқа табынғыңыз келсе, азап тартыңыз, азаптамаңыз» [26, 176б.]. Философтардың, оның ішінде Вольтердің қызметінің маңызды нәтижесі толеранттылықты діндердің, ұлттар мен түрлі әлеуметтік топтар арасындағы татулық пен келісім негізі болып саналатын жалпы құндылықтар қатарына жатқызуы болып табылды.

И. Кант (1724-1804) атақты философ, педагог, оның көптеген еңбектері толеранттылық проблемасына арналған. Ол толеранттылық проблемасын адамның ішкі «мені» тұрғысынан қарастырған. Неміс ойшылы «Идея всеобщей истории во всемирно-гражданском плане» (1784) еңбегінде толеранттылықтың «Өзгеге» қатыстылығы мәселесіне пайымдаулар жасайды [27].

И. Канттың пікірінше, адамда екі жақты бейімділік болады: бірі - өзі сияқтылармен пікірлесу мүддесі, екіншісі - оқшаулануға тырысу. Бұл жағдайда адамның өз туыстарымен сыйласудан басқа амалы қалмайды. Басқаша айтсақ, адам өзінің басқаларға деген табиғи шыдамсыздығын жеңе алады, қоғамда құндылықтарға ие болып, өз орнын табады.

«Об изначально злом в человеческой природе» (1972) еңбегінде И. Кант әр адамның қайта туу, жаңару, жүректегі өзгерістерді бастан кешуі керектігін атап көрсетеді. Бұл реформаның нәтижесінде адамға әлсіздік, өзімшілдік, бәсекелестік, үстемдік секілді табиғи әрекеттердің орнына талапқа бағынуға міндеттілікті түсіну қасиеті келеді: «Сен әрқашан адамзатқа белгілі бір зат есебінде емес, өзің және басқалар ұмтылатын мақсат ретінде қара» [27, 270 б.].

М.В. Ломоносов жалпы адамгершілік қасиеттерді жоғары бағалады; жастардың  бойында даналық, игілік, тазалық, сабырлық, кеңпейілділік, тұрақтылық, жомарттық, достық сияқты қасиеттерді тәрбиелеуге шақырды. Адамдар тұрмысындағы құндылықтар мен маңыздылық туралы айта келе, жастарды «жақсы іс-әрекет жасауға шақырды, себебі тек солар арқылы байлыққа да, өшпес даңқ пен атаққа да қол жеткізуге болады»,-деп ақыл айтты [28].

Атақты швейцар педагогі И.Г. Песталоций өте қарапайым жолмен адам бойындағы ізгілікті сезімдердің алғышарттарын түсіндіріп берді. Оның ойынша, адамгершіліктің алғашқы бастауы сәби бойында пайда болатын өз анасына деген махаббат сезімі, кейін тәрбие арқылы бала сүйіспеншілігі обьектісіне кіретін шеңбер кеңейе түседі. Сөйтіп, сәби өз сүйіспеншілігін әкесі мен бауырларына, ұстазы мен жолдастарына көрсетеді. Соңында бала халқына да сондай сүйіспеншілікпен қарауға бейімделеді [29].

В.А. Лекторский «Две концепции толерантности» деген еңбегінде В.М.Золотухин толеранттылық түсінігін талдап, бұл ұғымның философиялық маңызы ретінде қоғамдық тұрмыстың жан-жақтылығын ескеру екендігін анықтайды. Оның ойынша толеранттылық бір жағынан, дүниетанымның ерекше типін қалыптастыратын адами қызметті реттеуші адамгершілік қағида болса, екінші жағынан қарама-қайшылық пен жанжалды тиімді шешуге мүмкіндік беретін практикалық құрал [30, 24 б.].

Саясаттанушы В.А. Тишков өзінің «Әлем мәдениеті» атты еңбегінде  толеранттылық ұғымына ерекше мән береді. Ол толеранттылықты «тұлға немесе затты қарсылықсыз қабылдау қасиеті немесе дайындық, яғни адам ойының ашықтығы мен еркіндігінің қасиеті»,-деп түсіндіреді. [31, 165-166 бб.].

Л.М. Дробижева В.А. Тишковтың толеранттылық ұғымына берген анықтамасына келіспеушілігін білдіре отырып, мынадай анықтама берген: «толеранттылық – бұл басқаларды қандай болса сол күйінде қабылдап, келісушілік негізінде олармен өзара бірлескен әрекет етуі». Л.М. Дробижева  толеранттылық мәселесін қоғамдағы зорлық-зомбылықты болдырмау, шиеленісті жағдайларды реттеу жолы ретінде қарастырады. Өз еңбектерінде толеранттылық мәселесінің саясатпен тығыз байланысын ашып көрсетіп, тарихи тұрғыда зерттеу жүргізген [32, 62 б.].

Е.М. Махаров толеранттылық мәселесін саясатпен тығыз байланыста қарастырып, қоғамдық жүйеде толеранттылық қалай көрініс табатынын, оның саясатқа қаншалықты тәуелді екеніндігін ашып көрсетті. Толеранттылық ұғымына: «күрделі мәселелерді шешуде шыдамдылық танытып, келісіп шешудің шарты, құралы», - деген анықтама берген [32, 110 б.].

И. Апине толеранттылықты адамның ішкі дүниесіндегі шыдамдылықтың, қайырымдылықтың көрінуімен байланыстырады. Бұл адамның өмір сүруіне қажетті маңызды қасиет деп есептейді. Кез-келген қоғамдағы толерантылықтың деңгейі қоғамның даму деңгейіне байланыстылығын атап көрсетеді.

Г. Солдатова өз зерттеулерінде толеранттылық этникалық ерекшеліктер, этномәдениет мәселелерімен тығыз байланыста қарастырады.

М.Н. Муханова: «толеранттылық – бұл тек қана шыдамдылық емес, адамның мінезіндегі өзіндік табандылық, икемділік қасиеттерінің сапасы», - деп анықтама берген [33, 129 б.].

В.Л. Васильев толеранттылықты шиеленісті жағдайларды шешудің, болдырмаудың факторы ретінде қарастырады [34, 258 б.].

Толеранттылық екі негізгі деңгейде, атап айтсақ, психологиялық деңгейде - ішкі қондырғы және тұлға мен ұжымның арасындағы қарым-қатынасы ретінде көрінсе, қарым-қатынас деңгейінде - әрекет немесе заң мен дәстүр арқылы көрініс табатын қоғамдық мінез-құлық нормасы ретінде көрінеді. Қондырғы ретінде толеранттылық ерікті жеке таңдау сипатына ие, ол ешкімге міндеттелмейді, ал тәрбие, ақпарат және жеке өмір тәжірибесі арқылы қалыптасады. Әрекет ретінде - бұл өзін-өзі шектеудің белсенді позициясы, субъектілер арасындағы түрлі қарама-қайшылықты жағдайлардағы өзара шыдамдылыққа ерікті келісім. Медицина ғылымында толеранттылықтың екі түрі қарастырылады: иммунологиялық толеранттылық - берілген антигенге қатысты ағзаның қарсылық қабілетінің жоғалуы немесе әлсіреуі: фармакологияда толеранттылық белгілі бір дәрі немесе удың әсерінің терапиялық немесе таксикологиялық тиімділігінің дамымауына қарамастан төзуі. В.А. Петровский мен В.В. Юрчук пікірлері де медициналық түсінікке жақын. Олар толеранттылықты фрустраторлар мен стрессорлардың нәтижесіндегі психологиялық тұрақтылық ретінде қарастырады. [35, 696 б.].

Қазақстан қоғамы күрделі конглемерат ретінде қалыптасты. Қазіргі уақытта оның құрамына 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар кіреді, олар бірнеше діни-конфессионалдық бірлестіктерге біріккен. Осындай әртектілік жағдайында әлемді алаңдатып отырған ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарға ұшырамай, халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне мүмкіндік беретін күш қандай? Ғылымда «толеранттылық» атауымен белгілі ұғым, міне, осы жерде маңыздылыққа ие болады.

Жалпы алғанда, толеранттылықтың негізі – өзінің «басқаға, бөтенге» қатынасын бақылау болып табылады. Бұл күнделікті кездесетін, тұрмыстық деңгейден бастап кәсіби қарым-қатынас жасауға дейінгі аралықты қамтитын мәселе болып саналады.

«Толеранттылық» терминін саралау барысында ғалымдар арасында елеулі қайшылықтар туындайды. Біраз жағдайда оны тікелей «төзімділік» сөзімен байланыстырады. Қазақ тілінде «төзім» сөзі «шыдам», «сабыр», «тағат» мағынасында да қолданылады. Яғни, «төзімді болу» - басқаға, оның ісіне, құбылыстарға шексіз төзу, шыдауды білдіреді.

Толеранттылық қазіргі ғылымда әр түрлі аспектіде қарастырылады: әлеуметтік, діни, саяси, жыныстық, т.б. Осылардың ішінен біздің зерттеу пәнімізге байланысты  толеранттылықты жеке бөліп қарастырайық.  толеранттылықтың философиялық негізі – басқаның, өзінен айырмашылығы бардың өмір сүруі фактісінің өзі болып табылады. Ал оның түпкі мәніне жету үшін ең алдымен «» түсінігіне тоқталып өткен жөн. «Этнос» терминін қарастырғанда көпшілік авторлар Ю.В.Бромлейдің анықтамасын негізге алады. Оның айтуынша «этнос – бұл белгілі территорияда тарихи қалыптасқан, салыстырмалы түрде тұрақты тіл, мәдениет және психикалық ерекшеліктерге, сол сияқты өзіндік атауында көрінетін өзінің бірлігі мен өзгелерден ерекшелігін (өзіндік сана) түйсінетін адамдардың тұрақты жиынтығы». Этнос табиғатын түсіндіруге арналған басқа да тұжырымдар көптеп жасалды. Л.Н.Гумилев этносты ең алдымен табиғи құбылыс ретінде қарастырды. Оның түсінігінде этнос – «бұл өзін басқа өзі сияқты ұжымдарға қарсы қоятын (біз – біз емес), ерекше ішкі құрылымға және мінез-құлық стереотипіне ие адамдар ұжымы (динамикалық жүйе)». Этномәдени білім беру мәселесін зерттеу барысында Ж.Ж.Наурызбай «этнос» ұғымын тайпадан жоғары қауым, ұлт (национальность) және нация ұғымдарын жалпылаушы термин ретінде қолданады.

          Адамның толерантты, зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынасының ерекшеліктері, жеке тұлға өмірінің әртүрлі кезеңдеріндегі қалыптасуы және тәрбие заңдылықтары педагогика мен психология ғылымдарының назарынан тыс қалған емес. Осы бағытта  ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетіне тәрбиелеудің, ұлттық тәрбие берудің, студенттерге адамгершілік тәрбие берудің, жеке тұлғаның адами көзқарастарын қалыптастырудың негізгі компоненттері болып табылады.

Толеранттылық негізі екі аяда: психологиялық аяда –жеке тұлға мен ұжым арасындағы ішкі қалыптасқан жағдай және қарым-қатынас, ал іскерлік аяда – іс-әрекет  немесе заң және дәстүр арқылы жүзеге асатын қоғамдық мінез-құлық нормасы ретінде көрініс береді.Ол қалыптасқан түрде толеранттылық өз еркімен таңдау сипатында болады: ол міндеттеліп жүктелмейді, тәрбие,ақпараттар және өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасады.Іс-әрекет ретінде – бұл өзін-өзі шектеудің және әдейі араласпаудың қарқынды позициясы, бұл әртүрлі және қарама-қайшылықты көзқарастағы субъектілердің өзара шыдамдылыққа ерікті түрде келісуі.

Толеранттылықтың мәндік аспектілері шығуы жағынан әлеуметтік категория ретінде анықталады (адамның әлеуметпен өзара қарым-қатынасы үдерісінде туындап, көрініс береді); толеранттылықадамның әлеуметпен қарым-қатынасының ерекше түрін айқындайды (зорлық-зомбылықсыз, достық қатынастағы жанжалсыз қарым-қатынас); мұндағы феноменге тән белгі-табандылық. Толеранттылық ұғымының негізгі мазмұны қоғамдық тұрмыстың жан-жақтылығын түйсіну, жеке тұлғаға сыйластықпен қарау, өзге адамдардың көзқарастарына, түсінігі мен сеніміне және т.б.жеке ерекшеліктеріне шыдамдылық таныта білу; өрескелдік,жауласу және күш көрсетуді мейілінше болдырмау болып табылады. Толеранттылық екі деңгейде – жеке тұлғаның саналы қарым-қатынасы деңгейінде және саналы іс-әрекеттегі мінез-құлық деңгейінде көрінеді.Толеранттылық қасиет болу керек және оған жағдай жасау керек.Бірақ толеранттылық әмбебап категория емес екендігін естен шығармаған жөн. Өйткені оның мазмұны мен шегі болады, сонымен қатар қарапайым азаматтар және әлеуметтік орта белсенділері арасында бір ілімнің жақтаушылары тарихи аспект тұрғысынан бөлініп қана қоймайды, сонымен қоса мәдени салт-дәстүрі, қоғамдық жағдай және де басқа факторларға қатысты бөлінеді.Осылайша, толеранттылық дегеніміз адам тұлғасының әлеуметтік есеюінің бой беруі деген сөз.

Сонымен, толеранттылық (төзімділік)-бұл жекелік ,қоғамдық сипаттама,ол арқылы дүние жүзі мен әлеуметтік орта көп жақты екендігі ұғынылады, осыдан келіп, бұл дүниеге көзқарастар да әртүрлі болады және өз пікіріне, көзқарастарына,қылығына сай келмейтіндерге төзімділік, шыдамдылық таныту. Бұл ұғым жоғарыда айтылғандай,ғұлама  қазақ ойшылдарының еңбектерінде тікелей мағынада көрсетілмегенімен, гуманизм, мәдени сабақтастық идеялары арқылы көрінеді.

Толеранттылыққа қарсы “интолеранттылық” деген ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шыдамсыздық, тағатсыздық, кейістілік, менмендік, бірбеткейлік, оспадарлық, парықсыздық деп адам, әлеуметтік топтар, мемлекеттерге байланысты айтуға болады. Интолеранттылық болып жатқан жағдайларға, қақтығысты жағдайларға деген қатынастағы шыдамсыздық білдіру, мазасыздану, өзіндік бақылауынан шығарып алу. Интолеранттылықтың екі түрін бөліп көрсетуге болады: жағдайлық және тұлғалық. Жағдайлық интолеранттылық - әр шиеленісті жағдайларға байланысты тұлға бойындағы шыдамсыздық, агрессивтілік болса, тұлғалық интолеранттылық - тұлғаның басқа адамның пікірін тыңдағысы, қабылдағысы келмеуі, кез-келген жағдайға агрессивтілік таныту мазасыздығы. Бүгінгі күні адамзат қоғамы әртекті субъектілерден құралған күрделі организм болып табылады. Адамдар негізінен үлкен үш нәсілге (негроид, монголоид және европоид) кіретін көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері болы табылады. Мұның сыртында олардың діни, саяси және әлеуметтік ерекшеліктерімен дараланады.

Сонымен, жоғарыдағы терең талдаулардың негізінде интеграция негізінде студенттердің  толеранттылығын қалыптастырудағы «интеграция», «толеранттылық», «интолеранттылық» ұғымдарының мәндік сипаттамалары толық ашылып, студенттердің бойында толеранттылық сезімдерін қалыптастыру үшін, оның әдіснамалық негіздері айқындалып, арнайы құрылымдық модель жасалуы қажет деген тұжырымға келдік.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бейсенбаева А.А. Сущность понятия толерантности и её характеристика.Сборник материалов X Всероссийской научно-практической конференции.Психология и педагогика:методика и проблемы практического применения.Новосибирск,2009

2.  Дробижева  Л.М. Толерантность и рост этнического самосознания: пределы совместимости / Толерантность и согласие. - М.: ИЭА РАН, 1997. – С.307.

3. Лекторский В.А. О толерантности,плюрализме и критицизме//Вопросы философии.-1997.-№11.-С46-54.

4.Панченко А.И.Толерантность как культурная универсалия // РЖ «Социология». 1996. № 4