Филология ғылымдарының докторы Жубаназар Асанов. Қазақстан

«ЕДІГЕ» ЭПОСЫ ВЕРСИЯЛАРЫНДАҒЫ СЫПЫРА ЖЫРАУ БЕЙНЕСІ

Сыпыра жырау туралы пікір айтқанда, оның өзге туысқан әдебиеттерде жасалған бейнесіне де көңіл аударып, салыстыра зерттеуге тиіспіз. Барлық ұлттық версияларда Сыпыра жырау бейнесі бар. Ноғайшада Сыпыра теңдесі жоқ шыншыл жырау, ақиқатты айтуда өлімнен де қорықпайтын мәрт адам ретінде көзге түседі. Жырау мұнда Едігенің ең жақын кеңесшісі, қамқоршысы ретінде көрінеді. Тоқтамыстан қашып құтыл деп кеңес беріп, оны өлімнен аман қалуына себепші болады. Башқұртшада Сыпыра Орал бойы халықтарының жасы үлкені, данышпан, ойшылы ретінде бейнеленген. Ол өзінің астарлы толғауында басқыншылықты, зұлымдықты өткір сынға алып, ел-халқы үшін жан қиған батырларды көкке көтере мақтайды. Сыпыра образын жасауда да жырды шығарған жыраулар асқан шеберлікке барып, қарама-қайшылықты бейне жасаудың үлгісін көрсетеді. Едіге мен Нұраддиннің батырлығын, адалдығын айта отырып, ханға оларды өлтіру жөнінде де ұсыныс жасайды. Мұны зерттеушілер әйгілі жыраудың ел тыныштығын ойлауынан деп түсіндіреді.                            

Сыпыра жыраудың аты «Едіге» жырының барлық ұлттық версияларында, «Ер Тарғын», «Мамай» (ноғай нұсқасында), «Қырымның қырық батыры» сияқты жәдігерлерде аталады. Осы жәдігерлерді айтқан жыршылардың барлығы Сыпыраны тарихта болған деп есептейді. Мәселен, «Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрын жырау өзінің арғы атасын Сыпыра деп есептейді.  Оған қатысты әңгіме қылған жерлерінде қазақ, татар, ноғай, башқұрт ғалымдары Сыпыраны өмірде болған, ХІІІ–ХІV ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғаға жатқызады. Мәселен, Ә. Марғұлан: «Біздің дәуірге жақындаған сайын көне заман жыршыларының бейнесі айқын сипатқа ие бола бастайды. Қыпшақ руынан шығып, аты аңызға айналған Сыпыра жырау бейнесін ХІV ғасырға жатқызған жөн», –  десе, ноғай ғалымы Ә. Сикалиев: «Патриархом ногайских певцов и поэтов считается Сыбра йырау. ... Будущий крупнейшим мастером художественого слова ХІV в. Сыбра становится старонником барвей ногайских племен с ханоми Золотой Орды за создание незаивисмого государство» [1.46–47], – дейді. Башқұрт зерттеушісі Х. Кусайнов оны Орал мен Алтайдың атақты жыршысына жатқызады.  Қазақтар оны Сыпыра жырау десе, татарлар Сұрғантайұлы Сыпыра, Сафардау, башқұрттар Сыбырай иырысы, қарақалпақтар Соппаслы Сыпыра жырау дейді.  Белгілі қарақалпақ ғалымы Н.Дәуқараев Сыпыраны қарақалпақ жырауларының атасы деп бағалайды.            

Біраз ғалымдар «Едіге батыр» жырының ұлттық версияларындағы «Мамай», «Ер Тарғын» жырларындағы Сыпыраның атынан берілетін толғауларды, монологтарды, диалогтарды жыраудың төл туындысы деп есептейді. Біздің ойымызша Сыпыраның көпті көрген сәуегей, білгір де көреген дана қарт бейнесінде сипатталуы  оның елдік мәні зор әлеуметтік мәселелер көтергендігі, яғни көрнекті тарихи тұлға екендігі, ХІV ғасырда өмір сүргендігі шындық. Тіпті Алтын Орда шегіндегі түркілердің жыраулық поэзиясының алғашқы негізін салушыларының бірі болуы да ғажап емес. Бірақ «Едіге» жырының ұлттық версияларындағы, «Ер Тарғын»,  «Орақ-Мамай» жырларының ұлттық версияларындағы Сыпыра айтты деген жыр жолдарын  жыраудың  төл  сөздері  деп  кесіп-пішу жаңсақ нәрсе.  Олай болған жағдайда батырлар жырындағы «Сонда Алпамыс сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді», «Сонда Қобылан сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді» дегеннен кейінгі тұрған диалогтар  Алпамыс пен Қобыланды батыр шығарған жыр жолдары болып кетер еді. Сыпыра жырау айтқан жырлар бізге өз атымен жеке күйінде сақталып жетпеген. Жоғарыда аталған эпостың бәрінде жырау әдеби кейіпкер ғана. Осыған байланысты қазіргі күнде Сыпыраның жеке туындысы деп жүрген жырлардың   ақиқаттығы мейлінше күмәнді нәрсе. Сыпыраның аты аталатын әртүрлі ұлт эпостарын тексеріп қараған уақытта оның жартылай эпос кейіпкері де, жартылай аңыз қаһарманы екендігі анықталады.

Қарақалпақ жыршыларының сөз етуіне қарағанда (Бекмұхамбет, Ерполат, Қияс) Сыпыра жырауды Тоқтамыс өз сарайына Едіге емес, Нұраддин арқылы алдырады. Бұл уақытта Сыпыра жырау 360 жаста еді делінеді. Тоқтамыстың кеңесшілері Нұраддинді Сыпыраны алып келуге жұмсағанда, негізгі мақсаты Нұраддиннің жер түбінде тұратын Сыпыраға жете алмай, өлуін көздеген болатын. Тоқтамыс Сыпыра әкемді көрген, сол қарияны тірі деп естимін, тыңдағым келеді деп сылтау қылады. Нұраддин жолдағы қаншама қиындықтарды жеңіп, Сыпыраға жеткенде оның қырық баласы әкелерінің жол жүруіне қарсы болады. Себебі жырау қартайған, төсектегі адам екен. Жырау балалары соңында іздеушісі жоқ Нұраддинді өлтіріп тастамақ болады, бірақ екі ортадағы ұрыста Нұраддин басым шығуына байланысты, үстіне әлденеше қабат төсек салынған шанаға мініп, Сыпыра хан сарайына келеді. Тоқтамыс оны қарсы алып, құрмет көрсетіп, ләген толы ділдә, жағасы алтын, жеңі зер тон сыйлайды. Өсиет, толғау айтуын өтінеді.  Толғау айтқан жырау оның бас уәзірі Кеңжанбайдың (қарақалпақта Кенжембай) жаман қылықтарын әшкерелейді.

Кеңжанбайды құл дейді, құл баласы құлға ұқсайды дейді. Әлгіндегі ләгенге ділдә салып әкелуді хан Кеңжанбайға тапсырады. Ал оның пейілі тарылып, ләгенді ділдәмен емес, бағасы жоқ қара пұлмен толтырып, үстіне қызыл себелеп әкеледі. Міне, осы оқиғадан жырдағы Сыпыраның «Атаңа нәлет, Кенжембай» деген толғауы пайда болады. [2. 47]Осындайлардың сөзі, билігі жүріп тұрғанда, «жесір қатын, жетім ұл ақсақ пен майыптың, мүсәпір мен ғаріптің, бұлардың күні неге ұқсар» деген сын айтады. Жыраудың осы сыны Өтенияз нұсқасында былай аяқталады:

Сөз сөйлеймін қара бек,

Менен саған сөз керек,

Астына қарап пұл салып,

Үстіне қызыл себелеп,

Алдаймын деп келдің бе

Атаңа нәлет, бәдірек,

            Жыраудың «Едіге» жыры ішіндегі тағы бір толғауы «Ауыз айғақ, тіл тайғақ». Ол толғау Есемұрат  нұсқасында толығырақ берілген. Мұнда ол жыраудың монологынан тұрады. Бұл сөзін де жырау ханның рұқсатымен айтады. Толғаудың негізі мазмұны әртүрлі символдық образдармен жақсы күннің үнемі бола бермей, жаман күндердің де келетінін ұғындырып,   бұл пікірін толған дарияның бір уақытта құрғап, табанының шаңы шығып қалуымен, жайқалған дарақтың қурап қалуымен астарлай жеткізеді. Жыраудың астарлы сөзінің негізінде Алтын Орда мемлекетін ыдыраудан сақтап қалу керек деген меңзеу жатыр. Бұл монологтың ішінде тауып айтылған суретті сөздер негізгі айтпақ оймен астасқан. 

 «Едіге» жырының ішіндегі ұлттық версиялардың бәрінде кездесетін Сыпыраның «Қартыңмын» толғауы бір-біріне өте ұқсас. Біреуінде «кәріңмін» десе, екіншісінде «бабаңмын» деген сияқты азды-көпті айырмашылық қана бар. Сондай–ақ, бірінде 120–ға, екіншісінде 160–қа, үшіншісінде 360–қа келіп  отырған жыраудың осы жерде тізбелеп айтатын көрген хандарының аттарында өзгешеліктер бар. Бұлардың бәрі эпос табиғатына сыйып кете береді. Эпостың  әр жолынан тарихи шындық іздеу қате нәрсе. Себебі эпос көркем туынды, оның жанрлық табиғатына байланысты қалыптасқан айырмашылықтары бар. Бұл жерде эпостың айтайын деп отырғаны нақты тарихта болған хандардың есімі емес, жыраудың ұзақ жасағандығын білдіру. Даналығын сезіндіру. Жаңағы айтқан 120, 160, 360 та эпикалық сандар. Бұлар «көп» деген мағына береді. Яғни, Сыпыраның көп жасағанын меңзейді.

Сыпыра Тоқтамыстың алдына келіп, орнығып, жырлауға бет алғанда былай дейді: «Балаларым, жиырма бес жасымда дөнен серкенің терісінен жаптырған, қарағайды қақтап шаптырған қобызым бар еді. Сол қобызымның менен қалғанына бір жүз қырық жыл болып еді. Қобызымды менің қолыма алып берің. Егер қолымның күші жетсе, себіл қалған қобызымды күйлеп көрейін. Тілімнің қуаты жетсе, жан баламның алдында бес-алты ауыз толғап көрейін», – деді. Бұдан әрі атақты жыраудың қолына ұстаған қобызын  дастанда былайша сипаттаған: «Балалары қобызын бабаның қолына берді. Әне, баба екі жүз алпыс жасаған, қайыңнан қақтап шаптырған, сары атанның жақ терісін бетіне тартқан, айғырдың ту құйрығын таққан дөнен серкенің мүйізін тап ортасына талтайтып қаққан, жеті құралды біріктіріп, отыз екі күй тартқан, бабаңыздың ісі һәм хаққа жаққан, баба қолына қобызын алды».

Сыпыраның өзі: «Әне, баба өңменін көтеріп, балаларын шақыруға ыңғайланды, бұл бабаның немересі, шөбересі, шөпшегі бір мың да екі жүз адамға толар еді. Балалары да жылдан жылға өніп өсер еді. Өскенінің белгісі бабасын барлығы қатаң сыйлар еді, сыйлағанның белгісі ұшыр, пітір, садақа, зекетін сол бабасына бағыштар еді. Хан сыйлаған жақсылардан дұға алған, жеті сапар Қызыр көрген қасиетті адам еді, балаларының хақына дұға қылып көңілі қалмаған соң, дұғасы қабыл болып, әулеттерінің өрбіп-өсіп отырғаны содан еді», – деп көрсетіледі.

Ал ноғай версиясында (М.Османов):

Алты ак боз ат джекдирип,

Алтын коьске мингизип,

Беллерин бота мынан бувдырып,

Явларын увла мынан увлатып,

Азувларын шыйратылган ший

Ийфек–минен шырматып,

Колтыгында джезлев таяк суьентип,

Колына алмас кондырып,

Коьзине зуьнбил суьртдирип,

Оьтирик–ялан демеске

Ийман шахадетин эскертип,

Алып келди джыравды , – деп сипатталады.

Қазақтың белгілі зерттеушілері,тарихшы, әдебиетшілері түгел дерлік Сыпыраның тарихта болған адам екеніне күмін келтірмейді. Бәрі де оның ұлы жырау болғанын мойындайды. Сыпыраны  Мұрын жырау өзінің арғы бабасы деп есептейді. Академик Ә. Марғұлан: «Біздің заманымызға неғұрлым жақындаған сайын, ежелгі жыршылардың бейнесі соғұрлым шынайы суреттеле түседі.  Әйгілі Сыпыра жырау бейнесі ХІV ғасырға жатады. Сұрғалтайұлы Сыпыра жырау ХV-ХVІІІ ғасыр аралығындағы көптеген қазақ ақындарының көшбастаушысы, әрі ноғай-қыпшақ эпосының (Ноғайлы жыры) негізін салушы. Тарихи аңыздарға және кейбір әдеби жазбаларға қарағанда Сыпыра жырау Жайық өзенінің жағасындағы, яғни көне Сарайшық қаласының тұрғыны болған. ХІV ғасырдың 30-жылдарында осы қаланы көріп қайтқан Ибн Батути оны «Сарайшықта тұрған түркінің ұлы жыршысы» деп атаған, –  дейді. Сәбит Мұқанов: «Сыпыра жырау, Асанқайғы, Бұқар жыраулар ХІХ ғасырға дейінгі қазақ ақындарының символы, олар хан қасында отырып, батырды жырлаумен қатар, сол кездегі мемлекет мәселесін шешуге қатысады», – дейді. Қ. Сәтбаевтың айтуынша да «Сыпыра то бастаған дана, үздік шешен, қайтпас жігер, мұқалмас қайрат иесі. Халық қиялының төрешісі болған қарт жырау». Жыраулар поэзиясын зерттеген Мұқтар Мағауиннің пайымдауынша да Сыпыра өмірде болған адам. Профессор Х. Сүйіншәлиев: Әр түрлі деректерге сүйене отырып: «Сыпыра жырау Тоқтамыс ханның тұсында ХІV ғасырда өмір сүрген. Маңғыстау мен жайық бойын, Сарайшық қаласын мекендеген. Ол – Еділден Донға дейінгі Кубанның кең даласын, Арал теңізі мен Каспий жағасын, Қырым мен Кавказ арасын ен жайлаған қыпшақтар мен ноғай-қазақ ұлыстарының аты аңызға айналған перзенті», – деп тұжырым жасайды. Ғалымның пікірінше «Едіге» жырындағы жырау атынан айтылатын монологтар, толғаулар, Сыпыраның өз сөздері. Сыпыра ноғай мен қазақ, қарақалпақ пен татар, башқұрт халықтарына ортақ әдеби тұлға.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Сикалиев А. Ногайский героический эпос. –Черкесск, 1994. – 328 б.

2. Едиге. – Нөкис: Қарақалпақстан, 1990. – 400 б.