педагогика ғылымдарының магистрі Суранчина А. Ж.,

педагогика ғылымдарының магистрі Сикинбаев Б. Б.

 

«Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ,  Астана қаласы

 

, 

Европада және Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесінің ерекшеліктері

 

 

Қазақстан Республикасы өз егемендігін алғалы бері әлеуметтік-экономикалық, қаржы-нарықтық, денсаулық сақтау, білім беру салаларында оң өзгерістерге толы даму үстінде. Оның ішінде білім беру саласына соңғы бес жылдықта ерекше назар бөлініп отыр. Елбасымыздың дамуышы елу елдің қатарында терезесі тең мемлекет болып тұрымуызға жетелейтін басты бағыт - білім деп көрсеткені де бекер емес.

Біздің тәуелсіз қоғамымызда тәуелді білім алуға мәжбүр жандар да аз емес. Әрине ол біздің қоғамымыздағы ерекше қажеттіліктері бар мүмкіндігі шектеулі тұлғалар болып отыр. Біздің елде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар дамуында қалыпты адамдармен теңдей білім алуға құқылы. Десек те, аталған қоғам мүшелерінің физикалық, физиологиялық даму ерекшеліктерін ескере отырып арнайы білім беру жүйесі де ұйымдастырылған. Арнайы білім беру жүйесі  - мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың бойында, дамуында кездесетін бұзылыстарды және оның деңгейін ескере отырып, арнайы ұйымдастырылған ортада, арнайы даярланған оқыту мазмұнын жүзеге асыру мақсатында арнайы мекемелерде берілетін білім жүйесі. Бір қарағанда қоғамның барлық мүшелеріне бейімделген, жүйелі ұйымдастырылған жүйе деп ойлайсың. Бірақ, қазіргі ғылым мен техниканық заманында бұл ескірген жүйе қатарында қалып отыр. Европа елдерінде кең етек алып дамыған - инклюзивті білім беру жүйесі Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесіне кеңінен енгізіліп келе жатыр. Бұл мақалада біз Европадағы және Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесін салыстыра отырып ерекшеліктерін ашып көрсеткіміз келеді. Европа елдері ішінде өзінің білім беру жүйесі арқылы ерекшеленетін Нидерланды мемлекеті болып табылады. Европа елдерінің нұсқасы ретінде Нидерланды мемлекетінің инклюзивті білім беру жүйесін мысалға ала отырып аталмыш жүйенің өз елеміздегі ерекшеліктерін ашып көрсетсекпекпіз.

Инклюзивті білім беру жүйесі - мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды дамуы қалыпты тұлғалар ортасына біріктіре отырып білім беру болып табылады. Инклюзивті білім беру терминінің мағынасын Халықаралық құжаттарға сүйене отырып ашатын болсақ: 18-жасқа дейінгі балалардың барлық категориясына  (эмигранттар, оралмандар, мүмкіндігі шектеулі балалар) білім беру болып табылады. Қазақстан Республикасы Халықаралық құжаттарға сүйене отырып мемлекет аумағында мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың білім алуын қамтамасыз ететін бірнеше заңды құжаттар тізімін ("Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы", "Білім беру туралы", "Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік, медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы", "Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы", "Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы") әзірледі. Сонымен қатар қазіргі таңдағы мемлекетіміздің маңызды құжаттарының бірі болып табылатын Қазақстан Республикасының 2011-2020-жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасында инклюзивті білім беруді дамыту басым бағыттардың бірі болып отыр [1]. Яғни мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға өз құрдастарымен бірге тең білім игеруін заңды құжаттармен заңдастырған [2].

Жоғарыда айтып өткеніміздей басқа Европа елдерінің ішінде білім беру жүйесі бойынша өзіндік ерекшеліктері бар Нидерланды мемлекетінің білім жүйесін әлем мойындаған десек те қателеспейміз. Жер көлемі бойынша Қазақстанның бір облысымен ғана теңесе алатын мемлекеттің білім беру процессі белгілі бір жүйеге келтірілген. Нидерланды мемлекеті өте демократиялы, сөз бостандығы сақталған мемлекет болғандықтан кез-келген салада болып жатқан өзгерістерге үкіметтік, үкіметтік емес (жеке білім беру ұйымдары, діни ұйымдар) ұйымдардың ат салысып араласуы барлығының тең құқылы екендіктерін тағы бір дәлелдейді. Нақтырақ жалпы білім саласына тоқталатын болсақ білім беру жүйесі бірнеше сатыдан тұрады: бастауыш алды мектеп - 4 жас (Pre-primary school), бастауыш мектеп - 4-12 жас (Primary school), ортаңғы мектеп - 12-16 (18) жас (Secondary school), жоғарғы мектеп - 16 (18)  жас (Higher school). Оқытудың аталған сатылары, деңгейлері жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, жеке мектептерде оқытылады. Арнайы білім беру жүйесі жоғарғы мектепке (Higher school) дейін дәл осындай кезектілікпен тек «арнайы» мекемелерде  (Special Pre-primary school, Special Primary school, Special Secondary school) жүзеге асады, бірақ жас ерекшеліктері баланың жеке ерекшеліктері ескеріле отырып құбылмалы болуы мүмкін. Нидерланды мемлекетінің заңына сәйкес мүмкіндігі шектеулі тұлғаның ата-анасы қандай мектепті таңдаса сол мектепте білім алуына құқылы (мүмкіндігі шектеулі бала өзінің бойындағы бұзылыстарды біле тұра жалпы мектепте білім алуға ниет білдірсе, еш кедергісіз білім ала алады және ол үшін үкімет барлық жағдайды жасап береді). Алайда баланың бойындағы бұзылыс баланың жалпы мектепте білім алуына кедергі тудыратын жағдайда болса, алғашқы бастуыш мектептің білімін Арнайы бастауыш мектепте (Special Primary school) алып, келесі деңгейді - орта мектепті қалыпты орта мектепте (Primary school) жалғастыруына (баланың, ата-анасының немесе қамқоршысының келісімімен) болады [3]. 

Біздің мемлекетімізде білім жүйесі өзімізге белгілі стандартты тәртіпте ұйымдастырылған. Ол тіпті арнайы білім беру мекемелеріне де қатысты. Жалпы білім беру жүйесіндегі бірінші, өзгешелік мектеп оқушылары тең жастағылар болып топтастырылады және білім беру сатылары сыныптармен (1,5-6-жасқа дейін мектепке дейінгі мекемелерде, 1-4-бастауыш сынып, 5-8- негізгі орта сынып, 9-11-жалпы орта сынып) бөлінген. Екінші өзгешелік, біздің ата заңымызда кез-келген мектепте, кез-келген бала білім алу құқығына ие деп айтылса да, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арнайы және жалпы мектептерде білім алуына арнайы мамандардың жолдамасы арқылы мүмкіндік ала алады. Яғни, Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның (ПМПК) мамандарының (педагог мамандар: дефектолог, сурдопедагог, логопед, олигофренопедагог, тифлопедагог, психолог; медицина мамандары: невропатолог, психиатр, окулист, сурдолог) бірлескен шешімімен мүмкіндігі шектеулі бала бойындағы бұзылыстың түріне, деңгейіне қарай арнайы немесе жалпы мектепке жолдама алады [4]. Аталған комиссия Нидерланды мемлекетінде қызмет етпейді, яғни, ЖОҚ.

Нидерланды мемлекетінің кез-келген білім беру сатысы инклюзивті білім беру жүйесін жүзеге асырады. Жоғарыда айтып өткеніміздей мүмкіндігі шектеулі бала қалыпты құрдастарымен тең білім алуға ниет білдіріп, жалпы білім беру мекемесін таңдауға барлық жағдай жасалған. Нидерланды мемлекетінде үкімет тарпынан қаржыландырылатын АЕД орталығы қызмет атқарады. АЕД орталығында арнайы жоғары білімі бар мамандар (дефектолог: сурдопедагог, логопед, олигофренопедагог, тифлопедагог; психолог; әлеуметтік педагог; көмекші мүғалімдер) қызмет етеді. АЕД орталығының қызметі - жалпы мектептерде оқитын мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсету болып табылады. Қалай? АЕД орталығының арнайы педагогы жалпы мектепте оқитын мүмкіндігі шектеулі баламен аптасына бір рет 2,5-3-сағаттан бұзылыстың орнын толтыру, түзету мақсатында жеке сабақ жүргізеді. Ол сабақ жалпы мектеп қабырғасында жүзеге асады, яғни АЕД орталығындағы арнайы педагог өзіне тіркелген мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алып жатқан мектебіне барып қосымша сабақ жүргізеді және жалпы мектеп мұғалімдерін білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалармен қалай жұмыс жасау (оқыту әдістері, түрлері, қағидалары бойынша) керектігін түсіндіреді, үйретеді. АЕД орталығының тағы бір қызметіне - инклюзивті білім беру жүйесін іске асырып жатқан мектеп мұғалімдерімен байланыс орнатып, олардың арнайы білім беру үрдісі жайлы білімдерін жетілдіруді көздейтін оқыту семинарларын, дөңгелек үстелдер, тренингтер ұйымдастыру да кіреді. АЕД орталғында мүмкіндігі шектеулі баланың келіп орталық қабырғасында қарапайым білім дағдыларын меңгеруіне де жағдай жасалған. Ол орталықтың ішкі тәртіп жарғысына сәйкес реттелген. Бүкіл әлем болып мойындайтын ерте кезден оңалту жұмысын жүргізу, мүмкіндігі шектеулі баланы қоғамға тез әрі жеңіл бейімделуіне себепші болады деген қағиданы ұстанатын Нидерланды мемлекеті адамдардың, оның ішінде балалардың құқықтарын қорғауда да алдыңғы қатарлы мемлекет екендігін мойындатып отыр.

Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру жүйесі жаңа жүйе деп айтсақ та қателеспейміз [5]. Әрине дамыған Европа елдерінің жанында біздің елдегі инклюзивті жүйе бойынша білім алып жатқан мүмкіндігі шектеулі балалар категориясы саусақпен санарлық. Әйтсе де ештен кеш жақсы деген ұстанымымызды желеу етіп білім беру жүйесіндегі бұл тәжірибемізді әрі қарай дамытуға барша мүмкіндігімізді салып жатқанымыз айдан анық.

          «Білім туралы» Қ.Р-ның Заңының 21-тармағының 3 тармақшасына сәйкес инклюзивті білім беру оқытудың тиісті білім беретін оқу бағдарламаларына білім алушылардың өзге де санаттарымен тең қолжетімділікті, арнайы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы дамытуға түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдауды көздейтін, мүмкіндігі шектеулі адамдарды бірлесіп оқыту және тәрбиелеу;". Сондықтан мамандар елімізде инклюзивті білім беруді дамыту қажет екендігін алға тартады.  Инклюзивті білім жүйесін дамыту: 2015 жылда мүмкіндігі шектеулі балаларды біріктіріп оқытудың модульдік бағдарламалары; мүмкіндігі шектеулі балалардыжалпы білім беретін ортада  біріктіріп оқыту ережесі әзірленеді, түрлі кемістігі бар балалар үшін бірігу нысандары анықталады,; 2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшін қөтергіш жабдықтар, пандустар,, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен арнайы парталар, арнайы үстелдер және басқа да компенсаторлық құралдармен жарақтандыру арқылы  «кедергісіз аймақтар» құрылады делінген. Сондай-ақ аталмыш бағдарламада  мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып- тәрбиелеуге тең қол жеткізу үшін жағдайлар жасалмақ. Сондай-ақ тәжірибе ретінде инклюзивті білім беру саясатын орталықтандыратын ресурстық орталық қызмет етуде. Республикадағы жалпы білім беретін 27 мектептердегі (26 - мемлекеттік мектеп, 1 - жеке меншік мектеп) қалыпты сыныптарда дамуы қалыпты балалармен қатар 96 дамуында түрлі бұзылыстары бар балалар білім алуда [6].

          1970-жылдан бері қарай білім беру жүйелеріне инклюзивті білім беруді енгізген Европа елдері алдыңғы қатарда болары сөзсіз. Осы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің инклюзивті білім жүйесін негізге ала отырып, мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасының басым бағыты болып табылатын - инклюзивті білім беруді дамытуда қызмет ететін педагогтарды және ата-аналарды жұмыс жүйесіне оқытсақ, үйретсек нәтижелі жұмыстың шегі көрінер еді. Шет елдік әріптестермен тәжірибе алмаса отырып және жеке ұлттық құндылықтарымызды сақтап, нақыштай отырып 2020-жылға дейін Қазақстандағы барлық жалпы мектептерді инклюзивті білім саясатына ауыстыру білім саламыздағы түбегейлі өзгерістердің бірі болмақ. Олай болса «Ел боламын десең бесігіңді түзе» - дегендей осы жүкті жұмыла көтеріп, елдің болашағы болатын ұрпақтың қамын қазірден жасайық!

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.       «Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың  2011-2020 жылға арналған  Мемлекеттік бағдарламасы»  Астана, 2010 ж

2.       Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық педагогикалық түзету арқылы қолдау  туралы. ҚР 2002ж  343 заңы

3.       Inclusive education in the Netherlands - SLO. Netherlands institute for curriculum development. Annette Thijs, Berthold van Leeuwen and Marjan Zandbergen (Ministry of Education, Culture and Science) - 2008.

4.       А. А. Байтұрсынова «Арнайы педагогика: проблемалары мен даму болашағы» Алматы,  2008 ж

5.       Дефектологиялық сөздік .

6.       http://egov.kz/wps/portal/index