Нургазиев Танат, Иманқұлова Меруерт

 

педагогика  ғылымдарының магистрі, Алматы экономикалық  колледжі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің РһD докторанты, Қазақстан

 

 

Қазақ әдебиеті пәнін колледждерде оқытудың тиімді жолдары

               

Қазақстан  кәсіптік және техникалық білім беру жүйесін жетілдіруге басты назар аударып келеді. Бұл қажеттілік елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында туындап отыр. Сондықтан, қазір мемлекеттің әр облыстарында жаңадан іске қосылып жатқан кәсіпорындарды білікті мамандармен қамту – заман талабы.

Осы орайда, студенттердің қазақша ойлауы мен тілідк қатынасы заман талабына сай дамуы үшін лингвистиканың соңғы жетістіктерін лингводидактикалық тұрғыдан зерттеп, колледждерге енгізу керек1. Сонда ғана заман дамуы мен білім мазмұны деңгейлес бола алады.

Теориялық білім беру үдерісі танымның теориялық деңгейінде жүзеге асырулуы тиіс екендігі туралы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі бойынша жазылған зерттеулер мен кітаптарда тым аз сөз етіледі. Практикалық дағдының өзі теориялық біліммен қаруланғанда ғана нық қалыптасатындығы назарға алынбайды. Бұл айтылғандардаң барлығы қазақ әдебиетін оқытуда коммуникативтік құзыреттілікті дамыту технологиясының зерттеудің қажеттілігінін танытады. Қазақ әдебиеті пәнін тиімді оқыту мақсатында жаңа технологияларды қолданудың маңызы зор.

Қазіргі кәсіптік білім беру мекемелеріндегі дәстүрлі білім беру жүйесінің студенттің шынайы өмірдегі тілдік қатынаста өзінің алған білім қорын қолдануына қажетті тілдік құзыреттілікті дұрыс қалыптастыра алмай отырғандығы, алған білімінің тұтас дүниетанымдық құралға айналмауынан білім беру жүйесінің кемшіліктері молайып бара жатқандығы, сөйтіп жаңа заман ағымына үйлесе алмайтындығы айқын танылуда. Кәсіптік білім беру мекемелеріндегі қазақ әдебиетін оқыту мәселесінің басынан кешіп отырған осындай күйді анықтай келе, құзыреттілікті қалыптастыруға бағыттай оқыту технологиясын қазақ әдебиетін оқыту үдерісіне енгізудің ғылыми-әдістемелік жолын айқындау мақсатын туындатады.

Негізгі құзыреттіліктер түріндегі нәтижелер ретінде ұсынылған білім беру жүйесінің мақсаттары:

Ø    проблеманың шешімін табу құзыреттілігі;

Ø    ақпараттык құзыреттілік;

Ø    коммуникативтік құзыреттілік.

Проблеманың шешімін табу құзыреттілігі:

Ø    әр түрлі жағдайдағы проблемаларды анықтауға, жауапты шешім қабылдауға, өз шешімінің нәтижесін бағалауға;

Ø    өз жұмысына мақсат қоюға, оны іске асыру үшін қажетті жағдайларды анықтауға, ондағы жетістіктерге жету процестерін жоспарлауға және ұйымдастыруға.

Ақпараттық құзыреттілік:

Ø    сыни тұрғыдан талғандан ақпараттар негізінде саналы шешім қабылдауға;

Ø    өз бетінше мақсат қоюға және оны негіздеуге, жоспарлауға және осы  мақсаттарға жету үшін танымдық қызметтерді жүзеге асыруға;

Ø    өз бетінше табуға, талдауға, іріктеп жасауға және түсіндіруге ақпараттарды тасымалдауды оның ішінде қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асыруға.

Коммуникативтік құзыреттілік:

Ø    Стиль мен жанырды қатысымдық міндеттердің барабар шешімдерін таңдауға және қолдануға;

Ø    Әдеп нормасына сәйкес өзіндік пікірін білдіруге;

Ø    Жалпы нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі позициядағы адамдармен топта қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.2

Қазақ әдебиеті пәнін оқытуда аталған құзіреттіліктерді жүзеге асыру мақсатында  1-курс, «Есеп  және аудит» мамандығының студенттеріне  «Абай жолы» роман-эпопеясы» тақырыбын өту барысында функционалды құзыреттілікті  қалыптастыруға бағытталған төмендегідей  тапсырма үлгілерін беруге болады:

1.Проблема сәйкестендіру (аныктау) – Роман жайлы айтылған пікірлерді анықта. Әдебиеттегі  «роман» турасында теориялық тұжырымдарды сарала. «Әуезов және Абай» тақырыбында реферат жаз;

2.Әрекетті жоспарлау  және мақсат қою – Роман-эпопеяның 1-тарауын оқып шық. Абайдың мінезі мен дүниетанымы қандай? Топтастарыңның пікірмен салыстыр;

3.Технологияларды колдану – Романда Абай образы қалай бейнеленген?

4. Ресурстарды жоспарлау – Алдын-ала берілген тапсырманың орындалуы қанша уақытыңызды алады? Роман-эпопеяны оқитын уақытыңды жоспарла;

5. Қызметті бағалау – Топтастарыңның дайындаған мәліметтеріне өз пікіріңді білдір;

6. Қызмет өнімінің нәтижесін бағалау – Тарихи және әдеби шындық тұрғысында ойтүйін жаса. Топта пікірталас ұйымдастыр.

7. Өзіндік қозғалысын бағалау – Өзіңе баға бер. Өзің құрған жоспарың орындалып жатыр ма? Орындалмаса, себебін анықта.

Ақпараттық құзіреттілікті қалыптастыру мақсатында төмендегідей тапсырмаларды беруге болады:

1.«Абай жолы» романы және тарихи кезең» тақырыбында ойтолғау жаз. Абай Құнанбаев өмірбаяны турасында ақпарат ізде. Мәліметті қай жерден, кімнен алатыныңды жоспарла;

2. Әуезовтің шығармашылығын хронологиялық тәртіпке сай үйлестір;

3.Түрлі ақпарат көздерінен алынған газет, журнал, сұхбат, т.б. мәліметтеріңді жинақтап, бір жүйеге келтір;

4. «Абай жолы» роман-эпопеясының тарауларын сызба арқылы түсіндір;

5. Әр тараудан кейін дәптерге кейіпкерлердің аты мен өз ойтүйіндеріңізді жазып отырыңыздар.

         Студенттердің коммуникативтік құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында:

1.«Абай жолы» және бүгінгі күннің романдары» тақырыбында ақпарат дайында;

2. «Абай жолы – халық жолы» тақырыбында топ алдында 10 минуттық баяндама жаса;

3. «Өмірдегі және романдағы Құнанбай» тақырыбында пікірталас ұйымдастырыңдар (топ екіге бөлінуі тиіс);

4. «Әуезовтің көркемдік тілі» тақырыбы бойынша дайындық жасау (троп және фигураның түрлерін топ студенттері өзара бөлісіп алулары тиіс) тапсырмаларын беруге болады.

Білім алушыларға тапсырманы орынды, жүйелі беру арқылы оқу үдерісінің сапасы артып, Қазақ әдебиеті пәнін оқытуды оңтайлы етеді. Ал  ең бастысы, студенттерді болашақта кәсіби құзіретті тұлға ретінде тәрбиелеп шығуға өз септігін тигізеді.

 

 

 

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

 

1. Оразбекова Ф. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі / Ф.Оразбаева.- 

    Алматы: Ы.Алтынсарин ат. РБК, 2000. - 208 б.

2. Жолдыбекова К. Оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту / 

    К.Жолдыбекова // Қазақ тілі мен әдебиеті. - №11. - 2003.- Б. 99-102.