Айдарбекова К.А., Башаева К.М.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Бастауыш мектеп оқушыларының оқуға танымдық қызығушылығын арттыру

 

Білімді реформалау жағдайында, аса маңызды шешуді қажет ететін міндет мектеп оқушыларының білім сапасын жетілдіру, тәрбиелеу және дамыту болып табылады. Осы себептен де білім берудегі жеке тұлғаға зейін қою проблемасы ұлғаюда, яғни олардың білімді игеруі мен біліктілігін, дағдысын қалыптастыру белсенділігін көтеруге баса назар аудару керек.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», - делінген [1].

Жеке тұлғаны дамыту және қалыптастыруды қамтамасыз етудің қажетті шартының құралы, қазіргі алдыңғы қатарлы педагогикалық іс-тәжірибе шартының құралы, қазіргі алдыңғы қатарлы педагогикалық іс-тәжірибе мен дидактикада кең тараған проблемалы оқыту, ойын әрекетін енгізу, оқушылардың жалпыбілімдік біліктілігі мен дағдысымен қатар танымдық қызығушылығының қалыптасуы болып табылады.

Танымдық қызығушылық – жеке тұлғаның өте маңызды білім меңгеру түрі. Ол оқушының өзіндік әрекеттерін дамытуды көздейді. Қызығушылық қызметтің нақты пәндік, оқу, шығармашылық әрекеті мен тұтас өміршеңдігінің қуатты және белсенді ынталандырушысы болып табылады. Адам таным процесінде қоршаған дүниенің жаңа фактілерін, жаңа байланыстарын, өзара тәуелді құбылыстарын ашады. Танымдық қызығушылық нақты көріністі қабылдайды. Қабылданған заттар мен құбылыстар оқушының сана-сезімінде із қалдырады, оқыту поцесінің ерекшеліктері сезімнен ойлауға өту құбылысын қамтамасыз етеді.

Танымдық қызығушылықтың мектеп қабырғасында мәні зор, себебі адам өмірінде маңызды білімнің іргесі осы оқу процесінде танып-білудің негізгі заңдылықтары мен әдістерін, тәсілдерін, формаларын пайдалану арқылы болады.

Абай «Он бесінші сөзінде» адамның ақыл-ой қабілеті туралы мынандай пікір айтады:

«Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.

Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды, сол қызықты нәрсесін ізденген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалыптасады.

Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойласа көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Егер кісі орнын таппай, не болса, бір баянсыз нәрсеге қызығып, құмар болып өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүіріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойын қатып, буыны құрып, екінші талапқа сайран қылуға жарамай қалады екен».

Үшінші - әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе көп, әрбір құмарлық өзіне бір түрлі дерт болады екен, уа әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне; жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен»... [2].

Оқушылардың өздігінен жасайтын түрлі оқу жұмыстары балалардың танымдық іс-әрекеттерін арттырады және оқу  мен ойлау әрекетінің тиімді амал-тәсілдерін қалыптастырады, басқаша айтқанда, оқу материалымен белсенді түрде жұмыс істеуге үйретеді.

Мысалы, материалдың негізгі ұғымдары мен тұжырымдарын айыру, жаңа материалды өткен материалмен салыстыру, оларды белгілі жүйеге келтіріп топтастыру және қорытындылар жасау сияқты т.б. амалдарды қолдану.

Осындай амалдарды қолдану аркылы оқүшы материалдың мазмұнын еркін меңгеріп, материалдың баяндау тәртібін өзінше өзгертіп айтып беруге шамасы келеді.

Ал материалмен ойдағыдай жұмыс істей алмайтын оқушылар, оның мазмұнын тек басынан бастап айтады да, басқаша өзгертіп айтуға қабілеті жетпейді.

Оқу материалымен жұмыс істеудің тиімді жолдарын білетін оқушы оны тек есте қалдыру үшін жаттай алмайды, ол өзінің белсенді ойлау әрекеті арқылы материалдың негізгі жақтарын айырып, оларды белгілі жүйеге байланыстыра түсінуге  тырысады.

Мұндай оқушылар кейбір екінші дәрежелі жақтарына көніл аудармай, оның жетекші мүддесі мен заңдылықтарын ұғып алуға күш жұмсайды және басқа материалды (мысалдарды, фактілерді) солармен байланыстыра қарастыратын болады.

Оқушы өзінің ұққанын, оқыған материалының ең маңызды жерлерін қысқаша жазып алады. Схема, таблица, моделдьер сияқты графикалық жұмыстарды да пайдаланады. Оқу материалын терең меңгеру үшін, теориялық материалдардан нақтыға және керісінше, нақтыдан теориялық материалдармен жұмыс істеуге үйренеді.

Сонымен, оқушылардың оқу үлгерімі, білім сапасының жоғары болуы, ең алдымен мұғалімнің өз міндетіне өз қатынасына, көзқарасына, шеберлігіне байланысты екен. Ал мұғалім өз міндетін тек оқыту, тек түсіндіру деп түсінбей, оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға, оқу еңбегін дұрыс ұйымдастыруына, басқара білуі тиіс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1     Қазақстан Республикасындағы «Білім туралы» заңы. – Алматы: Юрист, 2007. – 11 б.

2     Абайдың қара сөздері. Он бесінші сөз.// http://kazbilim.kz/category/abay-kara-sozderi/