Бөрібай КӘРТЕН,
жоғары
санаттағы музыка маманы, қазақ тілі мен әдебиеті
магистрі,
Қазақстан. Ақтөбе қаласы.
ӨНЕР
МЕКТЕБІНІҢ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОРЫНЫ
Индивидтің
тұлғалық болмысын қалыптаудың бастауы –
эстетикалық тәлім-тәрбиеде, яғни өнерде дейді
педагогика ғылымы [1,249]. Мұны Ақтөбе қаласы
жұртшылығына жақсы таныс
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің
осы тұрғыда атқарып жатқан өзіндік үлесі
растай түседі.
Білім ұясында музыка
бөлімі (домбыра, дәстүрлі ән, вокал, хор, фортепиано,
қобыз, қыл-қобыз, домбыра-прима, скрипка, классикалық
гитара, баян (аккордеон), авторлық гитара әндері), эстрада-джаз
бөлімі (бас-гитара, кларнет, флейта, труба, тромбон, ұрмалы
аспаптар, ритм гитара, синтезатор, саксофон), хореография бөлімі (би),
көркем сурет бөлімі, киім үлгісі бөлімі және
мектепке дейінгі даму студиясы бар. Сондай-ақ, 2013-14 оқу жылынан
бастап қызығушылық танытқан талапкерлерге журналистік
өнерге баулу курсы жүріп жатыр.
Мектеп қазіргі басшысы
Аймағамбетова Сәния Сансызбайқызының тікелей
ұйытқы болуымен 2004 жылы күз айында ашылып,
композитор-домбырашы, феномен жерлесіміз Қазанғап
Тілепбергенұлы бабамыздың есімі берілді.
Академик Ахмет Жұбанов:
«Қандай мамандық болса да оны меңгеруде шеберлік керек етеді.
Егін өсіруші шаруа, темір қорытатын инженер, бала оқытатын
мұғалім, оқырманның санасын билейтін шығарма
беретін жазушы, «құлақтан кіріп бойды аларлықтай»
музыка шығаратын композитор, қарағаныңда
көзіңді ала алмайтын сүгірет салатын бейнелеу
өнерінің өкілі – бәрі де өздерінің істеріне
шебер болғанда ғана алдарына қойған мақсаттарына
жетеді», – дейді [2,433]. Әрине, бұған жетуде әуелгі
бағыт-бағдар дұрыс, нақты көрсетілуі тиіс. Олай
болса, талаптанған жасөспірімге белгілі бір мамандықтың
нағыз кәсіби шебері болу үшін өнер мектептерінің
бұл тұрғыда берер білімі, атқарар қызметі
өте зор. Пікірімізге өзіміз ұстаздық ететін феномен,
күйші Қазанғаптың есімін иеленген білім ұясын
куәлік ете аламыз. Азғана жылдар ішінде қол жеткізген
жетістіктері қомақты. Атап айтсақ, «Вокал» класының
оқытушысы Аралбаева Кенжегүлдің шәкірттері «Atlantic
Breeze – Мы зажигаем звёзды» (Қырғызстан Ыстықкөл қ.,) атты теле-конкурста жүлдеге
ие болды. «Вокал» класының ұстазы Шомко Ларисаның
оқушылары республикалық, халықаралық «Айналайын»
(Ақтөбе), «Радуга талантов» (РФ Самара қ.,), «Классика»
(Ақтөбе), «Art Olimpia» (Түркия Алания қ.,) делінетін
байқауларда жеңімпаз болды. Білім беру қызметкерлері арасында
өткен сайыстарға қатысқан «Көркем сурет» класының
тәлімгері Бегеманова Мариям «Қосымша білім беру ісінің
үздік педагогы» атанды, облыс әкімінің грантын иеленді.
«Фортепиано» класының оқытушысы Дәулетова Әлия «За
вклад в развитие образования» төсбелгісімен және ҚР Білім
және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен
марапатталды. Оркестр тобына сабақ беретін Тельман Ермағанбетов
есімді ұстазымыз Ы. Алтынсарин медалінің иегері. Өнер мектебі
ұстаздарының табыстарын осылай санамалап тізбектесек кете береді.
Білім ұясының оқушылары жыл сайын республикамызда, шет елдерде өтетін түрлі
байқауларға қатысып, әркез жүлделермен
оралады.
Ұжымда 82 оқытушы
еңбек етеді. Олардың жоғары білімдісі – 72, арнаулы орта
білімдісі – 10. 50 пайызы жоғары санаттағылар. Ұстаздар
біліктілігін көтеру курстарына жиі жіберіліп тұрады. Уақыт
талабымен туындап жатқан оқытудың жаңа
педагогикалық-психологиялық технологияларымен танысып, өз
тәжірибесінде пайдалануды үйренеді.
2014 – 2015 оқу
жылындағы шәкірт саны – 1015 болып отыр. Бұл тек биылғы
емес, тұрақты цифр. Бірақ бұдан әрі
қабылдай алмайды. Себебі сабақ өткізетін бөлмелер
жетіспейді. Ғимарат құрлымы мектеп үлгісіне сай
келмейді. Совет заманындағы бала бақша. Дегенмен жоғары жақ
мәселені шешуге көмектесеміз деп үміттендіріп отыр. Мектеп
басшысы Сәния Сансызбайқызы осындай күрмеуі шешіле
қоймаған жағдайларға қарамастан, қалайда
аталмыш білім орнының абырой-деңгейін одан әрі көтеруді
ойлайды. Маңызды мәдени шараларды өткізудегі
іс-тәжірибесі мол. 2009 жылы, қыркүйектің 14-інде
«Қазанғап мұрасы және халық шығармашылығын
оқыту мәселелері» деген атаумен республикалық
ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. Дарабоз
күйші, профессор Қаршыға Ахмедияров,
қазанғаптанушылардың бірі, өнертанушы Абдулхамит
Райымбергенов, талантты домбырашы, профессор Тұрар Әліпбаев сынды т.б.
белгілі тұлғалар шақырылды. Олармен бетпе-бет жүздесіп,
жақын танысқан мектеп оқытушылары мен шәкірттері
үлкен әсер, мол тағылым алды.
Сәния
Сансызбайқызының пікірінше, білім беру мен ғылымды
ұштастыра жүргізу – инновациялық ізденістердің
түрткісі. Осы қағиданы ұстанған оның жеке
идеясымен мектеп өмірінің биылғы 2014-15 оқу жылында,
қазан айының 30-31
күндерінде, тағы да игі шаруалар атқарылды: тілі, ділі
туыстас жұрттардың мәдени құндылықтарына
қатысты ғылыми бас қосу жиыны болды. Бұған ҚР
Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, өз
еліміз бен шетел ғалымдары, магистрлер, ізденушілер, ЖОО студенттері,
әдіскерлер, педагогтар қатысты. Тың,
қызғылықты тақырыптар қозғалды,
түрлі-түрлі ой тасталды, тұжырымдар, ұсыныстар айтылды.
Күйші Қазанғап Тілепбергенұлының 160
жылдығы құрметіне арналып өткізілген бұл
конференция «Түркі халықтарының мәдени мұрасы»
деп аталды һәм қала жұртшылығы түбі бір
қандас бауырларымыздың қатысуымен қойылған
«Көне түркілік сарындар» деген концертті тамашалады. Республикамыздың
шет аймағында орналасқан Ақтөбе өңірі
мәдениетінің
тарихындағы алғашқы айтулы оқиға еді.
Шараның бар қиындығын
бір өзі көтеріп, ұйымдастырған Сәния
Сансызбайқызы былай дейді: «Мұндағы діттеген мақсат –
түп тамыры бір халықтар арасындағы ынтымақтастықты
нығайтуға үлес қосу, Ақтөбе
өңіріндегі музыка, өнер мектептері оқытушыларының
тарихымыздың әуелгі бастауын тани түсуіне ықпал ету
әрі түркі тектес жұрттардың әуездерін,
ортақтас көне мұраларды, оқыту мәселелерін
қарастыру еді», – дейді. Осы тұста айта кетейік,
Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің
директоры Аймағамбетова Сәния Сансызбайқызы
Ақтөбе шәріндегі А.Жұбанов атындағы музыка
училищесінде оқып, 1979 жылы «баянист – орыс
аспаптары оркестрінің жетекшісі» деген мамандық алып
шыққан. Бұдан соң білімін одан әрі
толықтыру мақсатында Гурьев педагогикалық институтының
музыка факультетіне құжат тапсырып, мұны 1986 жылы бітірген.
Бұнан кейін де Құрманғазы атындағы
Ұлттық өнер консерваториясында білімін жалғастырып,
1997 жылы «хор дирижері және оқытушысы» деген мамандық
дипломын алған. Өзі басқарып отырған ұжымға
тигізер пайдасы үшін әрдәйім мағыналы, тағылымы
зор бастамаларды көтеріп, ұйымдастырып жүруі осындай мол
білім жинақтауынан еді.
Мектеп басшысы Сәния
Сансызбайқызының алдағы кез жүзеге асса деген
өзге де жоспарлары, идеялары бар. Ол білім орнын 12 жылдық
мамандандырылған өнер мектебіне айналдыруды көздейді.
Балалардың ынтасын тудырған
мамандығына баулитын басқа да бөлімдерді ашу –
бүгінгі қажеттілік. Қалай десек те қосымша білім беру
ұйымдарының ұрпақ тәрбиесіндегі қызметі –
ерекше. Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінен жеті
жыл тәлім алып, сол өз мамандығы бойынша оқуын Орал, Алматы,
Астана қалаларында жалғастырып жатқан талантты
шәкірттер – мұның бірден бір дәлелі.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.Қазақ тілі
терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі:
Педагогика және психология – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002. –
256 бет.
2.Жұбанов А. Ән-күй сапары. – Алматы: Қазақ
ССР-ның «Ғылым» баспасы, 1976. – 478 бет.